Зейнеп АХМЕТОВА: ӘРБIР АДАМ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ АТАМДАЙ ҚАСТЕРЛЕП, ҰЛТТЫҚ НАМЫСТЫ АТАМДАЙ ТУ ЕТСЕ...

Зейнеп АХМЕТОВА: ӘРБIР АДАМ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ АТАМДАЙ ҚАСТЕРЛЕП, ҰЛТТЫҚ НАМЫСТЫ АТАМДАЙ ТУ ЕТСЕ...

Зейнеп АХМЕТОВА: ӘРБIР АДАМ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ АТАМДАЙ ҚАСТЕРЛЕП, ҰЛТТЫҚ НАМЫСТЫ АТАМДАЙ ТУ ЕТСЕ...
ашық дереккөзі

“Биыл Бауыржан атаңның 95 жылдығы ғой, нөмiрге материал дайындашы» деген тапсырманы алып алдым. Қазақтың қаһарман ұлы туралы естелiктер де, аңыз-әңгiмелер де көптеп жазылып жүр. Батыр ата туралы жазарда қай тұрғыдан келсем екен деген ой да басым. Бiрнеше адамдарды ой елегiнен өткiзiп, соңында Зейнеп апама неге бармаймын деген ойға келдiм. Ата туралы көңiлге қонымды естелiктi бiр айтса, келiнi Зейнеп Ахметова айтар деген үмiтпен қара шаңырақтың есiгiн қақтым. Келсем, Зейнеп апа атасы жайлы естелiк-кiтап жазу үстiнде екен. «Дайын қолжазбадан бiр-екi үзiндi оқып берiңiзшi» деген өтiнiшiмдi жерге тастамай, «Сөз атасы – сәлем» тарауын оқи жөнелдi.

– Сәлемдесе бiлесiз бе? Осындай да сөз бола ма деп миығыңыздан мысқылдай күлерiңiз анық. Бiр кезде тосыннан қойылған осы бiр сұраққа ойланбастан мен де күлгем. Бұл сонау 1973 жылдың қараша айының 16-жұлдызы, жұма күнi едi. Түскi астың қамын жасап, нан илеп жатқам. Көңiлiм қолымның қозғалысында болғанымен, ойым қайдағы бiр шырмауықтай ширатылған шытырманның ортасында едi. Кенет ту сыртымнан гүр еткен оқыс үн естiлгенде, тұрған орнымнан бiр шетке қарай ыршып түстiм. Ебедейсiз қимылдан нан илеп жатқан табағым үстел үстiне ұны шашырай аударылып қалды. Бағыт-бағдары жоқ, баянсыз ойға малтығып, айналамды ұмытсам керек. Қапелiмде шыққан дауыстан үркек жүректiң тас төбемнен ойнақтай жөнелгенi сондықтан. – Қарағым-ау, не көрiндi, сонша зәрең ұшып. Менiң даусыма үйренетiн уақытың болған жоқ па? –дедi атам. Зiлсiз айтса да, жаратпай қалғаны сезiлiп тұр. – Кешiрiңiз! Жаңағы қолпайсыз қылығымды ақтап, бiрдеңе айтпақшы едiм, бiрақ «кешiрiңiзден» ары қарай, тiлiм оралымға келмедi. Аузыма қайтып сөз түспедi. Ата алдында қысылып сасқанда, не бiрнәрсенi бүлдiрiп қойғанда быдықтап, кекештенiп сөйлей алмай қалатын әдетiм бар. Дәл сол арада менi тар өткелден өткiзiп, демегiсi келгендей, телефон деген айналайын сылдырлай жөнелдi. Қолымның қамырын апыл-ғұпыл түсiре бастап едiм, атам маған қарап, «шаруаңды iстей бергiн» дедi де , ас үйдiң кiре берiсiндегi бұрышта безiлдеп жатқан телефон жаққа бұрылды. Көрмесем де естiп тұрмын. Әдеттегi «Аллодан» соң. – Қайда хабарласуыңызды өзiңiз бiлмесеңiз, мен қайдан бiлем,–дедi ата. Ар жағындағы адам құлаққа жайсыздау бiрдеңе айтты ма, атаның үнi ендi қоюлана шықты. – Өзiңiзге кiм керек? – Әнтек үнсiздiктен соң, телефонның тұтқасының тарс еткен дыбысы естiлдi. Екпiнмен оңбай түстi. Байғұс телефон. Ертелi кеш шыр-пыры шығып, шырылдап, алғыс дәметпей, адамдарды бiр-бiрiмен байланыстырып, қызметiн қалтқысыз жасап тұрса да, осылай соққы жинап жатқаны. Басқаларды қайдам, бiздiң үйге телефон құтаймай-ақ қойды. Әсiресе, кейiнгi кездерi шыққан әдемi пластмасса телефондарыңыз қол емес. Атаның бiр ашуына төтеп бере алмайды. Бiрiнен соң, бiрi шығынға ұшырай берген соң, қашан жасалғаны белгiсiз темiр телефон тауып орнатқанбыз. Өзi қап-қара түрiмен, қопиған сыртқы пiшiмi де, үнi де өзгеше. Көптiң көзiндей сол жәдiгер телефонның ең кереметi –лақтырса да былқ етпейдi. Шытынауды бiлмейтiн бiр мың болғыр. Ата телефонды жағалаған соң, жiтi басып, ас үйдiң алдынан өте шықты. Мен жаққа назар салып, мойын да бұрмады. Не болды екен?! Мұндайда өзi бастамаса, жөн сұраудан құдай сақтасын деңiз. Қосақ арасында қоса кетiп, шыжықтай шыжғырылып қалуың ықтимал. Алайда, кетiп қалды деген атам, қайырыла қайтып келдi. Жанары ұшқындап тұр. Келдi де: – Сәлемдесе бiлесiң бе?–деп, мен күтпеген сұрақты көлденеңдете салды. Түлен түрткендей, қара басып күлiп кеп жiбердiм. «Ақыл аялдайтын жерiң жоқ» деп сұқ саусағын қадап, шекесiн бiр нұқыды да, шұғыл бұрылып шығып кеттi. Ернiмдi ауырта бiр тiстеп, есеңгiреп мен қалдым. Жаңағы ойсыз да оспадар күлкiнiң өзi түгiл iзi де ғайып болған. Оқтау жұтқандай қалшиып бiр орында әлi тұрмын. Қозғалуға шамам жоқ сияқты. Атаның ұшқындап тұрған жанарының тегiн еместiгiн, бiр тықырдың таянуының мүмкiн екендiгiн аңғарып, абайлауым керек едi-ау, қайтейiн, бейқамдығым басып кеттi. Өкiн-өкiнбе, бармағыңды қалай тiстесең де, болары болды. Баяғыда бiреу, «тарыны берген кiсiден көрейiн бе, тарыны жей алмаған тiсiмнен көрейiн бе?» дептi ғой. Сол айтқандай, қайыната алдында жын қысқандай, беталбатты сықылықтағаныма ренжиiн бе, әлде атаның «атыңа сын» дегендей ишарасына ренжиiн бе?! Пенде шiркiннiң ең көп қолданатын сөзi «мен» болғандықтан, қашанда өзiн ақтауға жанын салып, өзiне араша түсетiн әдетi бар емес пе? Кiнәсiз сөз естiдiм дегендей, жасындай жарқ еткен өзiмшiл ойдың ұшқыны маған да жеткiлiктi болды. Көмекейiме кеспектей бiрдеңе тығылып қалғандай, тынысың тарылып, бұлт еткен ессiз ашудың тұтқынына түстiм де кеттiм. Кеудеме кептелiп қалған өксiктен құтыла алмай, не көзiмнен жас шықпай, иегiм құрдан-құр дiр етедi. Ерiксiз билеп әкеткен ашу сыртқа шықпаған соң, өшiңдi кiмнен аларыңды бiлмей булығады екенсiң. Осындай қыстығып қалғанда жүйке-жүйкемдi еркiне жiберiп, ағыл-тегiл көсiлтiп жылап алсаң ғой, шiркiн. Iштегi қорғасын ауырлықтан жеңiлденiп, қағынды ызадан босап, сергiп қалар едiң. Бiрақ, көздiң жасы қалаған уақытыңда ағыза беретiн құбырдың суы емес қой. Нақтылы не ойлап тұрғанымды бiлмеймiн? Бiр отырып, бiр тұрдым. Ақыры кесе толы суық суды ынданым кеуiп қалғандай, сiмiрiп салған соң барып, әлгi санамды көлегейлеп атойлап бара жатқан ашу-ыза сәл саябыр тапқандай болды. Шап беретiн қабаған ит сияқты аяғыма оратылған сүйкiмсiз долылықтан бiртiндеп арыла бастағандаймын. Әкем марқұм айтушы едi, «ашу деген еститiн құлағы жоқ, көретiн көзi жоқ, ойлайтын миы жоқ ессiз дүлей. Алды-артына қаратпай, арандатып орға жығады. Неге болса сабыр сақта. Көңiлдi ашудың ырқына жеңгiзбе, ақылға жүгiн ақылдың арты – сайран, ашудың арты – ойран деген көне сөздi ұмытпай жүрсеңдер талай қателiктен аман өтесiңдер деп құлағымызға құятын. Қазiр менiң мына жағдайымда сабыр сақтағаннан басқа лаж да жоқ. Мен ғой, өз көңiлiмдi әлдилеп, әлекке түстiм, атам не iстеп жатыр екен?! Ол кiсi де ашуланып кеттi емес пе? Бiрақ ең дұрысы атаның ашуы қайтып, қарқыны басылып, сабасына түскенше, көзiнен таса бола тұрған жөн. Соған шыдасаң, арты қайырлы болушы едi. Кейiсе де кек сақтамайтын ерекшелiгiн түсiне бастадым. Бiр жерден оқыдым ба, жоқ әлде өзiм шығарып алдым ба, «иә, атаның қаһары қатты, мейiрiмi тәттi» дедiм iштей тақпақтап.. …Кiшкене кезiмде Қорғасбек деген көршi атайдың ұстаханасы бар едi. Сол кiсiнiң қасына барып, әр қимылын қалт жiбермей, қарап отырғанды керемет ұнататынмын. Қорғасбек ата пiшiм-пошымсыз қара темiрдi қып-қызыл шоққа салатын да, әбден ұсталған қара көрiгiн гүрсiлдетiп, тоқтаусыз басар едi. Ұшқыны жан-жаққа шашырай, жалын атқан оттың ортасында темiр балқып қызатын. Сол кезде оны қысқышпен қысып әкелiп, төске салып қояды, дәу балғамен соққылайды-ай келiп.. Ұста өзiне керек затын сомдаған соң, кеспектегi суық суға быж еткiзiп тастап кеп жiберетiн. Сонда әлi пiсiп жетiле қоймаған шала бас бала болсам да, iске татитын, қажетке жарайтын бұйымның оңайлықпен жасалмайтынын, әйтеуiр бiр түйсiкпен аңғаратынмын. Ата тарапынан әртүрлi кедергiлерге кезiгiп, сүрiнген сайын маңдайым тасқа тиген сайын, өзiмдi бiр кесек қара темiрдей көретiнiм бар. Кiм бiлсiн?! Отқа түсiп, суға да тұншығып, төс пен балғаның арасында жаншылып дегендей, бiр кәдеге мүмкiн жарармын. Қалай болғанмен де сана-сезiмi бар жан емеспiн бе? Атаның ноқта-жүген тимеген, құр асаудай аумалы-төкпелi мiнезiнен көзiқарақты бола бастағам. Әрi соған қарай, өзiмше қолданатын бақай қулығым да бар. Ата ашуланғанда сөз қайтармау, үндемеу. Кейде өңменiмнен тесiп өтер, өткiр сөз естiп, жарылуға шақ қалсам да, дымым iшiме түсiп, жағымды ашпай қоям. Үндемеу – өте тиiмдi жол. Атаның алдында үндемегеннен өкiнген жерiм жоқ. Жалпы, үлкеннiң алдында үндемегеннен ұтылған емеспiн. Мiне, бүгiнде сыннан өткен сырдеспе әдiспен үнсiз жүрмiн. Ата да тым-тырыс. Әдетте аяқ-астынан туындап қалатын, мен үшiн ұғымсыздау нәрсенi көп ұзатпай-ақ, өзi тәптiштеп ұқтырушы едi. Бүгiн басқаша. Бағанағы түсiнiксiз жағдай болмағандай, бейтарап iзбен сыр бермедi. Түскi ас кезiнде, тiптi соның бәрiн ұмытып кеткендей сыңай танытты. Тығырыққа тiрей тұрайын дей ме, күдiгiң күптi бола түссiн дей ме, өткiншi өмiрдiң көп көрiнiсiнiң бiрiндей, аялдамай өте шыққан тапылсыз бiрдеңедей көре ме, ол жағы маған беймәлiм. Әйелге тән әуестiгiм бас көтерiп, «Ата, бағана неге ренжiдiңiз?» деп сұрағым келдi. Әлденеше рет тiлiмнiң ұшына iлiндi де. Айтуға оқталсам да, өздiгiнен отқа көмiп кететiн көбелектiң ерлiгiн жасауға жүрегiм дауаламады. Неде болса, дегбiрсiзденбей, бейқам көрiнуге тырыстым. Адам ай мiнездi, көлеңке жағын жасырып, жарық жағымен жылтырайды деушi едi. Қанша жылтырап жүргенiмдi қайдам, оған да қарым-қабiлет керек қой. Әлдененi күткен менiң ала шұбар көңiл-күйiмнен бе, күздiң қысқара бастаған күнi бүгiн ыбылжып, батып болмады. Үмiт пен күдiк тайталаса, итжығыспен iңiр шапағы жамыраған мезгiлге зорға жеттiм. Кешкi ас iшiлген соң, атам теледидардан соңғы жаңалықтарды көруге кеттi. Бақытжан бiр аудармамен айналысып жатқан. Күндiз ұйқысын қандырып алады да, түнде тыныш кезде жұмыс iстейдi. «Работать надо» деп бөлмесiне ол да жөнелдi. От басын дабырлатып, шапқылап жүретiн баламыз да бүгiн үйде жоқ. Бағана сәске болмай, апам келiп, үш-төрт күн қасымда болсын деп алып кеткен. Өзiм сол баяғы ошақ басының көзге көрiнбейтiн тiрлiгiн бiршама тиянақтап, үйреншiктi дағдымен бүгiнгi күндi күнделiгiме жаза салмақ болып, бөлмеме беттедiм. …Күнделiгiмдi үстөлдiң тартпасына салып жатқанымда атамның: – Балам қолың босады ма?–деген үнiн естiдiм. – Иә, ата, – деп елпең ете қалдым. Елпең етпей қайтейiн, күнұзаққа ойым онға бөлiнiп, сарыла күткенiм де атамның осылай арнап, өзiмдi шақыруы едi ғой. – Ер соңымнан. –Шегедей нық, қысқа қайрылған мұндай нақты бұйрық берiлгенде, созыла қимылдап, керiлiп жүру қауiптi. Ләм-мим демей, тепеңдеп, артынан iлесiп кеп бердiм. Бәлкiм, ертелi-берi көңiлдi қажап тастаған белгiсiздiктiң бетi берi қарап, түйiнi шешiлетiн болар. Ата биiк қойылған жастыққа жотасын сүйей, төсегiне жайғасты. Төсекке қарсы қойылған қос креслоның бiрiне отыр дегендей маған иек қақты. Өзi асықпай, «Қазақстан» темекiсiнiң бiр талын ұзын мүштiгiне баптап кигiздi, тұтатты, түтiнiн будақтатты. Көзiмдi төмен салып, жанарымды шұқып, тырп етпей мен отырмын. Ата темекiнi шегiп бiтiрiп, мүштiгiн күлсалғыштың етегiне қойғалы да едәуiр уақыт өттi. Әлi үнсiз отыр. Үнсiздiгi созылған сайын, бұйығы тыныштық дегбiрiмдi кетiрiп, менен екi елi ажырамай, желiмше жабысып жүретiн үрей, көзiмдi үлкейте бастады. Және бiр шама өткенде барып, ендi бабыма келдiм дегендей, қоңыр дауыспен сөз тиегiн ағытты. – «Әдептi адам арлы адам, әдепсiз адам сорлы адам» дейтiн ұлағатты сөз бар қазақта. Тәлiм-тәрбиенiң дiңгегi, қайнар бастауы әдептiлiкте екенiн ата-бабаларымыз осылай түйiндеген. «Әдептiлiк белгiсi – иiлiп сәлем бергенi» деп, әдептiлiк әлiппесi сәлемнен басталатынын тағы да айтыпты. Тасқа таңба басқандай, анық та айқын сөз. Ал сәлем беру iзеттiлiктiң, кiсiлiктiң баспалдағы. Сәлем беру– өзiн де, өзгенi де сыйлап құрметтеудiң белгiсi. Сәлем беру– сөз бастаудың беташары. Сәлем беру– достасып, танысып, бiлiсудiң дәнекерi. Осыған келiсесiң бе?–Атаның жайбарақат, жаяу басталған дауысы екпiндей келiп, соңында көтерiлiп кеттi. – Әрине, келiсем. Әлдебiр бейсауатқа ұрынып қалмайын деген сақтықпен, мүдiрмей жауап қаттым. –Е-е, келiсемiн де. Күнi бойы отқа түскен қылдай жиырылып жүргенiң, менiң аузымнан шыққанның бәрiмiн келiскеннен екен ғой, солай ма?–деп жастықтан басын жұлып алды. Жанары шоқ жайнай, маған тiке шаншылды. Атаға тура қарау қайда? Көзiмдi тез тайдырып әкеттiм. Ал керек болса, өзi қасына әдейiлеп шақырып алады. Салмақты да кешендi әдемi әңгiме бастайды. Сөйте тұрып, «отқа түскен қылдай жиырылғаным жоқ, сiзге деген көңiлге көлеңке болмады» деп өтiрiк айтып, ақталуым керек пе, онда қопаға от алып түстiм дей бер. Мәймеңкөлеп, жалынышты болғанды, мүләйiмсiп рахым күткендi суқаны сүймейдi. Атаның алдында көз жасыңды көрсетiп босаңсысаң, мүлдем оңдырмайды. Атаның осындай әдеттерiне кәдiмгiдей сыралғы болып қалғандықтан, сең соққан балықтай, мәңгiрiп тапжылмай отыра бердiм. – Ал жарайды, –дедi атам құрыстанған арқасы жазылғандай, жайбарақатқа көшiп, ары қарай тыңдағын. Қазақ салтындағы ата-бабадан қалғаны бар, бұрын болғаны бар, сәлем сөздiң жөнi мен жолы, сәлемнiң парыздары туралы бiлгенiмдi айтып берейiн. –Ата тыңдауға дайынсың ба дегендей, менi көзiменен сынай бiр шолып өттi де, әңгiмесiн жалғастырды. – Адам баласының бiр-бiрiмен тiл қатысып, лебiз бiлдiруi сәлемнен сабақталады. «Сөз анасы –сәлем» деп Бұқар жырау бабамыз, сәлем сөздiң қасиетiн, әрi қысқа, әрi нұсқа етiп, кемеңгерлiкпен тұжырымдапты. Сөздi сәлемнен бастамайтын халық жоқ. Әрине, әр халықтың өзiне тән сәлемдесу салты, жөн-жобасы әрқалай. Сол алуан түрлi, басқаға ұқсамайтын, өзгешелiктерiмен ұлттық мiнез-құлқы, әдет-ғұрпы қалыптасқан дағдылары анық көрiнiп жататын. Ал бiздiң халықтың сәлемдесуге деген ынта-пейiлi мен оған зор мән беруi ерекше. Бүкiл қазақ баласы бәрi сырлас, Замандастай таныспай қарап тұрмас. Көрсетер сый-құрмет, мейiр-ықылас, Қайтар деп қарымтасын талап қылмас. Осы бiр шумақ, төрт тағанды қара өлеңге зер салып қарашы, халқымыздың кең пiшiлген бөлек болмысы мен мұндалап, көрiнiп тұрған жоқ па?! Адаммен танысып бiлiсуге деген жаны жайсаң мiнезi аңқып тұр. Сәлем беру қағидаларына келгенде, әй, қазаққа ұқсай қоятындары кемде-кем шығар?! Мен мұны айтқанда, әйтеуiр балта сабын өзiмiздiң ағаштан деп, бопсалап жатқаным жоқ. Халқымның қадiр қасиетiн бiлгендiктен, аузымды толтырып отырмын. Мен еңкейетiн де, шалқаятын да жерiмдi бiлетiн адаммын. Ұқтың ба? Ұқтым. Неге ұқпайын?! Өзiн қазақпын деп атайтын әрбiр адам туған халқының қасиетiн атадай түсiнiп, ұлттық құндылықты атадай қастерлеп, ұлттық намысты атадай ту еткен болса… Ұққаның жақсы деп ата екпiн алып келе жатқан әңгiмесiн жалғастырып әкеттi. – Егер бүкiл адамзаттың тәлiм-тәрбиесi үлгiлерiнiң жиынтығы –шалқып жатқан телегей-теңiздi жан-жағынан толықтырып, молықтырып тұратын арналы өзендер, арынды дариялар секiлдi сан түрлi халықтың әлемдiк рухани теңiзге қосар өз үлестерi бар. Ал өзендер мен дариялар өзiнен-өзi дайын күйде пайда болмайтыны белгiлi. Оларды құрайтын тұнба бастаулар, мөлдiр бұлақтар бар бас жағында. Ол отбасының, ата-ананың тәрбиесi. Жасында көргенi жоқтың, өскенде айтары жоқ. Қазақ атамыз сол үшiн баласының үнi шығар-шықпастан әдептiлiктiң жол басы – сәлемдесудi үйретедi. Кiшкентай бүлдiршiндерге «Атаңа сәлем бер», «Әжеңе амандас» деген секiлдi сөздердi үнемi құлағына құйып, iзеттiлiкке ерте бастан баулиды. Кез келген ересек адам бала сәлемiнiң оңды бағыт алып, мiнезiне сiңiп, саналы түрде дағдысына айналуына мұқият қарайды. Жақсы үлгi көрсетедi. Яғни тiлi сөз құрауға зорға келетiн кiшкентай баланың былдырлаған сәлем рәсiмiне байсалды жауап қайырып, сәлемiн ықыласпен алады. «Бәрекелдi, сәлем беруге жарап қапты ғой», «Мiне, азамат, атасының баласы» деп қолпаштап көтермелейдi. Сәлем бергенiне алғыс айтады. Сөйтiп баланың әдептi, инабатты болуына дем берiп, қанаттандырады. Қазақ ғұрпында кiшi үлкенге алдымен сәлем бередi. Жасы кiшi адамның бiрiншi болып сәлемдеспеуi барып тұрған тұрпайылық саналады. Жалпы, адам амандаспай сөз бастаса, бедiрейiп қарап тұрса, ондайларды «Көргенсiздiң баласы» деп, «Тәрбие көрмеген тексiз» деп, оның өзiнен бұрын ата-анасын кiнәлайды. Әне, сондықтан әрбiр ата-әже, әке-шеше перзентiн қаршадайынан сәлемдесуге үйретiп, санасына сiңiредi. Ол отбасындағы кiшiнiң үлкенге құрмет көрсетуi ата-ананың, ауылыңның, қала бердi елiңнiң алдындағы абырой. Қазақта жасы кiшi үлкенге ат үстiнде отырып сәлемдеспейтiн. Жас кезiмiзде көлiкпен келе жатқанда ересек кiсiлер ұшырасып қалса, атымыздан қарғып түсiп, қол қусырып амандасатынбыз. Ат үстiнде қоқырайып отырып сәлемдесу өркөкiректiк, надандық ретiнде қабылданады. «Шiрiген шөптi мал жаратпас, шiренген жiгiттi ел жаратпас» деп ондайлар жағымсыз сөзге iлiнетiн. Асылы халқымыз ақсақалды атаны, ақ шашты әженi, ақ самайлы әкенi, ақ жаулықты ананы, үлкендi құрметтеген. Алдынан кесiп өтпеген. «Сен» деп серейтiп сөйлемеген. Қазақтың ұлттық бiтiм-болмысын ажарлайтын ардақ бiр қасиетi – осы үлкендi сыйлауы. Бабалардың салып кеткен сара жолы, отауына қалдырған өнегесi,–деп ата сөзiн кiлт үзiп.–Өзiм де бес саусақтай бiлетiн, екi де екi төрттi неге мыжи бередi екен деп отырсың ба?–деп табан астында даусы өзгерiп, маған шүйлiге кеттi. – Жо-о-ғ-а,–дедiм көзiм атыздай боп. Әр сөзiн бос жiбермей, ықылас-ынтамен тыңдап-ақ отырғам. – Сүтке қаймақты қалың пiсiру үшiн не iстеу керек екенiн бiлесiң бе?–деп тағы бiрдеңенiң ұшығын шығарды. Үстемелеп қойылған сұраққа абдырап, атаға қарадым. О, тоба, қаймақ пен сүттiң бұл жерге қандай қатысы бар, анау айтқандай ақылды болмасам да, оны бiлмейтiндей көкми емеспiн ғой деп iштей қыртидым. Ата болса, иығын кере, маған тесiле қарап отыр. Шамасы үндемей құтылатын тәсiлiм осы жерде жүрмей қалған секiлдi. Өрттен желге қарсы қашсаң құтыласың, тiкесiнен қойылған сұраққа төтесiнен тура жауап бердiм. – Сүттi қайнатпай, баптап пiсiредi, сүт пiскен соң, астындағы отты сәл басып, ұзақ сапыру керек. Қайталап, ұзақ сапырылған қаймақ сонда қалың түседi. Бiрақ, нәрсiз көк сүт қанша сапырсаң да, мардымды қаймақ тұрмайды,–дедiм. Жай сыдыртып емес, әр сөзiмдi анықтап, таптай айттым. Қазан-ошақтың басындағы әйел iстейтiн тiрлiктерден қара жаяу емес екендiгiмдi, ол жөнiнде сұраққа жауап бере алатындай саңлауымның бар екендiгiн ұқтырған батырлығым. Атам мұртының астынан мырс еттi. Менiң дiлмарси қалғандығым ұнамады ма, әлде басқа ойы бар ма, бiлмеймiн. Бiлерiм, оп-оңай атаға ұнап, көңiлiнен шығу жеңiл шаруа емес. «Ендеше сүтiмiздi ары қарай сапырайық»,–дедi атам. Ата желiсi үзiлген бастапқы әңгiмесiн қайта сабақтай әкеттi. –Адам сәбиiнде бiр бала, қартайғанда бiр бала.– Атаның сөзi осы жерден тоқтады. Сүтiмiз ары қарай сапырылмады. Қасында бiр парақ қағазы мен қарындашы бар Бәкең кiрiп келiп бөгет болды. Келе сала: – Тұщыну деген сөздiң мағынасын айтып берiңдершi,–дедi. Рұқсатсыз, кiрiспесiз сөз бастады. Ата әңгiме ауанын ортадан киiп кетiп, кимелей бұзғанды ұнатпайды. Қазiр сазайын бередi деген бiр зымыран ой басыма келе қалды. Бiрақ, бұлт үйiрiлмедi. Ата баласына жылы жүзбен жайбарақат жауап қатты. – Тұщыну деген иiс пен дәмдi бiрден сезiнiп, сүйсiну,–дедi. Бәкең қазақшадан орысшаға аударма жасағанда ұқпаған сөздерiне түсiнiп алу үшiн менi «тiрi сөздiк» ететiн. Ол аударған үлкендi-кiшiлi шығармалардың барлығы менiң қолғабысымды көрген. Қазақ тiлiнен Бәкеңе ұстаз боларлықтай сөздiк қорым болғанымен, атаға iлесе алмаймын. Ата секiлдi әп-сәтте тез жауап беруге сылбырмын. Қазiр де тек тұщынуды ойлап отырғандай тақ еткiзiп, ұғындыра салды. – А-а, түсiндiм, түсiндiм,–дедi Бәкең.– Мысалы, иiсi бұрқыраған дәмдi қымызды рахаттанып iшкендей ғой. Сөздi тұщынып тыңдауы деген сөздiң әрi әдемiлiгiне, әрi мазмұнына риза болғандығы. Солай ма? –деп сөзiне жауап күтпестен,– Тағы екi сөзге көмек керек. «Қолкесерiн жақсылап салып бердi»,–дейдi. Осындағы қолкесер деген не? – Қолкесер – мал сойысқан адамға үй иесiнiң сол сойылған малдың етiнен шикiдей беретiн сыбағасы. Соғым кезiнде болсын, басқа уақытта болсын, қолын кесiп алуы мүмкiн ғой. Бастапқыда қолын кесiп алған кiсiге өтеу ретiнде берген сияқты. Қолкесер деп атауы да сондықтан болар. Кейiн келе мал сойысып көмектескен адамға рахмет айту түрiнде дәстүрге айналып кеткен. Тiл зерттеушi бiлiмдiлер бұл сөздiң шығу тегiн қалай түсiндiрiп жүргенiн бiлмеймiн, мен тiл маманы емеспiн. Тек өз бiлгенiмдi, өз пайымдауымды айтып отырмын. Осы қолкесердi кейбiр жерлерде «Қолүзiк» деп те атайды. Тағы нең бар сұрайтын?–деп ата баласына қарады. – Қазiр, қазiр,–деп қарындашын жорғалатып әлденелердi жазып жатыр. –«Айрылысар көже бердi» дейдi. Қандай көже? Қазақ көжеге қонақ шақыра ма? Негiзiн түсiнбесем, орысша аударғанда ұғымсыз болады, тоесть орысша ұғымы жақсы шықпайды. Сөзбе-сөз «пригласили на прощальную пахлебку» деп айтпаймын ғой. Әрине оны «пригласил их на прощальный обед» немесе «на прощальный ужин» деп атауымыз керек. Орыс оқырмандарына түсiнiктi сөзбен аудара аламын. Бiрақ, неғылған көже екенiн бiлуiм керек. – «Айрылысар көже», «Айрылысар аяқ» беру деген сөз ертеден берi келе жатқан жақсы салт. Мен саған мұны сәл арырақтан түсiндiрейiн. Қанаттас қонған ауылдың алғашқы келiп қоныстанғаны кейiнiрек келiп қоныстанғандарын ерулiкке шақырады. Мал сойып, көл-көсiр дастархан жасап, дәм татқызады. Бұл барыс-келiстiң басы. Соған салынған жол. Құрметтi дәстүр. Сонымен бұл ауылдар жайлауды бiрге жайлап, жаз қызығын бiрге көредi. Солай сыйласқан адамдар күздеуге, не қыстауға көшерде, иә болмаса басқа жаққа қоныс аударарда, тағы да бiрiн-бiрi дәмге шақырады. «Көже» деп аталғанымен, кәдiмгiдей мал сойып, қадiрлi мүшелердi алға тартады. «Ұрыспай айрылысқан ұялмай қосылады» деген аталы сөз бар. Қоныстас болғандар бiр-бiрiне алдағы уақытта да дәмдес-тұздас болуға Тәңiрi жазсын деп қоштасады. Айрылысар көже дегеннiң мәнiсi осы. Қазiр мұны қоштасу шәйi деп жүр. Қалай аталса да, иманжапырақтай өмiршеңдiгiмен желiсi үзiлмей келе жатқан жақсы дәстүр,–дедi ата. Бәкең демнiң арасында көлдей мағлұмат алғанына рахметiн жаудырып, көңiлi толып шығып бара жатты. Табалдырықты аттай бере қайта бұрылды. Және бiр сөзiн ұмытқан болар десем: – Ау, неғып түн күзетiп отырсыңдар. Мен ғой, жұмыс жасап жатырмын,–дедi мардымсып. – Паһ, шiркiн! Сенен басқа адам шошқа тағалап жатыр ма екен. Бiз де жұмыс iстеп отырмыз. Жұмыс болғанда қандай? Сенiң өңiң түгiлi, түсiңе де кiрмеген жұмыс. Қисайған түзудi қайта жөндеп жатырмыз,–дедi ата. Сол сәтте көзiне қуақы бiр ұшқын пайда бола кеттi. Тек атаға тән жұмбақты сөз мәнерiнiң мәнiн ұға алмадым. «Қисайған түзу» деп өзiн айтты ма, әлде менi айтты ма, тағы жұмбақ. Бәкең иығын қиқаң еткiздi. Түсiнбедiм дегенi. – Бағана,–дедi ата баласына қарап.–Телефон шырылдады. Барып алдым. Адам құсап, «Алло» дедiм. Ар жағынан даусына қарағанда әйел адам, аман жоқ, сәлем жоқ, «Мен қайда звандап тұрмын?» дейдi. «Қайда хабарласуыңыз керек екенiн сiз бiлмесеңiз, мен қайдан бiлемiн?» дедiм. «Дұрыстап жауап берсеңшi, кiмсiң өзiң?»–дейдi өңмеңдеп. Мынадай сөзден соң мен де қисайдым. «Сiзге кiм керек?» десем, «Немене, атыңды айтуға ерiнiп тұрсың ба?» дейдi. Қайдағы бiр инабатсыз әйелдiң ырбаңын тыңдап тұрамын ба, телефонды орнына қоя салдым. – Ата қоя салдым деп сыпайылап жатыр. Қалай қойылғаны әлi құлағымда. Ендi бiлдiм. Кесiрi қырық есекке жүк болатын бiр әйелдiң кеудемсоқ жетесiздiгi менi де iлiп әкеткен екен. Бәкең болса күндiзгi жайттан бейхабар. Атадан сөз естiгенiме сүйiншi сұрамаймын ғой. – Ой, папа-ай, онда тұрған ештеңе жоқ. Бәкең әкесiнiң сөзiне орай, әлдененi айтпақшы болып едi, атам қолын сермеп тоқтатып тастады. – Сөзiмдi аяқтап алғанша, қайымдаспай тұра-тұрғын. Қазiргi кезде адамдардың негiзгi бiр қатынас құралы – телефон. Онсыз күнделiктi хабар-ошарды көзге елестету қиын. Айтайын дегенiм, қажетiмiзден шығарып жатқан жансыз телефон емес, оны пайдаланатын екi аяқты жанды адамдар туралы. Бiр жерге хабарласып тұрып, сөздi сәлемнен бастамау әдепсiздiк. Өзiн де, өзгенi де сыйлай бiлетiн тәрбиелi адам қай кезде болмасын iзет-құрметтi ұмытпайды. Ол кiмге, қайда телефон шалса да, алдымен амандасады. Амандасып болған соң, қайда түскенiне күмәнданса, «кешiрiңiз , бұл пәленшенiң үйi ме?» деп немесе «пәленшенi шақыруға бола ма?» деп сыпайылап сұрайды. Сонда сөйлесiп тұрған адамы да жөнi түзу жауап қайырады. Әйтпесе, мен сияқты қисайған жағынан тұрмай қалатын бiреу болса, «барды жоқ» дей салуы мүмкiн. Телефонда сөйлесе бiлу де адамдықты көрсетедi. Қалтаңда он дипломың болғанмен, сәлем парызын бiлмесең, бiлiп тұрып, өтемесең, жолын жасамасаң, нағыз мәдениетсiз адамсың. Мәдениеттi болу – қылтиып қатып киiнiп, шiренiп машина мiнiп, шiкiрейiп қызметкер болу емес. Мұның бәрi көз алдар сыртқы қабық қана. Маймылды малындырып, үлде мен бүлдеге орап, машинаға отырғызып қоюға болады. Одан маймыл мәдениеттi болмайды. Бәрiбiр битiн терiп жегенiн қоймайды. Өйткенi, тегi солай. Мәдениеттiлiк – адамның рухани өресiмен өлшенедi. Қаныңда бар тектiлiгiңмен бойыңа сiңген жақсы тәрбиеңнiң қандай деңгейде екендiгiнен көрiнедi. Ал, ендi жаңа не демекшi едiң? Соныңды айтқын,–деп ата баласына кезек бердi. –Не демекшi едiм? А-а, телефон званоктарының неше түрi кездесiп жатады. Алдыңғы күнi бiреу телефон соқты. Тұтқаны көтергенiмде өзiң айтқандай, аман-сәлем жоқ, ә дегеннен: – Мұқаттың үйi ме?–дедi. – Жоқ, бұл басқа пәтер,– деп едiм. –Ондай болса, телефонды неге аласың?–дейдi қасқа өзiңдi жазғырып. Телефонның тұтқасын қоюға зорға шамам келдi. Ал кеп күлейiн, ал кеп күлейiн. Адамды ерiксiз көңiлдендiретiн сөзге бәрiмiз күлiп жатырмыз. ауыздан-ауызға тарап, ел аралап жүретiн анекдот дегендер осындайлардан шығатын болса керек. Атаның мәз бола күлгенiн ары қарай жалғастырғысы келдi бiлем, Бәкеңнiң жанары жайнап, даусы ажарланып,–Одан да қызығы бар, папа. Өткенде телефон шырылдағанда Зейнеп барып алды,–дегенде iшiм қылп ете қалды. Аллай, соны айтпаса, қайтер едi дегендей, қалақай шаққандай бетiм дуылдап, қипақтай бастадым. Орта жолдан тоқтайтын Бәкең бе, айтпай тынбайды. –Келiнiң барып телефон тұтқасын көтерiп, орысшалап: – Чт-о-о,–дедi. Бетiне қарасам, байғұстың көзi бақырайып, өңi бiртүрлi түстенiп кетiптi. Не болды?–десем, қайдан бiлейiн бiреу: «Где ты ходишь, кобра» деп зiркiлдеп бердi ғой,–дейдi. «Астапыралла, даусыңнан қалай таныған?» деп едiм, бала құсап, жылап жiбердi.,–деп Бәкең масайрай жөнелдi. Ата да қосыла күлер ме екен деп сасқалақтап бiр ортадан сөзге қыстырыла кеткенiмдi қайтейiн, аузымды ашпағаным жөн едi. Iрiген сүттей iртiк-iртiк бiрдеңелер шықты. –Қайдағы бiр орыс.. қателесiп… содан берi «кобра, кобра» деп менi… Ар жағы мiңгiр-мiңгiр, не айтып, не қойғанымды ажырата алмай, түйiлiп қалдым. Төмен қарап, шұқшиып, саусақтарымды мыжғылай берiппiн. Ата менiң шоқ басқандай күйгелектеген сиқымды аяп кеттi бiлем, «Отыр ана жерге!» деп баласына зекiп жiбердi. Жайшылық болса, «жұмысым тоқтап қалады. Сендермен отыруға уақытым жоқ» деп қайқайып шығар едi. Қыңырлығы бiр басына жететiн Бәкең атаның өктем де ызғарлы үнi естiлгенде, қарсы дау айтуға келгенде кейде тайғанақ, ырқына көне кетедi. Қазiр де сөзге келмей ата нұсқаған орындыққа үнсiз барып отырды. – Ертедегi ата-бабаларымыз Тәңiрге табынып, табиғатты кие тұтқан. Табиғат оның асыраушысы, өмiрiнiң мәнi мен сәнi болған. Олар табиғат ананың тылсым тынысын тыңдап, үнiн естiп, қат-қабат құпия сырларын ұғуға құлшыныпты. Ол үшiн әлемдегi ең ұлы кiтап –жаратылыстың өзiнен оқып, тәлiм алыпты, тәжiрибе жинапты. Ешнәрсенiң себепсiз жарамағанын, белгiлi бiр мақсат мiндеттi атқару үшiн келгенiн түсiнген. Байламдар мен болжаулар жасаған. Күнделiктi жиған-терген, түйсiнген, тұжырымдары негiзiнде әлем тiршiлiгi туралы, болмыс жайлы дүние-танымы қалыптасқан. Бiзден айырмашылығы, олар табиғаттан бөлiнбеген. Адам мен жаратылыс арасындағы көзге көрiнетiн, көзге көрiнбейтiн тығыз байланысты бұзбаған. Табиғат зорлық жасап, бермесiн тартып аламын деп қатыгездiк көрсетпеген. Табиғат тепе-теңдiк заңдылығын сақтауды бiзден артық бiлгенге өз басым сенiмдiмiн. Сөйткен ата-бабаларымыз жаратылыстың керемет бiр жан иесi жыланның да жаратылыс қырларын жақсы бiлген бе деймiн. Қазақтар үйге кiрiп кеткен жыланның басына ақ тамызып, кетуiне мүмкiндiк жасайтын. Өлтiрмейтiн. Мұнда бiздер бiле бермейтiн, әлi ешкiм анық шеше қоймаған құпия жатыр. Сол сияқты ордалы жыланға тиiспеген, ордасын бұзбаған. Есте жоқ ескi замандарда-ақ жылан көп кездесетiн жерлерде қазына, кен, әсiресе , алтын-күмiстiң көп болатынын дөп басып бiлген. Мен осыны қазақтың ақ маңдай дара перзентi Қаныш Сәтпаевтан сұрағанымда талай қызық деректердi айтып берiп едi. Ол өз алдына бөлек әңгiме. Ал кобраға келсек,– Ата осы сөздi айтқанда Бәкең мұрнының астынан күңк етiп, «кезек саған келдi» дедi қасында отырған маған. Қағытпа сөзден есе жiбермейтiн әдетiне тағы басты. – Әй, сөздi бөлмегiн,–дедi ата жай ғана ескерту жасап. Баласының жаңағы құйтырқы сөзiн естiдi ме, естiсе де елемедi ме, сөзiн жалғастыра бердi. – Ал кобраға келсек, ол – жыландардың нағыз ақсүйек патшасы. Оны қазақша әбжылан дейдi. Халқымыз әбжыланды қастерлеп, небiр әдемi аңыз-әңгiме, ертегiлерiне арқау еткен. Соның бiр керемет үлгiсi – «Ертөстiк» ертегiсi. Оны өздерiң де бiлуге тиiссiңдер. Әбжылан әлем халықтарының көпшiлiгiнде даналық, парасат, денсаулық символы ретiнде танылады. Ертедегi Мысыр перғауындары әбжыланды тiптi ерекше қасиеттеп, әбжылан бейнесiн патша тәжiнiң қақ маңдайына бар айбарымен, суық сұсымен тiкiрейтiп тұрып, жасап қойған. Бұл бiр жағынан патша ақыл иесi деген мағынаны бiлдiрсе, екiншi жағынан айналасына сес көрсетiп, кiмдi болса да, тiзе бүктiретiн пәрмендiлiктiң белгiсiндей болып тұр. Бiр сөзбен айтқанда, үрейлендiрiп тұр. Айтса да, бiр қызығы, сол әбжылан бейнесiн «царский ури» деп атаған. Бiздiң қазақтың әлгi «үрейi ұшты», «үрейлендi» деп қорыққанды, шошығанды айтатынымен, мағынасы жағынан да, дыбысталуы жағынан да бiр ұқсастығы бар,–деп бiр тыныстап алды да, –Бұрынғылар «жатқан жыланның құйрығын баспа» деген. Бiлгендiктен айтқан. Жылан өздiгiнен тиiспейдi. Басына қауiп-қатер төнгенде қарсы әрекет жасайды, яғни өзiн қорғау үшiн шағады. Қарнын тойғызу үшiн емес, өзiн сақтау үшiн шағады. Мысалы, өзiңе бiреу бекерден-бекер тиiскенде сен де қарап тұрмай, қарымтасын қайтарасың ғой. Бұл да сондай. «Аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтып күн көрер» деп Асанқайғы бекер айтты дейсiң бе? Адам құсап ұратын қолы, тебетiн аяғы жоқ, құйрығын басып кетсең шақпағанда қайтедi. Құдай оған өзiн қорғайтын қаруды сол тiсiне берген. Жаратылысы солай. Адамдар жыланды жек көрiп жиырылады. Уы бар, шағады деп, көрген жерде өлтiруге ұмтылады. Шындап келгенде, адам жыланнан сан есе улы, сан есе қауiптi. Адамзат тарихының басып өткен ұзақ жылының бiрде-бiр күнi қантөгiссiз өтпеген. Тыныш жүрген кезi жоқ. Өлтiрген, өртеген, қираған. Ең сұмдығы, содан сабақ алмаған. Әлi де алмай келедi. Осы жауыздықтың бәрi адам баласының белгiлi бiр тобының ашкөздiгiнен, ынсапсыздығынан туындайды. Жаратқан ием пенделерiне тiршiлiк етiп, өсiп-өнуi үшiн жер деген ғажайып мекендi берген. Жер бетiнен қисапсыз мол ризық несiбе берген. Бiрақ пенде де қанағат жоқ. Боқ итерген қоңыздай көзi де тоймайды, көңiлi де тоймайды, –деп сөзiн тоқтатып, темекiсiне қолын созды. …Ата қалың қасты қабағын қарс жауып темекiнi үстi-үстiне түтiндеттi. Бастапқыда мүштiгiн күлсалғышқа жиi-жиi тықылдатып едi, бiртiндеп тықылы да саябырси бастады. Соған қарағанда, тебiндi келген адуын ашудың арыны қайтып, орнықтылық орнай бастаған тәрiздi. Ақырын басымды көтерiп, көздiң астымен қарасам, әлгiндегi қатпарланған маңдайы жазылып, шырайы шығып келедi екен. «Мен темекiнi тым көп түтiндетiп жiбердiм, жел орай жасадым», деп ұзын шапанды иығына жамылып шығып кеттi. Темекiнi көп шегетiн болған соң, екi жағында қарама -қарсы терезелерi бар осы бөлменi ата өзiне әдейi таңдаған болатын. Басқа бөлмелерге қарағанда, желдету жеңiл. Терезелердi айқара ашып, есiктi жаба қойсаң болды, шамалы да түтiнi ада болып шыға келедi. Бөлменi желдетiп, төсегiн сiлкiп қайта салып, тағы қандай нұсқау болады деп күтiп тұрғанымда, балкон жақтан ата келдi. «Ендi бара бергiн. Түнiң тыныш болсын!» деп тiлегiн айтты…  
Әңгiменi жазып алған Гүлзина БЕКТАСОВА