Жаңалықтар

РЕСЕЙ ҚАЗАҒЫ АТАЖҰРТ ТЫНЫСЫНАН БЕЙХАБАР

ашық дереккөзі

РЕСЕЙ ҚАЗАҒЫ АТАЖҰРТ ТЫНЫСЫНАН БЕЙХАБАР

Жақында Қызылжардағы «Ұрпақ» мәдени-ағарту орталығы өткізген кездесуге Ресейдің көршілес Омбы, Қорған, Түмен облысында тұратын қазақ ұлттық бірлестіктерінің жетекшілері қатысып, жергілікті ұлт жанашырлары болып жүрген азаматтармен ашық-жарқын сұхбаттасты. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері шетте жүрген ағайындардың көңілінде атажұртқа деген құрмет, мақтаныш сезімдері арта түскені баршаға аян. Ал осы тасты жарып шыққан жауқазын гүлдей жаңа оянып келе жатқан ұлттық сана мен отаншылдық сезімге Қазақстанның ресми орындары қандай қолдау көрсетіп отыр десек, ауыз толтырып еш нәрсе айта алмаймыз.

Әңгіме барысында Түмен облысынан келген, сондағы отыз мыңдай қазақтың арасында ұлт ұйытқысы болып жүрген кәсіпкер Кенесары Қойшы Ресей қазақтарының өз ата қоныстары Қазақстан туралы білетіні тым аз екенін жасырмады:

— Бізге Қазақстан басылымдары мүлдем жетпейді, тіпті мұнда қандай газет-журналдар шығатынын да біле бермейміз. Ал Ресей ақпарат құралдары Қазақстан өмірі жайлы мардымды еш нәрсе жарияламайды. Тіпті Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің Челябідегі кездесуі кезінде Түмен газеттерінде Ресей президентінің сапарына ғана назар аударылды. Түмен қазақтарының ел туралы жаңалық-хабарға зәрулігін нағыз ақпараттық аштық дер едім.

Ресейлік қазақтардың мұң-мұқтажына салғырт қарауымыз кімді болса да таңдандырады.

— Қорғандағы ұлттар мәдениеті орталығындағы неміс, армян сияқты диаспора өкілдері тарихи отандарынан мектеп оқулықтарынан бастап компьютерге дейін қажеттілерінің бәрін алып жатқанда біз шетте тұрып қызыға қараймыз, — дейді Қорған қазақтарының мәдени-ұлттық автономиясы жетекшілерінің бірі Серікбай Күрлеуітов.

Омбы қазақтарының арсында көп жылдардан бері белсенді жұмыс жүргізіп, ұлттық мәдениетімізді тынбай насихаттап жүрген Серікбай Тастеновті де мазалап жүрген ойлар аз емес.

— Омбы облысында жүз сексен мыңнан аса қазақ бар. Бұл сан жағынан көп те емес, бірақ олар ұлттық рухы берік, мұсылмандығы мықты болғандығынан ғана қалың орыс арасында қазақтығын сақтап отыр. Өз немерем жанындағы жолдастарымен бірге сол Омбыдағы мешітке барып, бес уақыт намазын қаза жібермейді. Шіркін, адамшылықтың асыл қасиетімен сусындататын, шуағы мол ислам дініне не жетсін, сол қазынамызды игере білсек! Сол балаларымыз имандылықпен қоса ана тілін жүрегіне дарытып өссе арман бар ма? Бірақ қазақ кітаптарына, газеттеріне зәруміз. Қазақстаннан жаздырып алайық десек, оның да машақаты көп екен. Газет Омбыға тура келмей Астана, Мәскеу арқылы жетеді екен. Кеден салығы деген бәлесі тағы бар. Апталап кешігіп жеткен газеттің бағасы үш-төрт есе көтеріліп шыға келмек. Осыған Қазақстан үкіметі, Ақпарат министрлігі араласатын кез жеткен сияқты.

Серікбай Тастенов бұл ренішін бірінші рет айтып отырған жоқ. Біздегі билік тізгінін ұстап отырған адамдар да сырттағы бауырларымыздың ел жаңалығына зәрулігінен бейхабар деп ойламаймыз. Бірақ сан жылдардан бері айтылып келе жатқан рухани да, идеологиялық та маңызы зор мәселеге құлақ асып отырған жауапты адамды көре алмай отырмыз. Жаңа тағайындалған ақпарат министрі Ермұхамбет Ертісбаев жақында қазақ басылымдарына ерекше көңіл бөлінетінін айтып бір қуантқан еді. Осы ізгі ниет іске асып, еліміздің үні ана тілінде шетелдік қазақтарға жетіп жатса ұтарымыз мол болар еді. Ресейлік ағайындарымызбен кездесу кезінде олардың кейбірі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың наурыз айындағы Қазақстан халықтарына Жолдау арнағанынан да мұлдем бейхабар болып шықты. Әрине, бұл қонақтар емес, біз ұялатын жағдай. Мұндайда шетелдегі отандастарымызбен байланысқа жауапты орындар қайда қарап отыр деген сұрақ туады. Алайда, ештен кеш жақсы.

Марат ЕРМҰҚАНОВ