КІШІ ШАНИН
КІШІ ШАНИН
Өнер дарыған Шаниндер әулеті туралы бүгінге дейін жазылып та, айтылып та жүр. Қазақ театр өнерінің көшбасында тұрған қазақтың тұңғыш режиссері Жұмат Шанин туралы қаншама естелік кітаптар, зерттеулер де жазылды. Шаниндер әулеті туралы көзіқарақты оқырман жақсы білгенімен, сол өнерлі әулеттің өнерін жалғастырған дарынды актер, талантты режиссер Қасымхан Шанинді біреу білсе, біреу білмейді. Қазақтың Шоқанын тұңғыш сомдап, қазақ өнерінің биігіне шығарған дарынды оңтүстіктегілер ғана еске алып, құрметтейтін сияқты. Оған куә, жуырда ғана Шымкент өңірі Қасымхан Шанин тұрған үйге құрмет тақтасын іліпті. Одан басқа, жақсы хабарды еш жерден кездестірмедік. Тіпті, өнер қайраткерлеріне арналып шығарылған энциклопедиядан да Қасымхан есімін таба алмадық. Өнер дарыған әулеттің үлкендерін жиі еске алғанымызбен, кішісі тарих парақтарынан ысырылап қалған сияқты. Шаниндер жайлы жазылған бірлі-екілі естеліктерде болмаса, көбінде Қасымхан туралы ләм-мим демейді. Бізде еске алмас па едік, талантты актердің қызы Жанна апайымыз әкесін жоқтап, редакциямызға өзі келмесе…
Жанна Қасымханқызы Шанина:
– Сонау есте жоқ ескі замандай көрінетін 50-60 жылдары біз тұрған Шымкенттегі үйге әкеме арнап құрмет тақтасының ілінуі мені тың ойларға жетеледі. Күн сайын қасымызда жүрген әкеміздің барлық қадір-қасиеті мен өнерін, әртістік дарыны мен режиссерлік тұлғасын сол жылдары толық түсіне алмағанымды, түйсінетіндей жағдайға жете алмағанымды білгенімде, жүрегім қан жылайды.
Шанин деген фамилияны естігенде кез келген адам алдымен қазақ театрларының негізін қалаған үлкен атамыз Жұмат Тұрғынбайұлы Шанинді еске алары белгілі. Арғы үлкен атамыз Шана ақсақалдан тараған бес ұлдың бірі Тұрғынбайдың Жұмат және Әкіш атты екі ұлы болған. Менің әкем осы Жұмат атамыздың інісі Әкіштің жалғыз баласы болатын. Жұмат атамыз 1937 жылы «халық жауы» болып ұсталғанда, Әкіш атамыз бой тасалап, шымкент қаласына көшіп барған екен. Сол жылдан бастап атамыз құдай қосқан қосағы мәкіш әжемізбен бірге Шымкент қаласында ашылған облыстық драма театрдың әртістері болып жұмыс істеді. Театр өнерінің исі сіңген әулетте дүниеге келген әкем Қасымхан да әке-ағаларының жолын қуды. Әкемнің айтуынша, ол мектепте оқып жүрген кезінде жазған шығармаларын мұғалімдер өзінен жоғары класта оқитын балаларға үлгі қып оқып беретін көрінеді. Тіпті үлгілі тәртібі мен озат оқуы үшін бүкілодақтық «Артек» пионерлер лагеріне де барған екен. Мектепті де өте жақсы бітірген. Ташкенттегі, Ленинградтағы актерлік шеберлік пен режиссура курстарында оқыды.
Қазіргі Жұмат Шанин атындағы Шымкент облыстық драма театры ашылған күннен бастап, онда атам Әкіш, апам Мәкіш, әкем Қасымхан, яғни бір сөзбен айтқанда, Шаниндер әулетінің тұтастай екі буын ұрпағы жұмыс істеді. Біздің қонақжай үйімізден қонақ арылмайтын. Қ.Қуанышбаев, Ш.Айманов, Ш.Жиенқұлова, С.Мұқанов, күш атасы Қажымұқан, Қ.Қармысов, Ш.Қалдаяқов, Е.Өмірзақов, С.Қожамқұлов, Н. Тілендиев, Қ.Жандарбеков сынды қазақ өнерінің дүлдүлдері дәм татқан дастархан жайылған дөңгелек үстөл бүгінге дейін төрімізде сақтаулы.
Әкем Қасымхан Шымкент облыстық драма театры құрылған күннен бастап, 1969 жылға дейін жұмыс істеді. 1955 жылы тұңғыш рет қазақ театрының сахнасында тұңғыш рет Шоқан уәлихановтың тұлғасын сомдады. Спектакльдің тұсаукесеріне «Аққан жұлдыз» кітабының авторы, жазушы Сәбит Мұқановтың өзі келіп қатысыпты. Әкеміз 1956 жылы «Аршын-Малалан» спектаклінде, «Қозы-Көрпеш– Баян сұлу», «Қыз жібек», «Жалбыр» қойылымдарында басты рольдерді сомдады. Сондай-ақ, осы спектакльдерде Шаниндер әулетінің басқа да мүшелері түгелдей ойнайтын еді. Сонымен қатар, әкеміздің режиссерлігімен «Біздің үйдің жұлдыздары», «Тау қызы», «Шұға», «Сенім күші» атты спектакльдер қойылды.
Ол кісі тек театр сахнасының әртісі және режиссер болып қана қойған жоқ, қазақ кинемотографиясының Алтын қорына кірген көптеген фильмдерде ойнады. 1957 жылы түсірілген «Ботагөз» фильмінде Бүркітбайдың ролін сомдаса, 1964 жылы Шәкен Аймановпен бірге «Алдар көсе» фильміне түсті. Шәкен аға әкемізді өзінің туған інісіндей жақсы көретін, оның шығармашылық қабілетін жоғары бағалайтын еді. Әкеміз қайтыс болғаннан кейінгі жылдары «Трансібір экспресі», «Атаманның ақыры» атты фильмдер түсіріліп жатқан кезде үйге келген Шәкен аға біздерге: «Сендердің әкелерің тірі болғанда, осы киноларға міндетті түрде түсетін еді. Мен осы киноларда сендердің әкелеріңді есте қалдыру үшін де фильмнің басты кейіпкерін Қасымхан деп атадым», — деген болатын.
1967 жылы Қасымхан Шанин Жетісай қаласында ашылған драмалық театрға директоры әрі бас режиссер болып жіберіледі. Театрдың тұсауын «Жалбыр» спектаклімен ашты. Сол жылы әкем «Шоқан Уәлиханов» қойылымын қайта қойды. Бас рольді өзі сомдаса, Шоқанның әкесі Шыңғыс сұлтанның ролінде әкесі Әкіш атамыз ойнапты.
Әкем қатысқан, әкемнің режиссерлігімен қойылған спектакльдердің көбі дерлік аншлагпен өтеді екен. Оның әрбір қойылымы Шымкент қаласы мен аудандардан арнайы келетін көрермендердің зор серпілісін туғызып, құрметіне бөленетін еді. Театрға шалғай аудандар мен ауылдардан да көрермендер жиі келетін. Театр маңындағы көшелерде көрермендерді тасымалдайтын көліктер іркес-тіркес болып сыймай тұрушы еді.
Әкем – қонақжай әрі сері адам болатын. Көңіліне жаққан адамына құлай кететін мінезі де бар еді. Бірде анамыз әкеме соңғы үлгідегі ешкімнің қолы жете бермейтін көк-сұр пальто сатып әперіпті. Осы пальтоны алған күні бәріміз барып, бірге суретке түстік. Үйге қайтып келсек, үйде Шәмші аға отыр екен. Шәмші ағаны шығарып салғаннан кейін анамның: «Кеше сағат кетті, бүгін пальто» деп жымиғаны әлі есімде. Сөйтсек, әкеміз су жаңа пальтосын Шәмші ағаға кигізіп жіберіпті. Не деген өнерге деген адалдық, досқа деген құрмет десеңізші…
Жуырда Шымкенттегі әкеміз тұрған үйге құрмет тақтасы қойылыпты. Кино және театр өнерінің тамаша әртісі, дарынды режиссер Қасымхан Шаниннің еңбегі ел тарапынан ескеріліп, ол тұрған үйге құрмет тақтасының қойылғаны бізге, балаларына үлкен мақтаныш. Елегені үшін, естерінен шығармағаны үшін елге, өнерде бірге болған үзеңгілес достары мен ізбасар іні-қарындастарына алғысымыз шексіз.
Әшірбек Сығай, театр сыншысы:
– Қасымхан Шанин– қазақ өнерінде, соның ішінде театр-кино өнерінде өзіндік із қалдырып, рухани ерлік жасап кеткен адам. Атақты Шаниндердің әулетінен. Жұмат Шанинді өздерің білесіңдер, қазақтан шыққан тұңғыш режиссер, кәсіби сахна өнерінің көшбасшыларының бірі. Шаниндердің өзі бірнеше ағайынды болған. Жұмат, Әкіш және Атығай Шаниндер. Қасымхан соның Әкішінің баласы. Әкесі де шешесі де, Шымкенттегі Шанин атындағы драма театрда актер боп істеген. Ылғи әртістер әулетінің ортасында, шығармашылық отбасында дүниеге келген Қасымханның өнер иесі болмауға қақысы да жоқ сияқты.
Қасымхан от болатын. «Алдаркөсе», «Ботагөз» фильмдерін көрсеңіз, Қасымхан Шаниннің бейнесін анық байқауыңызға болады. Өте өткір, қайсар мінезді, шап берме рольдерге мықты болатын. Әртіс ретінде ол көптеген рольдерді сомдады. Солардың ішінде менің есімде қалғаны – Шоқан Уәлиханов. Шоқан – ең алғашқы, ең мықты рольдерінің бірі болды. Шоқанды М.Әуезов театрында Нұрмұхан Жантөрин де ойнаған. Ал Қасымхан сомдаған Шоқан бұрынырақ қойылды. Спектакльдің тұсаукесеріне Сәбит Мұқановтың өзі қатысыпты. Ол кезде мен орта мектептің оқушысымын. Мен туып-өскен Кентау өңіріне Шымкент театры гастрольдік сапармен келді. Шоқан туралы аннан-мұннан естігеніміз болмаса, орта мектептің баласы не біледі дейсің?! Сонда спектакльді көріп отырып, тірі Шоқанды көргендей әсер алдым. Әлгі Шоқан осындай-ақ болған шығар деген ой келді. Бұл дегеніңіз – актердің орындаушылық шеберлігінің мықтылығы. Сөйтсек, тірі Шоқанымыз – Қасымхан ағамыз екен. Сәл мұрны батықтау, орташа бойлы, сылыңғыр қараторы жігіт екен. Қап-қара көмірдей шашы бар, көзі жалт-жұлт еткен, керемет, сондай отты.
Шанин театры спектакльдің соңында кентаулықтарға арнап «Гала-концерт» берді. Сондағы Қасымханның айтқан әндері әлі күнге жадымда. Халық әндері дейсіз бе, өзге ұлттың әндері дейсіз бе, сызылта орындағанда, қолындағы аспабына сиқыр біткендей сезілетін. Домбыра да шертетін, аккардеонда да ойнайтын. Бала көңілімде қалып қалған, әлі күнге дейін дауысы құлағымда. Бертін келе, ол кісі жайлы Қалмақан ағамыздан естігенім бар. Қалмақан Бисенбиев ағамыз екеуі Шымкенттегі театрда көп жылдар бірге жұмыс істепті. «Аудандарға гастрольдік сапарлармен жиі шығамыз. Бүгінгідей транспорт та көп емес. Ауыл-ауылдың арасына сықырлатып арбамен жүреміз. Көпшілігі әлгі сықырлаған арбамен кетеді де, біз Қасымхан екеуміз жаяу баратынбыз. Қасымханның қолында аккардеон, мен домбыра ұстаймын. Жол бойы халық әндері дейсіз бе, түрлі-түрлі әндерді сызылта салатынбыз. Жол бойы жергілікті халық бізбен ілесіп, арқамыздан қағып, бетімізден сүйіп, қосыла ән шырқайтын. Ана бекеттен, мына бекеттен жиыла көпшілік шығарып салып жататын Қасымхан шын мәніндегі халық әртісі еді ғой», – деген еді бір әңгімесінде.
Режиссерлікпен де айналысты. Кәдімгідей көңіл қойып, назар салып айналысты. «Жалбыр», «Қыз Жібек» сияқты қойылымдарды қойып, театр сахнасына шығарды. 1969 жылы «Жетісай» театры ашылды. Сонда Қасымхан Шаниннің ұйымдастырушылық қасиеті кеңірек ашылды. Жұлдызы жарқырай, актерлік, әншілік өнерін сарп етіп, сол театрдың ары қарай дамып кетуіне атсалысқан адам. Қасымхан негізін салған Құрманбек Жандарбеков атындағы драма театр әлі күнге жұмыс істеп келеді.
Қасымхан мен Шәкен Айманов ағамыз екеуі қатты араласыпты. Екеуінің бірге жүретінін жиі көріп қалатынмын. Әзіл-қалжыңға мол, күлгенде де ынта-шынтасымен, таусылып күледі екен. Өнер адамына тән от мінезді, өршіл рухтағы кісі еді. Тұрымтайдай түйілген, жинақы, қолмен қысып ұстаған серіппе сияқты, адамды селсоқ қалдырмайды. Көзінде, жүріс-тұрысында да бір сиқыр болатын. Әкесі мен анасы Қасымханның асты-үстіне түсіп, өбектеп жүретін. Екеуі де бертінде қайтыс болды ғой. Бір барғанымда Әкіш ата көзден қалған екен. Жалғыздарының қайғысы оңай соқпаған болуы керек. Қасымханды көргенімді айтып едім, көңілі босап, бір жылап алды. Сексеннен асып қайтыс болды-ау деймін. Көп әртістердің өмірін жаздым. Тіпті, әртістер галереясын жасадым десе де болады. Қасымхан солардың ішіндегі жазам ба деп жүрген тақырыбым еді.
– Ол кісінің әндері жазылған таспалар сақталған жоқ па?
– Қасымханның бейнесі кинода ғана қалды ғой. «Ботагөз» фильмінде Бүркітбайды сомдады. Бүркітбайдың ролінде ойнап тұрып, ән салатын жері бар. Домбыраны қағып-қағып жіберіп, соңында әудем жердегі қарағайға домбыраны салып қалғанда, домбыраның пәре-пәресі шығып, қақырап қалады. Iшкі толқыныс, бірдеңеге наразылық, біреулерге көрсеткен қыры. Міне, шын актерлік шеберліктің қыры.
Бұл – Қасымхан Шанин туралы жазылар әңгіменің басы ғана. Аңызға бергісіз өмірі бар таланттың біз білмейтін қыры қаншама. Қазақтың талай марғасқа өнер қайраткерлерімен бірге жүрген, талай кейіпкерлерді бірге сомдаған, қазақ кинодраматургиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Қасымхан аға жайында әлі талай жыр-аңыздар, естелік-зерттеулер жазылар деген үміттеміз!
Гүлзина Бектасова