“ШЫНДЫҚТЫ АЙТПАУ–ҮЛКЕН МӘДЕНИЕТСІЗДІК”

“ШЫНДЫҚТЫ АЙТПАУ–ҮЛКЕН МӘДЕНИЕТСІЗДІК”

“ШЫНДЫҚТЫ АЙТПАУ–ҮЛКЕН МӘДЕНИЕТСІЗДІК”
ашық дереккөзі

Қандықол қарақшылар қарақұстан оқ атты … Қапияда кездейсоқ келген өлім емес, араны толмас ажалға атпал азаматтың аяқ-қолын матап, бейшара құрбандықтай байлап берген. Отанын шын сүйген, қазақ дегенде шығарда жаны бөлек, еліміздің баянды Тәуелсіздігі үшін таңды таңға ұрып еңбек етіп, жарық дүниені алғаусыз сүйген біртуар азамат – Алтынбек Сәрсенбайұлы ақтық сөзін айта алмай, арманда кетті-ау сонда.

Соңғы кездегі қанды оқиғалар тізбегі еліміздің қоғамдық өмірін, тәуелсіз мемлекеттігімізді, алға ұмтылысымызды талай жылдарға кері лақтырып отыр. Адамдардың ерік-жігері, санасын, қоғамдық ойды қорқыныш пен үрей буғаны байқалуда. Санасын қорқыныш шырмаған адамдар, үрейлі тобыр белсенді жасампаздыққа қабілетсіз. Ол ол ма, еліміздің бота көзді болашағына да қарғыс тиген сияқты. Қазақстанның қоғамдық, мемлекеттік дамуы алдағы талай жылдарға тоқырауға ұшырағандай.

Ежелгі Грекия мен Ежелгі Рим демократиясының, мемлекеттігінің күйреуі үздіксіз жүргізілген соғыстардың күтпеген нәтижесі емес, Сенека сынды ұлы ойшыл философтардың нақақ жазаланып, өлімге кесілуінен.

Қазақстанда да ойшыл азамат қандықол қарақшылардың қолынан бейуақта опат болды. Міне, бір айдан астам уақыттан бері еліміздегі әлеуметтік топтар, жаппай қоғам алаңдаулы. «Осы қылмыстың тасасында тұрғандар толық әшкерлене ме, шындық толық айтыла ма, жоқ па?» деген мәселе мазасыздандырады. Бірақ, Алтынбек Сәрсенбайұлы жасындай жарқ еткен қысқа да үлгі тұтарлық ғұмырында қал-қадарынша өзін, әсіресе қоғамды толғандырған күрделі жайттарды, саналы, батыл ой-тұжырымдарын үнемі әртүрлі бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде айтып кеткен болатын. Оны толғандырған, жанын мазалаған ойлар мен шындықтар көп еді. Ең қайғылысы сол, қайран азамат бәрін айтып үлгермеді. Үлгертпеді. 2004 жылы Алтынбектің “Тәуелсіз елде тәуменді тұлғалар болмауы керек” деген кітабы жарық көріп, оған соңғы кездегі сұхбаттары мен мақалалары жинақталған. Соңғы кітабы… Сом жүректі азаматтың осы кітаптағы соқталы ойларын, ешкімге ұқсамайтын өзіндік философиялық тұжырымдарының бірқатарын оқырмандарымыздың назарына ұсынып отырмыз.

ҚАЗАҚСТАН, ҚАЗАҚ ТІЛІ, ҰЛТ ТУРАЛЫ:

Ұлт мемлекеттің тірегі болсын десек, қазақ халқы қала халқына айналуы керек. Сонда ғана қазақ тілі мемлекеттік тіл болады. Ауылда отырған қазақ халқы ешқашан қазақ тілін мемлекеттік тіл жасай алмайды. Саясат қалада жасалады.

* * *

Егер, “телехабарлардың кем дегенде жартысы қазақ тілінде болуы керек” деген менің ұсынысым ұлтшылдық болса, онда еліміздің егемендігі жайлы әңгімені жылы жауып қою керек. Ұлтымыздың мүддесі үшін күрес ұлтшылдық па екен?! Кезінде Ғабиден Мұстафин атамыз “Біздер ұлтшылдықпен күресіп келдік, келесі ұрпақ ұлтсыздықпен күреседі” деп айтқан екен.

* * *

Ол кездегі дүмпулерге негізгі себеп–кеңестік заманнан қордаланып қалған ұлтаралық қарым-қатынас мәселесі. Одақтың тоқпағынан арылғаннан кейін әркім өз еркіндігін пайдаланып, өзі тұрған аумақты кеңейтіп алғысы келді. Екіншіден, әрбір оқиғаның астарынан басқа елдердің ықпалын іздеуге тура келетін. Себебі, қай елде тұрақтылық болмаса, сол елдің басшылығы кейбір мәселелерді шешу үшін көрші елдердің біріне тәуелділікке ұшырайды.

* * *

Қазір ұлттық құндылықтарды ұсақ-түйек саясатқа араластыру көбейіп кетті. Саясатқа араласа бастағандар Яссауидің басына баруды “сәнге” айналдырды. Яссауи – мәңгілік, саясат — уақытша … Басқаша айтқанда, Қожа Ахмет Яссауи саяси партиялардың “пиар” жобасы болмауы керек.

* * *

Тіпті, ел басқару тұрғысынан өзімізге ұқсатып жүрген Малайзияның тәжірибесін неге үйренбеске?! О жақта қымбат үйлер салуға тілек білдірген компанияларға жер бөлгенде қосымша арзан үйлер салуды міндеттейді. Оны қала басшылығы тұрмысы төмен отбасыларға тегін береді. Бұл біздің ел үшін де өте тиімді. Біз “әлеуметтік жағдайы орташа халықтың үлесі он пайызға жетті” деп емес, “тұрмысы төмен отбасылардың үлесі он-ақ пайыз қалды” деп мақтанатын жағдайға жетуіміз керек.

Әйтсе де көне гректер айтқан ғой: “Мемлекеттің мықтылығының екі белгісі бар, бірі –байлық, екіншісі – мемлекетке деген сенім” деп. Байлық пен әл-ауқат секілді, енді Қазақстан халқының өз мемлекетіне деген сенімін қалпына келтіру керек.

* * *

Білім министрлігі ауыл мектептерін дамытуға арналған арнайы бағдарлама жасауы тиіс. Ауыл баласы мен қала баласынан бірыңғай тестік стандарт талап етеді екенбіз, онда олардың білім алуына да бірдей жағдай жасайық. Мысал үшін, қала баласына бір жылға оқуға қанша шығын кетеді, тура сол шығын ауыл баласының білім алуына да жұмсалсын.

* * *

… билік кез келген мәселеде ауыл адамдарының есебінен реформа жасауды әдетке айналдырып алған. “Жер туралы” кодекс оның бір дәлелі ғана. Ел-жұрттың жаппай қарсылығы далада қалып, ат төбеліндей латифундистердің дегені болды.

* * *

Жер – қазақ халқының қолында қалған жалғыз ғана киесі, байлығы еді. Енді ол да қалталылардың қарамағына өтейін деп тұр. Ауыл адамдарының қалтасын қаға бергеннен Өкімет қай жыртығын жамайды!

* * *

Бір байқағаным, осы күні теледидардан керзі етікті қазақтың күн қақтаған жүзін көруден де қалып барамыз. Ауылды көз көрмес, құлақ естімес жаққа көшіріп жіберген сияқтымыз. Елдің көретіні–кілең ақ жағалылар мен қызыл орамалдылар.

* * *

“Қазақтар саяси реформаларға дайын емес ” деген сөз–ұлтымызды “ақыл-есі дұрыс емес” деп айтқанмен бірдей. Ондай сөз өз халқын танығысы келмейтін немесе сол халықтың арасынан шыққанына қорланатын, қаттырақ айтқанда, қағынан жеріген адамның аузынан ғана шығады. Халықтың парасат-пайымына, түсінік-түйсігіне ешқашан шәк келтіруге болмайды.

* * *

Мемлекеттік қызметте мемлекеттік тілдің беделін көтеру үшін, ең алдымен, тұрғылықты халықтың өкілдері қазақша сөйлеп-жазуды үйренгені жөн. Егер мемлекеттік қызметте жүрген қазақтардың бәрі қазақ тілін үйренсе, онда бұл мәселе 90 пайызға шешілер еді. Өйткені, дәл қазір мемлекеттік шенеуніктердің 90 пайызы – қазақтар. Қазақ тілін үйрену арқылы бұлар қоғам алдындағы өзінің моральдық парызын да өтер еді.

* * *

“Әрбір адамның тағдыры оның мінезіне байланысты” дейді Ф.Аттар. Ал, мінезді қалыптастыратын не нәрсе? Меніңше, мінезді қалыптастыратын – мәдениет. lшкі мәдениетті игерген адам, әманда шындықтың жағында болады. Өйткені, шындықты айтпау–үлкен мәдениетсіздік.

БЮРОКРАТИЯ, БИЛІК ЖӘНЕ ПРЕЗИДЕНТ ТУРАЛЫ:

… Бюрократия агрессивті кейіпке енгенде, президенттің саяси шешімін елеп-ескермеу былай тұрсын, оның саясатына қарсы шығып, беделін де түсіру түк болмай, мемлекет басшысының кейбір келіспеушіліктерін де құлақтарынан асырып жібере ме деп қалдым…

* * *

… Президенттің қасында ұлтты ұйытуға, қоғамды топтастыруға шама-шарқы бар адал адамдар жүруі тиіс… Саясатта қара көрсеткеннің бәрінің бойынан күдік іздеу, қандай да бір белсенділік танытқан қоғам мүшелерінен себепті–себепсіз жаулық көру, ел арасынан дұшпандық іздеу бұрын да болған, бірақ, түптеп келгенде, сондай жағдайлардың ақырының орны толмас өкінішке, қайғы-қасіретке ұшырап келгенін жақсы білемін.

* * *

Таң азаннан қара кешке дейін президентті сұңқылдап мақтай беру — адалдықтың және дәйектіліктің белгісі емес. Бұл жағымпаздар мен жалпақбайлардың ісі.

* * *

Ел басшысынан бастап, ауылдағы әкімдерге дейін жұртшылықтың ықпалында болатын, елмен санасып жұмыс істейтін жүйе жасау үшін ашық саясатқа келдік. Билікке халық есебінен күн көріп жүргендер емес, халық үшін жұмыс істеуге бекінгендер келуі тиіс.

* * *

Әсіресе, соңғы төрт жылда “көк бөрікті қай әкім, қай ақын биігірек лақтырады?” деп жарыс өткізіп, даурығып жүрген секілдіміз. Алғашқы азапты он жылда атқарылған игілікті шаруалардың, экономикалық реформалардың жібі сетіней бастағаны да содан.

* * *

Әкімдердің кішісі ортаншысына, ортаншысы үлкеніне қызмет жасаудан қолдары тимей жүр. Кішкентай әкім кішкентай кәсіпкерді, үлкен әкім үлкен кәсіпкерді, одан жоғарыдағылар әкімдерден жиналған дүние мен елдің қазына-байлығынан түскен олжаны сығымдап, сорып отыр.

* * *

Тәуелсіздіктің алғашқы он жылында белсенді қызмет істеген адам ретінде анық білетінім, ол кез – өте ауыр кезең болды… Президент күніне 16 сағат жұмыс істейтін. Ертеңді-кеш бір тынбайтынбыз. Біріншіден, мемлекеттің құрылымын анықтау қажет болды. Екіншіден, ішкі саяси күштердің ара-салмағын реттеу керек болды… Реформалар, мемлекеттің дамуы үнемі алғашқы орында тұрды. Біздер, идеология жағында отырғандар, халықтың аш кезіндегі ашынуы жас мемлекетті талқандап жіберетін күшке айналып кетпеуі үшін жұмыс істедік.

* * *

Мемлекеттік қызмет — ең алдымен, халыққа қызмет ететін орын. Сондықтан “қызмет” деп аталады. Осыны ұмытпау керек.

* * *

Біз–билікке таласып жүрген адамдар емеспіз. Биліктен өз еркімізбен кеткен адамдармыз. “Осы биліктің жауапкершілігін арттырайық, билік халықтың алдында есеп беріп отыратын болсын” деп, қауіпке де, жаманат сөзге де қарамай, басымызды бәйгеге тігіп отырмыз.

* * *

Назарбаевтың фамилиясы бір ғана отбасының немесе шағын адамдар тобының ырысы емес екенін ұмытпаңыздар. Ел тарихында мемлекетті құрушы ретіндегі тұңғыш Президенттің образы – біздің мемлекеттілігіміздің ең принципті мәселесі.

БАҚ, ДЕМОКРАТИЯ ТУРАЛЫ:

БАҚ туралы заң жобасы еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қорғауға емес, ұлттық бюрократияның қауіпсіздігін қорғауға бағытталған деп есептеймін.

* * *

Бұл – бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген арсыздық және біздің мемлекетімізге ашықтан-ашық қарсы шығу. Оның үстіне шетелдік менеджер “жас түркілер” деп тәуелсіздігіміздің негізгі темір қазықтарының бірі болып отырған жергілікті халықтың қалың ортасынан шыққан өкілдерді айтып отыр. (Әңгіме “Қазақмыстың” басшысы В.Кимнің атақты мәлімдемесі туралы болып отыр–ред.) Үлкен елдік мүдде тұрғысынан келсек, азаматтардың негізгі құқығына және жұрттың өз еркін білдіруі секілді конституциялық процеске қол сұққаны үшін компанияның менеджерін прокуратура жауапкершілікке тартуы керек еді.

* * *

Ескі заң мен жаңа заңнан бұдан өзге негізгі айырмашылықтар таба алмадым. Бірақ, бұқаралық ақпарат құралдарының аяғына “тұсау” салуға деген талпыныс айқын байқалады. Демек, өзгеру концепциясы болмағаннан кейін жаңа заңды да қабылдаудың керегі жоқ еді.

* * *

“Орыстардың құқығы шектеліп отыр” дегенге де өз басым келіспеймін. Біздің Конституциямызда да, өзге заңдарымызда да азаматтарымызға ұлттық, не болмаса тілдік тұрғыдан шектеу қойылмаған. Айтпақшы, біздің елімізді қит етсе сынауға дайын тұратын ОБСЕ де еліміздегі ұлтаралық қарым-қатынас саясатына ұдайы жағымды баға беріп келеді.

* * *

Бұрынырақта бір шал: “Саясат”, “саясат” дегенге , “не екен?” деп бас қатырып жүрсем ол–өзімнің сасық қулығым екен ғой”,–депті. Бірақ, қазір сасық қулықтың заманы өткен. Бірді бірге соққаннан “саясат” шықпайды.

* * *

Сонда ғана қарапайым халық биліктің жасап отырған саясатын түсінетін болады. Үкіметтік басылымдардағы “халықтың жағдайы жақсарды”, “шырайы кірді” деген мазмұндағы мақалалар–билік басында отырған бес-алты адамды жұбату үшін жарияланып жатқан мақалалар.

* * *

Демократияның авторитарлық моделі көп жағдайда демократияға мүлдем алып бармайды, ол, бар болғаны бұрынғы гегемонияны ат төбеліндей жаңа элитаның қолына ұстатады.

* * *

Ақпарат саласын басқарғанда, бір де бір үкімет басшысымен тату болу мүмкін емес еді. Себебі, олардың түсінігінде мен Үкімет басшысын баспасөзден “ қорғауым” қажет болатын.

* * *

… өтпелі кезеңде баспасөз министрі болғаннан қиын жұмыс жоқ. Себебі, ол кезде баспасөз де қолына жаңа түскен бостандықтың буына пісіп жүрді, билік те “баспасөз бізден төмен” деген ойдан арыла алмай жүрді. Сондықтан баспасөзді де, билікті де тәрбиелеуге тура келді. Кеудесі аяққаптай болған баспасөз бен қолынан шоқпарын тастағысы келмейтін билікті бір-біріне үйренісіп, тең дәрежеде сөйлесетіндей дәрежеге жеткізу керек болды.

ПАРТИЯ ЖӘНЕ РЕФОРМАЛАР ТУРАЛЫ:

“Жекеменшік” партия құру — пәтуасыз іс. Себебі, партия дегеніміз — адамның ой-санасына ие болу, қоғамдық ой-санаға жету. Ал, ондай көзқарастарды меншіктеп қою мүмкін емес.

* * *

… Жеке адамдардың бір-біріне деген қарсылығынан ешқашан да саясат тумайды. Саясат тек қоғамдық көзқарастардың қарама-қайшылығы мен бірін-бірі толықтыруынан ғана туындайды.

* * *

Өкпешіл адам – өлмеші саясаткер. Мен солай деп санаймын. Шеттетілгендер мен өкпелегендердің ғана саясаткер болатын уақыты келмеске кетті. Саясатқа баянды бағыт, белсенді ұстаным, ойлы көзқараспен ойланып келетін уақыт пісіп- жетілді.

* * *

Стратегиялық жағынан алғанда, проблеманың көкесі осы мұнаймен байланысты. Саяси жүйесі дамымаған елдің жылына 50 миллион және одан да көп тонна мұнай алуы қоғам үшін аса қауіпті жағдай.

* * *

… халықтың билікті қалыптастырудағы рөлі дербестігімізді нығайтады, өйткені, халық өзінің мемлекеттілікке қатысы бар екенін сезіне бастайды. Бізде, үлкен өкінішке қарай, демократия дегенді оппозицияның қолындағы жалау деп түсіну өріс алып барады.

* * *

Қазақстанның зиялы қауым өкілдері қандай әлеуметтік топқа жататынына қарамастан, азаматтарды алдағы саяси өзгерістерге дайындауды азаматтық парызымыз деп санауы керек. Өтпелі кезеңді “жамбасқа жайлы екен” деп, сағызша созып жүре беруге болмайды, оны “өткізіп” жіберген жөн.

* * *

… егер “таққа мұрагерлік” басқарудың ең тиімді жолы болатын болса, дүниежүзі елдерінің монархиядан бас тартып не әуресі бар?.. Билік саяси көзқарастардың тартысынан туындауы керек.

Саяси өмірде жүру немесе билік басында отыру әдемі киініп, әдемі сөйлеп, телекамералардың алдында “өнер көрсету” емес. Ол жан-жақты бағаларға ие болу, жақсылығыңды да, жамандығыңды да көзіңе шұқып көрсететін ортада жүру.

* * *

… жария саясат – жадағай нәрсе емес. Саясатқа бір кірген адам, мейлі ол кім болса ол болсын, белгілі бір ережені сақтауға және салмақты дүниелерге назар аударуы тиіс.

* * *

Бұл – үлкен бетбұрыстың басы ғана. Күні кеше тентіреп кеткен халық есін жиған соң не ойлауы мүмкін? Кешегідей “Бүгінгі күнім не болады?” деп емес, “Ертеңгі күнім не болады?” деп ойлана бастайды.

… Есін жиған халық айналасындағы әлеуметтік әділетсіздікті көргенде және соған алып келіп отырған саяси шешімдерді көргенде, біртіндеп-біртіндеп саясатқа араласа бастайды. Саясаттануда “қоғамдағы үлкен өзгерістер мен төңкерістер халық құлдырауға кетіп бара жатқан кезде емес, сол қиын жағдайдан шыға бастағанда басталады” деген қағида бар.

Жаңабек ШАҒАТАЙ