Жаңалықтар

ӘЙЕЛ-АНАҒА ҚҰРМЕТ АЙШЫҚТАЛАТЫН КҮН

ашық дереккөзі

ӘЙЕЛ-АНАҒА ҚҰРМЕТ АЙШЫҚТАЛАТЫН КҮН

Алматы көктем келе құлпырды. Наурыздың алғашқы күнiнен-ақ қаланың Бас алаңынан бастап, көрнекi жерлерiн Көктем – Наурыз мерекесiне арналған айшықты өрнектер, құттықтау сөздер жаулады. Көктеммен iлiсе келетiн әйел-аналар мейрамы Алматы қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтiң мұрындық болуымен Абай атындағы опера және балет театрында өткен жайма-шуақ әдемi кешпен әсерлi бола түстi.

…Театр iшi кеуделерiне орден-медальдарын жарқырата таққан майдангер апаларға, балдағына сүйенiп, ақсаңдай басса да, мерейi асқақ ақ жаулықты аналарға лық толы. Әкiмшiлiк қызметкерлерi осы күнi театрға шақырылған әйел-аналардың ешқайсысын құр қол жiбермеуге уағдаласқан сияқты, табалдырықтан аттаған бойы бәрiне де арнайы сыйлықтарын үлестiрiп жатыр. Босағадан төрге дейiн қаз-қатар тiзiлген бозбалалар «Мейрамдарыңыз құтты болсын!» деген сөзбен мерекелiк көңiл-күйдi одан әрi асқақтатты. Жалпы, кештiң өн бойынан Әйел–Анаға деген құрмет айрықша сезiлдi.

Иманғали Тасмағамбетов қазақы шұрайлы тiлмен Анаға деген өз құрметiн сыр шерткендей жеткiздi. Ұмай ананың, Зарина, Тұмар, Домалақ ана, Бопай аналардың аттарын атап, Әлия, Мәншүк атты аяулы қазақ қыздарын еске алып, жиналған қауымды ризашылық пен мақтаныш сезiмiне бөледi. Қазiргi заманда да ер-азаматқа лайық жүктi арқалап жүрген әйелдердiң бар екендiгiнiң бiр дәлелi ретiнде аналарды сахна төрiне шақырып, жеңiл көлiктiң кiлттерiн тапсырды. Олар – Қазақстанның еңбек сiңiрген әртiсi Гүлвира Разиева, «Бибi-Ана» мүгедек әйелдер қоғамының президентi Бибiгүл Иманғазина, №1 мылқау балаларға арналған мектеп-интернаттың мұғалiмi Әлия Жүнiсова мен №1 қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының дәрiгерi Галина Николаева.

Қазақ шынайы ықылас пен жақсы көру сезiмiн ашып көрсете бермейдi. Шын мәнiнде, 8 наурыз – ресми мереке болмай-ақ, Анаға деген құрметiмiздi айрықша көрсете алатын күн болса, лайым.

Гүлбиғаш Омарова