ТYРКI ДYНИЕСIНЕ ХАТ

ТYРКI ДYНИЕСIНЕ ХАТ

ТYРКI ДYНИЕСIНЕ ХАТ
ашық дереккөзі

Түркi тiлдес қайтсе түгел болады?

Бүгiнде көптеген шекаралар ашылып, халықаралық қатынас, әр ел жұртшылығының, түрлi сала мамандарының тiкелей араласы артқан заман. Осыған орай олардың тiкелей тiлдесу, тым болмаса түсiнiсе алу қажеттiгi туады. Бiрақ жұрттың бәрi аудармашы ала алмайды және аудармашы арқылы тiлдесу тиiмдi де емес. Барша жұрттың бiрнеше тiлдердi оқып-бiлiп жүруi де қиын iс. Тек олар кей тiлдердi там-тұмдап бiле әрi сол бiлiктерiн қолдан келгенше жетiлдiре алады. Бұл әсiресе туыс тiлдер арасында мүмкiн жайт.

Ал ондай тiлдерге ортақ, түбiрлес, ұқсас сөздер тобының болуы — ол екiншi, үшiншi тiлдердi бiлу, бiлгеннiң ұмытылмай, есте сақталу және сол тiлдер сөйлермендерiнiң өзара тiлдесе алу мүмкiндiктерiн бiрнеше есе арттырады. Мысалы, Еуропа елдерi тiлдерiндегi сөздердiң ең кемi төрттен бiрi, ал ғылым, өндiрiс атауларының жартысынан астамы түбiрлес сөздер. Бұл жайт ондағы әр ұлт, әр ел халықтарының, мамандарының тiлдiк, кәсiби қарым-қатынастарына оң ықпал етiп отыр.

Айталық, қазiргi кезде жеңiл мәшинеге мiнiп алып Еуропаның ол шетi мен бұл шетiне дейiн ауыл аралағандай қыдырыстап жүру, бiрлi-жарым күнде барып қайту мүмкiндiгi ешкiм үшiн де жаңалық емес. Мұны айта отырып, Кәрi Құрлықтың құрлық аты болғанымен, алқанның аясындай тарлығын сөз етуге болар. Бiрақ әңгiме жер туралы емес, ел туралы. Жерiнiң аумағы жағынан Қазақстан Еуропамен шендес. Тек Қазақстанда бiр ғана қазақ елi, ал Еуропаның батыс бөлiгiнiң өзiне жиырмаға жуық қырық рулы ел, 400 миллионнан аса адам сыйып жатыр. Бiздiң айтпағымыз — осынша елдiң ауылы аралас, қойы қоралас жату, осынша шекарадан сол жұрттың арлы-берлi емiн-еркiн өтiп жүру, жүрiп-тұру жайы. Бiр кездерi өзара дүниежүзiлiк соғыстар ашып, жақ-жақ болып қырқысып, балапан басымен, тұрымтай тұсымен тұрып жатқан Еуропа бүгiнде қой үстiне бозторғай жұмыртқалағандай ұйыса түсуде. Тiптi әуелден тиынға тiсiн сындырып, туған-туыс, әке-шешесiмен дүниеге таласып жататын еуропалықтар ортақ ақша шығарып, бiр-бiрiне сенiм бiлдiрiп, көптеген мәселеде бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарып отыр.

Өйткенi бiр-бiрiнiң айтып-жазғандарын аудармашысыз-ақ нобайлап түсiну, қайда, не айтылып, не қойғанынан қашан да хабардар болу, ұзақ уақыт осындай қарым-қатынас жағдайында өмiр сүру жайы бүгiнде оларды ойлау, түйсiну, қабылдау тәсiлдерi де, iшкi жан-дүниелерi, ырым-жырымдары да, салт-сана, киiм киiс, жүрiс-тұрыс, қылық-тұрмыстары да бiрдей, бiрегей жұртқа айналдырды. Яғни жылқы кiсiнескенше, кiсi сөйлескенше дегендей, тiлдерiнiң бiрлiгi дiл, мәдениет бiрлiгiне, бiр-бiрiмен тiлқатысып, танысып-түсiнiскен халықтардың тiлеулес-ниеттестiгiне алып келiп, бұл жай өз кезегiнде ол елдердегi басқарушы элитаның саяси ұстаным-көзқарастарының ортақтығына, үлкен саясатқа ұласқан.

Тiлдiң алысты жақын, жақынды тату етерлiк құдiретiн түсiнген кеңес үкiметi де кезiнде бiрнеше ондаған ұлт тiлдерiн орыс тiлi негiзiнде бiрiктiруге көп күш салды және ондағы мақсаттары ол тiлдердi жойып жiберiп, сөйлермендерiн орыстандыру болып қана қойған жоқ. “Үкiметке керегi — халқының бiр тiлде сөйлегенi” (А.Байтұрсынұлы) дегендей, олар кеңес халқын “тiлi басқа, тiлегi бiр, ұлты басқа, жүрегi бiр” ғана емес, тiлi де, тiлегi де, жұрты да, жүрегi де бiр тұтас ұлт етудi, ешқандай саяси әрекет, ұрансыз-ақ, өзiнен-өзi қашан да бiрауызды болатын қауымға айналдыруды көкседi.

Осы ретте бiр Италияның өзiнде қанша ауыл-аймақ болса, сонша тiл болып, бiрiнiң дегенiн екiншiсi ұқпай жатқан кезеңде Днепр әлде Дунайдан Алтайға, одан ары Сары теңiзге дейiн жайлаған түркi жұрттарына мiнсiз қызмет еткен түркi тiлдерiнiң “батыр түрiк балаларының басын қосу” мүмкiндiгiнiң молдығына шәк жоқ. Бiреу мұнайына сенiп, бiреу Құдайына сыйынып отырған заманда бұл — базарлай бiлсек, ұзын саны бойынша әлемде алғашқы бестiкке кiретiн түркi дүниесiнiң маңдайына бiткен бағы болар жөнi бар мүмкiндiк. Ал кешегi күнi аралары алшақтап қалған түркi тiлдерiн қайта жақындатудың, жақындасуына қозғау салудың үлкен саясатқа бармай-ақ, ғылым, мәдениет аясында жүзеге асыруға болатын бiр жолы, үш көзi бар.

Тiлдердi туыстыратын сөз, соның iшiнде ғылым-бiлiм, өндiрiс пен техника, саясат пен мәдениет атаулары дедiк. Бүгiнде барлық түркi тiлдерiнде аталған сөздер тобы қайта қаралу, жаңаша жасалу үстiнде және осы, тiлдiң белсендi сөздiк қорын, ұғымдық әлеуетiн жасау, қалыптастыру сияқты аса маңызды iс олардың әрқайсысында өз бетiнше, өзара хабар-ошарсыз, ауыс-түйiссiз жүргiзiлуде. Сөз жоқ, бұл жай әуелiден бiр тамырдан тарайтын туыс тiлдер сөздерiн ала-құла етiп, тiл, сөз ел арасын қосушы көпiр емес, алыстатушы “қытай қорғанына” айналады. Тiлдiк орта, ғылым аясы бiр атадан туған ағайын-туыс есебiнен кеңейе түсу орнына, әрбiр түркiнiң өз iшiмен шектелiп, тарыла түседi және бұл бiр емес, барлық түркi үшiн тиiмсiз жайт. Әрине, iстiң бұлай бағыт алуы судың терiс аққанындай керағар құбылыс әрi өз бақытын байқамайтын бейғамдық, болар iстiң басына бармайтын ақылсыздық болар едi. Өйткенi қазiр тағдыр талқысымен тарау-тарау жолға түскен түркi жұртының алыс пен жақынды ажыратып, өздi-өзiңдi жаттай сыйла, жат жанынан түңiлсiн дейтiндей ауызбiрлiктi қауымға айналуына мүмкiндiк туған сәт.

Ал тiл бiрлiгiне тұғыр болар үш көздiң бiрiншiсi — түркi тiлдерiнде мыңдаған жылдардан берi бар, барлық ұрпақ өкiлдерiне ортақ, қашан да жаңа сөз жасауға негiз болып, тiлдегi барлық сөзге мағыналық арқау қызметiн атқаратын ағаш, тас, тау, жер, су, ай, адам, бала, көл, күн, түн, алыс, жақын, ақ, қара, мен, сен, бiр, екi, бар, кел сияқты негiзгi сөздер. Ғылымда бұлар сөз табына қарай бес топқа бөлiнiп көрсетiлген. Екiншiсi — ғылым-бiлiм, мәдениет салаларында молынан кездесетiн және тiлiмiзге ерте кезден енiп, адам танымастай сiңiсiп кеткен кiтап, мұғалiм, ғылым, ғалым, мақала, әдебиет, дәтер, пән, дәрiс, ғимарат, құқық, әдеп, әмiр сияқты араб-парсы сөздерi. Үшiншiсi — ғылым-өндiрiс-техника ұғымдарын бiлдiретiн орыс және еуропа сөздерi.

Айта кетер бiр жайт — аталған үш көздiң қай-қайсысына да кiретiн әрбiр атаудың, ұғымның бiр емес, бiрнешеден нұсқалары бар. Мысалы, химия саласы бойынша орыс-еуропалық көзден алынуы мүмкiн әрбiр атаудың өзiнiң ликвация-сегрегация, ферменты-энзимы, ректификат-дистиллят, олефины-алкены, витокерам-ситаллы сияқты екеуi екi еуропалық тiлден алынған немесе взвесь-суспензия, возгонка-сублимация, закрепитель-фиксаж, превращения-конверсия сықылды бiрi орыс, екiншiсi еуропа тiлдерiнен алынған екi немесе үш-төрттен нұсқалары бар. Дәл осы сияқты, араб-парсылық та, төл түркiлiк те сөздердiң нұсқалары жетiп-артылады. Бұл — әрбiр терминнiң әр түркi тiлiнде әрқалай аударылу, жасалу ықтималдылығы өте-мөте жоғары деген сөз.

Бұл ықтималдықтың алдын-алу үшiн ғылым мен өндiрiстiң әрбiр саласы бойынша әрбiр түркi тiлдерiндегi дәл қазiргi сәтте ортақ, түбiрлес терминдер үлесiн, оларды арнайы түрде жасап-көбейту мүмкiндiктерiн, әдiс-тәсiлдерiн анықтау, жасау қажет. Мұның өзi арнайы қаржы бөлiнуiн, бiрнеше жылдарға созылатын халықаралық деңгейдегi бағдарламалық зерттеу-талдау жұмыстарын талап етедi. Жұмыс жемiстi болу үшiн бұл жобаға түркi жұртының әрбiрi ресми түрде қолдау бiлдiруi және мүмкiндiгiнше қаржылай атсалысуы тиiс. Әрине, мұндай, жекелеген бiр ұлттың емес, көпшiлiк қауымның келешектiк мәселесi болып табылатын халықаралық жоба маңызын жұрттың бәрi бiрден түсiнiп, нақты қолдау көрсете қояды деу қиын. Алайда бұл бiзге қатысы жоқ, жалпы жұрттық емес, түсiне бiлгенге түркi дейтiн үлкен, ата жұртымыздың ұлттық, ұлтiшiлiк мәселесi. Сондықтан мұның байыбына барып, парқына жете алған кез келген ел, мекеме қолға алса, ортақ мүддеге еткен еңбегi түбi ақталмай, бағаланбай қалмайды. Өйткенi қалай болғанда да кез келген ағайынды кiсiлердiң де, басқадан бөлiп-жара қарарлықтай қандай да туыстығы бар елдердiң де болашағы, бағы сол табиғи жақындығын, “Тәңiрi берген несiбiн” (М.Жұмабаев) сақтап-жарата бiлуiнде, өзара бiрлiгiнде болмақ және заман қалай құбылып, билiк басына кiмдер келiп, кiм кетпесiн тiлi, дiлi, мәдениетi әуелден бiр түркi жұрты бiр-бiрiне жақындаспай тұра алмайды да.

Ал мұндай зерттеу жүргiзу үшiн бiрiншi кезеңде ғылымның 7—8 саласы бөлiп алынып, әр саладан бiр-бiр қазақстандық терминшi маман тағайындалып, ол мамандар бiр топ құрап, Бiшкек, Тәшкент, Анкара, Баку, Қазан сияқты ұлттық ғылым-бiлiм орталықтары бар оншақты түркi елдерiне барып, әрқайсысы өз салалары бойынша ол елдердегi ұлттық тiлге аударылған, аударылмаған, аударылу мүмкiндiгi бар терминдер үлесi туралы толық мәлiмет жинап келуi қажет. Сондай-ақ әр республикада Қазақстаннан барған мамандардың мәлiмет алу iсiн ұйымдастыруы үшiн сәйкес салалардан бiр-бiр жергiлiктi мамандар iске тартылуы керек болады. Мұнан соң жиналған мәлiметтер жан-жақты талдаудан өткiзiлiп, әр сала бойынша түркi елдерiндегi ғылым-бiлiмдi ұлттық тiлде дамыту, термин жасау iстерi туралы ғылыми есеп дайындалады. Жоба соңында таңдалған салалар бойынша халықаралық конференция өткiзiлiп, зерттеу нәтижелерiн жария етсе және әр саладан дайындалған ғылыми есептер мен конференция материалдарын жеке-жеке кiтап етiп шығарса болады. Ал келесi екiншi, үшiншi кезеңдерде бұл жобаны басқа, қалған салаларға қарай бiрте-бiрте кеңейте беру қиын болмас едi.

Ендi осы жоба сiз бен бiзге не бередi дегендi нақтылап өтейiк.

Бiрiншiден, әрбiр түркi тiлiнде әр сала терминдерi бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, түркi тiлдерiне ортақ, түбiрлес және әрқалай аталған терминдер үлесi, ол тiлдердiң ғылым-бiлiм саласында қолданылу жайы анықталып, ортақ терминдер үлесiн арттырудың ғылыми-әдiстемелiк негiздерi жасалады және термин түзудiң жаңа, бiр мақсатқа үйлестiрiлген бағыт-бағдары белгiленедi.

Екiншiден, ұлттық ғылым-бiлiм, ақпарат аяларының бiрнеше есе кеңеюiнiң, яғни барлық түркi тiлдестерге ортақ ғылым-бiлiмдiк орта қалыптасуының, ортақ ғылыми, кәсiби басылымдар, газет-жұрналдар шығарылып тұруының басты негiздерi қаланады.

Үшiншiден, әрбiр ұлттық тiлдiң ғылым-бiлiмдегi және мемлекеттiк тiл ретiндегi мәртебесi орнығып, күшейедi және ол тiлдер қолданысы бiр ел аясымен шектелiп қалмай, белгiлi бiр аяда еларалық қатынас тiлi ретiнде танылуының, қолданылуының, бүкiл түркi жұртшылығының өзара аудармашысыз-ақ тiлдесу мүмкiндiгiнiң алғышарттары жасалады.

Төртiншiден, түркi елдерiнiң, мамандарының өзара қарым-қатынасы артып, олардың мәдени тұрғыда бұрынғыдан да жақындаса түсуiне тегеурiндi, тұрғылықты қозғау салынады. Ал бұл жобаның жүзеге асырылуы түркi жұртын, тiлдерiн бiрiктiрудiң төртiншi, басты көзiне айналар едi.

Қазiргi жаїандану заманында туыс елдердiң өзара жақындасу қажеттiгi — ашық түрде, саяси тұрғыдан қойылатын, қойылып та жүрген өзектi мәселе. Бiрақ, оның екi кiнәраты бар. Бiрiншiден, ашық саяси әрекет мiндеттi түрде қарсы әрекет тудырады. Екiншiден, тәуелсiз елдер түгiлi жай екi адам да бiр-бiрiне уәде берiп, шарттасу арқылы, шарт жасасып қойғаны үшiн достасып, ол достықтары баянды бола алмайды. Тағдыр талайлары ортақ болып, өзара барыс-келiс, алыс-берiске түсiп, бiрiн-бiрi көптен көрiп-бiлiп, танып-бағалап қалып, ойлары үндесiп, мүдделестiктерi көрiнiп, өздерiнен-өздерi бауырласып кетедi. Мұндайларды жақын бол деп үгiттеудiң қажетi де болмайды. Яғни елдестiрмек елшiден делiнетiнiмен, еларалық бiрлiк олардың басшыларының, саясаткерлерiнiң, зиялыларының, түрлi қайраткерлерiнiң әрекеттерi арқылы ғана емес, бiрiншi кезекте бүкiл халқының, мамандарының қарым-қатынасы, дос-жарлық ниетi негiзiнде туып-қалыптасады. Ал саясат жекелеген тұлғаларға, халықаралық жағдайларға көбiрек тәуелдi болатындығы себептi бұл ретте тұрғылықсыз болмақ.

Иә, “көз — қорқақ, қол — батыр” демекшi, нағыз ұлы әрi қол жеткiзгiсiз көрiнетiн iстер жер жүзiне жар салдырған ғасырлық, ғаламдық келiсiмдер мен аттандатқан iс-қимылдарсыз-ақ, ғылыми қатынас, жайбарақат тiршiлiк жолымен өзiңе де, өзгеге де байқаусыз жасалып-жүзеге асып жатуы мүмкiн.

Ыспандияр АҚАЙҰЛЫ,

Қазақ терминшiлерi қауымдастығының президентi