Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА: ҚЫЗДАРЫ МЫҚТЫ БОЛМАЙ, ҚОҒАМ МЫҚТЫ БОЛМАЙДЫ
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА: ҚЫЗДАРЫ МЫҚТЫ БОЛМАЙ, ҚОҒАМ МЫҚТЫ БОЛМАЙДЫ
“Өзi де, өлеңдерi де ешкiмге ұқсамайтын ақын» туралы бала кезiмде теледидардан көргем. Теледидар жүргiзушiсi тура осылай дегенiнде, «Кiм болды екен?» деген бала көңiлмен телеқорапқа үңiлгенiм де есiмде. Сөйтсем, өзi мен өлеңi ғана емес, есiмi де ерекше – Ақұштап. Сөйтiп, ең әуелi Ақұштап апаның ешкiмге ұқсамайтын поэзиясымен емес, ешкiмге ұқсамайтын есiмiмен танысқам. Кейiнiрек ақын апамыз туралы «елiне кетiп қалыпты» деген әңгiмелердi ести бастадық. Шынында да Ақұштап апа қазiр Оралда, өзiнiң Ақжайығында тұрып жатыр екен. 42 жылға жуық ғұмыры өткен Алматысына жиi болмаса да, анда-санда келiп тұратынға ұқсайды. Осындай бiр сапарында бала кезiмiзден арман болған ақын апаммен жолығып, сұхбаттасудың сәтi түстi.
– Ақұштап апа, сiздiң елге кетуiңiзге не себеп болды?
– Бiр жылдары елге бару қажеттiлiгi туындаған кезеңдер болды ғой. Әрi ақын-жазушылар, қаламгерлер халықтың ортасына барсын деген Президентiмiздiң де ұсынысы болды. Одан кейiн әкiмдер қаламгерлерiмiздi елге шақыра бастады. 42 жылға жуық өмiрiм өткен, жастық шағымның куәсi болған Алматыны тастап, елге оралдым. Сол кездегi облыс әкiмi Қырымбек Көшербаев шақырған соң, бардық. Қадыр аға екеумiзге үй-жайымызды жасап бердi. Батыс Қазақстан облысы — өзiңiз бiлесiз, Ресейдiң бес облысымен шектесiп жатқан облыс. Сол бес облыс бiздiң қазақтың тiлiн, жер атауларының бәрiн тапап жiбердi. Елiмiз егемендiк алған тұста осындай күрделi мәселелердi қайта қалпына келтiру үшiн қаламгердiң үнi, ақынның тiлi, әр жерде айтатын сөзi қажет болды-ау деймiн. Егемендiк алғалы он төрт жылдан асты. Әлi күнге дейiн тiлiмiзге қайта орала алмай отырмыз. Қазiр мен сол Ақжайықта, университетте дәрiс берем. Қазiргi қазақ поэзиясын айтам. Ең басты мақсатым – қазақ қыздарының тәрбиесiне көбiрек көңiл бөлу. Қазақ қыздарына ұлттық тәрбиеден дәрiс беру. Бiздiң мемлекеттiк бағдарламада ондай сабақ жоқ. Ал мен қазақ қыздарының ұлттық тәрбиесiне байланысты дәрiстi қайдан алам? Лиро-эпос жырларымыздан, дастандарымыздан, Құртқа, Ұлпандардан алам. Қыз Жiбек, Баяндардан, Тұмарлардан, кешегi Әлия мен Мәншүктен әкелiп, бүгiнгi елiмiздiң мақтаны болып жүрген қыздармен жалғастырып, дәрiс оқимын. Қазiр өсiп келе жатқан ұрпақ өзiнiң ұлтының ертеңгi болашағы екенiн бiлсiн деймiн. Өзiм де үш қыз өсiрген анамын. Қыздары мықты болмай, қоғам мықты болмайды деген ойдамын. Қыздары парасатты, анасы ақылды болмаса, қоғам әлсiрейдi деген ойдамын. Бiз қазақ әйелiн «еркектермен тең құқылы, бiрдей жұмыс iстейдi» деп трактор айдауға да, үй салуға да, арақ iшуге де үйреттiк. «Жалғызбасты әйел болсаң, жұмыстан шығармаймыз, кәсiподақтан көмектесемiз» деп әйелдi қоғамға өгiзше жектiк. Қазақ әйелi сұлулығынан айрылды. Әдемiлiгiн, нәзiктiгiн жоғалтты. Қазақ әйелi ұлағатты ана болатын қабiлетiнен айрылды. Өзгеге елiктедi. Ұлы ұлттың парасатты жүрегi – ана болу деген үлкен өнер, үлкен тәрбие. Бiзге осындай ана қажет! Қайратым, қуатым барда ақындық тiлiммен, өлеңiммен айтайын, ананы сүюдi, ананы сыйлауды үйретейiн деп жүрмiн. Тым болмаса, өз бөбегiн өзi көшеге лақтырып кетпесiн деп ойлаймын. Ана болу деген үлкен жiгерлiлiктi қажет ететiн ауыр жұмыс деп түсiндiремiн. Жылы төсегiмдi, әп-әдемi Алматымды, жайлы орнымды ауыстырып отырғаным, қолымнан келгенше халықтың ақын қызы ретiнде, қазақтың анасы ретiнде жастарға бiлгенiмдi айтайын деп елде жүрмiн. Қарап отырған жоқпын, қолымнан келгенiнше, жас ақындардың өлеңдерiн оқып, пiкiрiмдi айтып отырам. Елге барып, жаныма жайлы орын iздеп, не байлық iздеп жүрген ештеңем жоқ. Сол елдiң қандай қасiретi бар, соған қол-ұшымды көрсетсем деп жүрмiн. Елде қиянат көргендер, қажет құжатын ала алмай, сандалып жүргендер, соттың қате шешiмi шығып, әдiлетсiздiк көрiп жүргендер көбiне маған келедi. Менiң қолымда мөр жоқ. Бiрақ, соларға қолымнан келгенше, көмегiмдi көрсетем. Даусым жеткенше айтам.
– Әдеби ортадан алыстап, елге кеттiм-ау деген өкiнiш болмай ма?
– Әдеби ортадан алыстадым деп ойламаймын. Менi о баста әдеби ортаға қосқан ауыл мен дала және ауыз әдебиетi. Әлi де елде қалған қарапайым қазақтың ұлттық тәрбиедегi қариясын, әйелiн, келiншегiн, мейiрiмдi ақкөңiл жандарын көрсем, қайта демалып қалам. Қаладағы құйтырқы, өтiрiк, жылмақай сөйлейтiн, бас пайдасын ойлайтын, жағымпаз, бүгiн барға жалпылдап, ертең бағы тайса итерiп кететiндерден шаршағанмын.
Көрген-бiлгенiмдi айта қалайын деп,
Көңiлдер сырын байқап алайын деп,
Жалған күлкiлер шаршатқан жанарымды,
Мөлдiр ағымға шайқап алайын деп,
Оралдым саған Ақжайық!– деп жырлап отырғаным да сондықтан. Ақжайықты өмiр бойы жырлап келем. Елде менi «Ақжайықтың ақ шағаласы» деп айтады. Ақ шағала жайлы көп жазғанмын. Ақ шағала деген құс өзi толқынға қарсы ұмтылып, қанатын суға соғып, жемiн тауып жейдi. Ол маған өжеттiктi көрсетедi. Ақ шағала құмда да жүредi. Шөлдейдi, шыдайды. Қанаты талса да, суға қайта оралады. Сол маған күш бередi. Ақ шағала менiң өлең жырдағы өзiмнiң бейнем сияқты көрiнедi.
– Ауылдың бiтпейтiн, таусылмайтын қиындықтарын көргенде шаршайтын шығарсыз…
– Шаршатады менi. Бiрақ бiздi, бүтiн ұлылықты дүниеге әкелген, қазақ ұлтының қазығы – ауыл едi ғой. Абай – ауылдың ұлы. Әуезов – ауылдың ұлы. Кез келген өнердегi ұлыны, ғалымды қараңызшы, барлығы дерлiк ауылдың балалары едi ғой. Бүгiнгi ел басқарып отырған Президентiмiздiң өзi ауылда өскен. Ауыл — бiздiң ұлттық құндылықтарымызды сақтайтын қайнар көзiмiз. Жетiм, қараусыз қалған тастанды бала қандай болады? Бiздiң ауыл да сондай тастанды балаға айналған. «Ауылда әкiм бар» деген сөз, жай ғана. Ауылдағы әкiмнiң қолында билiк жоқ. Ауылға бiрдеңе берiп жатырмыз дегеннiң бәрi алдау. Ол ауылға жетiп жатқан жоқ. Кешегi күндерi ауыл боранның астында қалды. Қардан тазалайтын ешкiмде трактор жоқ. Ең кедейлер ғана қалған. Ауылдың бүтiн байлығын жиып алып, аз ғана топтар шалқып өмiр сүрiп, қалада жүрмiз. Елдегi ағайындарымыз зар жылап отыр десек, артық айтқандық емес. Ауылда бiр келiншек бала тапса, он төрт мың теңгесiн алу үшiн шаршайды. Оның ауданы көшiп кеткен. Құжат апару үшiн ауданға бару керек. Айналайын-ау, қолында құжаты бар анаға сол он төрт мыңды перзентханада неге бермейдi? Ауылда «бiр сиыр асырайды» дейдi. Сиырды кiм асырайды? Жайылымды сатып жiберсе, жем-шөбiң сатулы болса, таза суыңның проблемасы өмiрi таусылмаса… Ана жағың полигон, мына жағың ауру деп отырған кезде, сонда сол ауылды кiм ойлайды?! Бұл кез келген саладағы азаматтың арына байланысты нәрсе. Ауыл баласының бiлiмi төмен деймiз? Неге төмен? «Компьютер берiп жатырмыз» дейдi. Ауыл баласы компьютердi не қылады? Түске дейiн жарық берсе, түстен кейiн о да жоқ. Бұл ащы шындық! Айтуға керек шындық. Тепсе темiр үзетiн жiгiт жұмыссыз жүр. Өзiнен де бар, әрине, тiрлiк iстеуi керек қой. Бiрақ, қайда қаңғиды? Баратын жерi жоқ болса. Сосын амал жоқ, кiшкентай шаруасы барға жалданады. Сол жалданып тапқан азын-аулақ ақшасына арақ iшедi. Күйiктен iшедi, күйiнгеннен iшедi. Ол iшкесiн үйде береке кетедi. Мiне, бiз отбасын сақтаймыз десек, ұлтты сақтаймыз десек, «Ауылға! Ауылға!» деп ұрандатып, ауылды көтеруiмiз керек..
– Үш жылды ауылға арнағанымыздың өзi ұрандатқанымыз емес пе?
– Ол үш жылың ауылға жеткен жоқ. Тек газет-журналдардан оқыдық, теледидардан «ауыл сөйтiп жатыр» дедiк. Оның көбi өтiрiк, жалған ақпарат қана. Ауылдағы шаруа қожалығындағы жiгiттер несиенi ала алмайды. Оған қоятын тракторы, машинасы жоқ. Құлап жатқан үйдi банк алмайды. Ауылға беремiз дедi де, өздерi жеп алды. Ауылдың жағдайын ойламаған жерде қазақ ұлтының салтын сақтай алмаймыз. Қаладағы санаулы баламен қазақтың санын көбейте алмаймыз. «Туып жатыр» деп ақпар беремiз. Туып жатқан тағы да ауылдың келiндерi. Олар әлi де сенiммен, аңқаулықпен, үш-төрт бала табады. Балаға он төрт мың теңге беру деген мазақ қой. Осының бәрiн көрiп отырмыз. Әрине, бiздiң алға басып жатқан жақсылықтарымызды да жоққа шығармаймын. Ол мiндеттi түрде солай болуы керек. Бiз ертеңге, алға ұмтылуымыз керек. Шаруашылықты да басқарып, бизнестi бiлуiмiз керек. Бiр жағын мақтанышпен көрсетемiз де, бiр жағын ұмытып кетемiз. Ауыл әйелiнiң дәрiгерлiк көмегi жоқ. Осының бәрi ақын жүрегiн шаршатады. «Саған осы не керек? Үш балаң өстi, немерелерiңдi бағып тыныш отырмайсың ба?»–деп, бiреулер айтуы мүмкiн. Бiрақ, менiң оған ақын жүрегiм шыдамайды. Бәрi жақсы болса екен деймiн. Ұлтымның тiлi болса екен, қазағымның қызы тәрбиелi болса екен деймiн, кiндiгiн ашпаса екен деймiн. Ертең ауру бала тумаса екен деймiн. Бiздiң ата-бабаларымыз «күмiстен белбеу тақ» деген жоқ па? Ұлға да, қызға да кiндiгiңдi күмiспен жап дедi. Ауадан келетiн бүтiн радиацияны кiндiкпен қабылдайды. Кiндiгiн ашып жүрген қызға, «мынауың жараспайды» деп айтатын анасы неге жоқ?
– Бүгiнгi қоғамымыздағы әйелдердiң ролi қандай деп ойлайсыз?
– Әйелдiң ролi жасанды. Кешегi Кеңес үкiметiнiң кезiнде бес-алты әйелден бастық жасайық деген қағидасы болған жоқ па? Сөйтiп, бiр әйелдi механизатор жасап, оны артынан Жоғарғы советке депутат етiп сайладық. Сол сияқты жасандылық әлi қалған жоқ. Ол мазақ. Өйтiп қуыршақ болуға болмайды. Егер Кондолиза Райс сияқты талантты саясаткер туса, болсын сол. Алдымен әйелдiң талантын танып, соны саясаткер жасауымыз керек. Оны сүйремеу керек. Қолынан келе ме, жасасын, қолынан келмей ме, тек әлгiндей көзбояудың керегi жоқ. Әйелдiң жарып шығатыны, басшы болатыны көрiнiп тұрады ғой. Соларды дайындау керек. Өйтiп-бүйтiп докторлығын қорғап шыққан екен деп ректор қойсақ, одан не шығады? Бiздiң ақсап отырғанымызда сондықтан. Ұстаз болып туғандар бар. Әрi ұстаз, әрi ана, әрi бала тәрбиесiн жақсы бiлетiн адамдар бар ғой. Солардан директор жасау керек. Өз кәсiбiн жақсы меңгерген дәрiгердi неге құрметтемеймiз?!
– Бiздер «пәленше әйел ел басқарып жатыр немесе пәленше әйел Парламентте» дегенмен мақтанып жүрген жоқпыз ба?
– Коммунистiк партияға өтiп, iлiнiп кеткен әйелдер билiк басында әлi жүр, әлi жүредi. Ендi қайтедi, танығасын, сыйлағасын, ала бередi. Одан он есе iскер, жас қыздар өсiп жатыр. Оны көрмеймiз, оған жол бермеймiз.
– Жалпы, сiз қазақ әйелiнiң билiкке араласқанын қалайсыз ба?
– Мен қазақ әйелiнiң Құдайдан жаратқан таланты болмаса, сүйретiлiп араласқанын қаламаймын. Ол өзгелерге қиянат. «Көтере алмайтын шоқпарды белiңе қыстырма» дейдi. Бiреудiң жазып бергенiн оқып берiп отыратын қуыршақ болатын болсақ, ол саланы басқарудың керегi жоқ. Өзiңнен ештеңе қоспасаң, жаның ауырмаса, оның не қажетi бар? Одан кейiн бұл әйелдiң өзiне де қиянат. Жас кезiнде, қайраты бар кезiнде жүредi. Бағусыз бай, қараусыз бала кетедi. Елде ана бастық бiр жегiп, мына бастық бiр жегiп, соңында қараусыз қалатын жүйрiк аттар болады ғой. Мүмкiн, дұрыс зейнетақы алатын шығар, бiзге қарағанда. Сол зейнетақысын алған соң, оның ешкiмге керегi жоқ болады. Өзiнiң баласына да, өзгеге де, қоғамға да керегi жоқ. Адам үшiн ол да қасiрет. Талай-талай райкомның хатшысы болған әйелдердi бiлем. Қазiр ешкiм оларды естерiне де алмайды, ескерусiз қалған. Таңертеңнен кешке дейiн жиналыста жүремiн деп, жалғыз бала iшкiш боп кеткен. Қызының қайда кеткенiн бiлмейтiндер де бар. Сондықтан, әйел ең алдымен өзiнiң ана екенiн дәлелдеп, қоғамға бiр-бiр Кекiлбаевтай ұл қосса, ұлтқа жасаған сол әйелдiң ерлiгi болар едi. Мен сондай әйелдерге көбiрек басымды иер едiм. Махаббаттың құрбаны болған қыздарға басымды иер едiм. Саясаттағы қуыршақ әйелдермен жақын қатынасым да жоқ. Себебi, көзқарасым үйлеспейдi. Олар көбi қағаздағы жазғандарды орындап жүрген қуыршақтар, жүрегiндегi шындықты айтпайды. Сонысымен маған ұнамайды.
– Бүгiнгi нарық заманының әсерi ме, бiздiң зиялыларымыз да ақшаға кө-бiрек бет бұрып бара жатқан сияқты.
– Зиялы деген ұғымның маңызын шатастырып алдық. Бұрын зиялы деген әдiлдiктi айтатын, ақты – ақ, қараны – қара дейтiн шыншыл кiсi болатын. Шындықтың жолында өлуге дайын, ұлтының арын, ұлтын кез келген жерде жанын қиып сақтайтын адамды зиялы дейдi. Ұлы ұлттың сөзiн айтатын адамды зиялы деушi едiк. Қазiр бiз әдемi киiнiп, үлкен лауазымда жұмыс iстеп, тәуiр-тәуiр жерде жылтырап жүретiндердi зиялы деп түсiнетiн болдық. Қожанасырдың әлгi «же, шапаным, же» дегенi сияқты, шапанына қарап, зиялы дейтiн болдық. Әдемi киiнгеннiң iшiнде кiм тұрғанын қайдан бiлесiң? Зиялы – ол Бауыржан Момышұлы. Анаған өлең арнап, мынаған кiтап жазып, мен зиялы едiм деп жүрген бiздiң журналистерiмiз де осыған көштi. Бүгiн уақыт осыған тәуелдi етiп жатқан шығар. Бiрақ, алып-сатуға болмайды. Нарықтан қымбат арың бар. Арды сатуға болмайды. Әжем марқұм: «Бiреуге жасаған қиянатың балаңа келмесе, немереңе келедi» дейтiн. Мен соған сенем. Менiң не жыным бар? Бiреулермен араласып-құраласып, қымбат машина мiнiп, банкирлердiң өлеңiн жазып неге жүрмеймiн? Болады ғой, сөйтуге. Менiң де тiлiм жетедi, ақындық құдiретiм жетедi. Ақшасы көптiң, қолында алтыны бардың, банкiсi бардың өлеңiн, кiтабын жазып, сөйтiп жүрсем, солардың арасында өмiр сүрушi едiм. Ол үшiн Чеховтың «Хамельеонын» оқымауым керек едi. Ұлт әдебиетiндегi сатқындық, ар алдындағы қиянат деген сөздердi естiмеуiм керек едi. Өзiмнiң бүгiнгi тағдырыма ризамын. «Көп өмiр сүретiн қарғадан, қарлығаштың бiр күнi қымбат» маған.
– Өзiңiз араласатын кейбiр ақын-жазушылардың жаңағыдай қылықтарын көргенде қандай күйде боласыз?
– Мен кiмнiң не үшiн өтiрiк айтып тұрғанын сезiп, көрiп тұрам. Көзiнен де байқауға болады. Бәрiбiр өтiрiк екенi көрiнiп тұрады. Өмiрбақи балаларымды бiреуге барып жалпылдап, жағымпазданбасын деп тәрбиелеп келем. Абай атамыз: «Арсыз болмай, атақ жоқ. Алдамшы болмай, бақ қайда?»дейдi. Адамзат баласының бүкiл тағдырын айтып кеттi. Мен кейбiреулердiң жалпылдап тұрғанын, тiптi кейде жап-жас болмашы билiгi бар жас жiгiттерге дардай үлкен адамдардың жылмыңдап, «сен ғажапсың» дегенiн көргенде ұялып отырам. Кейiн бетiне айтып та тастаймын.
– «Тура айтқан туғанына да жақпайды» дейдi…
– Әрине, тура биде туған жоқ. Бiрақ, не iстейсiң, Құдай солай жаратса. Бұрынырақта кез келген өнер адамдары марқұм Нұрқадiловке жағдайын айтып, жиi баратын. Нұрқадiлов сонда оларға үй беретiн, көмектесетiн. Сол кiсi әкiм болып отырған жылдары бiздiң пәтерiмiздiң тұрған жерi жайсыздау болып, қатты қиналып жүрдiк. Жолдасым айтты: «Нұрқадiловке неге бармайсың? Сенi таниды ғой, пәтерiмiздi ауыстырып берер» дегенiнде: «Есiгiне барып мөлиiп отырғым келмейдi. Бармай-ақ қояйын» дедiм. «Әй, қырсықсың-ау» деп жолдасым ренжiп, соңында жатақханаға көштiк. Кепiлге хат қалдырып, үш қызыммен жатақханада тұрдық. Бiр қызым ауырып жүрген, өзiмнiң де денсаулығым онша болыңқырамай жүрген кезi. Соған қарамастан, пәтер сұрап бармадым. Солай күн көрдiм. Кейде қиналғанда неге керек осы мiнез деп ойлаймын. Неге бiреудi мақтап, хат жаза салмаймын деп те ойлаймын. Бiрақ, күнi ертең ондайлардың сатып кететiнiне адамдардың өзi куә болып жатады. Кезiнде Зәкеңнен қанша жақсылық көрген адамдар қоштасуға да барған жоқ. Өлiм ортақ қой.
– Осы мiнезiңiзден таяқ жеп жатқан тұста, өзiңiзге өзiңiз ренжiмейсiз бе?
– Көбiне таяқ жейтiнiм рас. Осы жерде қазақ мектебiн ашамыз деп Шона Смақанұлы екеумiз қанша таяқ жедiк. Ақырында үш қызымнан қорқып, аяғымды тарттым. Соған қарамастан, бәрiбiр «Ертөстiктi» табанымыздан тозып жүрiп аштық. Қазақтандырамыз деп, үйiмiздегi барымызды апардық. «Ұлтшылсың» деп талай қоқай да көрдiм. Менiң тура айтатын мiнезiмдi бiлетiн кейбiреулер менi жек көрiп, алшақтап жүретiн де болды. «Турасын айтып қояды» деп сөз де бермейдi кейде… Сондай жерлерде өзiме-өзiм ренжимiн. Бiрақ, мiнездi қайта жасамайсың ғой.
Қазiр маған он мың теңге зейнетақы бередi. Қазақтың мендей қызы көп пе едi. Көп емес едi. Әрi бала өсiрiп, әрi өлең жазып, халқым, ұлтым деп шыр-пыры шығып жүрген саналы қыздардың санаулысы едiк бiздер. Базардың нарқы шарықтап кеттi. Бiзге осындай зейнетақыны белгiлеп отырғандар бiздiң отыз күн өмiр сүретiн зейнетақымызға отыз минут өмiр сүре алмайтынын жақсы бiледi. Бiрақ осылай. Бұл да қоғамдағы әдiлетсiздiк деп аталады. Еден жуып, ешнәрсе ойламай, ешкiмге пайдасы тимей жүрген бiреумен қатар зейнетақы алғаныма кейде намыстанам. Өкпелеймiн. Неге пәлен жыл еңбегi сiңген ұстазды бөлiп, басқа бiр категориямен зейнетақы бермейдi. Өздерiнiң ғана бүгiнгi тамағының тойғанын ойлайды деп ренжимiн.
– Кешегi үкiметтiң кезiнде ше? Әлеуметтiк салада әдiлдiктер болатын ба едi…
– Кеңес үкiметiнiң жалпы ұлтқа көзқарасы, ұлтсыздандыру, орыстандыру саясаты бiзге қиянат болғаны рас. Ұлтым дегендердi «Халық жауы» қылып атып тастағандары қиянат болды. Қолдан аштық жасап, қазақ ұлтын қырып тастағаны қиянат болды. Ал ендi оқу жүйесiнде, әлемдiк деңгейде сауат аштырғанына келсек, ол жағын мойындауымыз керек. Даланың қызы бүкiл әлемнiң кiтаптарының атын бiлдiк. Ол уақыттың жақсысы мен жаманын бөлiп алуымыз керек. Негiзiнен қолына қалам ұстағандарды қадiрледi. Оларды ұлтты тәрбиелеуге пайдаланды. Оларды елмен араластырды, өзiнiң саясатын айтуға пайдаланды. Таланттар – халықты тәрбиелеуде өте таптырмайтын құрал. Қазiр олардың бағытын өзгертiп жiбердi де, қадiрiн түсiрiп алды.
– Кеңес үкiметiнiң ең үлкен қиянаты – цензура дейдi. Сiздiң турашыл мiнезiңiз өлеңдерiңiзде де көрiнiс тапқан шығар. Сiз цензурадан таяқ жемедiңiз бе?
– Жоқ. Менi лирик ақын деп онша мән берген жоқ. Менде бiрде-бiр коммунистiк партияға арналған өлең болмады. Себебi, үйде әжем: «Құдай бар. Коммунистер келiп, бүкiл аталарыңды атып тастаған, бәрiмiздi колхоз қылып, санамызды жегiп тастаған» деген әңгiменi құалғымызға құйып отыратын. Содан мен партияға кiрмедiм, коммунистiк партияны жырламадым. Лирик ақын атанып, лириканы жазғасын, маған онша мән берген жоқ. Бiрақ, «Бұлт көшiп, Алатаудың басында анау», деген өлеңiмдi ұстап алады да, «Неге бұлай? Совет үкiметiнiң заманында советтiң бақытты қызы аспаннан бұлт көргенi несi? Күн жарқырап тұр деп жазуың керек» деп соған дейiн бақылап отыратын. Соған қарамастан, iштей ұлттың оянуына қызмет еттiк. «Мен қазақпын, мың өлiп, мың тiрiлген» деп Молдағалиев жырласа, бiздер түбi қызғалдақтың тасты жарып шығатынын жазып жүрдiк. Сол арқылы ар жағында бiз бармыз дегендi бiлдiрiп жүрдiк..
– Сонда партияның қатарына өтпедiңiз бе?
– Өтпедiм.
– Партияның қатарына өтпедiңiз деп қызметке алмай қойған жоқ па?
– Ол кезде баспа-журналдарда қыздар көп жұмыс iстемейтiн. Елден тiлшi етiп Фаризаны алып келдi. Мен «Қазақ әдебиетiнде» жұмыс iстеймiн. Шерхан Мұртаза менi газетке алып келiп, «Қазiрше тiлшi болып жұмыс iстей тұр. Күзде партияға өтсең, бөлiм бастығы боласың. Болашақта қазақтың бiр баспасөзiне редактор болатын қызсың» деп әжептеуiр бағыт-бағдар бердi. Партияға өтетiн кез жақындағанда бiрдеңе етiп, жұмыстан шығып кетем. «Жұлдыз» журналында қызмет iстеп жүрген кезiмде Шерағаң: «Күзде партияға өтесiң, дайындал» дедi де, бөлiм бастығы етiп, отырғызып қойды. Өзi кезектi демалысқа кеткен. Ол кiсi демалыста жүргенде тұрмысқа шығып кеттiм де: «Ақын болып шаршап жүр едiм, қатын болуға рұхсат етiңiз» деп арызымды жазып кеттiм. Арызым әлi күнге сақтаулы. Шерхан ағам: «Сол кезде кетiп қалғаның дұрыс болды» деп күледi. Бастық болып, күндiз-түнi журнал мен баспахананың ортасында жүрсем, үш бала өсiрмеген болар едiм. Күйеуiм жайлы бiреуге кетiп қалған болар едi. Қазiр ана ретiнде балаларыммен, немерелерiммен, поэзияммен бақытты ғұмыр кешiп жүрмiн деп ойлаймын. Бұл – менiң тағдырым.
– Ақын ретiнде қазақ әдебиетiнiң бүгiнгi бағыт-бағдарына да баға берiп отыратын шығарсыз. Қазақ әдебиетi дамыды, өстi деп ойлайсыз ба, әлде баспасөзде сыналып жүргендей әдебиет тоқырау үстiнде ме?
– Бүгiнгi қазақ әдебиетiнiң жағдайы аянышты ғой. Өзiмiздi жұбатып,«анау медаль алыпты, мынау сыйлық алыпты» деп айтып жатамыз. Ол тек сол күндерге жұбаныш, алданыш сияқты. Қоғамдағы жазушының, әдебиеттiң беделi бәрi жаңағы сауданың, ақшаның астында қалды. «Әкесi өлгендi де естiртедi» ғой. Өлермен қауым ғана «Әдебиет өмiр сүредi, әдебиет өлмейдi» деп жүрмiз. Оны келешек уақыт көрсетедi. Тiлiмiздi тiрiлтсек, ұлыларымыз бен әдебиеттi өлтiрмеспiз. Көршiмiз өзiнiң Пушкиндерiн жоғалтпайды ғой. Бiз де Абайымызды, Әуезовтерiмiздi жоғалтпайтын шығармыз. Бiрақ, ол үшiн әдебиетке жағдай керек. Әдебиеттiң жағдайы қиын. Өлмешi күн кешiп, өжеттiлер, қайраттылар ғана қаламын ұстап жүр. Жастарымызға арасында үй берiп қойып, арасында кешiн өткiзiп қойғанымызбен, бұл әдебиеттiң дамуына аздық етедi. Әуезов: «Әдебиет пен өнерi ұлы болмаған ұлт — ұлы болмайды» деген. Әдебиет пен өнерiмiз арқылы ғана ұлттың санасын өсiремiз. Қазiр дала не жазушы, не тiрi ұлағатты адам көрiп отырған жоқ. Олар теледидардан сериал көрiп отыр. Балаларымыз баскесер мен Терминатор көрiп отыр. Бұл бiздiң ұлттың ұрпағын тәрбиелеуде әдебиеттi сырып тастағанымыз.
– Әдебиеттi қайта насихаттау үшiн не қажет?
– Оған ұзақ жол керек. Әдебиеттi мемлекет экономикамен қатар қою керек. Өнер мен әдебиет, ұлттық сана экономикамен қатар қойылып, арнайы шара, арнайы әрекет жасалмаса, бiздiң айтқанымызбен ештеңе өзгермейдi.
– Базарда тауар тасып жүрген ана баласына қалай кiтап оқып бередi, айтыңызшы?..
– Базарда жүрген әйел баласына қазiр оқулықты тауып бермейдi. Базардағы ананың балалары құлдыққа дайындалып жатыр. Байдың баласының машинасын жуып, теңгесiн тауып жүр. Ұлттың тағдырын ойлайтын әрекет жасауымыз керек. Оқулық жасағанда да адамдардың пiкiрне көбiрек құлақ асуымыз керек. Үлкен-үлкен кiтаптардан тұратын бес-алты оқулықты бiрiншi кластың баласына арқалату деген болмайды. Ресейде бiр жылға арнап, төрт кiтап шығарады екен. Яғни, әр тоқсанға бiр оқулық. Ол баланың көтеруiне де, оқуына да оңай әсер етедi. Сыртына қатырып мұқаба жасамай-ақ қойсын, жұқалап, төрт кiтапқа бөлiп шығаруға болады ғой. Бала компьютерден бәрiн алады дейдi. Өз көзiмен көрiп, оқытпай болмайды. Кiтаптан оқу, адамды еңбекқорлыққа тәрбиелейдi.
– Демек, бiзде ұлттық идея әлi қалыптаса қойған жоқ дейсiз ғой…
– Жаһанданып жатырмыз деп айтып жатыр ғой. Жаһанданамыз деп, бiз бәрiбiр қытай болып кетпеймiз. Қытай болдың екен деп Қытай да шақырмайды. Немiс болды екен деп Германия алып кетпейдi бiздi. Ағылшын тiлiн бiлген екен деп, қазақтың кемпiрi мен шалын ағылшындар алып кетiп жатқан жоқ қой. Сондықтан, бәрiбiр өзiңнiң елiңде қалатын болғандықтан, өзiңдi өзiң тануың керек сияқты. Мүмкiн мен қателесетiн шығармын, басқа болып кете берейiк дейтiндер бар шығар. Себебi, қыздың бәрi күйеуге тиiп, шет елге кетiп жатыр ғой. Олар қартайғанда керек етпейдi. Шет елдiң қарттар үйiне де, ұлты бiздiкi емес деп алмауы мүмкiн. Әр нәрсе өзiнiң тамырына қайтады. Алма ағашынан өрiк өспейдi. Әркiм өзi боп қалуы керек.
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА