АСТЫҚТЫ ӨҢIРДIҢ ЕРТЕҢI НЕ БОЛМАҚ?
АСТЫҚТЫ ӨҢIРДIҢ ЕРТЕҢI НЕ БОЛМАҚ?
Өткен жылдың жайсыз жазы мен нөсерлi күзi солтүстiк өңiр диқандарының қайрат-жiгерiн сынға салған аса ауыр кезең болды. Бiрақ соған қарамастан, егiн алқабының әр гектарынан орта есеппен 13,1 центнерден өнiм жинап, ел қамбасына 3,5 миллион тонна астық құйған дала ерлерiнiң еңбегi мақтан етерлiк.
Алайда ел ырысы үшiн күндiз-түнi тыным таппай тер төккендердiң көбiнiң еңбегi еш болып отыр бұл күнi. Салқын жаз бен жаңбырлы күздiң арасында пiсiп жетiлмеген бидайдың әр тоннасы 85 доллардан аспай тұр. Солтүстiк Қазақстан облысының «Продкорпорация» өкiлдiгi қабылдап отырған астық негiзiнен мал азығына ғана жарайтын үшiншi санаттағы бидай.
— Шаруа қожалықтарының басшылары әлi де астық бағасы көтерiлер деген үмiтпен бидайды бiзге тапсырудан тартынып отыр, – дейдi «Продкорпорация» директоры Құдайберген Қалиұлы, – Бiрақ астық бағасының жақын арада көтерiлуi екiталай. Бiзбен көршiлес Қостанай, Ақмола облыстарында да осы баға. Шаруалардан алған арзан астықты бiз де бағаның төмендiгiнен сыртқы нарыққа шығара алмаймыз. Ресей мен Украинада биыл мол астық жиналды. Мұндай жағдай бiздi де, шаруаларды да тығырыққа тiреп отыр.
Дәлiрек айтсақ, нарық күйзелiсiнен зардап шегетiн негiзiнен ұсақ шаруа қожалықтары. Өткен егiс науқанында облыстағы мыңдаған гектар жерге сұрыпталған қымбат тұқым себiлген едi. Күздiң толассыз жаңбыры ол еңбектi де зая кетiрдi. Алдағы егiс науқанында жанармай алуды ендi көбiнiң қалталары көтермейдi.
Облыс әкiмшiлiгiнiң бұл мәселедегi ұстанымы көпшiлiкке әлдеқашан белгiлi болған. Бүгiнгi нарық заманында iрi шаруа қожалықтары ғана бәсекеге шыдай алады, сондықтан бiрiгiңдер дейдi олар шаруаларға. Бұл сөздiң жаны да бар. Iрi қожалықтардың материалдық-қаржылық жағдайлары жаман емес. Өткен жылы облыстағы төрт мыңнан аса шаруа қожалықтарының 2762-сi таратылып, бiразы iрi қожалықтардың құрамына кiрген едi. Әрине, қолында техникасы жоқ, жерi шағын қожалықтардың терезесi өзiнен iрiлермен тең бола алмайды. Бүгiнгi күнi ауылды ауыл етiп отырған да осы қауқары шамалы болса да, бойында намысы бар ел iшiнен шыққан азаматтар басқарып отырған шаруашылықтар. Ертең бұл шаруа қожалықтары тоз-тоз болып ыдырап кетсе елдiң күнi не болмақ?
Жалпы, солтүстiктiң астықты алқаптарындағы шаруашылықтардың болашағы болуы қолайсыз ауа райынан ғана деу қателiк болар едi. Ғалымдар бұл аймақтардағы топырақ құнарлылығының жылдан жылға төмендеп келе жатқанын талай рет ескерткен. Әсiресе Тимирязев, Шал ақын аудандары сияқты далалық аймақтарда жел және су эрозиясының топырақтың құнарлы қабатына әсерi анық сезiлiп отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң кейбiр мамндары топырақты канадалық әдiспен жер қыртысын айырмай жұқалай өңдеу әдiсi мол тиiмдi екенiн мойындағанымен, сөзден iске көшу көп уақытты алатын түрi бар.
Шаруалардың үмiт артып отырған тағы бiр жаңалығы – облыста майлы дақылдар алқаптарын кеңейту. Бiр қарағанда бұл да экономикалық жағынан ұтымды нәрсе. Бүгiнгi күнi майлы дақылдар танаптары не бары 59 мың гектар жердi алып жатыр. Оның iшiнде сыртқы нарықта жоғары сұранымға ие рапс дақылы 38 мың гектар жерге себiлген. Ал рапстың әр гектарынан 70 доллар таза пайда түсiруге болатынын айтсақ, қанша мүмкiндiктi жiберiп алғанымызды түсiну қиын емес. Рапс майы — шетел нарығында аса өтiмдi өнiм.
Осы рапс туралы биыл тағы да әңгiме қозғалып жүр. Ғабит Мүсiрепов ауданында «Маслодел» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi рапс өңдеу зауытының iргесiн де көтерiп қойған. Бiрақ, бұл өнiмнiң экономикалық тиiмдiлiгi жоғары болуы үшiн облысқа келген канадалық мамандар рапс тұқымын сақтауға арналған қоймалар, кептiргiштер сияқты бiртұтас кешен салынуы керек дейдi. Әрине, шетелдiктердiң көмегiмен. Тiптi рапстың ең сапалы тұқымы да сол канадалықтарда көрiнедi. Оның сыртында осы заманғы технология, рапс себуге арналған машиналарға да шетелдiктердiң көмегiнсiз қол жеткiзе алмайтын түрiмiз бар.
Сонымен, солтүстiк диқандары жол айырығында тұрғандай күй кешуде. Сапасыз бидайды сату қиын, экономикалық жағынан әлдеқайда тиiмдi майлы дақылдар өсiруге көшу де оңай емес. Мұндай дағдарыс елiмiздiң таяу жылдарда астық өндiрушi қуатты елдердiң бестiгi қатарынан орын аларына сендiре қоймайды. Дүниежүзiлiк сауда ұйымына кiрген күнде де шетелдiк бәсекелестер басымыздан сипамасы анық. Сыртқы нарыққа сапалы астық шығарайық десек, үкiмет тарапынан диқандарға пәрмендi қаржылық демеу керек.
Марат Ермұқанов