«САҒЫНЫП АЛМАЙ ШЫҒУШЫ БОЛМА САПАРҒА!..»
«САҒЫНЫП АЛМАЙ ШЫҒУШЫ БОЛМА САПАРҒА!..»
Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады.
АбайАдам ойланбай өмір сүре алмайды. Өйткені, ой кешу арқылы өміріңе тұжырым жасайсың. Иә, ойлану арқылы жан-дүниеңді тазартасың, санаңа сілкініс әкелесің.
* * *Иә, мынау мазасыз өмірде ойсыз күн өткізу мүмкін емес. Қуанышта да, қайғыда да ғажайып әсер қалдырған шуақты сәттерде де ақылына жүгініп, өз ойын өрістете түседі. Қысқасы адам үнемі ой үстінде.
Дана Абайдың сөзі ойға оралады: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады».
Адамды іздеп жолға шығу қандай ғажап десеңізші?! Iздеу… Ал, адамды іздеудің, сағынышты, ізгілікті көңіліңмен іздеудің қашанда орны бөлек қой. Iздемеу, ойламау, сағынбау адамдық тұлғаны пенделік бейшараға айналдырып жібермей ме? Әсіресе мынау нарық кезінде адамдар әлемінің рухани байлығынан гөрі, материалдық дүниесі қымбаттап бара жатқандай. Пенде біткен адам іздеудің емес, ақша іздеудің соңына түсіп кеткені жасырын да емес. Кейде мынау дүниені алу мен сатуды ғана ойлайтын базар жаулап алған секілді көрінеді. Ақын Төлегеннің өлеңі ойға оралады: – Қажет жерінде қатыгездік пен қаталдық керек десек те, Адамның заңғар ұлылығын сен сағынышымен есепте. Онсыз сен тіпті тұлпар да болсаң қосыла алмайсың қатарға, Әуелі әбден сағынып алмай шығушы болма сапарға. «Сағынып алмай шығушы болма сапарға!». Сағыныш деген өзгеше бір дүние ғой. …Иә, бәрі сол еліміздің тәуелсіздігінен кейінгі қарбаластан басталды. Уақыт жетпей жанталасып жатқан шақта Астанадағы балаларым оқитын №35 мектеп-лицейдің мұғалімдер ұжымынан шақырту келді. Директоры Айтжан Iлиясқызы: – Ата-ана ретінде көмегіңіз керек. Біздің мектеп бұрын таза орыс мектебі болатын. Астана болып, қазақ сыныптары көптеп ашылып, аралас мектеп боп ұлғайып қалдық. Оның үстіне бізде қазір қазақ тілі апталығы жүріп жатыр. Бұл қазақ тілі мұғалімдерінің де өтініші, сізбен қаламгер ретінде кездесу өткізсек деп едік, – дегені. Бір жағы уақыт табу қиын, бір жағы жоқ деп айту одан да қиын. Қазақтың қасиетті тілі үшін не де болса нартәуекел! Ешқандай дайындықсыз қалай болар екен деген уайым одан басым. Белгіленген күні кездесуге Семейден бір топ адамдар сау ете қалды. Қобызшы да, әнші де, домбырашы да… бәрі бар. Бәрі Семей мемлекеттік пединститутынан. Осынау топты басқарып жүрген музыка кафедрасының аға оқытушысы Оразғали Сейітқазы: – Сіздің шығармашылық кешіңіз болады деп арнайы келдік, – дейді. Тәуелсіздік туралы тебіреністі сөзден, оқылған өлеңнен кейін қазақ халқының қасиетті домбырасы, қобызы күмбірлеп төгіле жөнелгенде жас ұрпақ өкілдеріне шынайы әсер етті. Әсіресе, «Көк тудың желбірегені» әні өте жақсы қабылданды. Шын мәнінде кештің сәнін келтіріп, құлпыртып жіберді. Арасында менің әндерімді де орындап, өзімді қуанышқа кенелтті. Кездесу мектеп мұғалімдерінің де, оқушыларының да көңілінен шықты. Қобызшы, сазгер Оразғалимен қоштасарда сонау Семейден арнайы жіберген ректорына риза болып, «Адам іздеп жүрмін» атты кітабымды сыйға тарттым. «Адамдығы мен адамгершілігі жоғары, жаны таза, Абай мен Шәкәрімнің туын биік көтеріп жүрген замандасым Ерлан Батташұлына ізгілікті көңілмен қашанда жақсылық пен қуаныш, өмір мен денсаулық тілеуші Адам іздеп жүрген жан» – деп қолтаңба қойып, 16 қараша, 2001 жыл – деп сол күнді жаздым. Бір күні жұмыста отырғанмын. Жылы жүзді жайдары жігіт жымиып кірді. Бір соншалықты жақын адамым сияқты. – Ерланмын, Семейденмін… – Охо! Ереке, амансыз ба? Орнымнан атып тұрдым. Екі құшақ айқаса кетті. Бір-бірімізді алғаш көріп тұрсақ та, бейне бір көп жылдардан кейін енді жолығып, қайта табысып жатқандаймыз. Мұндай да құдірет болады екен-ау! Бірін бірі көрмеген адамдардың алғашқы кездескен сәттен-ақ туыстай болып кетуі таң қаларлық жағдай. Туыстай болу – тілеулестіктің арқасы шығар. Иә, жақын еткен – жан-дүниеңнің жақындығы, туыстығы деп білемін. Ерланның сабырлы, жақын тартып сөйлеген сөзі жоғалғаның табылғандай, іздегенің келгендей. Сұлтан атамның «Жақсы күнің келер күнге азық» дегеніндей, сол күнім естен шыға қоймас. Ерлан қоштасарда Семейге қонаққа шақырды. Содан жайдары мінезді Ерланмен достасып кеттік. Өзіндік әсер алған Оразғали сазгер де бір күні қобызбен күй шығарыпты. Атын қоюды маған жүктеді. – Ореке, бұл күйдің аты «Кездесу» болсыншы, – дедім бірден. Өйткені Оразғалимен де, Ерланмен де осылай ойда жоқта кездестік қой! Кейіннен бұл күй газет бетіне нотасымен берілді. Сонда Ерлан екеуміздің достығымызды атап, «Алматы ақшамы» газетінде жарияланған «Достыққа ұластырған күй құдіреті» деген шағын мақалада: «Бұл шын мәнінде ізгілік пен ниеттестіктің, жақсылық пен тілеулестіктің, сенім мен үміттің, шабыт пен шаттықтың… ең соңында екі достың кездесуі еді», – деп жазылуы бекер емес еді. Ерланның Астанаға әрбір келгенінде немесе жанға жақын күмбір қаққан қоңыр даусын естігенде, өмірдің керемет екеніне көзің жете түскендей. Жолыққан сайын шаттанып, қуанып қалатынымыз, әдемі сезімді бастан өткеретініміз жасырын емес. Сағыныш – шын мәнінде сиқырлы әлем ғой, жаныңды көріктендіріп, аялай түседі. Мені өзіне қарай алып ұшқызған Ерекеңнің кісілігі мен кішілігі, жақын тартқан адалдығы, абзалдығы мен адамдығы еді. Арада өткен төрт жылда Ерекең Семейге қаншама рет шақырса да әйтеуір жол түспей қойған еді. Енді, міне, реті келіп, жол ашылып, ұшақпен ұшып келемін… Достым, ашық-жарқын пейілің, адамдық ықыласың, ізгілікті ізетің, адамдық қасиетіңнің жолы биік мен үшін. Көз алдымда мейірім шашқан сенің шапағатты бейнең. «өмірде адамдардың ізгілігінен, адамдығынан артық ештеңе жоқ қой. Білім дегеніміздің өзі мен үшін адам бойындағы ізгілік пен парасат» – деген сөзің көкейімнен кетпейді. Иә, достық деген шынайы сезім ғой. Мерейіңді тасытып, абыройыңды арттырып, жаныңа бір жылылық сәулесін себетін құдіретті күш емес пе?! Достық – адамдарға нұр сыйлайтын, көңілге қымбат сыр сыйлайтын өмірге деген махаббаттың өзегі емес пе?! Кешегі Исатай мен Махамбеттің, Баубек пен Мұқанның, Төлеген мен Мұхтардың достықтары ойларының, ниеттерінің осылай бір болуынан басталған шығар? Өткеннен тағлым-тәрбие аласың. Бүгінгі нарықтық заманы сондай шынайы достықтарды тежегенімен, тоқтата алмас. Қай заман болсын өзіне лайық перзенттерін, адал азаматтарын өмірге әкеле білгеніне тарих куә. … Көкте қалықтаған ұшақ әуежайға қонуға асығып келеді. Қар жауып тұр. Ұшақ терезесінен досымның бейнесі көрінеді. Траптан қарсы алған оның жарқын жүзі түнеріп тұрған аспанды да ашып жібергендей. Қайта Семей қаласы қонақкәде жасап, бейне бір сыйлық ұсынып, нұр сыйлағандай әсер етті. Достық пейілінен жаңағы ақ қардай еріп, дүние түгел, айналаның бәрі сұлуланып кеткендей күй кешесің. * * *Армысың, ұлылардың елі – қасиетті Семейім! Армысың ұлы Абайды дүниеге әкелген, табанының, өмірінің өшпес ізі қалған, қазақ деген халықтың даналығын паш еткен жер! Армысың ардақты Шәкәрім мен Мұхтарды сыйлаған киелі Шыңғыстау!
Дана Абайдың басына тағзым ету әрбір қазақтың парызы екені анық. Қатпар-қатпар жоталар құпиясын ішке бүгіп жатқан мидай дала. Қарт Шыңғыстау осынау ұлылар мекені атанған жерді сақтап тұрған қас батырдай тілеулестікпен қарайтындай. Ақынның тұрған жері, бөлмесі … күнделікті тұтынған заттары … бәрі-бәрі тура жаңа ғана Абай бір жаққа сапарға шығып кеткендей әсер қалдырады. Қазақтың атын шығарған жерді жақсы көрмеу мүмкін емес! Ал Абай жері әрбір қазақтың жүрегін толғандыруы тиіс. Қасиеттілік пен тектіліктің туын көтерген, даналық пен даралықты сездірген, ұлылық пен кісілікті мойындатқан киелі мекен жан-дүниемді биіктікке көтеріп жібергендей. Мына самал желі бетіңнен өбіп тұрған, кең құшағын сездірген ғажайып көрініс аңқылдаған дала мінезін танытқандай. Әрбір жері, әрбір қыры мен сайы тарих! Мына даланың өзі бейне бір мұражайдай емес пе?! Бәрі сол күйі сақталғандай. Мына даланың өзі Абай даналығын аңғартқандай. Әрбір тарихи атау ойшылдың «білгені, көргені көп адам білімді болады» дегенін еріксіз есіңе түсіретіндей. Абай тағлымы – қазақ халқының қанып ішер рухани сусыны. Абайдың нәрі – өмірдің мәні, қазақтың жаны. Абай дүниесі ұлтымыздың рухын көтеріп, жанын қанаттандыратын күш. Ал Мұхтар Әуезов осынау мәңгілік мұраны бүгінгі күнге жеткізушісі. Шәкәрім шабыттың шалқар көліндей, қазынаның таусылмас кеніндей. …1974 жылы 14 мамырда Абай ауданына Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А. Қонаев келеді. Республика басшысына Ерлан досымның әкесі, қазақ тілінің, ел мен жердің, тарихтың жанашыры, сол кездегі Абай ауданы партия комитетінің екінші хатшысы Бәтташ Сыдықұлы Еңлік – Кебек ескерткішінің басында тұрып Абай елін былайша таныстырады: – Көнеден қалған көзі көп, Абайдан қалған сөзі көп. Сыр Сандықтай құзы бар, Батырлардың ізі бар – Абай ауылы – шежіреге кең ауыл, Абай жұрты – мол мұралы, сырлы жұрт. Бір сәтке төңірекке көз жүгіртіңізші: – Сонау Қоңыр жотаны Қалқаманның қасы ма деп қаласыз, Ағып жатқан бұлақты Мамырдың көз жасы ма деп қаласыз. Селдіреп тұрған селеуді Еңлік қыздың шашы ма деп қаласыз. Жазықта жатқан жалғыз тасты Ер Кебектің басы ма деп қаласыз – деп ақынжанды жүрегімен ағынан ақтарылып, тарихтан сыр шерткенін әлі күнге дейін жұрт жыр қылып айтады. Бәтташ ағаның азан шақырып қойған аты Әбділфаттах екен. Құран кітаптан қойылған ғой. Қазақшалағанда «абду» – құл, «фаттах» – жеңімпаз, игілік беруші деген сөз. Сонда «игілік берушінің құлы» деген мағына береді. Ал Бәтташ ағамыздың атына заты сай екендігі сөзсіз. Оны талай сындарда дәлелдей білгені бөлек әңгіме «Ерлан» деген есім де тегін емес-ау. Нәресте дүниеге келіп аты қойылған кезде, оның өмірімен байланысып жатады екен. Ерлан – ерлікке, батырлыққа, батылдыққа кенел деген ұғымды білдіреді. Сондықтан да ерлікке толы істері өмірінде аз болған жоқ. Кейбіреулер сияқты жалтақтамай турасын тура деп айтқанды жөн көреді. Ұлт, тіл мүддесіне қатысты ойларын тайсақтамай батыл жеткізеді. Ерланның өзі де тарихшы ғой. Көненің көзіне, өткеннің ізіне әрдайым құрметпен қарайды. Тарихтың терең қойнауына бүгінгі күн зердесімен, ыждахаттылықпен мән беріп, зер сала біледі. – Абайды тану арқылы қазақты тани түсесің. Абай әлемі – шексіз әлем. Мынау тарихи Абай жері бүгінгі күнге Абай боп үн қатып тұрғандай, – дейді Ерлан. Арамыздағы әңгіме таусылар емес. Әрбір нәрсеге мән беріп, терең жеткізіп сөйлейді. Тарих дегеніміз тау мен дала ғана емес, өткенді ой елегінен өткізе білген, өз мұрасын бүгінгі күнге жеткізе білген адамның өзі емес пе?! Ол туған жерін – ұлылар мекенін жанындай сүйеді. Мұнда әрбір жердің өзіндік атауы, өзіндік тарихы бар. Тарихшылықты қалап алуы да осыдан болар, бәлкім? Менің ойымша, осы өңірде туған перзенттің бәрі тарихшы секілді. Өйткені, жүрген-тұрғанының бәрі тарихпен сабақтасын жатқан жоқ па? Өйткені, өткенге деген құрмет жауапкершілігі осыған жүктейді. Ерлан бүгінде тарих ғылымының докторы, профессор, Семей мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі. Ерінбей еңбек еткен жұмысының нәтижесі, ізденген маңдай тердің көрінісі! 70 жылдық тарихы бар бұл оқу орны 40 мыңнан астам маман даярлап шығарыпты. Институт республикадағы беделді білім ордаларының бірі. Ерлан Бәтташұлының ұйымдастырушылық, қайраткерлік қабілетінің арқасында халықаралық байланыс нығаюда. Мәселен, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімшесі, Томск мемлекеттік университеті, Томск политехникалық университеттерімен және т.б. ұзақ мерзімдік ынтымақтастық орнатқан. Институт оқытушылары АҚШ, Германия, Венгрия т.б. елдерде жыл сайын ғылыми тәжірибеден өтуде. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді ұмытпа», – деген қағиданы естен шығармайды. Қазақ тілінің мәртебесі үшін күресуден танбайды. Шетте жүрген қазақ бауырларға қамқор болудан қашпайды, қайта қол ұшын созуға құмар. Әсіресе Ресейдің таулы Алтай Республикасы Қосағаш аудандық қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің біліктілігін көтеріп, сол аудандардағы қазақ мектептерін оқулықтармен, оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ете білуі нағыз азаматтықтың көрінісі емес пе?! – Адамдық борыш, ат үшін Барша азамат қамы үшін. Серт бергем еңбек етем деп, Алдағы атар таң үшін, – деп Шәкәрім бабасы айтқандай, адамдық борышты өтеу үшін Ерлан өзіне өзі серт бергендей. Институт жанынан құрылған Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталығы ғұлама ойшылдың 150 жылдығы қарсаңында мұрасын жинақтау, зерттеу және насихаттау мәселелерімен жан-жақты шұғылдануда. Шетелдік ғалымдар назарын аударған «Шәкәрім» атты ғылыми-педагогикалық журналдың қазақ, орыс, ағылшын тілінде шығуы да осы бағыттағы жұмыстың бір тармағы ғана. Бұл журналдың бас редакторы да Ерланның өзі! Бұдан бөлек М. Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер орталығының, «Шыңғыстау» археологиялық экспедициясының атқарған еңбектері ауыз толтырып айтарлықтай. Сондай-ақ, институтта елімізге танымал ақындар мектебін қалыптастыра білуі де оңай шаруа емес. Мәселен, Ринат Зайытов, Қарлығаш Әубәкірова, Сара Тоқтамысова секілді белгілі студент айтыскер ақындар қазірдің өзінде ел мақтанышына айналуда. Спорт саласында да өткізілетін 72 жоғарғы оқу орны арасындағы жыл сайын жарыстарда Семей пединституты алдыңғы орындарды иеленіп келеді. Афина Олимпиадасына грек-рим күресінен қатысқан Нұрлан Қойжайғанов, дзюдо күресінен Азия біріншілігінің күміс жүлдегері Айдар Қабимоллаев, самбо күресінен әлем чемпионы Қайрат Құнсафин осы институт түлектері. Ерлан, сенің шаршау дегенді білмейтін қасиетіңе қайран қалам. Күндіз-түні мазасыз күй кешесің. Алдыңа келген адамның өтінішін аяқсыз қалдырмауға тырысасың. Ғылым, білім, өнер, спорт саласына қатысты мәселелерге күш саласың. Шығыс Қазақстан облыстық маслихатының депутаты ретінде көкейкесті мәселелерді көтеріп қана қоймай, оның шешілуіне тер төгесің. Жақсы нәрсе көрсең оны іске асыруға атсалысасың. Бір істі бастасаң аяғына дейін жеткізбей қоймайсың. Бұл ата-ананың тәрбиесінен дарыған қасиет екені сөзсіз. Бұл «Алма ағашынан алма алысқа түспейтінінің» көрінісі. Екеуміз «ұқсаспыз» – дейсің жымиып. Сендей асыл азаматқа ұқсаудың өзі мақтаныш деп білемін. Сенің болмысың, адамдығың, жақсылығың шын мәнінде сүйсінтеді, қуантады, шаттандырады. Екеуміздің арамыздағы ұқсастықты үш жүздің басы қосылған киелі Ордабасы мен қасиетті Шыңғыстау тауларынан іздейсің. Менің туған жерім Бөржар мен өзіңнің атамекенің Бөрліден іздейсің. Тағы бір қыры Абай атындағы мектеп бітіргенімізбен байланыстырасың, мұғалімдік мамандықты таңдағанымызды, ұстаздар отбасынан шыққанымызды айтасың. Бұған қоса екеуіміз де үйдегі перзенттердің үлкеніміз. Ал үлкенге жүктелер жауапкершілік қашанда аз емес екені белгілі. Бәрі ұстаздар отбасы атанған Ерланның ата-анасы Бәтташ аға мен Үміт жеңгенің өнегесінен бастау алады. Мен барғанда бұл кісілер ауруханада екен. Ерлан екеуміз арнайы кіріп шықтық. – Егеменді ел болып нық тұрам деп, Қазақ тілінің жауларын ықтырам деп, Қақсап жүрген қара шалдың бірімін, Қазаққа қазақ тілін ұқтырам, – деп жайдары мінезімен қарсы алды Бәтташ Сыдықұлы ағамыз. Қасиетті кісінің бойындағы адамды жатырқамайтын, алмас қылыштай тот баспайтын жарқын көңілі мерейімізді көтеріп жіберді. Бір көргеннен-ақ күндей шуағын шашып, мейірімін төге тіл қатты. Қазақтың қара өлеңіндегі «Жақсымен өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей» деген сияқты Бәтташ аға тамыры тереңде жатқан алып бәйтеректі елестетті. – Айналайын Әкім, Ерланның «Семей таңына» жазған «Дос туралы үзік сырын» оқып шықтым. Өте дұрыс. Біз қолдаймыз! Адамның өзгені құрметтегені – өзін құрметтегені деп білемін. Қарт Шыңғыстаудай орны бар ағаның «Достықтарың мәңгілік болсын!» – деп берген батасы жан дүниеме жылылық сыйлай түсті. Алыстың жақындағаны, жақынның туыс болғандығынан не артық бар? Семей өңірінің тарихын білген сайын жаныма жақын бола түскені анық. өзіңді құрметтейтін, бағалайтын Нұрлан Омаров, Арап Еспенбетов, Тұрсынғали Айкелұлы, Еркін Райымбек, Асқар Ақшаев, Ерғали Есенжолов, Бекен Нұрахметов, Мұратбек Оспанов, Мұратбек Кенемолдин және т.б. жандардың өзіңе деген ықылас – пейілін көріп қанаттандым. «Азаматын көріп, елді таны» деген осы емес пе?! Семей аз ғана уақытта маған қымбат өңірге айналды. Семей шын мәнінде алаштың ардақтысы, қазақтың сүйікті жері екенін көрсетті. Семей – тарихтың туы тігілген өңір десем артық айтқандық емес. Шыңғыстау, Орда, Архат, Құнанбайдың Ақшоқысы, Қасқабұлақ, Ералы жазығы, Еңлік-Кебек ескерткіші… Дулат Бабатайұлы күмбезі, Мұхтар Әуезов, Шәкір Әбенов мұражайы бәрі бәрі көкірегімде сайрап тұр. Жүрекадырдағы Ақтамберді кесенесі адамға рух сыйлағандай әсер етті. Жырау бабамыз: – Ағайының көп болса, Ұлы шерік қолмен тең. Білімді туған жақсылар Аз да болса көппен тең. Жақсысы кеткен ауылдың Артынан жақсы шықпаса, өртеніп кеткен жермен тең. Қайырлы болса баяжан Дария шалқар көлмен тең, – деп тебіреніп тұрғандай. Мұның бәрі досым сенің арқаң, Ерлан Бәтташұлы! Маған қымбат есім бұл. Ашық-жарқын мінезі, адамдық қасиеті, елгезектігі соншалықты жақын, соншалықты қымбат. Шындығында өмір дәптердің парағы осынау күндері ғажайып сәттерге толып жатты. өйткені көңілге түйген, сезінген, мән мен мағынасы артқан бұл сағаттарды ұмыту мүмкін емес! Ерланмен кездескен кезең зейін мен зерденің ағытылған, көкірек көздің күмбірлей ашылған сәттеріне айналды. Өмірді сүю – адамды сүюден басталмай ма? Сыр өңірінің атақты күріш өсірушісі, әйгілі диқан Ыбырай Жақаев «өмір бір-ақ рет беріледі. Сондықтан әр күніңді ардақта, әр мезетіңнің құнын біл» – деп өсиет етіп кетіпті. Қайтатын кезең жақындаған сайын мазасыз күй басылар емес. Алғашқы күн жауған қар түгелдей еріп кеткен. Қайта күн жылына түскендей ме қалай? Иә, бәрі көңілдегі көктемнің арқасы. Шырындай алтын жарыңның арқасы. «Өзі тамаша адамның ғашық жары да тамаша болуы тиіс» — деген екен шығыс шайыры Әлішер Науаи. Осынау бағаға лайықты қасиетті Шырынның бойынан көреміз. Еркек – үйдің тірегі болса, әйел – соғып тұрған жүрегі емес пе? Қашанда Ерланның алдынан күліп шығып, ашық қабағын, ізгілікті көңілін ұсынып тұратын Шырынды көргенде осынау сөздің шындығына көз жеткізесіз. Шығыстың әлемге мәшһүр жеті ғашығының бірі атанған Фархад – Шырын екені көзі қарақты жанға мәлім. Ал Семей өңірінде Ерлан мен Шырынның махаббаты да бір дастанға тұрарлық. Екеуінің де ата-аналары дос болып өскен, жақын араласқан жандар. Ата-ана тәрбиесін жанына серік еткен Ерлан мен Шырын махаббатына, өзара сыйластығына, құрметтеуіне, бір-бірін тез түсіне қоюына қарап сүйсінесің. Осынау қамқорлығы мен жарастығы, инабаттылық пен ибалығы балаларының бойында да қалыптасты. Ерлан мен Шырын екі немеренің атасы мен әжесі. Бір отбасындағылардың бірі – тарих ғылымының докторы болса, бірі – саясаттану ғылымының докторы. Екеуі де ректор. Шырын Асылханқызы Семейдегі гуманитарлық заң университетінің ректоры. Жай ғана ректор емес, іскерлігімен танылған басшы, ұлағатты ұстаз. Үйде адал жар, аяулы ана. … Семей мен Астананың бағытында ұшқан ұшақта тағы да ой құшағында келемін. Осыдан бір сағат бұрын өзіңнің жұмыс бөлмеңде оқыған өлең жолдары еске түседі. Жүрегіңде Шәкәрімнің жыр әні, Мойыныңда үмітіңнің тұмары. Қалықтай бер қанатыңды кең жайып, Ұлы Абайдың қыран мінез ұланы! Көкіректе көмкеріліп Арман-үн, Ұлыларға ұқсап кетер самғауың, Елдік жүгін арқалаған ер едің, Мейірімі түсе берсін Алланың! Елбасы Жарлығымен «Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қайраткері» атағын иеленуің де, Білім академиясының академигі атануың да маңдай термен еткен еңбегіңнің жемісі екені айдан ақиқат. Міне еңселі елу жасың да жетіп, бәрімізді қуанышқа бөлеудесің. Ата тағлымын алған, бойына сіңірген тіректі тұлға өзіңді қасиетті Шыңғыстауың, бабалар рухы қолдай берсін дегім келеді. * * *Өмір қандай керемет! Жақсы адамды жолықтырсаң, бір-біріңе тілеулес болсаң осылай сезілетіні анық. Ал іздеген адамыңды кездестірсең ше? Көңілің көктемге айналып, жаның жаз қуанышқа кенелмей ме? Мен осындай сәтті бастан өткердім.
МЕН IЗДЕГЕН АДАМ – Семей өңірінің адал перзенті, бабалар жолын жалғаған Абай атасындай өмірін білімге, ғылымға арнаған Ерлан Бәтташұлы, досым сенсің! Әкім Ысқақ, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бас инспекторы