ЭКОНОМИКА. ДЕМОКРАТИЯ. ТӘРТIП.
ЭКОНОМИКА. ДЕМОКРАТИЯ. ТӘРТIП.
Президенттің биылғы Жолдауына негізінен осы үш мәселе арқау болды
Елбасының бұл жылғы жолдауы да әлеуметтік-экономикалық салаға көңіл аударуымен ерекшеленді. Елді бәсекеге бейім елу мемлекеттің қатарынан көргісі келетінін бағдарламаның беташары етіп айтқан Президент, ол үшін атқаруға тиісті міндеттер мен мақсаттарды парламентарийлер мен Үкімет алдында жіліктеп берді.
Экономика, экономика және әлеумет
Елбасы елдің ашық нарық жағдайында бәсекеге бейім мемлекеттердің қатарына қосылуы үшін шикізат секторына ғана тәуелді болмау қажеттігін, ал әлеуметтік мәселелерді маңызды орынға қоятын мемлекет құру жолында қоғамды жоғарғы әлеуметтік сапамен қамтамсыз ету керек екенін айтты. Қазақстанның ашық, демократиялық мемлекет құру жолында екенін де тілге тиек етті. 7 басымдықтан тұратын Елбасы жолдауында елдің экономикалық даму жолында атқаратылатын істер, оның ішінде халықаралық аренаға шығатын жобалармен жұмыс істеу жайы, шикізаттық емес тауарларды экспорттау мен жоғарғы технологияларды импорттау мәселесі, Алматы қаласын қаржы орталығына айналдыру жайы, Үкіметке қаржы-несие саясатын дұрыс жолға қою, дәлірегінде, инфляцияны ауыздықтау мәселесі қатаң тапсырылды. Салық мөлшерін түсіру мәселесін айтқан Елбасы мемлекеттің халық үшін біраз жомарттық жасайтынынан хабар берді. 2007 жылдан бастап, қосымша құн салығы 1 пайызға, ал 2008-2009 жылдан тағы да 1-2 пайызға түсетін болды. 2008 жылдан бастап, әлеуметтік салық шамамен 30 пайызға төмендемек. Бұл жомарттықтан орта және шағын кәсіпкерлер де құралақан қалмайды. «Шағын кәсіпкерлер салық төлейтін кезде оның мөлшері 3-6 пайызға дейін немесе 5-7 пайызға дейін көрсетіледі. Яғни, бірегей емес. Соны ретке келтіреміз. Олардан алынатын салықтың деңгейі бірдей болады» дейді Президент. Бюджеттік ұйым қызметкерлерінің жалақысы осы жылдың ортасынан бастап, 30 пайызға артпақ. Отан соғысына қатысқан және солармен теңдей дәрежесі бар жандарға берілетін мемлекеттік төлемақы да көбеймек. Шамамен 2,4 есеге. Ардагерлердің жесірлері де мемлекеттік төлемақының көбеюінен сырт қалмайды.
Әлеуметтік салаға мойын бұруға енді бизнесмендер де мүдделі болатын шығар. Өйткені, Елбасы оларды осы салаға көңіл бөлуге міндеттеп қойды. «Iрі инвесторлар мен ұлттық компаниялар бұл әлеуметтік саланы қолдауды әдетке айналдыруы керек. Дамыған шет елдерде солай» деді Президент.
Ассамблеяның аты өзгере ме?
Қазақстан халықтары Ассамблеясының рөлі артатын шығар. Өйткені, Президент оның атын Ассамблея емес, Кеңес ретінде өзгертуге ұсыныс жасады. Тіпті, ол туралы заң қабылдауды да айтып қалды.
ӘСК дегеніміз не?
«Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация» — ӘСК деп аталатын жаңа әлеуметтік институт қалыптасатын болды. Бұл бизнес құрылым жергілікті жерлердегі әкімшіліктермен бірлесіп іс атқармақ. Тапқан пайдасы өздері қызмет ететін аймақтардың мүддесі үшін жұмсалмақ. «Бұл елді өрге сүйрейтін құрылым» дейді Президент. Мұндай құрылымның бұған дейін Қазақстанда болмағанын айта кету керек.
Серіктестер кім болмақ?
Елбасы өз жолдауында Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі серіктестерін атады. Әрине, Ресейге тең келер серіктес жоқ. «Ресеймен арада шешілмей қалған еш мәселе жоқ. Бүкіл мәселе бойынша, Ресей мен Қазақстанның позициясы ұқсас. Екі ел арасындағы қарым-қатынас ең жоғарғы деңгейде» дейді Президент. Ол Ресейге қатысты позицияны қадап-қадап айтты. Серіктестер таңдағанда Қытайдың позициясы екінші орынға көтерілді. Бұл елмен арадағы экономикалық қатынасты саяси тұрғыдан да нығыздау қажеттігіне тоқталды. Ал «Қазақстанмен серіктес болуда» АҚШ-тың позициясы кейін қалғандай болып көрінді. Екі елді энергетика ресурстары мен инвестициядан өзге ештеме байланыстырмайтындай. ЕуроОдақтың позициясы да Қазақстан үшін маңызды еместей. Есесіне, мұсылман елдерімен арадағы қарым-қатынас жөніне Президент кеңінен тоқталды.
«Демократияны қорғаймыз»
Елбасы демократизациялау және қоғамдағы саяси жаңару мәселелеріне аса көп тоқтала қоймады. Тек «Қазақстанның мемлекеттік құрылымы мен саяси жүйесін көтеру жолындағы саяси реформаларды жалғастырамыз» деді. «Халықтың өзіндік менталитеті мен мәдени-тарихи жағдайына мән беру керек» деді ол. Елдегі берекесіздікті қалаған топтар жайлы да пікірін айтып қалды. Қоғамдағы кейбір келеңсіздіктер жайлы пікірін білдірді. «Демократиялық дәстүрлерді қорғауымыз керек» дейді ол. Қажет болса, ол үшін қатаң жүйе орнатылатынынан да хабар берді. Демократияны бұлайша қатаң жүйе арқылы қорғау әдісі біздің елден өзге елде әлі орын алмағанын айта кету керек.
Заңды орындауда «ешкімнің пікіріне құлақ аспау қажеттігін де» ескерді Президент. Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына қатаң қадағалу орнатылатын секілді.
Бәріне кінәлі қаржылық топтар!
Сыбайлас жемқорлық жайлы айтқан Президент қаржылық топтарға ауысып кетті. Дәлірегінде екі мәселе бір-бірімен өте тығыз байланысты болған соң, сөйткен шығар. «Көлеңкедегі қаржы, салықтан жалтару, заңсыз әрекеттер мұның бәрі де елдің дамуын тежеп отырған кедергі болғандықтан, сөзден іске көшу керек» дейді Президент. Мүлікті заңдастыратындардан он пайыз көлемінде салық алу қажеттігін де айтты. Тегін жатқан батпан құйрық жоқ.
Депутаттар Жолдау туралы
Амангелді Айталы:
– Елбасының барлық мәселелерді қамтуы мүмкін емес. Бірақ, негізгі-негізгі деген мәселелерді айтты.
– Ұлттық мәселе көзден тыс қалды деп ойламайсыз ба?
– Енді ұлттық мәселе жөнінде бір ғана сөйлем айтылды. Бірақ, мәселе сөзде емес, істе. Негізі, жолдаудың қазақ тілінде көбірек оқылғанын тәуір көріп едім.
– Демократияны қатаң жолмен қорғағанымыз дұрыс па?
– Демократияны қорғау керек. Тәртіппен. Мәдениетпен. Заңмен.
Мұхтар Шаханов:
– Жолдауда мемлекеттік тілдің рөлі туралы айтылған жоқ. Бірақ, мен Елбасымен үзіліс кезінде осы жайлы сөйлестім. Мемлекеттік тілдің рөлін көтеру үшін жаңа бағыттар жүргізілуі керектігі айтылды.
Валерий Котович:
– Жолдау жайлы не айтасыз?
– Өте ұнады. Әлеуметтік-мәдени комитеттің мүшесі ретінде, осы салаға қатты көңіл бөлгені үшін Президентке алғысымды айтамын. Ол осы Жолдауы арқылы Қазақстанның халқына қамқор екенін тағы бір рет көрсетті.
Амангелді Таспихов:
– Саяси реформалар туралы аз айтылды. Біз көбірек айтылуын қалап едік. Қоғамда болып жатқан әңгіме ғой. Парламенттің рөлі, қоғамдық ұйымдардың рөлі жайлы ашығырақ көлемді әңгіме болады ма деп ойлап едік. Бірақ, оның есесіне, экономика, әлеуметтік тұрғыдағы көптеген мәселелер жайлы егжей-тегжейлі айтылды. Әлеуметтік мәселелер жайлы онан да терең әңгімені күткенбіз.
– Саяси реформаларға не үшін аз көңіл бөлінді деп ойлайсыз? Әлі дайын емеспіз бе?
– Ой, енді оны қайдан білейін. Президент үшін айта алмаймын ғой. Дегенмен, Президенттің айтқанынан ұққанымыз, ұлттық комиссияның жұмысын онан әрі пісіріп, сонан кейін шешім қабылдайтын сияқты. Демократияны қорғау дегенді — заңды қатайту деп түсіндім.
– Сыртта біреу бірдеме деді екен деп, байбалам салмау қажет деді Президент…
– Әрине, онысы дұрыс. Сырттағылардың бәрі досымыз емес. Мәселені өзіміздің мүддеміз тұрғысынан, қоғамдағы болып жатқан жайттар арқылы шешуіміз керек.
Михаил Чиркалин:
– Аграрлық комитет мүшесі ретінде қалай ойлайсыз, ауылшаруашылығы мәселелеріне толық көңіл бөлінбеген секілді ғой!
– Неге толық көңіл бөлінген жоқ? ДСҰ құрамына кіру жолында ауылшаруашылығының қандай болу қажеттігін айтты емес пе?
– Былтырғымен салыстырғанда, бұл Жолдауда ауыл мәселесі, аграрлық сектор айтылмады ғой!
– Жоқ олай емес! Сізге нақты сан керек пе? Ең бастысы мақсат қойылды. Ендігі жұмыс Үкіметтікі. Нақты іспен Үкімет айналысуы керек.
Оңалбай Аяшев:
– Жолдаудың көңіліңізден шыққан жері қайсы?
– Елбасы мемлекеттігімізді өркендететін үлкен-үлкен бағыттарды айқындады ғой! «Бірінші, тәртіпті көтерейік, өз жолымызбен жүрейік, әрі қарай қозғалайық» деген жері ұнады. Жаңа Президент «өз жолымыз бар» деді.
«Министрліктердегі жауапты адамдардың жауапкершілігін арттыруымыз керек» деді. Бұл да өте дұрыс.
Енді, салық мөлшері төмен түсіріліп, ішкі бәсекелестік арттырылмақ. Бұл қазіргі нарық заманына жақсы әсер ететін қозғаушы күш.
Гүлнәр Мұқанова