Жаңалықтар

Бала оқыту да оңай шаруа болмай барады

ашық дереккөзі

Бала оқыту да оңай шаруа болмай барады

Қорасындағы соңғы тұяғын сатып, ала жаздай жер тырбанып еккен бау-бақша дақылдарын сатып топтаған ақшаларын жиып-терiп, баласының оқуына жұмсайды. Жылына төлейтiн оқуының ақысының өзi жүз мыңнан кем емес. Ал жыл бойына ол баланың жатқан жерiне (пәтерақы) төлейтiнi бар, үш мезгiл тамағы бар, күздiк, қыстық киiмi бар, сессия кезiнде қажет болатын ақша тағы бар, көлiкке жүру билетiне ай сайын мың теңге керек. Осының бәрiне айына кем дегенде он мың теңге керек. Ауылдағы ағайынның оқудағы баласынан басқа тағы да бес-алты бала-шағасы бар. Ауылды жұмыссыздық жайлағаны қашан.

Жақында көршiнiң қызы қатты науқастанып қалып, оқуын тастап, ауылға қайтуға мәжбүр болыпты. Жаңа оқу жылдың екi аптасын әрең өткiзген. Майра бұдан ары шыдай алмайтынын сезген. Әке-шешесiнiң тапқан-таянғанын берiп, оқуға шығарып салғанын, оларға қаншалықты қиын екенiн сезiнген Майра ақшасы таусылса да ауылға бармады. Қалай барсын, бiр аптаға жетпей жатып қолындағы бар ақшасын жұмсап қойды. Соңғы екi күнде оразасын ашуды мүлде қойды. Екiншi күнi түнге қарай есiнен танып құлады. Жедел жәрдемнiң дәрiгерлерi дұрыс тамақтанбаудың салдарынан қан қысымының төмендеп кеткендiгiн айтты. “Аш құрсақ жүрiп қайбiр сабақ оқып қарық қыламын. Мына қымбатшылыққа әке-шешем менi қалай оқытпақ. Ауылға қайтайын. Ретi келiп жатса, сырттай оқу бөлiмiне ауысып алармын – деп ауылға қайттым”, – дейдi Майра.

Ақылы оқудағы жастарға өте қиын. Етi тiрi, өзi пысық жастар ғана есебiн тауып оқып жүр. Ақшасы көптерге түк те емес. Сабақтан тыс уақытта екi қолға табылған жұмыс iстеп, қарнын тойғызып жүрген студенттер “жолы болғандар” қатарына жатады. Өйткенi, қалада қаншама студент бар. Солардың бәрiне бiрдей жұмыс табыла бермейдi ғой.

Ақылы оқуда оқып жүрген үздiк оқитын студенттерге мемлекет тарапынан қамқорлық ретiнде ынталандыру стипендиясын тағайындау мүмкiндiгi болса құба-құп болар едi. Қазiргi кезде тұрмысы нашар отбасылардың ұл-қыздары студент болып оқуы оңай шаруа болмай тұр.

Балтабек ТYЙЕТАЕВ