Орынтақтар сықырлай бастады Жылқышиев кадрлық ауыс-түйістер жасап жатыр
Орынтақтар сықырлай бастады Жылқышиев кадрлық ауыс-түйістер жасап жатыр
Шен-шекпенді, атақ пен мансапты, жылы креслоны әкесінен қалған мұрадай көретін шенеуніктер арамызда жоқ емес. Дегенмен жылы креслода отырған оңтүстіктегі шенеуніктердің күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылғаны рас. Бүгінде бірі қуанып, бірі түнеріп жатқаны да жасырын емес. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Болат Жылқышиев қысқа еңбек демалысынан келе сала жайлы креслосында жайбарақат отырған шенеуніктерді бір дүрліктірді.
Билік басында отырған кадрлардың арасында ауыс-түйістер жасауға көшті. Облыс әкімі Жылқышиевтің бұл қадамын өте орынды, құптарлық іс деп бағалауға болады. Әкім облысты басқарған біраз жыл ішінде айналасындағы кадрлардың іскерлік қабілетіне, саяси ой-өрісіне нақты көз жеткізсе керек. Бұл қадамдар ақыл таразысына салынып, ой елегінен өткізіліп барып жасалынып жатқаны рас.
«Түркістан» газеті кезінде әкім орынбасарларының орынтақтары сықырлай бастағаны туралы жазған еді. Шулы оқиғалармен баспасөзде есте қалған Бақытжан Әшірбаевтан кейін «Ақ үйдің» тағы бір орынбасары Әли Бектаев басқа қызметке ауысуына байланысты орынтағын босатты.
Түркістанды түрлендіріп, Сайрам ауданында жемісті қызмет атқарған Өмірзақ Әмет Шымкент қаласына әкім болып тағайындалды. Әметтің шымқаланы басқаратыны туралы әңгіме осыдан үш-төрт жыл бұрын гу-гу әңгімеге арқау болған еді. Ақыры шындыққа айналды. Бүгінде шырайы кеткен Шымкенттің сан-алуан проблемасын Өмірзақ Әмет шешуге тырысатыны рас. Ол әкім болған жерінде жаңалыққа жаны құмар, сан-алуан іс-шаралардың ұйытқысы болып, ел еңсесін көтеріп жүрген азамат. Сондықтан Әметтің Шымкент қаласының көп проблемасын іс жүзінде шеше алатынына сенімдеміз. Ал, «енді Өмірзақ Әметтің орынтағына кім барады?» деген жұмбақтың да түйіні шешілді. Сан-алуан азаматтардың бұл орынтақтан дәмелі болғаны рас. Әр-түрлі болжамдар да айтылды. Өйткені оңтүстік өңірдегі ең халық көп шоғырланған, қалаға бір табан жақын абыройлы ауданды басқаруға кім-кімнің де таласы бар. Жылқышиев бұл өңірге ең іскер, ең адал кадрлардың бірін жіберді. Бұл орынтаққа Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Әуелхан Елтайұлы Тұрғымбеков тағайындалды. Бұл азамат әкімшілік жүйеде де, саяси билікте де ысылған кадр. Мамандығы — инженер-механик, инженер-экономист. Әлеуметтік жағдайын көтеруге тәжірибесі де, іскерлік қабілетті де жетеді. Ең бастысы бұл кадр өте принципшіл, қарапайым, талапшыл, жомарт жүректі елге сыйлы азамат деп естиміз.
Шардараның шуын баса алмаған әкім А.Ахметов қызметінен босап, оның орынтағына Түркістанның түлегі, журналистердің жанашыры, ауыл шаруашылығы саласының нағыз білгір маманы, идеолог, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары болып ұзақ жыл істеген Серікбай Ибадуллаев әкім болып тағайындалды. Жылқышиевтің бұл кадрлық таңдауы да ел көңілінен шықты. Облыс әкімі Жылқышиевтің өзі жұрт бас қосқан активте сөйлеген сөзінде әкімдік қызметке кәсіпкерліктен емес, елмен етене араласқан, орынбасарлық тақта ұзақ отырып, елдің мұң-мұқтажын білетін осындай азаматты өсіргеніне шын қуанышты екенін жасырмады. Оңтүстікте орынбасарлардың біріншінің орынтағына отыра беретіні сирек құбылыс. Дегенмен бір орынбасар орынтаққа мықтап отырды. Бұл құптарлық жәйт. Орынбасар болып көп игі ойларын жүзеге асыра алмай жүрген Ибадуллаевқа ел үшін аянбай еңбек ететін мүмкіндік туды.
Түркістан қаласын басқарған Мұхит Әлиев өзінің туған өлкесі Төле би ауданына әкім болып барды. Иманжүзді азаматтың Түркістанда аяқтай алмаған ой-жоспарларын таулы өлкеде жүзеге асыратын болар. Бұл орынтақта отырған ұзақ жыл абыройлы ел басқарған, қарапайым мінезінен айнымайтын Б.Жылқышиев Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппарат басшысы болып өсіп кетті.
Оңтүстік өңірде оқу-тәрбие саласындағы былықтармен аяусыз күрес жүргіземін деп, «таяқ» жеуден көз ашпаған. «Комиссар Катани» атанған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, нағыз қазақтың патриоты Жолдасбек Күздеубаев облыстық мәдениет басқармасының бастығы болып тағайындалды. Әрине бұл азаматқа облыс әкімі орынбасарының орынтағы да лайықты еді, мүмкін болашақта бұл қызмет те Жолдасбек Күздеубаевқа бұйырып қалар. Өмір бүгінмен тоқтамайды. Оған біз де тілектеспіз. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына белгілі сәулетші Ғабит Садырбаев келді. Шымкент қаласы қазіргі заманауи талаптармен абатанады деген үміт бар. Оңтүстік Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары департаментінің директорлығына Полат Бейсебеков тағайындалды. Оңтүстіктегі ойқы-шойқы, жаза-жаза жауыр, айта-айта ауыз ауырған проблеманы Бейсебеков шешетін болар. Киелі Қазығұрт ауданын басқарған Әбдімүтәлі Көбеевтің орнына әкім болып, қалада үлкен лауазымдық қызмет атқарған Нұрлан Әжіметов келді.
ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінде департамент директоры қызметінде болған Мұқан Сағындықов Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Қала әкімі болған Ғ.Жұмжаев та осындай орынбасарлық таққа отырды.
Оңтүстікте кадрлық ауыс-түйістер тоқтаусыз жүріп жатыр. Iскер кадрлар шетке ысырылмай ел тізгінін қолға алса құптарлық іс. Енді кім тақ ауыстырар екен?!.
Балтабек ТYЙЕТАЕВ