Жаңалықтар

100 ҰЛТҚА ПАНА БОЛҒАН ҚАЗАҚСТАН КIМНIҢ ОТАНЫ?

ашық дереккөзі

100 ҰЛТҚА ПАНА БОЛҒАН ҚАЗАҚСТАН КIМНIҢ ОТАНЫ?

“Заман ақырын тапқанда, әркім жақынын тапқан» бүгінгідей күнде Қазақстан ғана өз жақындарынан гөрі өзгелерге құшақты айқара аша түсуде. Сталин мен Хрущев экспериментке айналдырып, 100 ұлттың өкілдеріне біздің елден пана тауып беріп еді. Кеңестік кезеңде «ұлттар лабораториясы» болғандығымызбен мақтанған біздер, енді көп ұлттығымызды ұранға айналдырдық. Көп ұлт кімде жоқ. Әлемнің дамыған елдерінің көбінің ұлттық құрамы біздікінен көп ерекшеленбейді. Алайда, бұлардың қай-қайсысында да ең алдымен байырғы ұлттың мүддесі өзгеден ерек артықшылықтарға ие. Айталық, көптеген елдердің тәжірибелерін қарап отырсаңыз, ол мемлекетке келіп орнығу былай тұрсын, ол елден кетіп қалу да қиынға айналады. Өзі тұрақты тұрып жатқан елінен кетуге бел буған азаматтарға қойылатын талаптар, әсіресе, бұрынғы Кеңес мемлекеттерінде тым қатаң. Айталық, Өзбекстанды артқа тастау үшін, ондағы дүние-мүлкіңді сатып, пұл қылу былай тұрсын, кеткенің үшін салық төлейсің. Ол елдің азаматтығынан шықсаң, 100-150 доллар көлемінде айыппұл төлеуің керек. Көңілінен шықпаған елді артқа тастағандар, ойына алған мемлекетіне барып орнығу үшін бұдан зор қияметке кез болады. Алдымен басқа мемлекетке барып күн көру әрекетімен тұрақты тұруды мақсат етсе, ол азаматтың есеп-шотында кем дегенде 15 мың АҚШ доллары болуы керек. Сондай-ақ, азаматтық алуға талаптанса, сол елдің мемлекеттік тілі мен ұлттық рәміздерінен емтихан тапсыруға міндетті. Ал, Қазақстанды артқа тастау да, қайта оралу да оңай іске айналды. Осыдан екі жылдай уақыт бұрын Қазақстан «Азаматтық туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізген болатын. Бұл заңда «қажетті мамандықтар үшін жеңілдетілген баптар» енгізілген. Сөйтіп, бұл бізде шетелдіктердің тез арада «азамат» атануына мүмкіндік беріп отыр. Өкініштісі, Қазақстанға келген кез келген шетелдік бұндағы өмірге бейімделу үшін, қазақ мәдениетінің төңірегінде емес, орыс мәдениетінің төңірегінде топтасады. Сөйтіп, шеттен келгендердің көбі орысшылдардың қатарын көбейтіп жатыр. Бұл аз болғандай, Мәжіліске жақында кеп түскен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасында, «Бұрын Қазақстанда тұрған, тәуелсіздік жылдарында басқа елдерге көшіп кеткен азаматтар, егер, Қазақстан Республикасына қайта оралғысы келсе, ешқандай кедергісіз орнығуына мүмкіндік жасау» деген бап бар екен. Яғни, ол адамдардың есеп-шотында 15 мың доллардың болуы да, сандалып азаматтық алу мәселесін 5 жыл күтуі де қажет емес. Тек келем деген емеурін танытса болғаны. Олардан мемлекеттік тілді білуді ешкім талап та етпейді. Заң бойынша, талап ететін құқығы да жоқ. Демек, Қазақстан кімге де болса, құшағын айқара ашып қарап отырмақ. Бұның ұлттық қауіпсіздігімізге төндіретін қаупін ескеруге Үкіметіміз құлықсыз. Өйткені, бұл заң жобасы Үкіметтің бастамасымен талқыланып жатыр. Бірінші оқылымда Мәжілісмендер бұған оң қабақ танытып, мақұлдап та жіберді. Ал, екінші оқылым да жақын күндерде болатын сыңайлы. Негізінен бұл бап Қазақстаннан кетіп қалған өзге ұлт өкілдері үшін жасалып отырғандықтан, қайта келуге ниет білдірушілердің барлығы дерлік «қазақ» мәдениетіне өгейси қарап, орыс тілін ана тілі ретінде танитындар болады. Демек, ұлттық мәселелерге келгенде, онсыз да аздық ететін қазақтың даусын бұлар тұншықтыру үшін қажет болып отырғанға ұқсайды. Мемлекеттік тіл мен ұлттық мүдденің әлі де айдарынан жел есе қоймаған бүгінгідей заманда қайда жақсы өмір бар, сонда тұрақтауды мақсат етіп, қарын қамымен ғана жүргендерді бетқақпайламай қайта шақыру – тағы да ұлттығымызға сын болайын деп тұр. Амангелді АЙТАЛЫ, Мәжіліс депутаты: — «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы Үкіметтен келді. Онда «Бұрын Қазақстан Республикасында тұрған, қазір ТМД және басқа да шетелдерде тұрып жатқан азаматтарды ұлтына қарамай қабылдау. Ол отбасының Қазақстанға ешбір кедергісіз оралуына мүмкіндік тудыру» мәселесін енгізу көзделген. Бұл заң жобасын 2004 жылы бірнеше орыс депутаттары ұсынған болатын. Бірақ біздің қарсылығымызбен басылып қалып еді. Енді оны 2005 жылы Үкімет қайта ұсынып отыр. Мен қарсымын. Өйткені, жылма-жыл Қазақстанға тұрақты немесе уақытша тұруға келіп-кетіп жатыр. Жылына 5 мың зейнеткер, 12 мың мектеп жасындағы бала келеді екен. Олар Қазақстанда тұрақты тұратын болса, зейнетақы, жәрдемақы, мүгедектік жәрдемақылар төлеу қажет болады. Яғни, әлеуметтік қорғау қоржынына салмақ түседі. Заңның осы бабы қанша шығын әкелетіндігі жөнінде Ахметовқа сауал жолдадым. Өкінішке қарай, небір ұлттың мүддесі үшін жасалған жобаларға қаржы жоқ деп қарап отыратын Үкімет, бұл жолғы шығынды есептемеген де. Бұлар бір кезде елді сыйламай кеткендігін Үкіметтің де, депутаттардың да түсінбей тұрғаны. Екіншіден, бұлардың адамдық материалдық сапасын ойлау керек. Қазақстаннан кеткен кәсіпкерлер, білімді адамдар өз орнын әлдеқашан тауып алды. Қайтып оралғысы келіп отырғандар маман емес. Көбі азып-тозып жүргендер. Біз баяғы Кеңес заманындай Қазақстанды қораға айналдырмаудың шараларын ойлануымыз қажет. Елдің мүддесі аяқасты болмағаны жөн. Болатхан ТАЙЖАН, саясаткер: — Төтесінен айтсақ, жалпы, «Қазақстан – қазақ мемлекеті» екенін осында тұратын азаматтарға мойындатуымыз керек. Ол үшін Қазақстанда тұрып жатқан халықтың ішінде қазақтардың мүддесі жоғары болғаны абзал. Кем дегенде 75-80% болса деп ойлаймын. Осы мақсат-мүдде тұрғысынан қарағанда, бізде қазақ еместердің санын көбейту, соған жеңілдік жасау, ол – Қазақстанның мемлекеттілігіне немқұрайды, түсінбеушілікпен қараудың салдары. Өйткені, Қазақстанды мықты мемлекет қылу үшін қазақтардың санын көбейту, үлесін көтеру сияқты шарттарды орындау керек. Ал, мына бап керісінше, кері тартып тұр. Онсыз да Қазақстандағы қазақ еместердің үлесінің көптігі салдарынан көп зардап шегіп жүрміз. Ұлт мәселесін, мәдениетімізді дамыту, тілімізді мемлекеттік тілге айналдыруда бұл бізге көлденең болмай тұрған жоқ. Қазақстанды ұлттық мемлекетке айналдыру үшін күресіп жүргендер бұл баппен келісе алмайды. Бұл тек біздің ғана талап, біздің ғана ойымыз емес. Бүкіл дүниежүзінде әр ұлт өз мемлекетін құрып жатыр. Сол сияқты қазақтың өз мемлекетін құрып алуы әлі аяқталған жоқ. Біздегі ең басты ортақ мақсат – ұлттық мемлекет жасап алу. Ал демократиялық жағдайлар, азаматтық қоғамға аяқ басуымыз екінші планға ысырылуы керек. Ұлттық мемлекетті құрмай тұрып, ол кезеңнен аттап өтіп, бірден демократия, азаматтық қоғамды құрамыз деу – қате. Оның негізгі сипаты — қазақ сипаты болу керек. Сейдахмет ҚҰТТЫҚАДАМ, саясаттанушы, «Мысль» журналының бас редакторы: — Басқа елдерде мынадай тәжірибе бар. Осы елден басқа жаққа кетті ме, оның мұнда қайтып келуі қиын. Қайтып келген күннің өзінде ол ел өзіне қажетті азаматтарды қабылдайды. Білім жағынан, маман және басқа да критерийлеріне байланысты. Менің ойымша, бізде де солай қарауымыз керек.Кетерде оларды ешкім қуған жоқ. Көбісі қайтып келмейтіндей, қашқандай болып кетті. Енді ол қайта келе жатыр. Біріншіден оған «неге кеттің, неге келесің?» деген сауалдар қойылуы қажет. Амалбек ТШАН, Парламент Мәжілісінің депутаты: — Оралманнан басқа шетел азаматына жеңілдік жасау дұрыс емес. Кез келген шетелдікті, мейлі ол Қазақстанда тұрсын, мейлі, тұрмасын, тең дәрежеде, бірдей құқықта қабылдау керек.

Есенгүл Кәпқызы