СҮЙІКТІСІН ЕЛГЕ ШАҚЫРҒАН АЛТЫНАЙ
СҮЙІКТІСІН ЕЛГЕ ШАҚЫРҒАН АЛТЫНАЙ
Өткен аптаның ішінде белгілі әнші Алтынай Жорабаева өзінің «Жүрші сәулем ауылға» атты ән-альбомының тұсауын кесті. Тұсауын кесіп қана қоймай, «Қазақконцерттің» үлкен залына жиналған көрермендеріне екі сағат бойы әннен шашу шашты.
Алтынайдың ән өнеріндегі алғашқы баспалдағы «Азия дауысынан» бастау алған болатын. Қазақтың талдырмаштай әнші қызы бұдан кейін де, көптеген Халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізді. Тіпті, сонау мұхиттың арғы жағындағы алып Американың төрінде ән шырқаған Алтынай Голливудты қазақ әнімен тамсандырып, таңқалдырып қана қоймай, алтыннан алқа тақты. Бір алтын, екі күмісті қанжығасына байлаған әнші қыз мұнымен тоқтамайтын көрінеді. Оның алдында әлі де алсам деген асулары, бағындырсам деген биіктері қаншама. Ерінбейтін, жалықпайтын, қай кезде де ізденістің үстінде жүретін Алтынайдың тікелей бапкері де, продюсері де, көмекшісі де, рухани демеушісі де – жолдасы Сәбит. «Мафия мен тақия» арқылы танымал эстрада әртісінің уақыт тауып, жолдасына көмекші бола білуінің өзі Алтынайдың өнеріне деген құрметі болса керек.
Бір ән-альбомның, бір бейне-клиптің тұсауы кесілген кеште сөз алған Алтынбек Қоразбаев, Нұрлан Өнербаев, Бейбіт Оралұлы сияқты әнші-композитор ағалары әнші қыздарына өнер әлемінің көгінде жарқырай беруіне сәттілік тіледі. Бір қызығы, Алтынай ән-альбомын «Жүрші сәулем ауылға» деп, «Ауыл жылына» арнапты. Сүйіктісін елге шақыру арқылы, ауылдан алшақтап кеткен бүгінгі жастарымызды қазағымыздың қайнар көзі – ауылына шақырады. Әні арқылы туған топырағынан, қара шаңырағы қалған киелі мекенінен, тал бесігінен алыстап кетпесінші деген тілегін жеткізеді.
Гүлзина Бектасова