Горбачев: ОДАҚТЫ САҚТАП ҚАЛМАЙМЫН ДЕП ОЙЛАҒАН ЖОҚПЫН
Горбачев: ОДАҚТЫ САҚТАП ҚАЛМАЙМЫН ДЕП ОЙЛАҒАН ЖОҚПЫН
КСРО-ның алғашқы және соңғы президенті М.С.Горбачев 75 жаста
Ежелгі Шығыстың жарқын да адамгершіл ертектерінде әділ, мейірбан халиф Харун Рашид қараңғы түндерде киімін ауыстырып киіп, орамдар мен базарларды жасырын аралап, кембағалдарға көмектесіп, билігіндегі халықтың жағдайымен танысушы еді. Сөйтіп, әділдік пен жақсылық салтанат құрып, ұзақ әрі бақытты өмір сүретін. Бірақ бұл бар болғаны ертек қана. Әйтпесе, тарихи шындықтар бұдан әлдеқайда қатыгез: мұндай билеушілердің көбін көп ұзамай сарай маңындағылар тақтан тайдырып, басын алған. Түп-тұқиянымен қырып салған немесе жер аударып, қаңғыртып жіберген. Өйткені, Шығыс билеушілерінің өмірі қарапайым бұқараға жұмбақ, өздері мейлінше қатыгез болуы керек екендігін, жұмсақтық пен қарапайымдылық әміршіге жараспайтынын бұрынғылар әбден жақсы білген-ақ. Ұзақ уақыт бойы қатыгез, қанды империя – КСРО-да да осындай жауыздықтар ылғи жүзеге асырылушы еді.
1985 жылы КСРО билігіне келген М.С.Горбачевтің тағдыры канондық шығыс ертектерінің адам қиялында ғана болуға тиіс екендігін кезекті рет дәлелдегені сөзсіз. Жаңылыспасақ, өткен жылы наурыз айында Мәскеуде Кеңес қоғамын демократияландырудың 20 жылдығына орай “Горбачев-Фонд” ұйымдастырған “Михаил Горбачев – өмірі мен реформалары” атты мұражай ашылды. Әрине, адамдар бар тарихи шындықты оны дүниеге әкелген, жүзеге асырған жандардың өз ауыздарынан естігені бір ғанибет. Міне, сол мұражайда Горбачевтің партбилеті, КПСС ОК-і Бас хатшысының куәлігі, КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағалығы қызметінен босатылып, 1990 жылы 15 наурызда СССР президенті болып сайланғандығы туралы еңбек кітапшасы, ең бастысы, 1991 жылы тамызда Форостағы тұтқыннан босатылып, Мәскеуге ұшып келгенде киіп жүрген атақты күртесі қойылған. Күрте мен қайшылықты саяси қайраткер… Болашақ Шекспир мен Мольерлердің құдіретті қаламына таусылмас азық болатын мәңгілік тақырып-ау. Кеңестік жүйе, коммунистік диктатураның бел баласы – Михаил Сергеевич Горбачевтің жылдар өте осынау ұсқынсыз жүйені құлатуға басты себепкер адамға айналуының сыры неде? Ол шын мәнінде жаңаша ойлайтын саяси қайраткер ме еді, әлде, уақыт пен оқиғалардың осылайша трагедиялық түрде тоғысуының құрбаны ғана ма? Сандаған жылдар құмырада тығулы жатқан жынды босатып жіберіп, ие бола алмай қалған міскін бе, әлде қатал әрі әрбір қадамын жеті рет өлшеп, бір рет кесетін құдіретті жерлесі Ю.Андропов кезінде мейлінше қолдаған, ал Черненко қайтыс болған соң небары 4-ақ сағатта Бас хатшы етіп жарияланған билік құмар бейбақ дейміз бе? Қалай дегенде де, М.С.Горбачев ие болған тақ берік емес әрі әбден ескі еді: оны қозғау оп-оңай, бірақ нық отыру мүмкін емес болатын. Мақұл, М.С.Горбачевті әр мемлекетте сөзсіз болатын, әртүрлі топтар арасында билікке құпия түрде күндіз-түні жүріп жататын қатал да аяусыз күрестің бейкүнә құрбаны дегенге де келіселік, бірақ, оның бұрынғыдай адамгершіл, демократия принциптеріне адал әрі ұзақ жылдар бойына қарапайым саяси қайраткер ретінде қала білуінің өзі тәнті етпей қоймайтыны сөзсіз. Өйткені, патшалық Ресейде сандаған ғасыр бойы қалыптасқан, тіпті, 1917 жылы большевик коммунистер империя билігіне келген соң одан әрмен өрши түскен, қазір Ресей билігіндегілердің санасында бұрынғыдан бетер қауіпті бағыт алған аса үрейлі қасиет бар. Ол: коммунистер мен билік басындағылардың өздері ұнатпаған адамдарынан, қалай болғанда да, жазықты-жазықсыз түрде де өш алуға құмарлығы! Ең қауіптісі сол, мұндайлар әлгі әрекеттері үшін бар күш-қайратын, ерік-жігерін, барша ғұмырын сарп етеді. Кім білген, мұндай теріс қылық басқа мемлекеттерде де кең жайылған жағдай шығар?!
Иә, әңгіме Горбачевтің қарапайымдылығы жөнінде еді ғой. Оның авторитарлық жүйені жек көретіні, адамға, қоғамға да аса жат құбыжық құбылыс ретінде бағалайтыны әрбір іс-әрекетінен айқын аңғарылатын. Өткен жылы бұрынғы Бас хатшы Вашингтонда болып, Прокофьевтің “Петя мен Қасқыр” ертегісін және оның жалғасы “Қасқыр мен Петяны” дыбыстағандары үшін Билл Клинтон Софи Лорен үшеуі атақты “Грэмми” сыйлығын алды. Қарапайым тоғышарлар мұны “Бүркіт қартайса тышқан аулайды” деп қыжыртар еді, бірақ Михаил Горбачевтің өмірлік ұстанымы, тәрбиесі, тіпті, осы уақытқа дейін күмәндануға мүмкіндік бермеген принциптері осындай,– адамдар жақсылық үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіс!
Ол КСРО шекпенінен шыққан сандаған коммунистер сияқты емес, ол өз дұшпандары мен қарсыластарына кешіріммен қарай біледі, тағдырдың ауыр соққыларын қайыспай көтере алғаны да рас. Үздіксіз күрестен, жеңістер мен ащы жеңілістерден тұрған өмірінің көбі кетіп, азы қалғанда сүйген жары Раиса Максимовнаның өмірден ерте озуы онсыз да жаны жаралы адамға оңай тимегені айқын. Тіпті, ол КСРО билігінде тұрғанда да өз атына, осынау бейбақ әйел атына қаншама ғайбат сөздер айтылды, сан алуан білгішсымақтар газет-журнал беттерінде баяғы Нострадамустың айтқандарын қайта тірілтіп, жанды жараға ащы тұз септі. Одан кейінгі жылдарда да. Бірсыпыра орыс адамдарының айуандығы сол, олар өлі арыстаннан гөрі тірі тышқанға құлдық ұрғанды жақсылық деп біледі, “Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнағанды” өмірдің бұзылмас заңдылығы деп мойындайды. Мәселен, кейінгі жылдары Санкт- Петербургте, сондай-ақ, Красноярск қаласында М.С.Горбачевті әлдекімдердің бетінен ұрғаны жөнінде БАҚ-тарда хабарлар болды. Қандай надандық, миға сәуле түспеген мешеулік еді! Әйтпесе, М.С.Горбачев мұндай надан адамдарды да, өзінің бітіспес саяси қарсыластары, дүрдараз қайраткерлерді де әлдеқашан кешірген. Өткен жылы газетке берген сұхбатында ол: “Политика есть политика, бывают острые моменты, расхождения, можно бороться, но надо оставаться людьми. Тем не менее столько было маленьких форосов, попыток унизить. Ельцин, казалось, этим просто болен. Такая мстительность! То, что мы испытывали почти десять лет под его, так сказать крылом, я Борису простить не могу ” (“Газета” газеті, 1.03.2005ж.), –деп көңіліне қордаланған барша наласын, назын жайып салған болатын. Ғажап, басқа барша қарсыластарына кешіріммен қарайтын М.Горбачев Форостағы тұтқыннан өзін құтқарған баһадүр Борис Ельцинге соншалықты неге жауықты екен?! Жаңылыспасақ, 1987 жылы күзде Мәскеу қалалық партия комитетінің Пленумы болып, осы мәртебелі жиында қалалық партия комитетінің басшысы Б.Н.Ельцин жолдас Бас хатшы жүргізіп отырған саясатты, экономикалық реформаларды, әсіресе партия комитетінің істеріне жиі қол сұғатын Раиса Максимовнаның қатты сынға алды. Тіпті, биік мінберде тұрып: “Бізді Раиса Максимовнаның қамқорлығы мен қадағалуынан құтқарыңыз”, – деп жалынғаны есте. Осыдан соң-ақ біртуар қос саяси қайраткердің арасынан қара мысық жүгіріп өтіп, ата дұшпандыққа айналды. Өмір драмасы осы тұстан басталған. Ол ол ма, М.С.Горбачев пен Б.Н.Ельцин екеуінің бітіспес өшпенділігі келе-келе адамдар арасында анекдоттарға, 80-жылдардың соңына таман кезеңдегі хитке айналды. Әсіресе, осы жылдардағы үзбей, жиі-жиі болып жатқан пленумдар, съездер, конференциялардың бірінде өзіне тән қайталанбас қайсарлығын көрсетіп, мәртебелі жиынның алдын ала жасалған регламентін бұзып, бөлекше мәлімдеме жасаған шағында Б.Н.Ельцинге Е.Лигачевтың: “Борис, ты не прав!” деген сөзі әлі күнге айтылып жүрген аңыз. Адамдар қисынсыздық, ойға қонбайтын оралымсыздықтарға куә болғанда ылғи “Борис, ты не прав” дейді.
1985 жылы наурызда Кремль билігіне келген М.С. Горбачев ә дегеннен-ақ өзінің жаңаша ойлайтындығын дәлелдеп, қайта құру негізінде ол тұста КСРО-да әлі сөз бола қоймаған демократия мен әлеуметтік әділеттіліктің миллиондаған адамдар өміріне дендеп енуіне, сөз, пікір бостандығы, плюрализмнің қажеттілікке айналуына бел шеше кірісті. Арада ондаған жылдар өткенде АҚШ-тың экс-президенті Билл Клинтонның : “Адамдар жиі жадынан шығарып алатын кейбір жайттар бар. Ресей экономикасының үштен екі бөлігі қазір жекешелендірілді. 1989 жылы ешқандай үкіметтік емес ұйымдар болмаған еді, енді қазір Ресейде 63 мың үкіметтік емес ұйымдар жұмыс жүргізуде… Бұл – қайта құрудың триумфы! Бұл– қарапайым адамдардың бостандығы”, деп екі жүйе–дамыған социализм мен “іріп-шіріген капитализм” тайталасқа түскен сынақты жылдарды ризашылықпен еске алуы тегін емес. Жалпы алғанда, қоғамда қандай ірілі-ұсақты реформалар жүргізілер тұста оның нәтижесі қандай болмайтынын білмеудің өзі трагедия. Көптеген саяси қайраткерлердің трагедиясы сол – олардың бойында көрегендік, алдын болжаушылық жетіспейді. Амал қанша, коммунистік қанды жүйе әуелден жарымжан жүйе ретінде дүниеге келген құрылыс екендігі толық айқындалады да, жүйелер, өркениеттер тайталасында біржола күйреп тынды. Бұған ешкімді айыптаудың қажеті жоқ, бар болғаны өмір заңдылығы осындай. Тіпті, бір кездері герман тайпаларын бастаған Одокар ежелгі Римді басып алып, талқандап кеткен соң, қираған, өртенген қаланы қайта келтіруді ойлаудың, соған бел шеше кірісудің орнына римдіктердің императордан “Нан немесе ойын-сауық” талап еткені тарихи шындық. 1991 жылы өздерінің өмірлік идеалдарына опасыздық жасаған коммунистер күні біткен КСРО-ны нығайтуға, қызыл империяны қайта қалпына келтіруге күш салған да жоқ. Осылайша сандаған жыл коммунистер аяққа таптаған тарихи әділдік қайта орнап, жер шарының алтыдан бір бөлігін алып жатқан алып державаның қирандысында жаңа, Тәуелсіз мемлекеттер туын көтерді, еңсесін түзеді. Ал олардың әрқайсысы өзіне қолайлы тарихи жолдарды қалай таңдап алғандығы мүлдем бөлек әңгіме. Бірақ, өзі бастаған экономикалық, саяси реформалардың соңы осындай нәтижелерге алып келетінін М.С.Горбачев та, басқалар да білмеген болатын. Жақында “Огонек” журналына берген сұхбатында бұрынғы Бас хатшы: “Алайда мен біз Одақты сақтап қала алмаймыз дегенді ешқашан ойлаған емеспін. Шынына көшсек, ешкім де бұлай бола қалады деп болжай қойған жоқ. Мұндайды бүкіл әлем болжаған жоқ”, деп өткен күндерге өкінішін білдіргендей қалып танытады. Бәлкім, ХХ ғасырдың соңғы он бес-жиырма шақты жылындағы ең ұлы тұлғалардың бірі, қайталанбас саяси қайраткер ғайыптан билікке қайта келсе бұрынғы жіберген қателіктері мен тіпті дұрыс іс-әрекеттерін де бұрынғыдай жасамас еді-ау. Бірақ, тарихтың бұзылмас қасиеті сол, адам өткен жылдарды қайта оралта алмайды. Сондықтан М.С.Горбачевтің феномені – оның триумфы немесе трагедиясы екеніне жауап іздеп алда әлі талай ұрпақтар бас қатырары сөзсіз.
Жаңабек ШАҒАТАЙ