Жаңалықтар

ТІЛ ДЕСЕ, ТЕРЕЩЕНКОНЫҢ ТЫРЫСЫП ҚАЛАТЫНЫ НЕСІ?

ашық дереккөзі

ТІЛ ДЕСЕ, ТЕРЕЩЕНКОНЫҢ ТЫРЫСЫП ҚАЛАТЫНЫ НЕСІ?

Таяуда ҚР-сы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Мұхтар Шаханов Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистер қауымына «Тамырсыздану қаупінің тұжырымдамасы» атты еңбегін жария етті. Баспасөз мәслихатына келген «Мемлекеттік тіл» қозғалысы төрағасының орынбасары Смағұл Елубай да, Қазақстан халықтары Ассамблеясы төрағасының орынбасары әрі «Қазақстандағы орыс, славян, казак ұйымдары қауымдастығының» төрағасы Сергей Терещенко да Мұхтар Шахановтың тұжырымдамасын қолдап отыр. Күні кеше ғана «Қазақстанда орыс тілінің тынысы тарылып жатыр» деп жиналыс өткізіп, тіпті Ресейдің елшілігімен де байланыс орнатып үлгерген славяндар қауымдастығының төрағасы Терещенконың мемлекеттік тіл жанашыры бола қалуы таңдай қақтырды.

Содан болар, Терещенконың Шаханов сияқты ұлт патриоттары бастаған жиынға келуі бізге оғаш көрінді. Бұл жәйт «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайдының» керін келтіргендей еді. Екі қошқар – өз елінде жетімсіреген мемлекеттік тіл мен өзге елде тайраңдаған ресми тіл. Екі қошқар – атам заманнан бері мүдделер қайшылығына байланысты бір-біріне оппозицияда болып келе жатқан қазақтың ұлттық қозғалыстары мен орыстың ұлтшыл ұйымдары. Бірақ баспасөз мәслихатында олар ортақ мүдде – Қазақстанның мемлекеттік тілі үшін жұмыла қызмет ете алмайтынын тағы да аңғартып қалды. Терещенко: «Өкінішке қарай, бүгінгі таңда орыс тілі жоғалған жерлерге – Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары жатады. Сен, Мұхтар, жаңа Қызылқұм ауданы жайлы айттың ғой. Қызылқұмдағы мектептерге барып, орысша сөйлесіп көрші?! Болмайды. Өйткені орыс тілінің иегерлері жоқ онда… Ал, бұл проблема» – дейді ол. Бұндай негізсіз сөздерге шыдамаған «Мемлекеттік тіл» қозғалысы төрағасының орынбасары Смағұл Елубай: «Қазақстанда орыс тілінің проблемасы жоқ. Сіз маған құрығанда орыс тілін білмейтін бір орысты тауып беріңізші! Егерде сіз маған орыс тілін білмейтін Иван Ивановичті тауып берсеңіз, орыс тілінің проблемасы бар деп айтуға болар еді,» – деп, сөзін қайырды. Сергей Терещенко болса, Елбасының «орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі» деген сөзін, Қазақстанда өз ана тілін білмейтін 3,5 миллион қазақ барын және Шахановтың тұжырымдамасындағы жаһандану процестерін алға тартып, ресми тілдің статусын қорғап бағуда. Негізінде Мұхтар Шахановтың ұлттық мүддеге негізделген сөздерін, не тұжырымдамаларын бұрмалау әдетке айналғандай. Сергей Александрұлы да тұжырымдаманы қазып отырып екіжақты тұстарды тауып алыпты: «Мен бұл тұжырымдаманы қолдаймын. Неге? Өйткені онда мынандай жақсы сөздер жазылған: «Бір ұлттың басқа ұлттарды құрметтемей, өз ішінде шектеліп қалуы өте қауіпті әрі трагедияға пара-пар, өйткені өз ішінде қайнап, өз сорпасының ғана дәмін тату шектеліп қалған көлдің тағдырын қайталайды. Бұл көлге су құймайды, одан су ағылмайды». Сол айтпақшы, Қазақстанда 130 ұлт пен ұлыстар тұрады» – дейді.

Бір айта кетерлігі, Қазақстанда 130 ұлт пен ұлыстар емес, негізінде 11-ге жуық ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Сонда оларға «ұлт» статусын беріп қойған кім? Неге біздің құлағымызға «ұлт пен ұлыстар» сөзі құйыла береді? Қазақ тіліне қарсы қойылып келе жатқан көпұлттылық саясат Қазақстандағы славян ұйымдарының қолшоқпарына айналды. Бір қызығы, бұл ұйымдар діні мен тілі мүлде басқа өзге ұлт өкілдерін өздеріне жақын ұстайды. Ал, шынтуайтына келсек, Қазақстанда түркі тілдес ұлт өкілдері мен ислам дінін ұстанатын ұлт өкілдері баршылық. Олар тарихи, саяси жағынан, тіпті, қаны мен тегі бойынша да қазақтарға жақын. Бірақ екі ортада қалған аз ұлт өкілдерін билік те, орыс қауымдастықтары да өз ыңғайына тартып келеді. Бір өкініштісі, ұлт патриоттарының тіл білмейтін қазақтар жайлы дерегін де өз пайдаларына жаратып жатыр. Күні бүгінге дейін «қазақ тілін білмейтін 2 миллион қазақ бар» дейтін Мұхтар ағамыздың «тіл білмейтін қазақтар 3,5 миллион» дегені сол-ақ екен, «3,5 миллон қазақтың тіл білмеуі – халықтың трагедиясы ғой» деп Терещенко бір қайырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қазақ халқының жартысынан астамы ана тілін білмейді» деген сөзі де орыс қауымдастығын қанаттандыра түскен сияқты. Негізінен мұндай ресми деректер жоқ. Соңғы уақытта министрлерден бастап, студенттерге дейін қазақ тілін үйреніп жатқанын ескерсек, Қазақстанда қазақ тілін білмейтіндер некен-саяқ.

Сергей Александрұлының айтуынша, Қазақстанда орыс тілінің проблемасы шаш-етектен. Ал, қазақ тіліне келер болса, Ассамблея аясында мемлекеттік тілді үйрететін курстар, сол сияқты «Қазақша караоке» өткізіліп тұрады екен. Тіпті, өзі де 1999 жылы қазақша кітап шығарыпты. Қазақша кітап шығарған адам қазақша сайрауы да керек сияқты. Бірақ Сергей Александрұлы «қазақ тілін бұрмалап сөйлемеу үшін» мемлекеттік тілде жақ ашпайтын көрінеді. Қит етсе, Ассамблеяның қазақ тіліндегі курстарын алға тартқыш Терещенко бұл курстардан пайда жоқтығын қалайша түсінбейді? Ассамблеяда бұл курстардың көмегінсіз-ақ мемлекеттік тілді жетік меңгерген Герольд Бельгер, Асылы Осман, Клара Хан сияқты саусақпен санарлық азаматтарды білеміз. Ал, құрылғанына он жыл толған Ассамблеяның тіл курстары қанша адамды қазақ тіліне баулыды? Кезінде бізге сұхбат берген Асылы Осман «Бұл курстарға адам өте аз баратынын, сондықтан оның пайдасын көріп отырмағанын» ашына айтқан еді. Ал, караоке не береді? Тіпті, қазақша кітап жазса да қазақша сөйлей алмайтын орыстар барын ескерсек, караоке арқылы мемлекеттік тілді үйрену мүмкін бе? Шынтуайтына келсек, бүгінгі таңда Қазақстан халықтары Ассамблеясы – «үй ішінен үй тіккісі келген» топтың қолында. Ассамблея халықтар достығына жауап беретін ұйымнан гөрі, «орыс тілінің Қазақстандағы мүдде-мақсаттарын қорғайтын ұйымға» айналған сияқты. Ал, оның құрамына кіретін орыстан басқа ұлт өкілдеріне бәрібір: мұнда қазақ тілі орнай ма, орыс тілі орнай ма – шаруалары жоқ. Кезінде бізге сұхбат берген Чешен-ингуш халықтары мәдени орталығының төрағасы Ахмед Мурадов: «Негізі орыс тілі де біздің ана тіліміз емес. Сондықтан қазақ тілін де үйреніп алу бізге қиынға соқпас» – деп, қалған еді. Яғни, қазақ пен орыс тілінің арасында қалған өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді мойындауға бар. Бірақ олар орыс, славян қауымдастықтарының ығынан шыға алмай отырғанға ұқсайды. Сондықтан он жыл бойы ұлтаралық қатынастарға мін тигізбеудің орнына қаяу түсіріп келе жатқан Ассамблеяның пайдасы көк тиын. Демек, Ассамблеяға жаңа атау іздегенше, оны не қазақ мүддесіне сай реформалау керек, не ұлтаралық дауларды болдырмау үшін тарату керек. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры емес, орекеңнің Ассамблеясы» болып отырса, оған дер кезінде шара қолдану керек сияқты.

Таяуда жастардың «HIT TV» арнасының «Қалайсың?» атты бағдарламасында Олеся есімді орыс қызы: «Біз Қазақстанда тұрғасын, қазақ тілін жетік білуіміз керек. Ал, ол үшін қазақ тілі пәні бірінші кластан бастап міндетті түрде оқытылатын пәндердің санатына кіруі керек» – деді. Қазір Қазақстанда кеңестік астамшылық пен орыс «менменшілдігінен» бойы таза орыстың жас ұрпағы тұрады. Ал, билеп-төстеуге бойы үйреніп қалған орыстың аға ұрпағы мен жалтақ мінезді қазақтың аға буыны жас ұрпақтың санасын өз идеяларымен уламауы тиіс. Орыстың жас ұрпағы қазақ тілін үйренгісі келеді. Біз үшін осы жәйт маңызды болуы керек.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА