«МӘДЕНИ МҰРА» ЖАЛҒАСЫН ТАБУДА
«МӘДЕНИ МҰРА» ЖАЛҒАСЫН ТАБУДА
2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы Алматы қалалық әкімшілік ғимаратында өтті. Отырысты қоғамдық Кеңестің төрағасы, Алматы қаласының әкімі Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов жүргізді.
Аталмыш бағдарлама бойынша 2005 жылы дайындалған және жарыққа шыққан әдебиеттер туралы Мәдениет, ақпарат және спорт вице-министрі Ардақ Досжан мәлімдеме жасады. Ерте заманғы көрнекті ғалым, ойшылдардың мұрасын зерделеу, сондай-ақ қазақ халқының мәдени мұрасында тарихи мәні бар сирек кездесетін басылымдардың қолжазбаларын, кітаптары мен мұрағат құжаттарын табу және сатып алу мақсатында 2005 жылы Батыс Еуропа елдерінің кітапханалары мен мұрағаттарына жасаған экспедициясының қорытындысы жөнінде баяндаманы Мұрат Әуезов жасады.
Сондай-ақ, отырыс барысында сөз алған белгілі тарихшы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология ғылыми-зерттеу институтының директоры Мәмбет Қойгелдиев Қырғызстаннан Кенесары Қасымұлының сүйегін іздеу қажеттігін және Өзбекстанда сүйегі жатқан Әйтеке бидің кесенесін зерттеу, жаңғырту жұмыстарының нәтижесін баяндап берді.
Әкімшілік ғимаратында Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру жұмыстарының 2004-2006 жылдары қол жеткізген нәтижелері бойынша өткен қоғамдық Кеңеске орай арнайы көрме де ұйымдастырылды. Көрмеге ҚР Ұлттық кітапханасы Батыс Еуропа елдерінің кітапханалары мен мұрағаттарына жасаған экспедицияларының нәтижесінде табылған Алтын Орда хандары мен Ватикан папалары арасында жазылған хаттары мен түріктердің, мұңғолдардың, Темір әулетінің тарихы туралы қолжазба көшірмелерін, Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты қазақ хандарының Қытай билеушілерімен шағатай, ойрат және манжур тілдерінде дипломатиялық тұрғыда хат-хабар алмасқан қолжазбаларының көшірмелерін, Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты қазба жұмыстары кезінде табылған тарихи жәдігерлері қойылған.