Жаңалықтар

ХАМАС КРЕМЛЬГЕ РИЗА, БIРАҚ...

ашық дереккөзі

ХАМАС КРЕМЛЬГЕ РИЗА, БIРАҚ...

Хамас арабтар мен еврейлер арасындағы дауды реттеуге, араағайындық жасауға мүдделiлiк бiлдiрген Кремльге риза. Бiрақ жарты ғасырдан астам уақытқа созылған жер дауы шешiле қояры күмәндi. Өйткенi, таяушығыстық дауды тұрақтандыруға мүдделiлiк таныту арқылы бедел жинауға тырысқан Ресей де жер дауын түбегейлi шешуге қауқарсыз.

Палестиналық билiк басындағы хамастық делегацияның Ресейге жасаған 3 күндiк iссапары аяқталды. 2006 жылдың басындағы саяси науқанда басым дауысқа ие болған хамастықтар өздерiнiң көздеген мақсаттарын орыстарға түсiндiруге тырысса, орыстар хамастықтардың түпкi ойын бiлуге құлшынған. Әрине, әзiрге қай мәселеде болса да «өгiз де өлмейтiн, арба да сынбайтын» саясатты ұстанып отырған Кремль саяси, экономикалық мәселелердi талқылаған делегация мүшелерi орыстарға 2005 жылы қабылданған Соғысты тоқтату туралы палестинааралық келiсiм шеңберiнен шықпауға уәде берiп қайтты. Әрине, аталған құжатты израильдiктер сақтаған жағдайда ғана. Сапар барысында РФ Iшкi iстер министрi Сергей Лавровпен кездескен ХАМАС қозғалысы саяси бюросының басшысы Халед Машааль: «ХАМАС-тың басты мақсаты — аймақтағы дауды өршiте түсу емес, керiсiнше, Палестина халқының заңды құқығы мен мүддесiн жүзеге асыру» дедi. Сондықтан да «Израильден басып алған жердi босатуды талап етедi». «Мен Мәскеудегi осы кездесуде егер Израиль 1968 жылы басып алған аймақты босатуға, босқындарды қайтаруға, тұтқындарды босатуға дайын екендiгiн ресми түрде мәлiмдесе, бiздiң қозғалыс бейбiт өмiрмен қамтамасыз етуге әрекет етпек» (Машааль). Демек, ПА үкiметi Шығыс Иерусалимдi палестинаның астанасы ретiнде бекiту, еврейлермен арада дау болған жердi қайтарып алу сияқты Ресейдегi кездесуге дейiн сан рет қайталанған өзге де талаптарынан бас тартпақ емес.

Кремльдегi кездесуде сырбаздық танытуға тырысқан хамастықтар орыстармен тiл табысса, «төрттiктiң» (Еуропалық Одақ, АҚШ, БҰҰ мен Ресей) Палестинамен қарым-қатынасты жақсартуға, қаржыландыру мәселелсiнде туындайтын кедергiлердiң жойылатынына сенiмдi. Бұған дейiн (ПА-дағы парламенттiк сайлаудан соң) батыстық елдер «Палестинаға бөлiнетiн қаржылай көмек лаңкестiк әрекеттердi ұйымдастыруға пайдаланылуы мүмкiн» деген күдiк айтқан. Үкiметтi құраған хамастықтар қанша ақталып, ант-су iшiп бақса да, еуропалықтардың көкейiндегi түйткiлдi әзiр сейiлте алмай отыр. Оның үстiне, еврейлер мен арабтар арасындағы жер дауы да талқыланған жоқ. Өйткенi, бұл мәселенi кездесуде шешудi Мәскеудiң өзi жоспарламаған болатын. Лавров: «Хамастық делегация өздерiнiң басты мақсаты аймақтағы бейбiтшiлiктi қамтамасыз ету және саяси ахуалды ушықтырмау екендiгiн ашық мәлiмдедi» деумен шектелдi.

Айтпақшы, Палестинадағы парламенттiк сайлауда жеңiске жеткен ХАМАС қозғалысы 4 жылдан соң сайлауды қайта өткiзбек. Яғни, күнi кешегi саяси науқанда сан соғып қалған сыртқы күштер өздерiнiң мүддесiн қорғауға бейiм саясаткерлердiң ПА парламентiне келуiне жағдай жасайтыны, кез келген мүмкiндiктi пайдаланып қалуға жанталасатыны анық.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ