Жаңалықтар

БІР-АҚ РЕТ ҚОЙЫЛҒАН “БӨШКЕ”

ашық дереккөзі

БІР-АҚ РЕТ ҚОЙЫЛҒАН “БӨШКЕ”

Жақында М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының кіші залында Иран-Ғайыптың “Бөшке” атты пьесасының желісінде сахналық қойылымы болды. Қоюшы режиссері — Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының режиссер бөлімін бітіруші Ә.Оразханқызы.

Белгілі қолбасшы, сондай-ақ, жарты әлемді жаулап алған Ескендір Зұлқарнайын өзінің рухани тоқырауын сезініп, сол уақыттағы ойшыл, дана Диогенге келеді. Содан екі әлемнің адамы арасында ой қақтығысында екі қарама-қайшы көзқарас туындайды. Әбден өз күшіне сеніп кеткен Зұлқарнайын, тек Құдайдан ғана берілетін махаббат пен жан дүние, мейірімділік пен шындықтан жұрдай болғандықтан, өз танымын салыстырып көрейінші деп Диогенннің отауы “Бөшкеге” енеді. Дәлірек айтқанда, Диогенмен орын ауыстырады. Ал Диоген болса Ескендірдің байлығын қолға түсіріп, аяқ астынан тегін келген байлықтың буымен Құдайын да ұмытуға шақ қалады. Пьеса сиам егіздерінің идеясын қозғайды.

Бұл қойылымның сахнада қойылуы жөнінде болашақ режиссер Ә.Оразханқызы “Меніңше, кейбір жерінде кемшілігі көрініп-ақ тұрды. Өзім көрермен ретінде көріп отырғанмен де, әртістермен бірге ойнап жүргендей сезіндім. Мәселен, біреуі өзіне тиесілі уақыттан қалып қойып жатса, екіншісі кідіріс жасап қалды дегендей. Ал жалпы, “қойылымға жақсы деген баға берер едім” дегенді айтады. “Бөшке” деген ұғымға бүкіл өмір немесе бір адамның философиялық тағдыры кіруі мүмкін. Сондықтан бұл қойылымды абстрактілі түрде пәлсапалық түсінікпен ұғыну қажет шығар.

Жалпы, қойылымның бүгінгі күнгі жастарға тәрбиелік мән беретін тұстары өте көп. Себебі, зұлымдық пен жауыздық, жақсы мен жаман, тазалық пен пәктік, махаббат пен сүйіспеншілік секілді адам бойындағы қасиеттің бәрі бір “Бөшкеде” тоғысқан.

Ерлан Бекұлы, қызметкер: Маған қойылым өте ұнады. Мұны тек бір тұсынан ғана қарамай, әр түрлі философиялық қырынан қарау керек сияқты. Ал талғамы биік көрермен не туралы, не мақсатпен қойылғандығын бірден сезеді. Оның үстіне әртістер де ролін ұтымды алып шықты.

Басты рольдерді — Д.Ақмолда (Ескендір Зұлқарнайын-Қаһан), О.Кенебаев (Диоген-Қайыршы) сомдаса, көпшілік сахнада Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының 4-курс студенттері өнер көрсетті.

“Бөшке” театр сахнасында бір-ақ рет қойылып отыр. Себебі, жұмсалған қаражаттың бәрін жас режиссер өз қалтасынан шығарған. Қасиетті өнер ордасы осындай тәрбиелік мәні зор қойылымды көрерменге тағы бірнеше рет көрсетуді қолға алса, жас таланттың өнерінің жанғаны болар еді.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ