Жаңалықтар

ҚАЛАМЫЗДЫҢ ТАЗАЛЫҒЫ –ЖАНЫМЫЗДЫҢ ТАЗАЛЫҒЫ

ашық дереккөзі

ҚАЛАМЫЗДЫҢ ТАЗАЛЫҒЫ –ЖАНЫМЫЗДЫҢ ТАЗАЛЫҒЫ

Алматыда 18 наурыз күні жалпықалалық сенбілік өтті

Біз сенбілікке баяғыда бала кезімізде жиі шығатынбыз. Баяғыда дейтініміз, Кеңес үкіметі келмеске кетпей тұрған жылдары «күн көсемнің» туған күнімен пара-пар келетін 22-сәуір күні жалпыхалықтық сенбілік аталып, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін, тайлы-таяғы қалмай, тазалықты бастап кеп жіберетін. Жыл сайын сәуір айында өтетін бұл сенбілік көпшілік үшін салтанатты мерекеден кем соқпайтын. Таң арайланып атқан шақтан, қолына күрек-сайманын арқалаған жұртшылық әуелі тазалықты өз ауласынан бастаушы еді. Ірге-іргедегі арықтарды, бұлақ көздерін қыстан қалған күл-қоқыстардан аршып, тазалап, көктемге әзірлейтін. Сенбіліктен кейін айналаның бәрі тазарып, көкке оранып шыға келетін. Күл-қоқыстың астында бусанып жатқан көктем гүлдері де көзі ашылған соң, құлпыра түсетін.

Кеңестік үкіметтен қалған осы бір жақсы үрдіс кейін келе көпшіліктің есінен шығып кетті. Ұзақ жыл күткен тәуелсіздігімізге қол жеткен соң, сол қуаныштың аясында сенбілікті де жадымыздан шығарып алыппыз. Ленин есіміне, Лениндік идеологияға жаңаша көзқарас пайда болып, кешегі үкіметке қайта баға беріп жатқан тұста, сенбіліктің де жадымыздан шықпауға қақысы да жоқ еді. Бірақ көктемді жаңалықтың, жақсылықтың жаршысы деп білетін болсақ, сол көктемде өтетін сенбіліктің қазаққа әкелетін зияны бар дегенге көзім жетпейтін. Мейлі, ол сенбілік «күн көсемнің» туған күнімен пара-пар келмей-ақ қойсын. Мейлі оны өткен үкіметтің идеологиясы деп есептейік, соның өзінде, бір күн ауланы тазалап, ағаш отырғызғанда тұрған не бар екен деп ойлаушы едім… Сол бір жақсы үрдіс бүгінде Алматыға қайта келіпті. Оңтүстік астанаға әкім боп келгелі талай игі істердің жанашыры болып жүрген Иманғали Тасмағамбетов сенбілікті де қайта түлетті. Жаңа әкім келгелі бері қала жұртшылығы да, жыл басы саналатын Наурыз мерекесінің қарсаңында сенбілік жасап, ауласын тазартып, ағашын отырғызып, есігінің алдын көгалдандыруды қолға алатын болды.. 18-наурыз күні өткен жалпықалалық сенбілік осыны тағы бір рет дәлелдеді. Қала әкімінің өзі бас болып, Бостандық ауданына қарасты Есентай өзенінің бойында ағаш отырғызып қайтты. Ағаш егіп жүріп әкім сенбілікке жиналған қауымға арнап: –Кеңес өкіметі кезінде сенбілік негізінен идеологиялық тұрғыдан жасалатын еді ғой. Мәселен, сенбіліктің өзін В.И.Лениннің туған күніне орай өткізетін. Ал біздің сенбілігіміздің жөні басқа. Біздің сенбілігіміз Наурыз мерекесінің қарсаңында арнайы ұйымдастырылып отыр. Наурызға әр жанұя өз тазалығымен келу, ол қазақтың дәстүрінде бар нәрсе. Қазақ байтақ жерді иемденіп жатқан ұлт қой. «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» дейді. Мысалы, Батыс Қазақстанды алар болсақ, әр азамат Наурыз мерекесінің қарсаңында ағайын-тумаларды аралап, көріседі. Көріскенде амандығын біледі, өткен жылда бір қолайсыз жағдай болып қалса, соған көңіл айтады. Иә, болмаса өткен жылдан қалған реніші болса, соның кешірімін алады. Сөйтіп, жан-тәнінің тазалығымен келген. Алматы – киелі топырақ. Алатаудың бөктерінде туған керемет қала. Осы қаланың кереметтілігін сөзбен айтпай, іспен дәлелдеуіміз керек қой. Сондықтан Наурыз мерекесін тазалықпен, жанымыздың тазалығымен қарсы алайық деген ой. Қаланы тазалау мұнымен шектелмейді, әрине. Қаланың тазалығы күнделікті шаруа. Бірақ, ел болып, жұрт болып жұмылсақ, қаланың тазалығы да керемет болар еді. Қаланың тазалығы – жан-тәніміздің тазалығына жол салады деген ойдамын, – деді. Иманғали Тасмағамбетовтің «атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» дейтін қағиданы бойына нықтап ұстағаны көрініп-ақ тұр. «Біздің отбасымызда мұндай үрдіс бұрыннан қалыптасып кеткен. Балаларым жыл сайын туған күнінде ағаш отырғызуды әдетке айналдырып алды. Кішкентай ұлым менен: «Әке, мен кейін өсіп-ержетем. Сонда мен өзімнің туған күнімде іс-сапарда жүрсем, онда ағашты қайда отырғызам», – деп сұрайды. «Ұлым, қайда жүрсең де, сол жерге ағаш отырғыза бер. Сен еккен ағаш сол жерде де өсіп, көркейе береді» деп үйретем», – дейді Иманғали аға. Таңертеңгілік басталған қызу сенбілік кеш батар шаққа дейін ұласты. Қолына кетпен-күрегін ұстаған, сыпырғышын құшақтаған алматылықтар тыным таппастан күні бойы қаланы күл-қоқыстан аршып, тазалауға белсене кірісіп-ақ кетті. Әкім айтқан, «қаланың тазалығы — жанның тазалығына жол салатынын» қала жұртшылығы да шындап сезінген сияқты… 900-дей техникалық құралдар жұмсалып, күл-қоқыстарды тасу үшін арнайы автокөліктер бөлініпті.

Гүлзина Бектасова