Әлихан Бөкейханов (туғанына 140 жыл толуына орай) ОЙЛАР... ТОЛҒАНЫСТАР
Әлихан Бөкейханов (туғанына 140 жыл толуына орай) ОЙЛАР... ТОЛҒАНЫСТАР
…Адам баласы – нәпсінің құлы, …маңдайына тас тимей тоқталмас.
* * *
Жылап кісі сүйкімді болмақ емес. Адам болатын болсаң, өз беліңді ықшамдап өзің байла.
* * *
Адам баласы өзге хайуаннан айрылғанда, бұлардан ақылды болып, қолы шебер болып айрылады… Ақыл да, ұсталық та оқумен, істеумен жүре ұлғаяды. Дүниедегі жер билігі күннен күнге ақылды, ұста жұрт қолына ауып барады.
* * *
Талас дүние – ғұмыр сипаты; талас-тартыс жоқ болса, ғұмыр абақты болар еді.
* * *
Көкіректе сайрап тұр, қолымды заман байлап тұр.
* * *
Бұл тіршілік үлкен талас, бір бәйге: жүйрік алады, шабан қалады. Жүйріктік ақыл, ұсталық, жаһатшілікте. Еріншек-езге жол, сыбаға, мүше жоқ.
* * *
Жалпақ жұрттың көкірегінде жақсылық болмаса, жұрт жұрт боп тіршілік қылып жүрмек емес. Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса, қазақ халқы соның соңынан ерер еді.
* * *
Аз адам атқа міндім деп, қасқыр болып жұртқа шапса, бұл жұртта береке болар ма?!
* * *
Жұрт ісін түс көрмей, ояу жүріп іздену мақсат.
* * *
Тірі болсам… қазаққа қызмет қылмай қоймаймын.
* * *
Қазақ болып бас қоссақ, біз кемшілікте отырған жетім жұрт, үкіметпен екі араны сөз қылмай қоймаймыз; мұны осы күнгі газета тілінде политика дейді. Политика үкіметке таздың бөркін алғанмен бір есеп.
* * *
Жұрт ғаділ болмай, жұрт ісі ілгері баспайды. Өзін өзі қасқырына шауып отырған жұртта оқу, шеберлік болмайды.
* * *
Жұрт жұмысы үлкен Ертіс, Сыр, Еділдей өзен болса, жақсы шаруа, жақсы медресе, жақсы би, халыққа пайда ойлайтын ақсақал, болыс, ауылнай, газета, журнал, кітап шығару, басқосу осы өзен басындағы тарауы ғой. Бұл тараудың әрқайсысын бір бөлек алса, әрқайсысына өз орнында өз әлінше пайдалы ғой. Осы тараудың бәрінен су тоқталмай саулап тұрса, үлкен өзен сонда дүрілдейді ғой.
* * *
Өз тізгініңді өзің алып жүре алмай, шатақ-даудан шықпайтын бір ескі ауруың бар-ау, қазағым!.. Қылығыңды көріп іш күйеді!
* * *
Егер біз өзімізді өзіміз қорғай алмасақ, бүліншілік зорайып, қиыншылыққа айналғанда, қазақ халқы құрбан болады.
* * *
Саясат ісі мәдениет соқпағына анық түскен жұрттың саяси партиясы аз болады.
* * *
Қазақты ақ жолға саламын десең, істің астарын қарастыр, істің сырты – жауға бел көрсеткен.
* * *
Көп мақсатты иін тіресіп, тізе қосып, бір жүрсе табылады.
* * *
Жұртта бостандық, теңдік, туысқандық болған соң, жұрт бостандықты бұлданып, өз тізгінін өзі алып, қағушы, соғушы, күзетуші өлді деп, күшеюі керек еді; жұрт теңдікті бұлданып, ер-әйел, бай-кедей, мырза-бұқара, төре-қара, ақсақал-жас деп бөлмей, бәрін тең ұстау керек еді; жұрт туысқандықты бұлданып, бір туған ағайын, құда-тамыр деп, қарындас, көрші демей, барша адам баласымен ағайындық, туысқандық жолына тарту керек еді.
Бұл үш ұраннан бөлек адам баласының бақыт, махаббатына жол жоқ. Бұл жолдан шыға жайылған хайуандыққа қайтқан болады.
* * *
Қазақ-ау, оян! Мұжық көші жүріп кеткенде жұртта қалып жүрме! Мұжық көрші отырып, бостандық, құрдастық, туысқандық шарапатын пайдаланғанда, ілгері басқанда, мүйізге ұрған сиырдай шыр айналып, кейін қайтып, көрші жұртқа балаңды жалшы, малшы, құл қылып беріп, жұрағаттың обалына, Алаштың баласы, қалып жүрме!
* * *
Бостандықтың жолымен барсаңдар: бейшараны жемеуге, партияны қойып, бірігуге, бас пайдасы мен жұрт пайдасын бірдей көруге, барлық күштеріңді ғылым жолына, бостандықтың арқасымен көгеру жолына жұмсауға керек.
* * *
Қазақ жері өзінікі болып, сататын болса, біздің жұрт… біраз жылда жердің жақсысын сатып, қайқайып шыға берер еді. Құдай сақтап, біздің қазақ бұл күнге келді. Енді жер жұрт қазынасы болғаны – өз пайдасы. Біз осы себептермен біздің республикада жер сатылатын болмасын дедік.
* * *
Жер туралы көрген зорлық көп. Жер десе, дірілдемей болмайды. Сонда да жер мәселесі – негізгі өмір мәселесінің ең зоры. Жер ісін… ақылмен, сабырмен атқарған оң.
* * *
Қазақтың бұрынғы басшыларында әділдік, береке болса, бұ күнде қазақ бұл күйде болар ма еді?! Жұрттың берекесі кетуге түптен себеп болған нәрсе – қазақта бірліктің жоқтығы. Бірлік жоқтан һәр ханға еріп бытыраған, бірлік жоқтан қазақтың һәрқайсысын һәр жерде дұшманы ойбайлатқан. Бұрынғы хан болсын, билер болсын, әділдіктен жырақ болған, дәл осы күнгі атқа мінген өздеріндей. Заманы адасқан соң өздері де адасып, бұрынғы хандар мен билер өтіп кетті, ендігі тірі жүрген кісілерге де тіршілік керек. Әділдік жоқ жұртта береке, бірлік болмайды.
* * *
Енді араздық, өштік, дау, жанжал, талас, партиялық сыйыспауларды тастау керек. Көксерлік жұмыстарың – бірлік, адалдық болсын!
* * *
Құдайдан соңғы күшті нәрсе – рәсім.
* * *
Оқу-білім болса, мақсат бәрі табылады дегендей көрінеді. Бұлай болса, бұл адасқандық болады. Оқу-білім бір, оқу ұлғая білім болады. Білімнен мақсат шықпайды. Ғазазіл ұжмақтан надандықпен шыққан жоқ. Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден. Адам баласын өзіңдей жақсы көр, сүй деген мінез айтылғалы екі мың жыл болған, онан бері білім отарба, телеграм, телефон, аэроплан шығарды, жақсы мінезге тоқтаған адам аз… Көп оқыса, зейінді болса, білімді болмақ; мінезі жақсы бола ма, жаман бола ма, мұны құдай біледі. Неше түрлі залалды қазақ мінезі бұзық орысша, мұсылманша хат білгендерден көрініп тұр. Бұлар өзге қазақтан білімді; білімнен жақсы мінез шықса, бұл қалай?
* * *
«Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын алып жүре алмайды», – деген Г.Н.Потанин…
«Қазақтар» анықтамалығыныңIV томынан дайындаған –
Ахмет-ӘШIМ