Жаңалықтар

МҰНАЙ-ГАЗ САЛАСЫНДА НЕ ЖАҢАЛЫҚ?

ашық дереккөзі

МҰНАЙ-ГАЗ САЛАСЫНДА НЕ ЖАҢАЛЫҚ?

«ҚАЗМҰНАЙГАЗ»: ӨСІМДІ АЙ САЙЫН БАЙҚАУҒА БОЛАДЫ

Елдің ең басты мұнай-газ операторы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы қаңтар мен ақпан айларындағы қорытынды жұмыстарын жұртшылықтың назарына ұсынып үлгерді. Қазақстанда ұлттық статусқа ие компаниялардың саны оннан асқанымен, ешқайсысының да дәл «ҚазМұнайГаз» секілді ашықтыққа бейім еместігін ескере кету керек.

«ҚазМұнайГаз» компаниясының өндіріске бөлген қаржысы жылдан жылға артып келеді. Мәселен, биылғы жылы өндіріске салған қаржы сомасы – 8 млрд. 583 млн. теңгеге теңескен. Бұл былтырғы жылдағы қаржымен салыстырғанда, 1,4 есеге артық екен. Қаңтар мен ақпан айларында компания 1 млн. 491 мың тонна мұнай мен газ конденсатын өндірген. Бұл былтырғы жылдың есебінен 26 мың тоннаға көп. Баса наза аударып айта кетерлігі, мұнай өндірудің өсімі өндірісте жаңа технологияларды пайдаланудың арқасында болған. Қазақстанда мұнай өңдеуші үш ғана зауыт болса, соның бірі Атырау мұнай өңдеу зауытының «ҚазМұнайГаздың» құрамында екені белгілі. Осы зауытта өңделген шикізат мөлшері 544,2 мың тоннаны құраған, яғни, былтырғы жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда 21,5 пайызға артық. «ҚазМұнайГаздың» құрамындағы «ҚазТрансОйл» компаниясының құбыр жүйесінен өткен қара алтын көлемі 6 млн. 494 мың тоннаны құрап, 2005 жылғы сиымдылықпен салыстырғанда, 7,9 пайызға артық өсімді көрсеткен. Ал компанияның соңғы екі айдағы табыс мөлшері 118,6 млрд. теңгеге теңесіп, былтырғы жылдың көрсеткішімен салыстырғанда, 51,4 пайызға артқан.

«ҚАЗМҰНАЙГАЗ» БЕЛАРУСЬКЕ КӨЗ ТІКТІ

Беларусьте орналасқан «Нафтан» мұнай-газ компаниясының жекешелендіру процесіне ұлттық «ҚазМұнайГаз» компаниясының қатысатынын Қазақстанның сол елдегі елшісі Ғазиз Алдамжаров айтты. «Нафтан» – мұнай өңдеу зауыты толықтай дерлік мемлекет құрамындағы нысан. Дәлірегінде, акциялар пакетінің 99,8 пайызы Үкімет қолында. Ғазиз Алдамжаровтың айтуынша, бұл мұнай зауытын өз құрамына қосып алуға Қазақстан жағы аса мүдделі. Келіссөздер осы жылдың басынан бері жүруде. «ҚазМұнайГаз» «Нафтан» зауытынан өзге «БелШина» және «МогилевХимВолокно» секілді Беларусьтің ірі-ірі мұнай-химия кәсіпорындарын сатып алуға да үміт артып отыр екен. «ҚазМұнайГаздың» бұған дейін де Балтық жағалауы елдеріндегі дәл осындай мұнай-химия комплексін жекешелендіру процесіне қатысқаны белгілі. Былтыр 62 млн. тонна мұнай және газ конденсатын өндірген Қазақстан 2015 жылы 150 млн. тонна шамасында қара алтын өндіруді мақсат етуде. Яғни, мұнай құбырының қажеттілігі арта түспек. Өткен жылы шығысқа қарай «Қазақстан-Қытай» мұнай құбыры іске қосылса, қазақ мұнайын болашақта батысқа қарай бағыттайтын Одесса-Броды мұнай құбырының да Қазақстан үшін маңызы зор болуы мүмкін. Беларусь аумағынан сатып алынатын мұнай-химия объектілерінің сол кезде ойнайтын рөлі жоғарылайтын шығар.

АҚШ ӨКIЛI НЕНІ МЕҢЗЕДІ?

Айтпақшы, ресейлік сарапшылар АҚШ энергетика министрі Самуэл Бодманның Қазақстанға жасаған сапарына «АҚШ-тың Баку-Тбилиси-Жейһан» мұнай құбыры жобасына Қазақстанды мықтап кіргізу жолындағы үгітшісінің барлауы» деген баға беріп үлгерді. Қазақстан Президентімен кездескен АҚШ өкілі шындығында да өз елінің Баку-Жейһан мұнай құбырының аяқталуына мүдделі екенін жеткізген. Өйткені, АҚШ-тың осы жобаның негізгі жарылқаушысы екені белгілі. Ал Бодман «аймақтағы энергетикалық секторды дамытудағы лидерлікті өз қолына алу қажеттігін» Қазақстанға ақыл ретінде айтқан. Қосымша транзит жолдарын қарастыруға да кеңес берген. Бодманның мұнысы қызықты болып көрінеді. Өйткені, Каспийдің әлі өз жемісін толық беріп үлгірмеген жобаларына Қазақстан қазірдің өзінде бірнеше құбырды дайындап отыр емес пе? Шығыста – Қытайға дейін жететін мұнай құбыры, Солтүстікте – КТК мұнай құбыры. Баку-Жейһан мұнай құбыры арқылы мұнай тасымалдау мүмкіндігін біздің ел басшылары анда-санда, Грузия немесе Түркия, Әзірбайжан басшыларымен кездескен кезінде тілге тиек етіп қояды. Ал Бодманның қай құбыр жобасын тағы да қосымша етіп белгілегісі келгенін түсінбедік. Басталмай жатып тұншықтырылған Иран бағыты мен Ауғанстан бағытын ол кісінің тілге тиек етпегені белгілі. Бірақ, жаңа бастамаларға аса жақын АҚШ-тың тағы бір жобаны ойлап табатынына күмән келтірмейміз. Оның үстіне, АҚШ Қазақстанға ең мол инвестиция тартқан ел. 1993 жылдан бүгінге дейін АҚШ инвестициясының көлемі 11,43 млрд. долларды құраған. Кім біледі, бәлкім, прагматикалық мемлекет өкілі инвестициясын бұлдап тағы бір жобаның басын қылтитып кетті ме…

ҚОРШАҒАН ОРТА ЖАЙЫ ҰМЫТ ҚАЛДЫ

Инвестиция деген сөзді естігенде бірден шетелдік компанияларды көз алдыңызға елестетуіңіз мүмкін. Өйткені, Қазақстан Орталық Азия бойынша шетел инвестициясын ең көп тартқан мемлекет болса, сол инвестицияның 70 пайыздан астамы тау-кен саласына келеді. Ал тау-кен саласындағы инвестицияның 90 пайызы мұнай-газ секторына тиесілі. Алайда, инвестицияның күнгей тұсын «ел экономикасына құйылған» мол қаржымен байланыстыратындар, көлеңкелі жағын, яки мұнай компанияларының қоршаған ортаға деген зиянын естен шығарып жібергізуге тырысып-ақ бағады. Шетелдік компаниялармен тікелей жұмыс істейтін Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің таяуда өткізген қоғамдық тыңдауында да дәл осы қоршаған орта жайы ұмыт қалды. Осы министрліктің мұнай өнеркәсібі департаментінің директоры Амантай Сүйесінов мұнай операцияларының Каспийдің қазақстандық бөлігіндегі қоршаған ортаға деген ықпалын «анықтапты». Бірақ, өкінштісі сол, қоғамдық тыңдаудың қоршаған ортаға еш қатысы жоқ, есесіне, мұнай өндірісі, табыс мөлшері, болашақтағы жоспарлар секілді болып тізбектеліп кете береді. «Каспийдің қазақстандық бөлігін игеру үшін 33,5 млрд АҚШ доллары қажет» дейді ол. Ал Каспийдегі ластанған қоршаған ортаны қалпына келтіруге қанша қаржы керек екен?

Гүлнәр Мұқанова