Жаңалықтар

ҚАРТ КАСПИЙГЕ ЖАНЫМЫЗ АШЫМАЙ МА?

ашық дереккөзі

ҚАРТ КАСПИЙГЕ ЖАНЫМЫЗ АШЫМАЙ МА?

Ақпан айының 21-22 күндері Ресей президенті Владимир Путин Бакуге екі күндік жұмыс сапарымен барып, ондағы әріптесі Ильхам Әлиевпен кездесті. Мәскеу атынан ТМД-нің басқа елдеріне қатысты қашандағыдай жылы-жылы сөздер айтылды. Алайда талайдан біржақты шешімін таба алмай келе жатқан мәселелер де қарастырылмай қалған жоқ.

Олардың ішіндегі ең бастысы – Каспийдің құқықтық статусы туралы көптен бері талқыланып келе жатқан даулы әңгіме. Бакуде ол тағы да көтерілді. Ресей Федерациясының бұған қатысты позициясы Қазақстанның «Ақтаудан Каспий теңізінің түбімен Әзірбайжанға қарай мұнай құбырын тартып, осылайша Баку-Джейхан-Тбилиси құбырына қосыламын» деген жобасына қайшы келеді. «РИА Новости» агенттігінің Бакуден ақпанның 22-і күні берген хабарына қарағанда, ресейлік энергетика саласының министрі Виктор Христенко «Каспийді кесіп өтетін құбырды салу, тек осы теңіздің статусын айқындағаннан кейін ғана мүмкін болмақ» деген пікір танытқан. Сонымен, өткен сәрсенбі күні ол журналистерге былай деген: «В любом варианте для решения вопросов о создании транскаспийской системы, в том числе прокладки трубопровода, требуется ясное понимание урегулирования статуса Каспийского моря» («Прокладка трубопровода возможна после определения статуса Каспия», «РИА Новости», 22.02.2006 ж.). Оның мәлімдеуіне қарағанда, осы мәселе бойынша аймақтың барлық мемлекеттері жұмыс істеп жатқан көрінеді.

Әзірге қол жеткені – Қазақстан, Ресей және Әзірбайжан арасындағы теңіз табанындағы жердің қойнауындағы кенді пайдалануға қатысты өзара бөлісу шектері туралы келісім ғана. Қалған жобалар бойынша әзірше ымыраға келудің сәті түспеген. Бұл туралы В.Христенко: «Что касается реализации других проектов, она потребует существенной международной правовой базы, связанной с ситуацией на Каспии», — дейді.

Қазақстан тарапы жүзеге асырып жатқан не асырғалы жатқан жобаларға қатысты бір сөзбен айтатын болсақ, жағдай мынадай. Каспий теңізі табанындағы Қашаған сияқты кенішті игеруге халықаралық заңдық негіз бар да, Қазақстаннан Әзірбайжанға қарай мұнай құбырын да, газ құбырын да тартуға ондай негіз жоқ. Ал біздің еліміз болса Каспий теңізі арқылы осындай жолмен көмірсутекті шикізаттың осы екі түрін де тасымалдауға қызу дайындалып жатыр.

Мұнайға қатысты жоба Баку-Тбилиси-Джейхан және Баку-Супса құбырларын, сонымен қатар Баку-Батуми (Баку-Поти) маршрутын қажетті шикізатпен қамтамасыз ету қажеттігімен байланысты. Бұл — бұрыннан белгілі әңгіме. Ал газға қатысты жоба жаңа 2006 жылдың қаңтарынан бастап үлкен мағынаға ие бола бастады. Бұны Ресейдің мамандандырылған «RusEnergy» сайты Әзірбайжанның Өнеркәсіп және энергетика министрі Натик Әлиевке сілтеме жасай отырып, былай деп түсіндіреді: «Европейский Союз (ЕС) рассматривает создание коридора Восток — Запад с точки зрения доставки углеводородов из Казахстана и Туркменистана на европейский рынок» (Игорь Ивахненко «К югу от границы, к западу от солнца. Европейский Союз предлагает Средней Азии экспортировать газ в обход России»).

Сонымен, экономикалық даму мақсатына негізделген Каспий теңізіне қарсы шабуыл жаңа бір қарқынға ие болып, әрі қарайғы уақытта үдей түспек. Оның өзі 1993 жылы басталған болатын. Каспий теңізінің мұнайын іздеу үшін сол уақытта құрылған және «Қазақстанкаспийшельф» деп аталған концерннің құрамында әуел бастан Батыс энергетика өнеркәсібінің мынадай алпауыттары болған: «Бритиш Петролеум», «Бритиш Гэс», «Ройал Датч Шелл», «Мобил Ойл» (қазір «ЭкссонМобилға» айналды), «Статойл», «Аджип» және «Тоталь».

Бұлардың ішінде үшеуі әлемнің «жеті апалы-сіңлілі» деп аталатын ең ірі мұнай монополиялары қатарына кіретін.

Алыптардың араны ашылғанда…

Олар: Бритиш Петролеум», «Ройал Датч Шелл» және «Мобил Ойл». Бұлардың әрқайсысы өз алдына ғаламат империялар. Ол аз десеңіз, осы алыптардың соңғы кезде бір-біріне қосылып, бұрынғыдан да бетер монополияларға айналып жатқанын айтуымыз керек.

Мәселен, «Мобил Ойлды» онсыз да әлемдегі ең ірі болып табылған «Экссон» корпорациясы өзіне қосып алды. Ал Қазақстанда атышулы «Шеврон» корпорациясы (әлемде екінші орынды иеленген) «Тексако Ойлмен» (әлемде үшінші орында болған) бірікті… Сөйтіп, бұл ғаламат алыптар бұрынғыдан да бетер күшке айналып жатыр. Олар бас-басына жүздеген миллион тонна мұнай өндіреді, өз зауыттарында жүздеген миллион тонна көлемінде сол алынған шикізатты өңдейді. Айналымдары ондаған миллиард долларды құрайды. Оның ішіндегі таза пайдасы миллиардтап есептеледі. Олардың әрқайсысында жүз мыңнан екі жүз мыңға дейін адам жұмыс істейді.

Өткен ғасырдың 80-жылдарының екінші жартысында әлемде көмірсутек өндіру жағынан бірінші орында болған КСРО 600 млн. тонна мұнай өндіріп, оның 400 млн. тоннаға жетер-жетпесін өзі өңдеп, түрлі өнімдер шығарған. Ал әлгі үш компания қосылғанда 1980 жылдың өзінде сондай 600 млн. тонна өндіріп, оның 430 млн. тоннасын өздері өңдеп сатып, жалпы айналымдарын 150 млрд. долларға жақындатқан. Әрине, бұл алыптардың өндіретіні де, өңдейтіні де, сататыны да негізінен өз елдерінің, тіпті болмаса Еуропа немесе Солтүстік Американының емес, дамып келе жатқан Азия, Африка Латын Америкасы мемлекеттерінің мұнайы.

Каспий табанынан мұнай іздей барлап, бұрғылауды бастаған консорциум әуелі «Қазақстанкаспийшельф» аталып, кейін ОКИОК-ке («Offshore Kazakhstan Internatіonal Operatіng Company») айналды. Қашағаннан мұнай табылуға жақындап, сосын енді сол жетеуінің ішінен біреуін жауапты оператор қылу қажет болғанда, ондай орынға Италияның «Аджип» компаниясы ие болды да, концерн «АджипKCO» («Agіp Kazakhstan North Caspіan Operatіng Company») деп атала бастады.

2001 жылдың наурыз айында «АджипKCO» Батыс Қашаған-1 ұңғысынан мұнай тапты. Мамандардың айтуына қарағанда, бұл кеніштегі жалпы мұнай қорының көлемі 40 млрд. баррель де, алынатын мұнай қорының көлемі 10 млрд. баррель көрінеді. Оның өндірістік тұрғыдан игеріле бастауы таяу жылдарға көзделіп отыр. Салған жерден онда тәулігіне 100 мың баррель мұнай өндіріле бастамақ. Жылдық есепке шаққанда бұл – 5 млн. тонна. Демек, Қашағанның потенциалы, тіпті Теңіз кен орнымен салыстырғанның өзінде, шынында да, ғаламат.

1993 жылы Теңізге американдықтар келіп жайғасқан кезде ашылғанына он шақты жыл болып қалған сол кеніште әлі де болса тәулігіне 25 мың баррель немесе жылдық есепке шаққанда 1,25 млн. тонна ғана мұнай өндірілетін. Бар-жоғы 8 жылдан кейін, яғни 2001 жылдың өзінде-ақ ондағы өнім 10 еседен асып кетіп, 12,5 млн. тоннаны құрады.

Егер осындай қарқын Қашағанға тән болатын болса, ондағы өндірілетін мұнайдың көлемі жуық жылдарда 50 млн. тоннаға жетпек. Мамандар Қашағанның арқасында Қазақстан тез арада-ақ мұнай өндіруден әлемде 5-інші орынға шығады деп отыр. Соңғы мәліметтер бойынша, еліміз 19-орынға табан тіреген. Аталған биіктіктен көріну үшін ол жоғарыға қарай он төрт саты көтерілуге тиіс. Қазақстанның жуық арада мұнай өндіретін ел ретінде үлкен маңызға ие болатынын болжаушылар жетерлік.

Олардың болжамдары қазірдің өзінде шындыққа айнала бастаған сияқты. Қазір Әзірбайжан мен Қазақстан Ақтау мен Баку арасын жалғайтын теңіз асты мұнай құбырын тарту туралы келісімге келіп жатыр. Ресей тарапының бұған қарсылық білдіруіне Қазақстан Республикасы өкілдері былай деп жауап беруге дағдыланған: жобаланып отырған құбыр Қазақстан мен Әзірбайжанға тиесілі акватория ауқымында болмақ, сондықтан біз бұған қатысты басқа ешкімнен рұқсат сұрауға міндетті емеспіз. Осының бәрінің соңы не болмақ?!

Ертеңгі күнді кім ойлап жатыр?

Каспий теңізі – әлемдегі ең үлкен көл. Оның көлемі 232 мың шаршы миль немесе 600 мың шаршы километр. Каспий теңізі мен оның бассейніндегі аймақ туралы әңгіме болғанда, өз мұнайын кейінге қалдырып, алдымен басқалардың кен көздерін сарқып алуға дайын Батыс елдері мамандарының сілекейі шұбырады. Олардың айтуына қарағанда, бұл геологиялық аудан мұнай мен газ қорының көптігі жағынан Парсы шығанағы ауданымен тайталасқа түсуі мүмкін.

Бірақ әзірге бұл шындықтан гөрі аңызға көбірек ұқсайды. Сол Батыс мамандарының пайымдауынша, Қазақстандағы қазір барлығы дәлелденген мұнай қоры 5,4 млрд. баррельді құрайды. Оның табылады деп болжау жасалып отырған мұнай резерві тағы да 92 млрд. баррельді құрайды. Сонда қазіргі бары мен болашақта табылып дәлелденеді деген жалпы қор мөлшері — 97,4 млрд. баррель немесе 13,5 млрд. тонна.

Түркіменстанның табылады және дәлелденеді деп күтіліп отырған жалпы қоры 80 млрд. баррельге немесе 11 млрд. тоннаға жуық. Жалпы Каспий теңізі бассейніндегі барлық нақты және жобалы қор 240 млрд. баррельдің немесе 32-33 млрд. тоннаның айналасында.

Бұндағы Қазақстан мен Түркіменстанның үлесі ғана 177,4 млрд. баррелді немесе 24-25 млрд. тоннаны құрамақ. Ал қалған үш елдің – Әзірбайжан, Ресей және Иранның үлесі — 62 млрд. баррель немесе 8 млрд. тонна ғана. Қазірдің өзінде Әзірбайжан өзінің мұнайға қатысты болашағын Қазақстанмен байланыстырып отыр. Ол ол ма, Грузия мен Түркия да Қазақстанның мұнайын әуелі теңіз астымен, сосын үш мемлекет арқылы тасытқызу арқылы байғұс қазақ елін қыруар шығынға батырып, жұмаққа жетпек.

Түркіменстан болса оларға осылайша жем болуға көнбей отыр. Осыдан бірер жыл бұрын ресми Ашхабад Бакудың қазіргі Қазақстан құсап су астымен құбыр (газ тасымалдауға арналған) тарту ұсынысын қабылдамай тастады. Сондағы себеп — өйткен күнде Каспий теңізіне төнетін қауіп. Қазір Түркіменстан ондай құбырды теңіз арқылы емес, оңтүстікке, яғни Ауғанстан мен Пәкістан арқылы Үнді мұхитының жағасына тартқалы жатыр. Ал Қазақстан болса Каспий теңізіне төндіретін қаупі бір-бірінен өтетін жобалардың бәріне келісім беріп қана қоймай, осыған қарсы уәж айтқан көрші елдердің бәріне тойтарыс беріп жатыр.

Осы орайда бір айта кететін нәрсе: Каспийдің тап Қазақстан қарамағындағы бөлігі – қара уылдырық шашатын бекіре балығының аман қалуы мен ұрпақ жалғастыруы үшін маңызы теңдессіз жер. Ал теңізге қарсы техникалық шабуылдың ең үлкені осы арадан басталмақ. Уақытында қызыл балық пен энергия беретін шикізат екеуінің ішінен бірін таңдау мәселесі болған.

Қазір оны қалай шешу керек екендігі туралы сұрақ күн тәртібінен түсті. Әрине, біздің басшылар да, аталған консорциум өкілдері де Қашаған сияқты жобалардың экологиялық қауіпсіздігі туралы жағы семгенше қақсап жатыр. Бірақ әйгілі Остап Бендер айтқандай: «Жүз проценттік кепілдігі бар сақтандыру полисін Құдай ғана бере алады». Батыста әрбір іскер адам істеген ісінің олқылығы үшін, содан айналадағы адамдар мен қоршаған орта келген зиян үшін айып төлейтінін, абыройдан айрылатынын біледі. Сондықтан жоба неғұрлым аумақты болса, қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары соғұрлым салмақты болады. Бұл – жалпыға бірдей белгілі нәрсе.

Дегенмен, осындай заңға да, ұзақ жылдар бойы адам мен табиғат қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барынша ыңғайланған іскерлік дәстүрінің тәртібіне де мейлінше сай шарттардың өзі соңғы жиырма-отыз жыл ішінде адамзатты дүрліктірген «Амоко Кадис» танкерінің Атлант мұхитын лайлауына да, Аляска түбегінің жанындағы мұнай апатына да, АҚШ-тың «Юнион Карбайд» компаниясының Үндістанның Бхопал қаласының тұрғындарының бірталайын химия өндірісінің авариясына жол беру арқылы қырғынға ұшыратуына да ешбір кесел бола алмайды. 2002 жылдың аяғында Атлант мұхитындағы Бискай шығанағы ауданында апатқа ұшыраған «Престиж» танкері үш ай бойы сол аудандағы барлық балық-құс атаулыны қырып, Франция мен Испания жағалауларын майға бөктіріп, миллиардтаған доллар-евро шығынын әкелді. Тап осы апат болып жатқан күндері Қазақстан үкіметі Баку-Тбилиси-Джейхан құбырына қосылуға келісім беріп, мойнына оған күніне 400 мың баррель (жыл есебіне шаққанда 20 млн. тонна) мұнайды Каспий теңізі арқылы тасымалдап жеткізіп тұруға міндеттеме алды. Қазір енді ресми Астана тәулігіне 600 мың баррель немесе жылына 30 млн. тонна ауқымындағы жауапкершілік туралы да айтып үлгерді. Бәрі дұрыс. Бірақ сонда біз не, өзімізге өзіміз қастандық жасағанды абырой көреміз бе?!

Каспий – теңізі тұйық су. Әлгі «Престиж» апаты сияқты бәле бола қалса, оның кесірі адам айтқысыз болады. Өйткені, Каспийдің өзін-өзі табиғи жолмен тазарта білу қабілеті ашық теңіз бен мұхиттың әлгіндей қабілетімен салыстыруға ешбір келмейді. Ана бір жолы Ақтаудан Бакуге қатынайтын бір шағын танкер апатқа ұшырап, адамдардың із-түзсіз жоғалғаны туралы хабар болған. Қалған жәйттері айтылмай-ақ жабулы күйінде қалды. Лауазымды адамдар Қазақстан Баку-Тбилиси-Джейхан қосылайын деп жатқанда қоғамдық пікірді ушықтырмау мақсатында сол апат туралы хабардың тарауына шектеу қойған сияқты. Сонымен халықтың үрейімен санаспай, оған кесірлі жобаны жүзеге асыру басталып кетті. Қауіппен санасып жатқан ешкім жоқ. Ал Қазақстан қауіптің екі бірдей түріне жол ашып отыр. Ол – біріншіден, Каспийдің суының астынан мұнай шығару. Екіншіден, соның астымен мұнай құбырын тарту. Жер бетінде істеп тұрған мұнай құбырларының өзі қайта-қайта жарылып, айналасын бүлдіріп жатады. Ал су жер емес. Онда төгілген мұнай бірден бүкіл теңізге тарайды да, тірішілік атаулыны қырып тастайды. Сөйтіп, бірінші үлкен апат-ақ оны адамдар тауып, тоқтатты дегенше Каспий теңізін өлі теңізге айналдырып жібере алады. Және сөйтуі керек, шындықты жасырмай айту керек, енді әбден мүмкін.

Тіпті әлгі Каспийдің түбіндегі мұнайды бетіне шығарып, бүкіл адамзаттың керегіне жаратамыз деген сияқты асқақ сезімді желеу етіп, бұрғылары мен құбырларын сайлап жатқандардың өздері бәленің бетін аулақ қыла алатындарына кәміл сенсе де, сонша күш пен техниканы жинап, теңізге жан-жақтан тап берген соң, ерте болсын, кеш болсын ықтималдық теориясының (теория вероятности) механизмі іске қосылмай ма?! Осыны естен шықармаған жөн. Үкімет ескермесе, ескермей-ақ қойсын. Біз, яғни қоғам осыны біліп отыруға тиістіміз.

Аққали КӨПТІЛЕУОВ