Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН ТУЫ — ҚЫТАЙДЫҢ САУДА БЕЛГIСI МЕ?

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚСТАН ТУЫ — ҚЫТАЙДЫҢ САУДА БЕЛГIСI МЕ?

Қытайдың Чжэцзян провинциясының Бояу шығаратын кооперативi Қазақстан Туының ортасындағы Күн мен қыран белгiсiн өздерiнiң сауда белгiсi ретiнде пайдаланатындығы туралы ақпарат таратылғалы бiрнеше күн өттi. Бұл ақпарат аталған кооперативтiң вебсайты www.sd-paint.com-нан алынған.

Жалпы, мемлекеттiк ұлттық рәмiздер Қазақстанның меншiгi болып саналады және заңмен қорғалуға тиiс. Егер Қытайдың аталған кооперативi шынымен бұндай қадамға барса, бiздiң Сыртқы iстер министрлiгi қандай да бiр шара қолдануға тиiстi. Бұл жерде екi түрлi ой қорытуға болады. Бiрiншiсi — аталған кооператив бұны бiлмей жаза басқан, екiншiсi — бiлсе де, бiздiң тәуелсiздiгiмiзге нұқсан келтiру мақсатында әдейi жасаған. Егер әдейi жасаған болса, онда сөз басқа. Мұндай қорлауды егер ХҮIII, ХIХ ғасырдың шегiнде қолданса, сөз жоқ соғыс өртi тұтанар едi. Ал, қазiр дипломатиялық келiссөздердiң, өз шегiне жеткенi соншалық, кез келген мәселенi соғыссыз-ақ, келiсiмдер арқылы шешуге болады.

Бiр айта кетерлiгi, бiздiң Сыртқы iстер министрлiгiнiң елiмiз тарапына айтылып жатқан, оның iшiнде тәуелсiздiгiмiз бен елдiгiмiзге нұқсан келтiрерлiк мәселелерге тым көзжұмбайлықпен бейжай қарауы. Айталық, ең алдымен Қазақстанды Өзбекстан ойыншық еттi, сөйтiп, шекарада көлбеңдеген бейбiт тұрғындарға оқ жаудырды, қаншама адам шекарадағы келеңсiздiктердiң салдарынан көз жұмды. Бiрақ, бiз төзiмдiлiгiмiздi танытып, төзiп-ақ бақтық. Қазақстанның Сыртқы iстер министрi бiрдi-екiлi қарсылық нотасын жiбергеннен әрiге бармады. Сөйтiп, заңсыз атылған оқтың ақ-қарасы анықталмады. Бiздiң бейбiт тұрғындар қаңғыған оқтың құрбаны болып кете барды. Оған кiнәлiлер әлi анықталған жоқ.

Екiншiден, бұрынғы империялық пиғылдан арыла алмаған Ресей, оның Жириновский, Дугин секiлдi саясаткерлерi Қазақстанның елдiк мұраты мен намысына тиерлiк сөздердi қарша боратты. Қазақстан халқы Жириновскийдi «суын iшiп, құдығына түкiрген қылығы үшiн» түтiп жеуге дайын едi. Сол себептен де, Сыртқы iстер министрлiгiнен «персона нонгратаны» талап еттi. Яғни, оның Қазақстанға келуiне тиым салуын сұрады. Аталған ведомство бiраз уақыт өткiзiп барып, Жириновскийдi «Қазақстанға келуiн қаламайтын тұлға» деп жариялады. Демек, бұл «персона нонгратаға» таяу, бiрақ, оның келуiне тиым салмайды. Тек, келуiн қаламайды. Жириновскийдiң әңгiмесiнiң қызуы басылмай, Ресейдiң «Финансы» журналы Қазақстанның Ресейге қосылатыны туралы жалған ақпарат таратып жiбердi. Бiрақ, Сыртқы iстер министрлiгi тағы да жайбырақаттық танытты. Аталған ақпарат таратылғаннан кейiн ширек айды өткiзiп барып, оны жоққа шығаратын мәлiмдеме жасады.

Бұл әңгiмелердiң бәрi тиыла қалып едi, үндемей ғана мақтамен бауыздайтын Қытай өз әдетiне салып, Қазақстанның тәуелсiздiгiн танымайтындығын ұлттық рәмiздерiн сауда белгiсi ретiнде пайдалану арқылы әйгiлеп отыр.

Әрине, бұл ақпарат әлi күнге дейiн расталмаған көрiнедi. Бiз Сыртқы iстер министрлiгiнiң баспасөз қызметiне хабарласқанымызда, «Бiз Пекиндегi Қазақстан елшiлiгiне сұрау салып, бұл мәселенiң қаншалықты рас-өтiрiгiн анықтауға кiрiсiп жатырмыз. Әзiрге бұл ақпаратты растайтын немесе жоққа шығаратын мәлiмет ала алмай отырмыз. Қалай анықтаймыз, солай шара қолданатын боламыз» деген жауап қатты Сыртқы iстер министрлiгi баспасөз хатшысы Ильяс Қозыбаев.

Ал, бiз осы мәселеге орай Парламент депутаттарының да пiкiрiн бiлген едiк.

Мәжiлiс депутаты Амалбек ТШАН:

— Амалбек аға, неге iрi империялар бiздiң тәуелсiздiгiмiздi менсiнбейтiн қадамдарға барады?

— Бiз қанша айтқанменен, Қытай мен Ресей сияқты iрi империялардың ортасында отырмыз ғой. «Екi түйе сүйкенiссе ортасында шыбын өледi» дейдi ғой. Бiрақ, бiздiң мiндетiмiз соны уақытында тойтарып отыру, мүмкiндiгiнше, шара қолдану.

Мәжiлiс депутаты Амангелдi АЙТАЛЫ:

— Бұл — Қазақстан Республикасының интеллектуалдық меншiгi. Ол заңменен қорғалады. Әрине, егер бiздiң бұл меншiктерiмiзге басқа мемлекет қол сұғып жатса, ол — заңсыздық. Сол үшiн, бiздiң Сыртқы iстер министрлiгi бұл жөнiнде мәселе қоюы керек.

Есенгүл Кәпқызы