ДОСЫ ЖОҚПЕН СЫРЛАС, ДОСЫ КӨППЕН СЫЙЛАС Абай (отыз жетiншi сөзден)
ДОСЫ ЖОҚПЕН СЫРЛАС, ДОСЫ КӨППЕН СЫЙЛАС Абай (отыз жетiншi сөзден)
Нұрсұлтан Назарбаев Ресей елiне ресми сапармен барып қайтты. Жәй барып қайтқан жоқ, Путинмен ұзақ пiкiрлесiп, екiжақты келiсiмдерге қол қойып қайтты. Бiрақ Елбасының көршi елге сапарының басты жемiсi бұл емес, ең маңыздысы – Мәскеуде Абай ескерткiшiнiң ашылуы. Осылайша, Ресейдегi Абай жылының басталғаны салтанатты түрде жария етiлдi.
Орыс халқының мәдениетi мен әдебиетiн қазақ топырағына Абайдың әкелгенi баршаға мәлiм. Бiз Абайды Әуезов арқылы танимыз. Ал Мұқаң Абайды қазақ пен орыстың арасындағы дәнекершi, екi халықтың мәдениетiн астастырушы ретiнде сипаттады. Бұл үшiн кемеңгер ақынға замандастары «орысшылсың» деп кiнә тақса да, қазiргi ұрпақ Абайдың өнер шамшырағын iздеген жанталас өмiрiне түсiнiстiкпен қарайды.
Ал қазақ Абайымен осылай мақтанғанда, оны орыс халқы қалай таниды? Абайдың өлеңдерi әлдеқашан орыс тiлiне толықтай болмаса да, iшiнара аударылған. Бiрақ оларды орыстың көзi қарақты жазушы-зерттеушiлерi ғана оқымаса, былайғы аудиторияның қазақтың атақты ақынының атын естiгендiгiнiне күмәнiмiз бар.
Нұрсұлтан Назарбаев Абай ескерткiшiнiң ашылу салтанатында «Пушкин орыс халқы үшiн қандай болса, Абай қазақ халқы үшiн сондай» дедi. Бұл сөз де рас.
Бiрақ…
Пушкиндi қазақ халқы Абаймен тең дәрежеде танымаса, кем танымайды. Мұның бiр дәлелi Пушкин өлеңдерiнiң мектеп оқулықтарына енгiзiлiп, әлi күнге дейiн мектеп бағдарламасы аясында ақынның өмiрбаяны, шығармашылығы бiрнеше сабаққа арқау болып, оқытылып келе жатқандығы. Қазақ баласының әлемдiк деңгейдегi қаламгерлердi бiлiп-танып, көкiрек сарайын кеңiткенi жақсы-ау, бiрақ өзге халықтарға да қазақтың қаражаяу еместiгiн таныта алсақ, қанi?
Аз ғана халық – дағыстандықтардың Расул Гамзатов деген ақынын кiм бiлмейдi, оның «Менiң Дағыстаным» атты кiтабын кiм оқымады? Оны оқымаған адамның кiтап оқитын әдетi қалыптаспаған деген сөз. Гамзатовтың танымалдығы – советтiк идеологияның пәрмендiлiгiнен деп ұғалық. Сонда ХХI ғасырда Абайды насихаттауымызға не кедергi?
Абай ескерткiшiнiң авторлары – мүсiншi М.Әйнеков пен дизайнер Т.Сүлейменов. Ескерткiштiң жалпы құны 161 млн. 800 мың теңге.
Абайдың 150 жылдығын ЮНЕСКО деңгейiнде атап өткенiмiзге де он бiр жылдың жүзi болып қалыпты. Сол бiр дүркiреген тойдан кейiн ақынның насихаты артты ма? Қазағы тұрғанда, Абай өлмейдi. Шын мәнiнде, қазақ Абайға емес, Абай қазаққа қажет.
Мәдениетiмен, әдебиетiмен өзгенi мойындата алмаған халықтың әлемдiк аренада қадiрi болмайды.
Мәскеуде Абай ескерткiшi ашылғаннан кейiнгi туған ой – мәскеулiктердiң, жалпы ресейлiктердiң көз алдында Абайдың тас мүсiнi ғана емес, оның ұлы тұлғасы мәңгi жатталып, поэзиядағы ұлағатты сөздерi көңiлдерiнде өшпестей жазылып қалса дейсiң.
Гүлбиғаш Омарова