Жаңалықтар

АҚШ-ТЫҢ ҚҰПИЯ ТҮРМЕЛЕРІ

ашық дереккөзі

АҚШ-ТЫҢ ҚҰПИЯ ТҮРМЕЛЕРІ

Демократиялық құндылықтарды бірінші кезекке қоятын АҚШ-қа адамдарды аяусыз азапқа салатын құпия түрмелер не үшін қажет болды? Рас, америкалық арнаулы қызметтің жабық орталықтары туралы туындаған дау әзір шешімін тапқан жоқ. Бірақ еуропалық шенеуніктер де, тіпті, «бал ашуға» құмар халықаралық сарапшылардың кейбір «желауыздылары» да Құрама Штаттар үкіметіне тағылып отырған айып расталған жағдайда бүкіл әлем мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың қай бағытқа қарай бұрылатынын тап басып айта алмай отыр.

«Еуропалық үкіметтер шындықты айтпайды»

Былтыр қазан айында көптеген үкіметтік емес ұйымдар Еуропалық Одаққа мүше елдерде лаңкестікке қатысы бар адамдарды жазаға тартатын құпия түрмелердің бар екендігін және сол түрмелерде қамауға алынғандардың аяусыз азапталынатынын айтып, дабыл қаққан еді. Шығысеуропалық елдердегі АҚШ-тың құпия түрмелері туралы сыбыс шығысымен-ақ, ЕК еуропалық кеңістікте тергеу жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді. 2005 жылдың желтоқсанында Еуропарламенттің депутаттары «мұндай құпия түрмелер Румыния, Польша мен Болгарияда болуы мүмкін» деген болжам айтқан. Брюссельде арнайы баспасөз мәслихатын өткізген Еуропарламенттің өкілі Ричард Фридман: «Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттерде зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін барлық жағдайлар жасалатын болады. Ол үшін арнайы Еуропарламент мүшелерінен комиссия құрылды» деп мәлімдеді. 48 депутаттан құрылған парламенттік комиссияға 4 ай ішінде «лаңкестік әрекеттерге қатысы бар» деп айтыпталған азаматтарды заңсыз жазаға тартатын америкалық жабық орталықтардың бар-жоғын анықтау міндеттелді. «Ақ Үйдің парламенттік комиссияға ықпал етуі мүмкін бе?» деген сауалға Фридман: «Меніңше, бұл күмәнділеу. АҚШ үкіметі оқиғаға қалай қатысатынын өзі шешуі тиіс» деді. Еуроодақ өкілі Фризо Роскам Аббинг ЕО-ға мүше 25 мемлекеттің үкіметтерінен аталған іске байланысты бейресми түрде жауаптар алынатындығын хабарлаған. Алайда Еуропалық Кеңес Парламенттік ассамблеясының саяси комиссиясында баяндама жасаған швейцариялық парламентарий Дик Марти АҚШ-қа тағылған айыптың шындыққа жанасатынын, бірақ нақты дерек жинауда еуропалық елдердің үкіметтері аса құлшынып отырмағанын қынжыла жеткізді: «Көптеген елдердің үкіметтері құпия түрмелер туралы айтудан ат-тондарын ала қашады». Айтпақшы, 2006 жылдың 9 қаңтарында Швейцария барлау қызметі Египеттің Сыртқы істер министрлігінің Лондондағы египеттік елшілікке жіберген факсын қолға түсірді. Онда Еуропа аумағында (Украина, Румыния, Болгария, Македония мен Косовода) америкалық ОББ құпия түрмелерінің бар екендігі расталған. Швейцариялық барлаудың баяндамасына сүйенген «Le Temps» газетінің хабарлауынша, министрліктен жіберілген факста 2005 жылдың 21-22 қыркүйегінде румындық Констанца қаласына жақын жердегі «Михаил Когалничеану» әскери базасында Ирак пен Ауғанстанның 23 азаматынан жауап алынғаны айтылған. Мартидің пікірінше, Еуропалық Кеңеске мүше елдердегі заңнамалардың жалпыеуропалық заңға сәйкестігін қадағалайтын Венециандық комиссия сараптама жасау керек. Яғни Венециандық комиссия Еуропалық Кеңеске мүше мемлекеттердің әуе кеңістігі арқылы заңсыз тұтқынға алынған азаматтарды алып өтілген-өтілмегені туралы мәлімет беруі тиіс.

«Тұтқындарды азаптауды Буш әкімшілігі қолдаған»…

ОББ түрмелерінің Еуропада болуы мүмкін екендігі туралы алғашқы хабар былтыр жариялана бастаған. АҚШ пен өзге елдердің ресми тұлғаларының деректеріне сүйенген «Washіngton Post» осыдан 4 жыл бұрын америкалық ОББ шет мемлекеттерде құпия түрмелер жүйесінің іске қосылғанын хабарлады. Басылымның хабарлауынша, бұл түрмелерде «әл-Каидамен» байланысы бар деген күдікпен тұтқынға түскен 30-дан астам азамат аяусыз азапталынған көрінеді. Газеттің деректеріне сүйенсек, ОББ-ның құпия түрмелері Ауғанстан, Таиланд пен Шығыс Еуропаның бірқатар елдерінде (ұзын саны 8 мемлекетте) орналасқан. Бұл түрмелер америкалық арнаулы қызмет өкілдеріне тергеу жұмыстары барысында АҚШ территориясында қолдануға тыйым салынған әрекеттерді оңай жүзеге асыруға мүмкіндік береді. «Human Rіghts Watch» құқық қорғау ұйымының вашингтондық бөлімінің басшысы Том Малиновски азаматтарды аяусыз қорлайтын қапастардың Польша мен Румынияның аумағында салынғанын мәлімдеді. Польша үкіметі «Лаңкестерге арналған америкалық түрмелер Польшада жоқ» деп тағылған айыпты теріске шығарғанмен, тергеу жұмыстары басталып кетті. Былтыр жыл соңына қарай ОББ-ның ең басты құпия түрмесі поляктар жерінде орналасқаны туралы мақала жариялаған «Gazeta Wyborcza» (Польша) басылымында «Human Rіghts Watch» ұйымының әскери сарапшысы Марк Гарласко ОББ-ның лаңкестікке қатысы бар деп айыпталған 24 тұтқыны Польшадағы түрмеде қамауда болғанын айтады. Ал осы газетке сұхбат берген ОББ-ның бұрынғы офицері Ларри Джонсон құпия түрмелер туралы ақпаратқа онша күмән келтірмейтінін мәлімдеген. «Тергеу барысында ұрып-соғу әдісін қолдануға Джордж Буштың әкімшілігі қолдау көрсетті» деп ақталған Орталық барлау басқармасының бұрынғы басшысы Стэнсфилд Тернер ОББ құпия түрмелерінің бар екендігін және лаңкестікке қатысы бар деген күдікпен Ауғанстан мен Пәкістанда қолға түскендердің сол түрмелерге жеке ұшақтармен жеткізілетінін растаған еді («РИА Новости»). 2005 жылдың 8 желтоқсанында «РИА Новостиге» сұхбат берген «Human Rіghts Watch» ұйымының атқарушы директоры Кеннет Рот ОББ құпия түрмелерінің тұтқындары К.Райстың Еуропаға жасаған іссапарының алдында өзге елдерге әкетілуі мүмкін» деген болжам айтты.

Түрік жеріндегі «техникалық себептер»…

Бүкіл әлем АҚШ-ты айыптап, азан-қазан шу қылып жатқанда Вашингтон селт етпеді. Ұзақ уақыт үнсіз қалған Ақ Үйге 2005 жылдың 7 қарашасы күні «тіл бітті». Сол күні АҚШ тарапынан жүргізіліп жатқан лаңкестікпен күрестің заң шеңберінен аспағандығын айтқан Джордж Буш лаңкестер туралы ақпарат жинауда ешқандай қысым көрсету немесе қинауға жол берілмейтінін мәлімдеді. Халықаралық сарапшылар: «Сыртқы саяси тұрғыда және халықаралық деңгейде қысым көрсету Құрама Штаттардың тағылған айыпқа жауап беруге мәжбүр етті» дейді. Былтыр желтоқсан айының басында НАТО мен Еуропалық Одаққа мүше елдердің сыртқы істер министрлері бас қосқан Брюссельдегі кеште тұтқындар тиелген ОББ ұшақтарының еуропалық елдердің әуе кеңістігі арқылы неге ұшқанын түсіндірген К.Райс еуропалық шенеуніктерді «лаңкестік әрекеттерге қатысы бар деген күдіктілерге АҚШ тарапынан ешқандай зорлық-зомбылық жасалған жоқ» деп сендірді. Ескеретін жайт: құпия түрмелер дауы АҚШ-тың 2006 жылға арналған қорғаныстық бюджетін қарау мен Құрама Штаттардың қарулы күштеріне «қатігез, рақымсыз және тұтқынға түскендердің ар-намысын аяққа таптайтын әрекеттерге жол бермеуді» міндеттейтін заң жобасын талқылау уақытымен тұспа-тұс келді. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Буш әкімшілігі «егер конгресс халықаралық лаңкестікпен күрес барысында ОББ мен Американың басқа да арнаулы қызметтеріне қинау әрекеттеріне тыйым салмау туралы өзгеріс енгізбесе, аталған заң жобасына президенттік вето қойылады» деп қорқытқан.

Былтыр қарашада ЕО-ға төрағалық етуші – Ұлыбритания Еуроодақтың атынан құпия түрмелер туралы деректерге түсіндірме жасауды ресми түрде талап етуге келіскен еді. Еуропалық Комиссия төрағасының орынбасары, әділеттілік, бостандық және қауіпсіздік мәселелеріне жауап беретін шенеунік Франко Фраттини «ОББ-ның құпия орталықтарын орналастыруға келісім берген Еуроодаққа мүше елдерге санкция жарияланады» деп қорқытты. Бельгия, Италия, Испания, Украина, Таиланд корольдігі, Эстония мен Финляндия үкіметтері ОББ-ның Еуропадағы құпия түрмелеріне өз елдерінің ешқандай қатыстары жоқтығын мәлімдеді. Ал Швецияда арнайы зерттеу шаралары ұйымдастырылып, нәтижесінде тұтқындар тиелген ОББ ұшақтарының Швеция аумағына қонбағаны дәлелденді. 2005 жылдың 16 желтоқсан күні Швейцариядағы азаматтық авиацияның федералдық басқармасы (OFAC) 2001 жылдың басынан бері Швейцарияның әуе кеңістігінен ұшып өткен АҚШ ұшақтарының 73 рет «күдік» тудырғанын мәлімдеген. OFAC өкілдерінің айтуынша, ОББ қызметкерлерінің Миланнан Әбу Омар имамды ұрлап кеткен күні де Құрама Штаттар ұшақтарының «күдікті ұшу әрекеті» қайталанған көрінеді. Алайда, Швейцария үкіметі күдік тудырған әуе сапарларының тұтқынға түскендерді тасуға пайдаланғанын растап, ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Канадалық әуежайлардың ОББ ұшақтарына пайдалануға берілгені туралы БАҚ мәлімет таратқаннан кейін Канада да тергеу жұмыстары басталды. «Фигара» газетінде жарияланған ОББ ұшақтарының кем дегенде екі рет (2002 және 2005 жылы) қонғаны жайлы мақаланы ескергенін мәлімдеген Франция үкіметі ОББ ұшақтарының француздар жеріне қонуы мүмкін екендігін мойындады. «Фигараның» хабарлауынша, «ОББ ұшақтарының өз жерінде болып кеткенін француздық билік сезбей қалуы да ғажап емес. Өйткені, Шенгендік кеңістіктен тысқары ұшатын жекеменшік ұшақ әуе кеңістігіндегі ұшу жоспарына еркін ене алады». Ресми Париж осылайша шарасыздық танытты. Есесіне, Францияның Адам құқығы жөніндегі лигасы (LDH) мен Париждегі Халықаралық адам құқығы федерациясы (FIDH) АҚШ Орталық барлау басқармасының Франция әуе кеңістігін «әуе түрмесіне» айналдырғанын айыптап, сотқа шағымданатындықтарын мәлімдеді. Еуропалық Одаққа күні кеше ғана мүше болған Венгрия үкіметі де ОББ ұшақтарының Будапештке екі рет қонғанын мойындап отыр. Аталған мәселе Түркияда да қызу пікірталас тудырды. Түркияның көлік министрі Биналы Йылдырым америкалық барлау қызметі ұшақтарының түріктер жеріне 2 рет қону себебі жергілікті әуежайды «техникалық себептерге қолдануға байланысты» екендігін айтты. Алайда мәселені егжей-тегжейлі тексеруді талап еткен түрік оппозициясы Анкараның апшысын қуырды.

Райс жауаптан жалтарды

Былтыр желтоқсанда Райспен кездескен Германия канцлері Ангела Меркель АҚШ мемлекеттік хатшысының америкалық арнаулы қызмет өкілдерінің Германия территориясында «кейбір кемшіліктерге жол бергенін мойындағанын» жеткізді. Германия азаматы болып табылатын тегі ливандық әл-Масри Орталық Барлау Басқармасының бұрынғы басшысы Джордж Тенетті «мені заңсыз бас бостандығымнан айырып, 2004 жылдың мамырына дейін Ауғанстандағы құпия түрмеде қамауда ұстады» деп айыптағаннан кейін немістер ОББ құпия түрмелері туралы жиі сөз қозғай бастаған болатын. Әл-Масридің айтуынша, түрмеде оны ұрып-соғып, есірткі қолдануға күштеген көрінеді. Алайда Райс ханым Меркельмен кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында құпия түрмелерге қатысты қойылған сауалдарға жауап беруден жалтарды. Америкалық үкімет пен арнаулы қызмет өкілдерінің басты міндеті азаматтарды лаңкестер мен лаңкестік әрекеттерден қорғау екендігін айтқан Райс Құрама Штаттардың арнаулы қызметтері АҚШ заңын қатаң сақтайтынын және өздерінің халықаралық міндеттерін мүлтіксіз орындайтынын айтты. Америкалық шенеуніктің ОББ қызметкерлерінің жұмысы туралы деректермен таныстырып отыруға қатысты берген уәдесінен соң Меркель де жібіп сала берді: «Дау шешімін тапты». Әрине, Кондолиза ханымның құпия түрмелерге байланысты берген түсініктемесіне еуропалық шенеуніктің бәрі түсіністікпен қарады деу – дұрыс емес. Өйткені, нидерландтық парламентарийлер алдында сөз сөйлеген осы елдің сыртқы істер министрі Бен Бот К.Райстың шығысеуропалық елдердегі ОББ құпия түрмелеріне қатысты қойылған сұраққа берген жауабына қанағаттанбайтындығын жеткізіп, Брюссельдегі кездесуде америкалық Мемлекеттік хатшыдан сауалға нақты жауап беруді талап ететіндігін мәлімдеген. БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннан құзырлы органдарды күдіктілерді ғана емес, тіпті лаңкестердің өзін азаптамауға, зорлық-зомбылық жасамауға шақырды: «Азаптаулар лаңкестікпен күресте көмектесе алмайды. Өйткені, азаптау мен қинау – лаңкестер құралы». Вашингтон БҰҰ сарапшыларының Гуантанамода орналасқан (Куба) америкалық әскери базадағы тұтқындармен сырт көзсіз, жеке-жеке сөйлесуге рұқсат етпеді. Сондықтан БҰҰ делегациясы Гуантанамо сапарынан бас тартты. БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі Бас комиссары Луиз Арбур тұтқынға түскендерді азаптауларға қойылатын халықаралық тыйымдарды «лаңкестікпен күрес жолында құрбандыққа шалуға тырысқан» АҚШ әрекетін қатаң сынға алды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ