ТIЛ ЖАНАШЫРЛАРЫ ТАҒЫ АТҚА ҚОНДЫ

ТIЛ ЖАНАШЫРЛАРЫ ТАҒЫ АТҚА ҚОНДЫ

ТIЛ ЖАНАШЫРЛАРЫ ТАҒЫ АТҚА ҚОНДЫ
ашық дереккөзі

Мемлекеттiк тiл қашан өз үстемдiгiн құрмайынша, тiлдiң жоғын жоқтап, мұңын зарлайтын топтың күресi басылмайтыны анық. Басылмағаны сол, тiлдi қорғап, ендi «Қазақ тiлi» қоғамы ғана емес, қоғамдық қозғалыстар да белсенiп iске кiрiстi. Кiрiсiп қана қоймай, аптаның соңына қарай, «Менiң тiлiм» атты мәслихат өткiздi. Мәслихатқа зиялы қауымның өкiлдерi бар, «Халық дабылы» қоғамдық қозғалысының мүшелерi бар, бiрқатар азаматтар қатысып, өз пiкiрлерiн ортаға салды. «Қазақконцерттiң» үлкен залында ине шаншар орын қалмапты. Тiлдiң тағдырын қозғағалы жатыр деген ақпаратты естiген соң, жүректерi шыдап үйлерiнде жата алмаған болуы керек, тiлдiң жанашыры боп жүрген аға-апаларымыздың көбi жиналыпты. Тiптi, Парламент депутаты, көрнектi қоғам қайраткерi, ақын Мұхтар Шаханов та келiптi. «Кiшкене сырқаттанып қалып едiм. Соған қарамастан, тiлдiң жайы сөз болады деген соң, үйде тыныш жата алмадым»,–дейдi.

Ұлты әзiрбайжан болса да, жүрегi қазақ деп соғып жүрген Асылы апамыз да осында. Сонау Жамбыл ауданынан ат арытып Надежда Лушникова апамыз да жетiптi. Қолында сиясы кеппеген жаңа өлеңi. Патриот апамыздың өлеңiнде де тiлге деген құрмет, елге деген ықыласы сезiледi. Мәслихатты жүргiзген Кенесары Қаптағаев мырзаның айтуынша, жарнамасы iлiнген жетi күннiң iшiнде қаншама азаматтар телефон шалып, жарыссөзге қатысамыз деп тiлек бiлдiрген екен. Республиканың түкпiр-түкпiрiнен келiп қатысқандар да болды. Тiптi, көршi өзбек елiнен қандас бауырларымыз да келдi. Түбi бiр түркi азаматтарының да тiлге тиек еткенi қазақ тiлiнiң жайы. «Қазақстан-Заман» газетiнен келген Ахмят Аляз мырза сөз кезегiнде:

– Жуырда бiр қазақ азаматымен кездесiп қалдым. Ол маған орысша сөйлейдi, мен оған қазақ тiлiнде жауап қайтарам. Ол менен «Қазақстанға келгенiңе қанша жыл болды?» деп сұрады. «Он жылдан асты» деп едiм, «Он жыл бойы орыс тiлiн үйрене алмадың ба?» дейдi маған. «Қазақстанда тұрғаныңа қанша жыл болды?» деп сұрасам, «Осында туып-өстiм» дейдi. «Осында туып-өссең, неге қазақша сөйлемейсiң?» деп өзiн ұялтып тастадым. Ол ағамыз менiң сөзiмнен кейiн қазақша үйренген болар, – дедi.

Мәслихатта сөз алғандардың көбi, ұлты бөлек ағайындарымыз. Қазақ емес, өзге ұлттың өкiлдерi «Менiң тiлiм» деп шырылдап жүр.

«Халық дабылы» қоғамдық қозғалысының Маңғыстаудан келген өкiлiнiң де пiкiрi көңiлге қонымды шықты. «Мен тұратын өңiр, көршi түркiмен жұртымен шекаралас жатыр. Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас жатқан түркiмен жұртымен алыс-берiсiмiз бiрге. Сол көршi түркiмен елiнде орыс тiлiнде сөйлейтiн бiр адамды таба алмайсың. Барлығы дерлiк өз тiлiнде түркiменше сөйлейдi. Түркiменше сөйлегенiне арланбайды. Тiптi, түркiменбасшының өзi түркiменше бiлмейтiн адамды қабылдамайды екен» дедi.

Сондай-ақ, «Халық дабылы» қозғалысы мәслихатта өздерi ұсынып отырған бiрнеше талаптардың жобасын да көрсеттi. Қозғалыс әлгi талаптарды тiкелей Елбасының атына жiбермек көрiнедi. Онда:

1. «Тiл», «БАҚ», «Мемлекеттiк қызмет» туралы заңдарға мемлекеттiк тiлдi мемлекеттiк қызметкерлер мен халыққа қызмет көрсететiн салада жұмыс iстейтiн барлық азаматтардың меңгеруiн мiндеттейтiн баптар енгiзiп, бұл заңдардың қандай да бiр талаптарын бұзған азаматтарды, ұжымдарды моральдiк, материалдық жауапкершiлiкке тартудың жолдары нақты белгiленсiн.

2. Мемлекеттiк тiлге байланысты заңдардың орындалуын қадағалау мақсатында тiл полициясы құрылысын немесе Тiл комитетi тiл инспекциясы болып қайта құрылсын.

3. Барлық оқу орындарында мемлекеттiк тiлге емтихан тапсыру мiндеттелсiн, «Болашақ» бағдарламасымен оқуға жiберiлетiн азаматтардан да мемлекеттiк тiлден емтихан тапсыру мiндеттелсiн делiнген тұстары бар.

Мемлекеттiк тiлдi жолға қоюдың ең басты алғышарты Ата заңымызға келiп тiрелетiн сияқты. Ата заңымызда мемлекеттiк тiлдiң статусы жоғарғы деңгейде көрсетiлiп бекiтiлетiн болса, кез келген қоғамдық мекемелер мен ұжымдар одан аттап кете алмас едi. Ерiксiз iс-қағаздарының барлығын дерлiк мемлекеттiк тiлге көшiрер едi.

Әрине, республикалық «Халық дабылы» қоғамдық қозғалысы көтерiп отырған мәселенiң жүгi жеңiл емес. Мемлекеттiк тiлдiң өз статусын алғанына он жетi жылдың жүзi болса да, әлi күнге ресми органдардың табалдырығынан аттай алмай, бейшара кейiп кешуде. Бiр қызығы, осы уақыт арасында тiлдiң тағдырына алаңдап, күндiз-түнi дабыл қағып жүрген санаулы азаматтың қатарының көбеймейтiнi таңдандырады. Таңданбағанда не? Парламенттiң қатарында да шырылдайтын да, елдiң алдында мәселе көтеретiн де солар. Қалғандарының жағасы жайлауда, жаны тыныш. Қорасындағы малының амандығы мен жанының саулығы ғана алдыңғы кезекте. Одан қала берсе, балаларын қазақ мектебiне емес, орыс мектептерiне өздерi апарып бередi. Өйткенi өздерi кезiнде орыс тiлiнен көп қиянат шеккесiн, балаларының болашығын ойлайды да, қайтедi.?! Оның үстiне, ауыл қазақтарын қайдам, қалалықтардың көбiн қазақтiлдi мектептердегi бiлiм деңгейiнiң төмендiгi көбiрек ойландыратын сияқты. Есесiне, орыстiлдi мектепте оқыған баланың ойлау дарыны өте биiк, талғамы да жоғары болмақ. Ал бұндай психологияны қалыптастырып алған қазақты республиканың кез келген жерiнен көптеп кездестiруге болады. Тiптi, ондай адамдардың «iздетпей-ақ» табылатынына күмәнiмiз де жоқ. Сондықтан, көршi өзбек мемлекетiнiң әдiс-тәсiлiн қолданудан басқа амал жоқ. Кеңес үкiметiнiң шарықтап тұрған кезiнiң өзiнде Ташкентте орыстiлдi мектептер санаулы ғана болған екен. Кеңес Одағы ыдырап, тәуелсiздiк алған тұста, өзбектер әлгi санаулылардың қатарын да жауып үлгерiптi. Ендi өзбек «акаларымыз» қазақтарды өзбектендiруге бел шеше кiрiскен сияқты. Қазақты өзбектендiрудiң алғышарттарының бiрi – қазақ мектебiн жабу. Онсыз да ұлты қазақ болғанымен, төлқұжатынада «өзбек» деп жазылған ағайындарымыз ендi тiлiнен айрылған соң, өзбектенбегенде қайтсiн?! Бiзде ше? Орыс мектептерiн жабудың орнына қазақ балабақшасын жауып, бәрiн орыстандырып жiберген. Қазақ балабақшасын таба алмаған ата-ана ерiксiз баласын орыс балабақшаларына беруге тура келедi. Соның салдарынан кiшкентай баланың тiлi шүлдiрлеп шыға келедi. Қазақ мектебi мен балабақшасының санын арттырудың тағы бiр жолы – өзбек ағайындарымыз сияқты, орыстiлдi мектептердiң қатарын кемiту. Қазақша дәрiс алып, қазақша тiл бiлiп шыққан бала күнi ертең өз баласын, өзiнiң немересiн, өзiнiң ұрпағын орыстiлдi мектептерге өлсе де бермейдi. Сонда Мемлекеттiк тiлдiң мәселесi – қоғамдық қозғалыстармен, қоғамдық ұйымдармен қорғалмас едi.

Бiздiң ауылда баяғыдан берi бес-алты үй орыстар тұрады. Баяғыдан дейтiнiм, олардың ауылға қай кезде көшiп келгенiн бiлмеймiн. Тек бiлерiм, есiм бiлгелi, сол орыстардың бiздiң ауылда тұратындығы. Жирен шашы мен көзiнiң көктiгiне қарап, орыс екендiгiн ажыратпасаңыз, олардың бiздiң ауылдың балаларынан айырмашылығы шамалы. Таңертеңнен кешке дейiн асық ойнап, ләңгi тебуден жалықпайтын Гриша мен Матвейлердiң тiлiнде бiр ақау жоқ. Қазақшасы сiздi жолда қалдырады.

Гүлзина Бектасова