Мархабат БАЙҒҰТ: ҚАЗАҚ ТIЛIНIҢҚАРА ЖҰМЫСЫН АТҚАРЫП ЖҮРМIЗ

Мархабат БАЙҒҰТ: ҚАЗАҚ ТIЛIНIҢҚАРА ЖҰМЫСЫН АТҚАРЫП ЖҮРМIЗ

Мархабат БАЙҒҰТ: ҚАЗАҚ ТIЛIНIҢҚАРА  ЖҰМЫСЫН  АТҚАРЫП  ЖҮРМIЗ
ашық дереккөзі

Республикамыздың облыстары мен Астана, Алматы қалаларында тiлдердi дамыту жөнiндегi басқармалардың құрылып, жұмыс iстей бастағанына аса көп те бола қойған жоқ. Шындығын айтқанда, ол басқармалардың нақтылы немен айналысатынын, қандай тiрлiктер тындырып жатқанын жұртшылық жан-жақты бiле бермейдi. Кейде тiптi үстiртiн, ұшқарылау пiкiрлер де айтылып, жазылып жататыны бар. Бiз осыған орай, Оңтүстiк Қазақстан облысы тiлдердi дамыту жөнiндегi басқармасының бастығы, белгiлi жазушы Мархабат Байғұтқа бiрқатар сұрақтар қойып, әңгiмелескен едiк.

— Мархабат аға, сiз бiр мақалаңызда: «Қазақ тiлiнiң тағдыр-талайын оңалту үшiн бәрi де керек. Ақырып та теңдiк сұрау керек. Ақырын да теңдiк сұрау керек. Айқайшылар да керек. Ұраншылдар да керек. Қозғалыс та керек. Әрине, әсiресе, қазақ тiлiнiң қара жұмысын iстейтiндер ерекше керек-ақ» деген екенсiз. Тiлдердi дамыту жөнiндегi басқармалардың өмiрге келiп, iске кiрiскенiне бiр жыл өттi. Осы уақытта өзiңiз меңзеген қара жұмысқа қаншалықты үлес қоса алдыңыздар?

— Тоқсаныншы жылдардың басында: «Тiл тағдыры үшiн құрғақ ұраншылдардан гөрi қазақ тiлiнiң қара жұмысын iстейтiндер әлдеқайда пайдалырақ», — дегендi жазамыз деп, талай кiсiге жақпай қалғанымыз рас. Айта кеткен абзал, Тiл басқармалары баяғыда, 1993-1997 жылдары да болған. Тоқсан сегiздiң басында жабылып, 2005 жылдың қаңтарында қайтадан ашылды ғой. Сол тоқсан төртiншi жылы бiздiң облыста iс қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзуге кезең-кезеңмен көшу туралы кесте жасалып, оны облыс әкiмi бекiтiп, республикалық Тiл комитетi тәжiрибе ретiнде өзге облыстар мен қалаларға да таратқан. Бiрақ «Караван» сияқты газеттер, базбiр қоғамдық ұйымдар, сол кездегi Жоғарғы Кеңестiң кейбiр депутаттары бұл бастамаға өршелене қарсы шығып, өре түрегелiп, кестемiздiң қадамын тұсап, адымын аштырмай тастады… Әгәрәки, сол екпiнмен кете бергенде бар ғой, қазiр бiрталай белестерден асып үлгерген болар едiк.

Мiнекиiңiз, ендi бүгiнде екi-үш жылдан берi республика бойынша бес облыс iс қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзуге көшкен болып есептеледi. Алайда, жаңағы сiз бен бiз ерекше екпiн түсiрiп отырған қара жұмыстың атқарылу жағдайы әр жерде әрқалай, ала-құла. Көпшiлiгiмiзде баяулық басым. Облыстық тiлдердi дамыту жөнiндегi басқармалардың бастықтары бiр жыл бедерiнде екi мәрте бас қостық. Тiл комитетiнiң алқа мәжiлiсiнде, семинар-тренингте дегендей. Әрiптестерiм: «Сiздерде, Оңтүстiкте оңайырақ шығар, қазақтың көбi сонда, қаймағы бұзылмаған», — деседi. «Қаймақтарыңызға бек рахмет, өкiнiшке қарай, қазақ тiлiнiң қара жұмысы сiздердегiден көп болмаса, аз емес-ау», — деймiз бiз.

Былтырғы жылдың алғашқы айында құрыла сала, басқармамыз өз жұмысын «Оңтүстiк Қазақстан облысында тiлдердi қолдану мен дамытудың 2005-2006 жылдарға арналған өңiрлiк бағдарламасын» әзiрлеуден бастады. Әрине, бағдарламада ең бiрiншi кезекте iс қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзу мәселесiне баса назар аударылды. Iс қағаздарының мемлекеттiк тiлде жүргiзiлуiне байланысты мекемелер рейтингi тоқсан сайын шығарылып тұрды. Облыс әкiмi Болат Жылқышиев өңiрiмiз бойынша бұл көрсеткiштi 2005 жылдың соңына дейiн 80 пайызға жеткiзу мiндетiн қойған едi. Қазiр аудандар мен қалалар әкiмдiктерiндегi шығыс құжаттарының мемлекеттiк тiлдегi үлесi – 93,8 пайызға, жергiлiктi облыстық мемлекеттiк мекемелерде – 80,7 пайызға, ал облыстық аумақтық мемлекеттiк мекемелерде – 60,3 пайызға жеттi. Бiр қарағанда, iлгерiлеу баршылық, пайыздық көрсеткiштер тәуiр секiлдi. Бiрақ, бұл нәтижелер жүйелi тексерiс, талапшылдық, қадағалау болмаса, қара жұмысқа көмек көрсетiлмесе, төмендеп кетуi бек мүмкiн.

Мемлекеттiк органдарда Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы Тiл туралы» заңы мен тiлдер туралы нормативтiк-құқықтық актiлерi талаптарының орындалу жағдайына, iс қағаздарын мемлекеттiк тiлде дайындау барысына тексеру жүргiзудiң бекiтiлген кестесiне сәйкес 24 облыстық мекемеде, 2 қала мен 5 ауданда, Шымкент қаласындағы көптеген мекемелерде, халыққа қызмет көрсететiн 12 ұйымда тексерулер жүргiзiлдi. Әсiресе, Тiл туралы заңымыздың 9, 10, 15 баптарының талаптарын бұзушылық жиi кездеседi. Мекемелер мен ұйымдардың басшыларына мiндеттеулер берiледi, орындалуы талап етiледi. Шынтуайтына келгенде, тiлдердi дамыту жөнiндегi басқармалардың тексерулерi өзгелердiң тексерулерiне оншалықты ұқсай бермейтiнi де рас. Бiз көбiнесе көмектесу, әдiстемелiк ақыл-кеңес беру, түсiндiру жағына басымырақ көңiл бөлемiз. Әлбетте, заң талаптарының бұзылуын белгiленген мерзiмде түзету мәселесi бiрiншi орында тұрады. Дегенмен, тiл саласының өзiндiк өзгешелiктерi жетiп-артылады. Қара жұмыстың көбiне қосыла жегiлмесек, қос түзелмейтiн реттер аз емес.

— Iс қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзу туралы, өз облысыңыздағы пайыздық көрсеткiштер жайында айтып жатырсыз. Бiрақ, көптеген облыстар мен қалаларда, мыңдаған мекемелерде осы жұмысты тек аудармашылар атқарып жүрген жоқ па?

— Бiрқатар бас қосуларда, семинарларда, тiл туралы өзектi мәселелер қозғалатын басқа да маңызды жиындарда осы жағдай жиi-жиi сөз болады. Шынында да көптеген әкiмдiктерде, басқа да атқарушы органдарда, толып жатқан мекеме, ұйымдарда қызметкерлердiң басым бөлiгi, кейде тiптi, бәрi дерлiк iс қағаздарын бұрынғыша, орыс тiлiнде дайындап, аудармашының алдына ысырып тастай салатыны өтiрiк емес. Бәлкiм, белгiлi бiр кезеңдерде аудармашылар өз рөлдерiн атқарған да шығар. Ал ендi сол аудармашылар дәл қазiр iстi қазақша жүргiзуде керiсiнше, кедергi болуға айналды. Тәржiмешiге сенiп, аудармашыға сүйенiп, бейнетi ауыр байғұстардың мехнатын малданып, пайыздық көрсеткiшке алданып келе жатқан жайларымыз аз емес. Сондықтан да бiз алғашқы айлардан бастап-ақ бұл мәселенi мүмкiн болғанынша оңалту бағытын ұстанудамыз. Түрлi нысандар арқылы және тексерулер кезiнде нендей мекеме мен қандай ұйымда болсын, iс қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзу тек аудармашылар арқылы ғана атқарыла ма, жоқ, қызметкерлер тiкелей өздерi жаза ма, қанша қызметкер қазақ тiлiнде жазады, т.б. мәселелер анықталады. Кейiн мiндеттеулер жолдау, орындауды талап ету, рейтинг шығару, баға беру кезiнде олар жан-жақты ескерiледi. Былтырғы тамыз айында облыс әкiмiнiң төрағалық етуiмен «Оңтүстiк Қазақстан облысында мемлекеттiк тiлдi қолдану мен дамытудың өзектi мәселелерi туралы» облыстық мәжiлiс өткiздiк. Оған облыстық мәслихат басшылары, облыс әкiмiнiң орынбасарлары, аудандар мен қалалардың әкiмдерi, жергiлiктi және аумақтық атқарушы, бақылау, құқық қорғау органдарының, кәсiпорындар мен мекемелердiң, оқу орындарының басшылары, ғалымдар мен мамандар, ұлттық-мәдени орталықтардың, басқа да қоғамдық ұйымдардың жетекшiлерi қатысты. Ерекше маңызды, пайдалы талқылау болды. Бағалы-бағалы ұсыныстар, құнды-құнды ой-пiкiрлер айтылды. Нәтижесiнде пәрмендi хаттамалық шешiм қабылданды. Онда нақтылы тапсырмалар белгiленiп, орындау мерзiмi көрсетiлдi. Бұл жағдай бiздiң басқарманың қара жұмысын одан сайын көбейте түскенiмен, тиiстi iс-шаралардың атқарылуына үлкен көмек болды. Мәселен, сол хаттамалық шешiмде: «Мемлекеттiк тiлде iс жүргiзудi әрбiр мемлекеттiк қызметкерден талап ету күшейтiлсiн, бұл iстi тек аудармашылар арқылы ғана атқару практикасынан бiрте-бiрте арылу бағытында жұмыс жүргiзiлсiн» деген тапсырма жазылды. Бұл тапсырманы аудандар мен қалалардың әкiмдерi, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары орындауға тиiс. Сондай-ақ осы хаттамалық шешiмде «Қазақ тiлiнде оқытатын және тәрбие беретiн мектепке дейiнгi мекемелер санын көбейту жөнiнде нақты шаралар белгiленсiн», «Облыстағы мекемелерден жоғары органдарға құжаттар мен хаттар мемлекеттiк тiлде жiберiлсiн», «Шымкент қаласындағы маңдайша, жарнама жазулары мен басқа да көрнекi ақпарат мәтiндерiнiң заң талаптарына сай әрi сауатты жазылуы жөнiнде нақтылы шаралар атқарылсын» деген сияқты дiлгiр мiндеттердiң белгiленген мерзiмдерде орындалуына көмектесетiн де, қадағалайтын да — бiздiң басқарма.

— Ал ендi сiздерде, яғни Оңтүстiк өңiрiнде мемлекеттiк тiлдi оқып-үйренуге мемлекеттiк қызметкерлер, басқа да қызметшiлер үшiн, өзге ұлт өкiлдерi үшiн жағдай жасалған ба?

— Шымкент қаласында бiраз жылдардан бермен қарата екi мекеме жұмыс iстейдi. Бiрiншiсi – облыс әкiмi аппаратының «Мемлекеттiк қызметкерлердi даярлау орталығы», екiншiсi – Шымкент қалалық әкiмдiгiнiң «Шымкент қалалық қазақ тiлiн оқыту және салт-дәстүрiн насихаттау орталығы». Бұл екеуiнiң 46 тобында 2005 жылы 493 адам мемлекеттiк тiлдi оқып-үйрену курсынан өттi. Бiрақ сол бес жүзге тарта кiсiнiң бәрi бiрдей қазақ тiлiнде сөйлеп, iс қағаздарын жүргiзе алады деу қиын. Орталықтардың жұмысында, әдiстемелiк iзденiстерiнде әлi де кемшiн тұстар баршылық. Мемлекеттiк тiлдi оқып-үйренушiлердiң ынта-ықыласына, ниетiне де көп нәрсе байланысты. Тiкелей өздерiнде мемлекеттiк тiлдi оқытып-үйрететiн мекемелер һәм баршылық.

Бiз мемлекеттiк тiлдi меңгеруге, iс қағаздарын қазақ тiлiнде жүргiзуге ынталандыру шараларына да мүмкiндiгiнше жете мән бермекке ұмтыламыз. Осы мақсатта аудандар мен қалалардағы мемлекеттiк мекемелер қызметкерлерiнiң арасында «Мемлекеттiк тiл – менiң тiлiм», жоғары оқу орындарындағы өзге ұлт өкiлдерi студенттерiнiң арасында «Тiлге құрмет – елге құрмет», өзбек мектептерiн бiтiрушi түлектердiң арасында «Мемлекеттiң тiлiн бiлу – парызың», мемлекеттiк мекемелер қызметкерлерiнiң арасында «Үздiк аудармашы», «Үздiк iс жүргiзушi» конкурстарын өткiздiк. Мемлекеттiк тiлде iс жүргiзуге байланысты семинар-тренингтер, сабақтар, оқулар, облыстық, қалалық, ауданаралық, өңiрлiк, аймақтық тәжiрибе алмасулар, семинар-кеңестер ұйымдастырамыз.

Облысымызда әсiресе, 2005 жылы қазақ тiлiнде оқытатын және тәрбие беретiн мектепке дейiнгi мекемелердiң санын көбейту жөнiнде жүйелi жұмыс жүргiзiлiп, қазақ балабақшалары 11-ге артып, 33-тен 44-ке жеттi. Аралас тiлдi балабақшалардағы қазақ топтары 289-дан 309-ға дейiн көбейдi. Жазғы демалыс айларында «Жалын», «Тау самалы», «Эдельвейс» лагерьлерiнде өзге ұлт өкiлдерiнiң балаларына қазақ тiлiн үйренуге жағдай жасалды.

Бiздiң облыста төрт жүз мыңға тарта өзбек бауырлар тұрады. Олар сан жағынан қазақтардан кейiнгi екiншi орында. Өзбек балаларының қазақ сыныптарында оқи бастаған жағдайлары онша көп емес, дегенмен осы үдерiс аз да болса байқалады. Ал, жалпы алғанда, өзбектердiң қазақ тiлiне, тарихына, әдебиетiне қызығушылық жағдайы баршылық. Осы сұранысты қанағаттандыру мақсатында тiлдердi дамыту жөнiндегi басқарма «Қыз Жiбек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қамбар батыр» және «Айман – Шолпан» эпостарын өзбек тiлiне аударуды және кiтапша етiп бастыруды ұйымдастырды. Ол кiтапшалар облысымыздағы 70-тен аса өзбек мектебiне таратылды.

— Сiздердiң басқармаларыңыз «Ана тiлi және отбасы» жобасын әзiрлеп, белсене жұмыс iстеп жатқанын, сондай-ақ аталмыш жобаның республикалық Тiл комитетi арқылы барлық облыстардың, Астана, Алматы қалаларының тiлдердi дамыту жөнiндегi басқармаларына тәжiрибе әрi бастама ретiнде таратылғанын бiлемiз. Бұл жоба жөнiнде «Мемлекеттiк тiл» қоғамдық қозғалысының төрағасы Мұхтар Шаханов ағамыз Парламентте өткен үлкен бас қосуда да айтты. Қазiр «Ана тiлi және отбасы» жобасының жүзеге асырылу барысы нендей күйде?

— «Ана тiлi және отбасы» жобасы Елбасының Жолдауындағы: «Елiмiздiң мемлекеттiк тiлi – барлық қазақтардың ана тiлi» деген қағидасына, мемлекеттiк және өңiрлiк бағдарламаларға негiзделген. Оны бiр жылға емес, алдағы бiрнеше жылға арнап жасағанбыз. Жоба облысымыздағы қалалар мен аудандардағы әкiмшiлiктерге, жергiлiктi және аумақтық департаменттер мен басқармаларға, өзге де мекемелер мен бiрқатар кәсiпорындарға, балабақшаларға, жоғары және арнаулы орта оқу орындарына, сонымен қатар, өзiңiз айтқандай, Тiл комитетi арқылы республикамыздың облыстары мен Астана, Алматы қалаларына таратылған. Мiне, жарты жылдан аса уақыт өттi. Жобамыз жылдам iске аса бастады деп айта алмаймыз. Негiзiнен «Ана тiлi және отбасы» жобасы отбасыларында ана тiлiнде сөйлемейтiн, орыс тiлiне бейiмделiп кеткен, өз үйлерiнде ғана емес, балабақшада, оқу орнында, жұмыста ана тiлiн қолданбайтын, қазақ тiлiн бiлмейтiн немесе туған тiлiне шорқақ, шала сөйлейтiн, сөйлегiсi, үйренгiсi келгенмен соның жолын таппай жүрген қазақтарға, қазақ отбасыларына арналған.

Басқармамыздың талап етуi бойынша облысымыздағы аудандар мен қалалардан, департаменттер мен басқармалардан, өзге де мекемелерден жобаны жүзеге асыру жөнiнде әлсiн-әлсiн тиiстi мәлiметтер мен ақпараттар алынады. Талдау, сараптау, iс-шараларды үйлестiру, ұйымдастыру, БАҚ-та насихаттау жағына мән берудемiз.

Әуелгiде «Ана тiлi және отбасы» жобасына онша менсiнбей қараушылар, үстiрт түсiнушiлер, тiптi түсiнгiсi келмейтiндер де, оқымай-ақ, шекесiне шиыра қол қойып, өзге ұлт өкiлдерiмен жүрдiм-бардым ғана, есеп пен ақпарат үшiн ғана, шаралар өткiзудi мiндеттеген басшылар да аз болған жоқ. Ондай басқармалар мен департаменттерге, мекемелерге, оқу орындарына тiкелей барып, жобаны көзбе-көз оқытып, кейбiр кiнәмшiл шенеунiктерге: «Сiз өзiңiз отбасыңызда бала-шағаңызбен ана тiлiңiзде сөйлесесiз бе?» немесе «Басқармаңызда, мекемеңiзде, өз отбасыңызда және қызметте ана тiлiнде сөйлемейтiн немесе жаза алмайтын неше қызметкер бар екенiн бiлесiз бе?» дегендей мазасыз сұрақтар қойып, мазаларын алуға тура келдi. Бiрте-бiрте қалалық және аудандық әкiмдiктерден, жергiлiктi және аумақтық басқармалар мен департаменттерден, жоғары және арнаулы орта оқу орындарынан, негiзгi кәсiпорындар мен ұйымдардан, мектептер мен мектепке дейiнгi мекемелерден «Ана тiлi және отбасы» жобасы бойынша арнайы iс-шаралар жоспарын жасау және орындау талап етiлiп, ай сайын мәлiметтер берiп отыру мiндеттелдi.

«Ана тiлi және отбасы» жобасын түсiнгiсi келмейтiндер әлi де көп. Осыны ескере отырып, облыстық тiлдердi дамыту жөнiндегi басқармасының қызметкерлерi Шымкент қалалық мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмiнiң қызметкерлерiмен бiрге жаңа оқу жылының қыркүйек, қазан айларынан бермен қарата жоғары және орта арнаулы оқу орындарының орыс топтарында, жалпы бiлiм беретiн орыс мектептерiнде, аралас мектептердiң орыс сыныптарында болып, оқу орындары басшыларымен, ұстаздармен алдын-ала, немесе тiкелей сабақ, лекция басталарда келiсе отырып, отбасыларында және құрбы-құрдастарымен өзара өздерiнiң ана тiлiнде сөйлемейтiн қазақ жастарымен шүйiркелесу, әңгiмелесулер мен лекциялар, сырласу сағаттарын, «дөңгелек үстел» мәжiлiстерiн өткiзуде. Бұл игiлiктi және аса пайдалы iс бұдан былай да жалғасын таба бередi. Рас, мұндай iс-шаралардың күрделi жақтары да жоқ емес. Әлгiндей топтарда, сыныптарда, курстарда өзге ұлттың балдырғандары, оқушылары, студенттерi, тыңдаушылары да отырады емес пе? Сондықтан, олардың психологиясын, көзқарасын, қабылдау жағдайын да жан-жақты, нәзiк түрде ескерiп отыру керек.

Жобаны жүзеге асыруға орыстiлдi қазақ жастарын көбiрек тарту мақсатында сырласу сағаттары мен «дөңгелек үстел» мәжiлiстерi жүйелi өткiзiлуде. өкiнiшке қарай, өздерiнiң ана тiлiн менсiнбейтiндер бiзде де жүздеп, мыңдап саналады. Сырттай қарағанда, Оңтүстiк Қазақстанда ондай проблемалар жоқ сияқты, жұрттың бәрi де қазақ тiлiн «қатырып» жатқандай көрiнуi бек мүмкiн. Бiзге солай айтатындар да көп-ақ. Алайда, жағдай мүлде басқа. Мәселен, қазiрге дейiн басқарма қызметкерлерi 14 жоғары оқу орнында, 10 коллежде, бiрнеше орыс орта мектептерiнде орыс тiлiнде бiлiм алатын қазақ жастарымен кездесiп, жоғарыда айтылғандай әңгiмелер, түсiндiрулер, түрлi-түрлi шаралар өткiздi. Бiрқатар жоғары және арнаулы орта оқу орындарында, бiрер мектепте бiз: «Қазiр қазақ тiлiнде сөйлеу модыда жоқ, үйiмiзде де, оқу орындарында да тек орыс тiлiнде сөйлесемiз, қаладағы жастардың басым көпшiлiгi солай», — деген пiкiрлердi аз естiген жоқпыз. Мұндай пiкiр айтушыларды ондай көзқарастарынан қайтару тiптi қиынға соғатыны түсiнiктi. Бұған қарап мүлде түңiлуге, жұмысты әлсiретуге болмайды. Әлгiндей пиғылдағы жастарға әсердi күшейте түсу үшiн бiз түсiндiру, жобаға бетбұрыс жасау мақсатында жастардың, жастар ұйымдарының, студенттердiң өз ортасынан шыққан нағыз белсендi, жiгерлi, қайсар бауырларымызды тартуға тырысудамыз. «Мен қазiр отбасымда өз ана тiлiнде сөйлемей келген папам мен мамама қазақ тiлiн үйретуге кiрiстiм», — дейтiн оқушылар мен студенттер де баршылық. Бұл орайда қазақ тiлiн қазақтардан гөрi жақсырақ меңгерген өзге ұлттардың өкiлдерi де көп септiгiн тигiзедi.

«Ана тiлi және отбасы» жобасын жүзеге асыруда бiзге бұқаралық ақпарат құралдары елеулi көмек көрсетiп келедi. «Қазақстан-Шымкент», «Отырар» телеарналары, «Оңтүстiк» және «Юмакс» радиолары, облыстық, қалалық және аудандық газеттер, бiрқатар жекеменшiк басылымдар аталған мәселеге мән-маңыз берiп, жобаны жүйелi насихаттап жүр. Өз тарапымыздан мақала, мәлiмет немесе сауалнама қорытындыларын жариялаудамыз. «Ана тiлi – арың бұл» деген бейнеролик жасап шығарып, көрсетуге кiрiстiк.

«Ана тiлi және отбасы» жобасы бүкiл республикамыздың облыстарына, Астана мен Алматы қалаларына да таратылды дедiк қой. Әзiрше бiрқатар облыстар қызығушылықпен хабарласты. Астанадағы басқармадан айтулы ақынымыз, тiл төңiрегiндегi тiрлiктiң тынымсыз бейнетқоры Қонысбай Әбiл арнайы хат жазып, ақедiл алғыс айтыпты. Базбiр бауырларымыз «бәле болдыңдар ғой, онсыз да жұмыс аз емес, ендi отбасылармен айқасуымыз керек пе?» дегендей, ренiш танытады. Тiптi жобаны қозғаусыз қалдырған облыстар да бар. Шынтуайтына келгенде, бiз басқаларға үйретуден, ақыл айтудан, өз көзқарастарымызды зорлап таңудан аулақпыз. Алайда, ақиқатты мойындауымыз керек, ана тiлiмiздiң отбасылардағы жағдайы барлық жерде де мәз емес. Сондықтан, жобаға жете мән берген абзал.

Бiз жобаны және бiр мәрте естерiне салу үшiн, алдағы жылдардың жоспарына жүйелi де, әсерлi атқарылар iс-шараларды ендiрудi ұмытып кетпесiн деген мақсатта барлық облыстар мен Алматы және Астана қалаларындағы тiлдердi дамыту жөнiндегi басқармалардың басшыларына арнайы хат жазып (2005 жылғы 10 қазан күнi), өз облысымызда iстелген негiзгi-негiзгi жұмыстарды да әдейiлеп атап-атап көрсетiп, «Ана тiлi және отбасы» жобасының қазақша және орысша нұсқаларын тағы да қоса жолдадық. «Қадiрлi әрiптес! Осы хатты және жобаның екi тiлдегi мәтiндерiн жолдай отырып, Сiздер нақтылы iстер атқарады, келесi жылы жұмысты жандандыра түседi деп үмiттенемiз және сенемiз», — деп аяқтағанбыз сол хатымызды.

— Мәке, қара жұмыстар жайында бiраз жәйттерге көз жеткiзгендеймiз. Ал ендi басқармалардың бейнетi тек қара жұмыстармен ғана өлшенбейтiн шығар? Оның үстiне мекемелерiңiздiң атында «дамыту» деген сөз бар ғой?

— Кезiнде бiз «Қазақ тiлiнiң бiрiздiлiгi мен тиiстi стандартқа келтiрiлуiн қамтамасыз етудiң кейбiр мәселелерi» деген семинар-кеңес өткiзiп, оның ұсыныстарын жоғарыдағы тиiстi ұйымдарға жолдағанбыз. «Көрпелерiңе қарай көсiлсеңдершi» деген ескертпе де естiгенбiз… Өткен жылды алар болсақ, көрпемiзге қарай көсiлiп, жергiлiктi жағдайларды, өзгешелiктердi ескерiп, қазақша-орысша шағын тiлашар, ономастикаға байланысты нормативтiк-құқықтық кесiмдер жинағын, мемлекеттiк тiлде iс жүргiзушiлерге әдiстемелiк көмек ретiнде күнделiктi жұмыста жиi қолданылатын «Ресми iс қағаздарының үлгiлерi» мен «Iс қағаздарында жиi қолданылатын сөз тiркестерi» атты көмекшi құралдар шығардық.

Әсiресе, «Мемлекеттiк тiлдiң мәртебесi: бүгiнгi ахуал және оны жан-жақты жақсартудың жолдары» атты өңiрлiк ғылыми-теориялық конференциямыз жұртшылыққа жақсы әсер еттi. Онда басқарма басшылары, көрнектi ғалымдар мен мамандар, заңгерлер, ұлттық-мәдени орталықтар жетекшiлерi, ұстаздар баяндама жасады. Облыстың барлық аудандары мен қалаларынан, тиiстi мекемелер мен ұйымдардан, оқу орындарынан жауапты өкiлдер шақырылды. «Бұқаралық ақпарат құралдары және мемлекеттiк тiлдiң насихатталуы», «Ономастика: кеше және бүгiн», «Мемлекеттiк тiл және кәсiпкер», «Қазақ тiлiнiң орыс мектептерiнде оқытылу жағдайы», «Мемлекеттiк тiлге көштiк. Iс қағаздары қалай?», «Ономастика: отаршылдық қалдықтарынан қашан арыламыз?», т.б. тақырыптарда «дөңгелек үстел» мәжiлiстерi ұйымдастырылды. Облыстық «Оңтүстiк Қазақстан» газетiмен бiрге «Қазақтың көне сөздерi» байқауын, шешендiк өнерге икемi бар қазақ жастары арасында «Өнер алды — қызыл тiл» конкурсын өткiздiк. Бұлар — туған тiл құнарын дарыту мен дамытуға бағытталған шаралардың бiр парасы ғой. Оралхан Бөкей атындағы байқау да солай.

Бiз бұлардың бәрiн көрiнiп қалу үшiн, мақтанып қалу үшiн айтып отырған жоқпыз. Тiл жөнiндегi нақтылы тiрлiктерге аз да болса әсер етсе, ой қозғаса, түрткi болса деген ниетпен ғана қозғап, кеңiрек тоқталып жатырмыз. Және бiр жағдайға назар аударыңыз. Жұрттың бәрi бiледi, Оңтүстiкте, шүкiршiлiк, той көп, тойхана көп. Дүйсенбiден жексенбiге дейiн күн құрғатпай той өтiп жатады. Ондаған тойханалар, жүздеген кафелер тойлардан, салт-дәстүрлiк рәсiмдерден, өзге де тұрмыстық түрлi шаралардан босамайды. Хош делiк. Ал ендi соларда қалай сөйлеп жүрмiз, не айтып жүрмiз? Бұл жөнiнде қоғамдық пiкiрде ренiштi жағдаяттар жетiп-артылады. Осыларды ескере келе бiз былтыр iшкi саясат департаментiмен бiрге, облыстық және қалалық мәслихаттар депутаттарының, бiлiм, мәдениет салалары басшыларының, ардагерлердiң, мәдениет, әдебиет, өнер қайраткерлерiнiң, дiн өкiлдерiнiң, ғалымдар мен мамандардың, мұғалiмдердiң, асабалардың, қоғамдық бiрлестiктер, жастар ұйымдары жетекшiлерiнiң қатысуымен «Салт-дәстүрлiк рәсiмдер, тұрмыстық түрлi шаралар және тiл мәдениетi» тақырыбында аса ауқымды «дөңгелек үстел» мәжiлiсiн өткiздiк. Онда «Салт-дәстүрлiк рәсiмдер, тұрмыстық түрлi шаралар кезiнде қалай сөйлеп, не айтып жүрмiз?», «Үлкендi-кiшiлi тойларымыздың тәрбиелiк мәнi қай деңгейде?», «Той және ұлттық дәстүр мен жаңашылдық, тiл мәдениетi төңiрегiнде не iстеуге болады?», «Туған күндi атап өту мiндеттi ме?», «Мектеп оқушылары мен студент-жастар үшiн туған күндердi тым көп атап өтудiң пайдасы мен зияны қандай?», «Қайтыс болған адамды жөнелту, марқұмның жетiсi, қырқы, жылы кезiндегi рәсiмдер мен сөйлеу мәдениетi хақында» деген сұрақтар төңiрегiнде қызу пiкiрталастар өрбiдi. Талқылау қорытындысы бойынша арнайы үндеу қабылданып, БАҚ-та жарияланды. Осы тақырып бойынша аудандық, қалалық мәдениет және тiлдердi дамыту, сондай-ақ iшкi саясат бөлiмдерi арнайы iс-шаралар жоспарларын жасап, олардың орындалуы жөнiнде тоқсан сайын мәлiметтер талап етiлуде. Биыл бұл жұмыс жалғасын тауып, «Салт-дәстүрлiк рәсiмдер, тұрмыстық түрлi шаралар және тiл мәдениетi» тақырыбында өңiрлiк семинар-кеңес өткiзiлмекшi.

Қазақ тiлiнiң қара жұмысы хақындағы түсiнiк те әр түрлi ғой. Қалай дегенде де соларды нақтылы белгiлеп, көзiн тауып, мiндетсiнбей, бiр-бiрiмiзге сiлтемей, нағыз қажырлылықпен атқармасақ, құрғақ ұраншылдықтан, құр байбаламнан, жалған жылап-сықтаудан онша нәтиже шықпайды. Бiз биыл қара жұмысқа бұрынғыдан да нақтырақ көңiл бөлмекпiз. Бүгiн-ертең тиiстi құзыреттi органдармен бiрге облыс аумағындағы жарық, газ, су, жылу беру, байланыс, банк, СЭС сияқты мекемелердiң, сондай-ақ Iшкi iстер органдарына қарасты мекемелердiң тарапынан берiлетiн кесiмдердiң, түбiртектердiң, шақырулардың, хаттамалардың, мiндеттемелердiң, т.т. қағаздардың мемлекеттiк тiлде жасалып, орындалуын тексерiп, тұрақты түрде қадағалауға алмақпыз. Және бiр мәселе бар. Басқаларды айтпағанда, нағыз қазақы қаймағы қалың саналатын Созақ, Отырар, Бәйдiбек, Қазығұрт, т.б. аудандардағы қазақша iс жүргiзу сапасы, құжат тiлi мен стилi де мәз емес. Бұл салада да қара жұмыстар аз болмайын деп тұр.

Әңгiмелескен

Балтабек ТҮЙЕТАЕВ