АҚ ОЛИМПИАДА АЛТЫНЫН АЛАМЫЗ БА?

АҚ ОЛИМПИАДА АЛТЫНЫН АЛАМЫЗ БА?

АҚ ОЛИМПИАДА АЛТЫНЫН АЛАМЫЗ БА?
ашық дереккөзі

Ендi бiр күннен соң –10 ақпан күнi әлем аңсай күткен қысқы Турин Олимпиадасының алауы жағылады. Араға елу жыл салып Олимпиада ойындары романтикаға толы Италия жерiне қайтып оралды. Тарихы ғасырлар тереңiне тартатын ежелгi Турин қаласында өткелi отырған бұл Олимпиада – қысқы спорттық ойындардың iшiндегi ең таңдаулысы болады деп күтiлуде. “Турин-2006” Олимпиадасын ұйымдастыру комитетiнiң уәдесi осындай. Ал той, көңiл көтерер думан десе iшкен асын жерге қоятын шат көңiл итальяндықтардың сөзiне әрқашан сенуге болады. Жер-жаһанның түкпiр-түкпiрiнен жиналған саңлақ спортшылар мен тарландар әлден-ақ Турин қаласының түбiндегi Сестриер мен Бардонеккио тау деревняларына орналастырылып, жарыстарды тамашалауға мүмкiндiк беретiн 1 млн. билеттердiң бәрi түгелдей дерлiк өз иелерiн тапты. Қысқы ойындардың ашылу салтанаты мен қоштасуы өтетiн “Stadio Olimpico” стадионына кiру билеттерiнiң құны 600-850 еуро болып отыр.

Қазақстаннан ақ Олимпиадаға алпысқа жуық спортшылар қатыспақшы. Қазақ спортшылары Ақ Олимпиаданың алтын алқасын тағуға мүмкiндiгi бар ма? Турасын айтқанда, ешбiр үмiт жоқ. Бiздiң үмiткерлер түгiлi, қателеспесек, жарыс жолдарында 250 таңдаулы спортшыларының бағын сынамақ болып отырған Ресей құрамасы да небары 3 алтын медальдi қанағат тұтпақшы. Шаңғыдан жарыс жолдарында жасындай жарқылдап өнер көрсеткен Владимир Смирнов сияқты кәрi тарландардың жұрт сүйсiнген өнерi, жансебiлдiгi, жалғыз жортқан намысшылдығы тарих еншiсiнде. Қазақстан ондай саңлақтың iзiн басатын спортшылар дайындай алған жоқ. Жеңiл жарыстар болмаса конькишiлерiмiз жеңiс тұғырынан көрiнген емес. Соңғы жылдары үмiт отын оятып жүрген биатлонистерiмiз әлемдiк деңгейдегi саңлақтармен салыстырғанда төменгi сынып балаларындай. Ал Олимпиада медальдерi басым түрде сарапқа салынатын сноуборд, фристайл сияқты спорт түрлерi “Азия барысы” атана бастаған Қазақстан спорт жанкүйерлерi түгiлi, санаулы жаттықтырушыларымыз бен спортшыларымыз үшiн де экзотикалық жарыстар санатында. Бiр ғана үмiтiмiз – шайбалы хоккейшiлерiмiзде. Басым бөлiгi алыс-жақын шет елдерде өнер көрсететiн жiгiттерiмiз намысын жiгерлерiмен жанып, әлемдiк элиталық құрамалардың–таңдаулы сегiз команданың қатарына тұяқ iлiктiрсе “тәубе ” деуге даярлар көп. Олимпиада комитетiндегi функционерлер “Турин-2006” Қысқы ойындарының алтын алқасын таққан отандық спортшыға–200 мың доллар, ал күмiс жүлдегерге –150 мың доллар көлемiнде сыяпат тағайындап отыр. Әп бәрекелдi, ендi қалғаны Ақ Олимпиада алтынын шаппай алатын азаматтың табылуы ғана. Бiрақ, жанкүйерлерiмiз төрт жыл аңсай күткен Турин Олимпиадасының жарыс жолдары мәңгi есте қалатын әдiл тартыстар, қызықты жарыстарға толы болатынына еш күмән келтiрмейдi.

Ж.Баққондыұлы