Жаңалықтар

ЖАСТАР – САЯСИ ҚОЛШОҚПАР МА, ӘЛДЕ ДЕРБЕС САЯСИ КҮШ ПЕ?

ашық дереккөзі

ЖАСТАР – САЯСИ ҚОЛШОҚПАР МА, ӘЛДЕ ДЕРБЕС САЯСИ КҮШ ПЕ?

Қазіргі таңда Қазақстанда 300-ден астам жастар ұйымдары мен қозғалыстары жұмыс істейді. Елімізде 4 миллионға жуық 29 жасқа дейінгі жастар барын ескерсек, әрбір 13000 бозбала мен бойжеткенге 1 жастар ұйымынан келеді екен. Бірақ бұл жастар ұйымдары қарапайым студенттер мен доп теуіп жүрген аула балаларына, арман жетелеп қалаға келген ауыл жастарына не беріп жатыр? Бұл қозғалыстар саяси топтардың қолшоқпары ма, әлде саясат сахнасына өз күшімен шыққан белсенді топ па? Осы мәселе төңірегінде біз өзіндік зерттеу жүргізуге тырыстық.

Қазір Қазақстанда не көп, партия көп. Әрбір партияның жанында жастар қанаты да жұмыс істейді. Қазірше партиялық жастар қозғалыстарының басты атқарған істері – майда-шүйде дөңгелек үстөлдер мен үлкенді-кішілі дискотекалар. Сайлау алдында ақпарат құралдарынан: «Біздің үміткерді қолдаңдар» – деген сыңайда ұран тастап, төбесі көрініп қалған партиялық қозғалыстардың жастар арасындағы PR акцияларын еске алсақ, жастар қанаттарының не үшін құрылғандығы аңғарылады. Бірақ елімізде дербес жастар қозғалыстары ретінде жұмыс істеп келе жатқан ұйымдар да баршылық. Олар өздерінің дербестігі мен ешкімге де тәуелді еместігін алға тартуға құмар. Дегенмен, қазіргі Қазақстанның саяси жағдайында биліктегі не оппозициядағы аға-апалардың мүддесін емес, өскелең жас ұрпақтың мүддесін ойлап құрылған қозғалыстар некен-саяқ. Тіптен, Қазақстанда жұмыс істейтін 300-ден астам жастар қозғалыстарының не бары 5-6-уы ғана еріксіз ауызға ілігеді. Қалғандарының не тындырып жатқаны бір Аллаға аян. Ауызға еріксіз ілігетін сол 5-6 ұйымды талдау арқылы жастар қозғалыстарының мақсат-мүдделерін аңғаруға болады. КЕШЕ – «ЖАСТАР ТЫҢҒА!», БҮГІН – «ЖАСТАР САЯСАТҚА!»

Қазіргі жастар ұйымдарының қатарында консервативті, радикалды және реакцияшыл қозғалыстар да бар. Оның ішінде комсомол және пионер ұйымдарының мұрагеріне айналған Қазақстан жастар одағы сияқты ұйымдар да жастар қозғалыстарының қатарында. Атақ-даңқ тумысынан берілмеген соң, кейбір жастар ұйымдары өздерін саяси науқандар кезінде танытуды әдетке айналдырғандай. Мәселен, «Елім-ай» жастар қозғалысы жоғары оқу орындарында оқу ақысы қымбаттаған кезде өздерін көрсете білді. Тіпті, «бұрынғы Білім және ғылым министрі Құлекеевті орнынан мұрттай ұшырған біздің қозғалыс» деп мақтанады елімайлықтар. Қала автокөліктерінде студенттік жолақысы қымбаттаған кезде де елімайлықтар бір ту астына жұмылып, баспасөз мәслихатын өткізіп, студенттердің қалтасын тағы бір рет сақтап қалғандай болды. Бірақ атышулы саяси науқандардан кейін БАҚ-тар арқылы танымал болып үлгерген елімайлықтардың төрағасы Ерлан Қарабалаев төрағалығынан кетті. Дәл қазіргі таңда «Елім-ай» қозғалысының қандай да бір шараларға қатысып, келелі мәселе көтеріп жатқандығы естілмейді. Қозғалыс кезінде атқарған шараларымен ғана шектеліп қалғандай.

«Қаһар» қозғалысы президент сайлауы алдында пайда болып, айналдырған бір жыл ішінде «революциялық қозғалыс» деген айдарға тап болды. Сарапшылар қаһарлықтардың пайда болуын ТМД елдерінде жүріп өткен революциялық толқынмен байланыстырады. Өз кезегінде қаһарлықтар да өздерін түрлі-түсті революциялар кезінде атағы жер жарған Грузияның «Кхмара», Украинаның «Пора», Қырғызстанның «Кел, кел» жастар қозғалыстарымен бір бағанға қояды. Екінші жағынан, қазақстандық «Қаһар» құпия жастар ұйымы ретінде құқық қорғаушылардың ерекше назарында болғандай. Әсіресе сайлау алдында қоғамдық резонанс туғызуға тырысып баққан «жасырын ұйым» билік өкілдерін де ойландырмай қоймаса керек. Кезінде оппозициялық партиялардың егіз сыңарлары пайда болғаны ел есінде. Дәл осы сценарий бойынша, «Қаһар» жастар қозғалысына қарама-қарсы күш ретінде көп ұзамай «Қайсар» жастар қозғалысы пайда болды. Мамандар билікке жақын «Қайсарды» – революциялық, радикалды «Қаһардың» қарсылас егіз сыңары деп түсіндіреді. Президенттің ұсынысымен дүниеге келген Қазақстан Жастар конгресін де тілге тиек етпеске болмайды. Бүгінде бұл ұйымның құрамына жүзден астам жастар қозғалыстары кіреді. Осының арқасында Жастар конгресі Қазақстандағы ең ірі жастар бірлестігі саналады. Кейбір отандық сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы жастар бірлестіктерін тек қана пропрезиденттік және оппозициялық ұйымдар деп бөліп қарау дұрыс емес. Олар жастар бірлестіктерінің тамыры әлдеқайда тереңде жатқанын айтады. Атап айтсақ, дәл бүгінгі таңдағы жастар жобалары – революциялық («Қаһар», «Айбат»), реакциялық («Күшті Қазақстан үшін» блогы, «Қайсар»), реформистік («Елім-ай»), консервативті («Қазақстан Жастар конгресі», «Қазақстан Жастар одағы») деп бөлінеді. Бірақ жастар бірлестігінің бүгінгі қалпы айналдырған 5-6 жыл ішінде тағы да өзгеруі мүмкін. Саяси жағдайлардың артымен жүріп отырған жастар қозғалыстары уақыт өте өзгеріске ұшырауда. Сондықтан жастар қозғалыстарының үлкен саясатқа шын мәнінде әсер етуі – уақыт енішісіндегі мәселе болса керек. «ЖАСТАР САЯСАТЫ» ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖАСТАРҒА НЕ БЕРЕДІ НЕМЕСЕ «БОЛАШАҚ» ЖАСТАР ҚАНАТЫ ЗАҢНЫҢ ОРЫНДАЛУЫНА НЕГЕ СЕНБЕЙДІ?

2004 жылы 7 шілдеде Қазақстан Республикасы «Жастар саясаты» туралы заң қабылданды. Кезінде бұл заңның қабылдануына жастар да атсалысқан еді. «Болашақ» республикалық қозғалысы жастар қанатының төрағасы Дәурен Бабамұратов бұл заңның орындалмай отырғанын қынжыла айтады: «Негізінен «Жастар саясаты» туралы заңның бастапқы нұсқасы талқыланғанда, Ұлттық пікір-сайыс орталығының «Қоғамдық көмекші» атты акциясы шеңберінде мен де бұл заңға нақты өзгерістер енуіне қатысқан болатынмын. Меніңше, бұл заңның қажеті жоқ еді. Қоғамды жасына қарай, 29-ға дейінгі және 29-дан кейінгі адамдар деп бөліп-жарып қарастыруға болмайды. Бұл заң жеке заңнан гөрі, басқа заңның құрамында қабылдануы керек еді. Өзіңіз де айтыңызшы, осы заң орындалып жатыр ма? Жоқ. Оның орындалуы да қиын сияқты. Себебі өте ауқымды заң» – дейді.

Жағдай осылай болса, жастар қозғалыстары жастар мәселесін қалай шешіп келеді? Дәурен Бабамұратов өз басшылығындағы жастар қанатының қалалық мәслихатта да, Астана төріндегі Парламентте де депутаттармен байланыстар барын айтады. Бірақ күллі қазақстандық жастардың Парламенттегі өкілі болып қабылданатын Тәңірберген Бердіоңғаровты болашақтықтар жастар өкілі деп санамайтындығын алға тартып отыр: «Бердіоңғаров – «Жас Отанның» төрағасы. Біз оны біздің Парламенттегі өкіліміз деп санай алмаймыз. Ол басқа ұйымның өкілі. Біреудің атына кір келтіргім келмейді. Бірақ Бердіоңғаров қоғамда нақты жастарға байланысты бір істі көтеріп, тындырып жатыр дегенді естіген жоқпын. Мысалға, Жастар парламентін құрды дейді. Бірақ онда кім бар, жиналыстары қашан болғаны белгісіз.» – дейді, «Болашақ» республикалық қозғалысының өкілі. Қазір өзге жастар жобаларына қарағанда, «Болашақ» қозғалысы Қазақстанда не әлемдік деңгейде болып жатқан оқиғаларға байланысты жедел түрде өз пікірлерін білдіріп, үлкенді-кішілі акциялар да өткізіп келеді. Күллі әлемді шарпыған «карикатуралар соғысы» кезінде болашақтықтар Еуропарламент ғимаратының алдында наразылық акциясын өткізді. Таяуда Ресейде қазақ қызын скинхедтердің пышақтап кеткені белгілі болғанда, «Болашақ» өкілдері Алматыдағы Ресей елшілігінің алдында фашизмге қарсы акция өткізіп, РФ-ның президенті Путинге Ашық хат жолдады. Айтпақшы, болашақтықтардың Ресей елшілігінің алдына табаны бірінші рет тиіп тұрмаған екен. Мұның алдында скинхедтер Перу студентін өлтіріп кеткен кезде де жастар қанаты 100-ден астам адам жинап, елшілік алдында наразылық акциясын өткізіпті. «Болашақ» жастар қанатының белсендісі Олжас Әбілов: «Әлемде болып жатқан оқиғаларға да бей-жай қарай алмаймыз. Пәкістанды дүр сілкіндірген зілзаладан кейін біз қайырымдылық шарасын өткізіп, 1,5 тонна киім-кешектер мен ойыншықтар жинап, Пәкістан еліне жібердік. Бірақ еліміздің де проблемаларын ұмытпаймыз. Кезінде Қарттар үйіндегі ата-апалар жылы төсекте ұйықтасын деп 80-ге жуық комплект төсек орнын жібердік» – дейді. Олжас Әбіловтің айтуынша, болашақтықтар өзара тәжірибе алмасудан да қашқақтамайды. Оның айғағы – жастар қанатының Қырғызстан, Украина, Ресей жастар ұйымдарымен қарым-қатынас орнатып, өзара пікір алмастыруы. Бір айта кетерлігі, күні бүгінге дейін аға буындағы пропрезиденттік және оппозициялық күштердің бір үстөл басына жиналып, шын мәнінде конструктивті пікір-талас өткізбегені баршаға аян. Бұл орайда жастар өз ұстанымдарына қарсы пікірді естуден қашпайтынын жеткізеді. Президент сайлауынан кейін «Болашақ» жастар қанатының бастауымен билікке жақын және оппозициялық деп танылып жүрген жастар жобалары бір үстөл басына жиналып, пікір алмастырыпты. Бұл жәйт те аға буын қозғалыстарына үлгі боларлықтай. Бүгінде жастар қанатының өкілдері әсіресе ауыл жастарының өз құқықтарын толыққанды білу қажеттігін айтады. Бұл орайда жоба ұйымдары ауыл аймақтарды аралап, ауыл жастары арасында тренингтер өткізу мәселесін жоспарлап қойыпты. Бұл жобаның тағы бір белсендісі Әбен Әбдірасиловтің айтуынша, болашақтықтар бос уәде беруден ада. Студенттік жатақханалар арасында футбол бәйгелерін өткізудің басты мақсаты да – ауылдан келген жастарды спортқа баулу, қоғамға жақындату. Осындай игі жобаларды жүзеге асырып отырған бірлестіктің демеушілерін білгіміз келгенде, жастар сұрақтан жалтара бастады. Әдетте жастар ұйымдары өз демеушілерінің атын атап, түсін түстеуден қашады. «Болашақ» жастар қанатының төрағасы Дәурен Бабамұратов: «Бізге кім демеушілік жасайды?» деген сауалыңызға келер болсақ, елімізде білім сапасының көтерілуіне мүдделі қаржылық топтар мен меценаттар және жалпы үлкен ағаларымыз бар. Бірақ біз ешқандай да қаржылық топтың қолшоқпары емеспіз. Қолшоқпар болсақ, тек қазақ халқының ғана қолшоқпары болуға дайынбыз» – дейді. «Жастар саясаты туралы» заңның орындалуынан гөрі өз күшіне сенетін жастар ұйымдары Қазақстанда көп-ақ. Бір өкініштісі, қазірше ұлттық мәселені ту етіп, мемлекеттік тілдің сойылын соғып жүрген жастар қозғалыстары көрінбейді. Тіптен, жастар ұйымдары тарапынан мемлекеттік тіл проблемасын шешу жолында қандайда бір жоба-мақсаттар қарастырылмаған сияқты. Дін мен тіл мәселесі – мемлекеттен де, жастар саясатынан да тыс қалғандай. Бүгінде жастар түгілі күллі халықтың басын қосатындай идеология да жоқтың қасы. Бірақ жастардың көбі «қазақстандық ұлт» болғысы келмейді. Бірақ қазіргі жастар да аға буын сияқты қазақтілді және орыстілді болып екіге бөлінген. Сонда толыққанды қазақ ұрпағы қашан қалыптасады? Серік ТАЛҒАТҰЛЫ, «Нағыз саясат» қоғамдық қорының төрағасы: – Бүгінгі таңда саясат арнасында жастар қозғалыстарының көбеюі тек қана жастар белсенділігін аңғартып қоймайды, ұрпақтардың ауыса бастауын да көрсетеді. Яғни, аға ұрпақ бөлігі жастарға қарағанда саяси тұрғыдан онша белсенді емес. Ал, бүгінгі таңда жастар әрі белсенді, әрі жаңа тенденциялардан да үрікпейді. Екінші жағынан, жастарды өз ыңғайына бұрып, пайдаланып жатқан күштер де бар. Әрине, жастар белсенді топ ретінде әлдебір саяси күштерге аса қажет. Бір айта кетерлігі, бүгінгі таңдағы жастар қозғалыстарының басым бөлігі әлдебір топтарға тәуелді. 10-20 жылдан кейін жағдай өзгеріп, болашақ жастар қозғалыстары қазіргі таңдағы жастар бірлестіктерінен түбірімен өзгеше болады. Күн санап жаңа жастар қозғалыстары дүниеге келіп жатыр. Бұл үлкен потенциалдың барын аңғартады. Бірақ қазірше жастар қозғалысының көбі әрқилы акциялар өткізумен шектелуде. Бірақ нағыз саясатқа әсер етуі үшін бұл саяси қозғалыстар саяси өмір ішінде қалыптасып, белгілі бір күшке ие болуы керек. Қазір жастар бірлестіктерінің арасында әрқилы бағыттағы қозғалыстар бар. Мәселен, «Қаһар», «Айбат» қозғалыстарын радикалды қозғалыстар деп атап жүр. Бірақ бұндай қозғалыстардың болуының өзі заңдылық. Мемлекетте проблемалар бар. Бұл проблемаларға алаңдаулы қозғалыстар да бар. Олардың кейбірі радикалды қозғалыстарға айналған. Олар өз мүдделеріне сай қызмет етуде.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА