Жаңалықтар

ОН ЕКI ЖЫЛДЫҚБIЛIМ БЕРУ ЖҮЙЕСIНЕ ДАЙЫНБЫЗ БА?

ашық дереккөзі

ОН ЕКI ЖЫЛДЫҚБIЛIМ БЕРУ ЖҮЙЕСIНЕ ДАЙЫНБЫЗ БА?

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ Қазақстан білім ошақтары 2008-2009 оқу жылынан бастап 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуді жоспарлаған. Бұл іс 2010 жылы түбегейлі аяқталып бітуге тиіс. Қазір еліміздің 100-ден астам мектебінде сынақ ретінде 12 жылдық білім жүйесі енгізілген. Әзірге бұл мектептердің нәтижесі туралы айту ерте. Дегенмен, Білім және ғылым министрлігінің алдын-ала жасап отырған болжамдарына қарағанда, біздің 12 жылдық білім жүйесіне көшуіміз өте сәтті аяқталатын түрі бар. Халықаралық стандарт бойынша, жалпы орта білім беру 12 жылдыққа негізделген. Еуропа Кеңесінің университет проблемалары жөніндегі тұрақты конференциясы 1992 жылы қабылдаған декларациясында "әлемдік тәжірибеде 12 жылдық орта білім беру жүйесі ең таңдаулы болып саналады" деп жазылған. Бәлкім содан болар, әлемнің дамыған елдерінің көбі осы 12 жылдық білім жүйесінде. Айталық, АҚШ, Канада, Франция, Испания, Польша және тағы басқалары 12 жылдық білім жүйесінде болса, Германия, Швеция, Чехия, Италияда орта білім 13 жылдық, Голландия 14 жылдық білім жүйесіне көшкен. 12 жылдық білім жүйесіне бұрынғы Кеңестік мемлекеттер де көшіп үлгерген. Олар — Балтық жағалауы елдері, Молдова, Украина, Беларуссия және Өзбекстан. 12 жылдық білім жүйесі бойынша, бала мектепке 6 жасынан баратын болады. Бастауыш білім беру жүйесі — 1-4 сыныптар аралығында болса, 5-10 сынып оқушылары толық орта білімге ие болады. Ал, 11-12 сыныпта оқушылар қандай да бір профиль арқылы белгілі бір мамандыққа бейімделеді. Ертеректен "Мәскеуде соғылған жел, Алматыға дауыл болып жетеді" дейтін тәмсіл жеткен. Біздегі 12 жылдық білім жүйесі де дәл сондай сипат алып барады. Өйткені, халықаралық қандай да бір қауымдастыққа ену үшін Қазақстан әлі де Мәскеудің қабағына қарайды. Пост кеңестік мемлекеттердің біразы көшкен 12 жылдық білім жүйесіне Қазақстан мен Ресей әлі көшпей отыр. Және бұл проблеманы талқылау бұл елдерде бір кезеңде басталса, енгізілу мерзімі де бір уақытта болмақ. Сондай-ақ, Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі жасаған 12 жылдық білім берудің бағдарламасы мен Ресей Білім министрлігінің осыған сәйкес бағдарламасын қарап шыққанымызда, ешқандай айырмашылық таба алмадық. Демек, халықаралық стандартқа сай, бірақ ұлттық бет-пішінді білім жүйесін қалыптастыру туралы тәтті қиялымыз тағы да желге ұшқандай. Сөйтіп, біздің мектептер 2008 жылдан бастап 12 жылдық білім жүйесіне толығымен көшетін болады. Ал, бұның бізге берері не? 12 жылдық білім берудің артықшылығы неде? Білім саласындағы мамандардың бұған орай келтірер уәжінің ең бастысы — 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу арқылы біз бәсекелестікке қабілетті білімді жас буынды дайындап шығарады екенбіз. Өйткені, біздің дипломдарымыз шет елде жарамды болуы үшін, бала міндетті түрде 12 жыл орта мектепте білім алуы керек. Сондай-ақ, ресейлік мамандар 12 жылдық білім беру жүйесінің артықшылықтарын былай саралайды: 1. Бұл — бала денсаулығына кері әсер етіп отырған бүгінгі ауыртпашылықтан құтқарудың жолы. Соңғы 15 жылда мектептегі сабақ кестесі ауырлап кеткен. Бұл балалардың денсаулығына кері әсер ете бастаған. Мектеп түлектерінің 10%-ының ғана денсаулығы қалыпты нормаға сай көрінеді. 15%-ы жүйке ауруларына шалдыққан, 50%-ы созылмалы ауруларға ұшыраған. Сол себептен шектен тыс сабақтың ауырлығын 12 жылдық білім беру жүйесі жеңілдетері сөзсіз. 2. Білім беру мазмұнын жаңарту. Соңғы жылдардағы сараптау қорытындылары көрсетіп отырғанындай, Кеңестік білім беру жүйесі өркениетті өзге мемлекеттердің білім беру стандарттарына жауап бере алмайтындай деңгейге жеткен. Әсіресе, математика, жаратылыстану ғылымы бойынша білім беру мәселесіне келгенде көптеген мемлекеттердің көш соңында. Бұл білім жүйесінде информатика, экология, өмір сүру қауіпсіздігінің негіздері енгізілмеген, гуманитарлық пәндердің тәрбиелік мүмкіндіктері бағаланбайды. 3. Материалдық-техникалық базаны жаңарту. 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу арқылы біз бүгінде талапқа сай келмейтін материалдық-техникалық базаларымызды жаңартатын боламыз. 4. Жұмыссыздықты азайту және өмір сүруге қабілетсіз ұрпақтан құтылу. Бұл 12 жылдық білім берудің басты артықшылығы болып саналмақ. Бұл жүйе бойынша орта мектепті тәмамдаған жас жеткіншек жоғары немесе арнайы оқу орнына түсе алмаса, қол қусырып үйде отырмайды. 12 жылдықта алған кәсіптік мамандығы бойынша, еңбек істеуге қабілетті болады. Әрине, бұл сараптауларға қарап отырсаңыз, 12 жылдық білім берудің артықшылығы тайға таңба басқандай көрініп тұр. Бірақ, біздің білім беру жүйесіндегі материалдық-техникалық база бұған сай ма? Біз білім берудің жаңа жүйесіне көшуге дайынбыз ба? Ең алдымен бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, қазір Қазақстанда мектеп ғимараттары тапшы. Әсіресе, қалалы жердің тұрғындарының көбейіп жатқанына қарамастан, салынып жатқан мектептердің саны тым аз. Бұл, әсіресе, қазақ мектептеріне қатысты жағдай. Қалалы жерлерде қазақ мектептерінде оқитын балалардың көбі үш ауысыммен оқуға мәжбүр. Демек, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу үшін біз ең алдымен материалдық-техникалық базаны қайта жасақтауымыз керек. Бір жылдары Қазақстан мектептерін компьютерлендіру ұранға айналып, сөз жүзінде бұл науқан сәтті аяқталды деген ақпар да беріп қойған едік. Бірақ, қазіргі мәліметтерге сүйенсек, 54 балаға бір компьютерден келеді екен. Әрі олардың көбі ескі, бүгінгі талап деңгейіне сай емес. Біріншіден, ескі компьютерлер бала денсаулығына кері әсерін тигізсе, екіншіден, бүгінгі технологияның озық үлгілерімен танысу мүмкіндігінен айрылады. 12 жылдық білім берудің басты мақсаты — информатиканы тереңдей үйреніп, қазіргідей ғылыми-техника заманында озық технологиямен жұмыс істей білетін ұрпақ қалыптастыру. Демек, бізде бұған сай қару-жарақ жеткіліксіз деген сөз. Мектеп оқушысын қандайда бір маман иесі етіп шығару үшін, ол мектептің сол маманды дайындап шығаратын алғы шарты болуы қажет. Кәсіп үйретудің қажетті құралдары мен технологиялары бізде тағы да жоқтың қасы. Демек мамандандырылған мектептердің болмауы себепті, алға қойған жақсы идеяның жүзеге асуының өзі екіталай. Әрине, ауыл мектебінен қарағанда, қала мектебінің материалдық-техникалық базасы көш ілгері десек те, бізде әлі күнге дейін арнайы мамандар даярлайтын мектептер салынған жоқ. Ал, ауыл мектебінде қазақ балаларының 70-80%-ы білім алатындығын ескерсек, өркениеттің көшінен қазақ тағы да артта қалып қоймайтынына кім кепіл. 12 жылдық білім беру жүйесіне көшудегі ең өзекті де ділгір мәселе — оқулық мәселесі. Қазіргі жағдаймен 12 жылдық эксперимент мектептері үшін 3 сыныптың оқулығы шығарылған. Бірақ, оның өміршеңдігі туралы әңгіме айтуға әлі ерте. Тәуелсіздік жылдарында жазылған оқулықтардың сын көтермейтіндігі, әсіресе оның ұлттық құндылықтарды әспеттеу жағынан кемшін түсіп жататындығы да белгілі. Ендеше, 12 жылдыққа арналып жазылған оқулықтардың да заман талабы деңгейіне жауап бере қоюы неғайбыл. Демек, бұл факторларды сараптап келсек, 12 жылдық білім жүйесіне көшу үшін бізге орасан қаржы және зор дайындық қажет сияқты. Маман пікірі Мәжіліс депутаты Амалбек Тшан: — Тәуелсіздікті алған оннан астам жылдан бері бізде білім саласында оншақты министр ауысты ғой. Келген министрлердің қай-қайсысы да өз реформасын ала келеді. Бұл реформалардан не ұтылып, не ұтып жатқанымызды әлі ешкім білмейді. Мен өз басым Кеңес Одағы жылдарындағы он жылдық білім жүйесінен артық білім жоқ деп ойлаймын. Кезінде бүкіл әлемді КСРО-ның білімі таңғалдырған. Біздің атышулы Ғылым академиясын жасаған да сол он жылдықтың түлектері болатын. Дегенмен, Халықаралық стандарт бойынша, біздің 11 жылдық орта білімімізде 26 апта уақыт кем екен. Соған байланысты 12 жылдыққа көшеміз деп жатыр. Бір өкініштісі, балаларды 6 жастан сабаққа береміз. 6 жасар баланың ақылы толып-піседі дегенге өз басым сенбеймін. Егер, бала жарты күн сабағын оқып, жарты күнін ойнайтындай балабақша жасаса, онда 6 жастан беруге болады. Оның үстіне біздің соңғы кезде дүниеге келіп жатқан сәбилеріміздің басым көпшілігі бастың қан қысымымен туады. Дені сау бала өте аз. Егер жеті жастан сабаққа баратын болса, 7-ге 12-ні қосыңыз, 19 жастағы баланы біз мектепте қалай ұстап отырамыз? — Біздің орта білімнің материалдық-техникалық базасы бұған дайын ба? — Жоқ. Әлі дайын емеспіз. Ел не дейді? Рабиға Базарбекова, №133 орта мектебінің мұғалімі: — Бұл 12 жылдық оқу жүйесі дүниежүзілік стандартқа сай жасалынып жатқан дүние. Біреу мұны құптаса, “одан келіп-кетер пайда қаншалықты?” деп кейбіреулер даттап жүр. Мұның екі жағы бар. Біріншіден, егер бала 12 жылдық білім алса, ол арнайы кәсіптік мамандықты қоса алып шығады. Айталық, тігінші, слесарь, токарь, т.б. Мұның нәтижесінде қазір ЖОО-на оқуға түсе алмай қалған оқушылардың бос жүрісі, жұмыссыздық азаяды. Бұл — ұтатын жағы. Екіншіден, қазіргі балалар физиологиялық жағынан тез дамып, өсіп барады. Соның салдарынан мектеп қабырғасында ересек болып жүру ерсі көрінетін де шығар. Бұл дегенмен барлық дамыған елдердің білім саласына енгізген реформасы. Алайда, біздің оқушылар тек қазіргі 11 жылдық біліммен шет елге ЖОО-на барса, олар қабылдамай қояды екен. Өйткені, Америкада да мектепті бітіргенде бір мамандықтың иесі болып шығады. Демек, алдыңғы 50 елдің қатарына ену үшін әлемдік стандарттан қалмауға тиіспіз. Жалпы, көзқарасым өте дұрыс. Гүлвира, ата-ана: — Менің екі қызым мектепте оқиды. Егер бала 12 жылдық бойынша оқитын болса, мектепке 6 жастан бару керек болады. Ал 4-5 жасында бала балабақшада толық әріп танып, жазып-сыза ала ма? Мәселе сонда. Қазірдің өзінде қыздарым “11-сынып оқымай-ақ, 9-ды бітіріп оқуға барайыншы” дейді. Өйткені, оқушының өзі бүгінгі бар бағдарламаны толық игере алмай жүр. Егер ертең оқу бағдарламасына тағы кәсіптік мамандықтың бағдарламасы енетін болса, тағы да қиындауы мүмкін ғой. Бұрын біз 10 жылдық жүйемен оқығанның өзінде оқу өндірістік кешені деген бағдарлама болды. Мәселен, маған сатушы куәлігін берді. Ал ол қағаздың маған қажеті шамалы болды. Өйткені, басқа мамандықты қаладым да, ЖОО-на түстім. Бірақ, оқи алмаған жастар сол алған куәлігімен тракторист, машинист, шопыр, аспазшы, тігінші болып жұмыс істеп кетті. Меніңше, 12 жылдық етпей-ақ, осы бағдарламаны, тіпті, сол 10 жылдықтың өзіне сыйдыруға болатын сияқты. Зейнеш апа: — Үш немерем мектепке барады. Қарап отырсам, 5-6-сыныптың математикасының есебі, тіпті, қазақ тілі оқулығының оқу бағдарламасы өте қиын. Бүгінде баланың қабілетіне қарамай қиын есептерді беріп, басын қатырып қояды. Негізі әр сыныптың бұрын өз бағдарламасы бар еді. Мысалы біз сонымен оқып, бәрін үлгердік қой. Енді қазір бір-бірімен араластырып жіберген. Егер 12 жылдық оқу жүйесіне көшкенде, бұрын біздер оқыған секілді арнайы кәсіби маманды оқушылар аттестатпен бірге алып шықса, жақсы. Ал құр әншейін ештеңені үйретпей, қолына қағазын берсе, ол не білім? Қазір мектепте арнайы тігін тігетін, ұл балаларға ағаш жонуды, көлік айдауды үйрететін қажетті құралмен жабдықталған бөлме жоқ. Біз кезінде көзбен көріп, қолмен ұстап тәжірибе жүзінде үйрендік. Міне, содан кейбір ұлдар трактор, басқа көліктерді жүргізіп, оқуға да түспеді. Шынымен оқушыларды осындай талапқа сай дайындаса қуанамыз, әрине. Сабира, Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты Абай ауылы, М.Ғабдуллин атындағы орта мектебінің оқушысы: — 12 жыл мектептің қабырғасында жүргім келмейді. Бәрібір менің таңдаған мамандығым жаңағы айтқан кәсіби мамандықтың бірі де емес. Құдай қаласа, мектепті бітірсем экономист болғым келеді. Ал маған тігінші, аспазшы т.б жеткіліксіз. Ертең 12-сыныпты бітіріп, тағы ЖОО-на түсетін болсам, жасым да бірталайға келеді. Сонда нағыз дайын маман ретінде жұмысқа 35-40 жасымда араласуыма тура келе ме? Жоқ. Бұл қызбалаға келе бермейтін секілді. Қыздар соншама жасқа келгенше оқыса, отбасы құрып, ана болу бақытына қашан ие болмақ?! Iңкәрбек аға: — Айталық, сабақ үлгерімі нашар оқушыларды мектеп 12-сыныпқа дейін ұстап жүрмейді. Керісінше “Қашан 9-сыныпты бітіріп, көзін құртады екен”, — деп тілемесе, қайдам. Бірақ оқушыға жақсы білім беріп, “Сен жақсы оқы, ертең бір маман иесі болып шығасың” деп талап қойып оқытпаса, одан еш нәтиже шыға қоймас. Құр әншейін мектептің қабырғасында түйедей болып жүре беріп, уақытын өткізіп алса, ертеңгі күні не бітіреді. Мәселен, бала 6 жастан мектепке барған күннің өзінде, 12-сыныпты бітіргенде 19-20 жаста болады екен. Сонда ол ЖОО-ды бітіретін уақытта енді мектеп бітіріп жатады. Әрине, мектепте нақты мамандықты меңгертіп, оған оқушыны тәрбиелесе құба-құп. Ал бәрі керісінше болса, жұмыссыздық белең алып, нашақорлардың саны көбейеді. Басқа түк те жоқ. Шетелден қалмау керек, әлемдік стандартқа сай болуға тиіспіз дейміз. Десек те, біздің экономикамыз мұның бәрін көтере ме? Советхан Мұпабаева, Сүйінбай атындағы N143 қазақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі: — Менің көзқарасым бойынша бұл үрдісті енгізу дұрыс. Себебі. Елбасы өзінің халыққа Жолдауында: “Білімді ұрпақ — ұлт болашағы” деді емес пе?! Олай болса, білімді ұрпақ осы 12 жылдық мектепте қалыптасады. Ал сабаққа қабілеті төмен, орташа оқитындар бірыңғай бір еңбекке бейім. Олар өз қабілеті мен ой ерекшеліктеріне сәйкес белгілі бір мамандыққа бейімделеді деген ойым бар. Әр сала бойынша, әнші әншілікке, қолөнерге ынтасы бар қолөнерлікке деген секілді. Бижоменова Әзият Әбдірашқызы, Әуезов ауданына қарасты №13 орта мектебінің оқу-ісі жөніндегі меңгерушісі: — Біздің мектеп ұжымы бұл үрдісті толығымен қолдап отыр. Өйткені, оқушы белгілі бір мамандық алып шығады. Бүгінде дәл осындай кәсіптік мамандар жетіспейді ғой. Көбінесе мұндай салада жұмыс істеп жүрген басқа ұлт өкілдері. — Мектептерде бұрынғыдай арнайы кәсіби мамандыққа баулитын, оны үйрететін құрал-жабдықпен жасақталған бөлмелер жоқ. Негізінде оқушы толық білім алуы үшін көзбен көріп, қолымен ұстауы керек емес пе?! — Енді 2008 жылға дейін ол мәселенің бәрі шешілетін шығар. Әрине, он екіде бір сайманың болмаса, оқушыға арнайы білім беру де мүмкін емес. Егер мектепті бітіргенде осы мамандықтың біреуін игеріп шықса да, ертең ол ЖОО-да басқа салада білімін жетілдіруі мүмкін. Бір басында екі-үш дипломы барлар да жүр ғой. Ал, тіпті, ЖОО-нын бітіріп, басқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын салада жұмыс істеп, күнін көріп жүргендер де баршылық. Сол секілді ертең осы кәсіби мамандықты алып шықтым, болды мен оқымаймын дейтін жастар жоқ. Бүгінгі күні жастар қабілетті, жаңа технологияны да тез алып кетеді. Сондықтан кәсіптік саланың біреуін меңгеріп кетсе, одан ұтпаса, ұтылмайды. Әсілай Құдайбергенова, Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданына қарасты Темір орта мектебінің орыс тілі пәнінің мұғалімі: — Осы 12 жылдыққа көшеміз деген хабарды ауыл мұғалімдері естіп дүрлігіп жатыр. Мектеп басшылығы да бұл төңкерісті аса құптап отырған жоқ сыңайлы. Бірақ қанша жерден айт, айтпа, біздің қолдан келер шара жоқ дегенді айтуда. Қазір Білім және ғылым министрлігіне келгендер, әйтеуір, бір реформа жасағысы келеді. Бірақ қарапайым халық, біз секілді ауыл-аймақтың мұғалімдері мұндай жаңалықты соңынан естіп қаламыз. Ал біздің қоштап немесе қоштамайтынымыз ешкімді алаңдата да қоймас. Негізінде оқушылармен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан, олардың да пікірін сұрастырып, біліп жүремін. Кейбір әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балалары “Бізге шынымен кәсіптік білім берсе, қуанар едік. Ертеңгі күні оқуға түсе алмасақ, сол мамандық бойынша жұмыс істеуге болатын еді” дейді. Ал жақсы оқитын оқушылар, мұны оқу үшін 12-сыныпқа қалмай-ақ, ЖОО-на жібере салса дегенді айтады. Олардың ойынша, өз деңгейіне байланысты сабақты нашар оқитын оқушы ғана осы кәсіптік мамандықты оқитын болса. “Біз болашақта бұл мамандықпен қалмаймыз, өйткені, таңдаған саламыз да, мамандығымыз да басқа” — дейді. Расында жағдайы келмейтін отбасы, көп балалы ата-ана бір жағынан бұл жаңалыққа қуанып отыр. Әрине, олар да баласының, әйтеуір бір мамандық иесі болғанын қалайды ғой. Сауалнаманы жүргізген Динара Мыңжасарқызы