Жаңалықтар

МҰҚАҒАЛИ–МҮСIН НЕМЕСЕ ҚАР ЖАУҒАН ТҮНДЕ

ашық дереккөзі

МҰҚАҒАЛИ–МҮСIН НЕМЕСЕ ҚАР ЖАУҒАН ТҮНДЕ

Сағат түнгi екiнi соқса да, Бақыт пен Қайраттың үйге қайтқысы жоқ. Бәрiмiздi жандарына иiрiп алып, жiбергiсi келмейдi. Кешкiсiн басталған жауынның соңы қарға ұласып, айнала аппақ нұрға бөленген. Ақ ұлпа қар ұшқындарына қолымызды тосып, бәрiмiз мәз-мейрам боп жатырмыз. Уысында сығымдалған қарды умаждап тұрған Бақыт:

– Қыздар, мынадай сұлулықты қиып, үйге қалай қайтпақсыңдар. Тағы да жүре тұрайықшы,–дедi. Iле-шала оның ойын Кәмила да қостады.

– Көшеде құр жүре бергеннiң несi қызық?! Одан да бiр жерге барайықшы.

– Қайда?

– Бiлмеймiн.

– Қайда барсақ екен, а? – Кәмила «ойланшы» дегендей маған қарады. Менiң есiл-дертiм үйге қайту. Ойымда ертерек үйге қайтып, тынығып алып, таңертең жұмысқа бару ғана бар. «Бiлмеймiн» дегендей, иығымды қиқаң еткiздiм де, айналамдағы сұлулықты қызықтап, өзiммен-өзiм болып кеттiм.

– Таптым… – Бақыттың жан-даусы шықты.

– Не болды?

– Қайда баратынымызды таптым? Кеттiк Мұқағалиға…

– Мұқағалиы несi?!

– Кәдiмгi Мұқағали ше.. Желтоқсан мен Мақатаев көшелерiнiң қиылысына Мұқағалидың ескерткiшi орнады дегендi естiгем. Сонда барайықшы…

Бақыттың дауысы жалынышты шықты. Ондайда Қайрат қарап қалған ба?

– Осының есi дұрыс емес шығар. Ескерткiште нең бар?

– Жүрiңдер, көрейiкшi. Гүлеке айтсаңшы, ескерткiш туралы жақында ғана өзiң айтпап па едiң? – Ендi Бақыт менен жәрдем күткендей, маған қарады. Қиылған жүзiнде, «барайық деп айтшы, мыналарға» дегендей жалыныш бар. Ескерткiштiң ашылғаны жөнiнде хабардар болғаныммен, басына барғаным жоқ едi, мынау табылған ұсыныс болды-ау деп iштей ойладым да:

– Несi бар, Мұқағалидың өлеңдерiн бәрiмiз сүйiп оқимыз. Есесiне, мынадай сұлулықты пайдаланып, ескерткiштiң басында өлең оқып қайтамыз,–деп Бақытты қостай жөнелдiм. Осыларға дауа жоқ деп бұлқан-талқан боп жүрген Қайратты да көндiрдiк-ау. Қайрат көнбесе, жаяу онда бара алмаймыз. Бәрiмiзге ортақ жалғыз машинаның иесi сол.

….Ескерткiштiң ашылғаны жөнiнде бiрге қызмет iстейтiн құрбым айтқан. Мұқағалидың өлеңдерiн жатқа оқитын ол ескерткiш ашылды деген хабарды естiген соң, жолдасын ертiп алып, басына тәу етуге барған екен. Онда да түнгi он бiр-он екiнiң кезi болса керек. Барса, мүсiннiң алдында тiзерлеп бiр қыз отырыпты. Ұлты орыс. «Сенесiң бе, әлгi орыс қыз мүсiндi құшақтап жылап тұрды. Қасына жақындап барып, неге жылағанын бiлгiм келсе де, бата алмадым. Қазақ қызы емес, орыстың қызы неге Мұқағалиға мұңын шақты екен деп күнде ойлаймын» деген едi.

…Мұқағалидың мүсiнiн отырғызып қойыпты. Жанында зәулiм қарағай. Бiр қарағанға, үдере соққан дауылдан да, толассыз жауған жауыннан да қорғай алам дегендей, қарағайдың жапырақтары жансыз мүсiндi көмкерiп алыпты. Мұқағали-мүсiн тұрған жерде шағын аллея жасалыпты. Ескерткiшке қарама-қарсы тұрған кiшкентай орындықтар адамдардың отыруына да ыңғайластырылып жасалыпты.

– Ал, ақынжанды арулар, өлең оқуды бастаңдар. Мен сендерге төрағалық етем. Кiмде-кiм өлеңдi жақсы оқитын болса, соған менiң арнайы сыйлығым бар,–дедi Қайрат орындыққа отырып жатып.

– Төрағаның түрiн.. Алдымен өлеңдi өзiң оқымайсың ба?.. – Кәмиланың даусы. Өзi мүсiннiң үстiндегi қарды тазалауға кiрiсiп кеткен.

– Шындығында да, қыздар өлең оқиықшы… Алғашқы өлең шумағын мен бастаймын, ары қарай екiншiң жалғастырасыңдар,–деген Бақыт бiздiң жауабымызды күтпестен, сырғыта жөнелдi.

Бiз деген, досым,

Тағдыры қызық халықпыз.

Халқының өзi қорғасын құяр қалыппыз.

Екiнiң бiрi бармайтын жерге барып бiз,

Жанбайтын жерде жаныппыз.

Бiз деген, досым,

Тағдыры қызық халықпыз.

Бiлгендер бiлсiн,

Бiлместер, мейлi бiлмесiн.

Қолдасын мейлi,

Қорласын мейлi, күндесiн.

Қара тастан да мейiрiм күткен ақынды,

Қатыгез жандар ашынтып алып жүрмесiн..

Антеймiз бiздер,

Жерiмiз бiздiң халық-ты.

Халықсыз бiздiң Антейлiгiмiз қауiптi.

…Жұртына тастап кетпесе болды көшкенде,

Берендерi үшiн қорғасын құйған қалыпты.

– Мәссаған, мынауың нағыз ақын ғой. Қайраттың аузы аңқиып қалыпты.

– Өй, жынды. Бұл менiң өлеңiм емес, Мұқағалидiкi.

– Бақыт тағы оқышы… – Кәмила мүсiндi тазалауын әлi доғарар емес. Қардың жауғаны толастамай, қарды тазалау мүмкiн еместiгiн сезсе де, сезбегендей, құлшынып iске кiрiсiп кеткен. –Мiне, шашыңдағы қарды алып тастадым. Ендi бетi-қолыңды тазалаймын, – деп анда-санда жансыз мүсiнге сөйлеп қояды.

Көрер едiң,

Шаламын ба, отпын ба?

Бiлер едiң,

Ақынмын ба, жоқпын ба?..

Кектендiрген хан Жәңгiр де жоқ мұнда,

Кектенетiн Махамбет те жоқ мұнда.

Түсiнер ең,

Езбiн бе әлде ермiн бе,

Байқар едiң,

Артықпын ба, кеммiн бе?..

Мен Спартак бола алмадым, не шара,

Сенiң өзiң Цезарь болып көрдiң бе?!

Сырым да – осы,

Жырым да – осы,

Алдыңда.

Байқашы бiр,

Бықсыдым ба, жандым ба?

…Махаңдар жоқ,

Махаңдардың сарқыты–

Мұқағали Мақатаев бар мұнда!

Мұқағали Мақатаев бар мұнда!

Сол күнi бiрiнен соң, бiрi ағылған махаббат лирикалары, отансүйгiштiкке тәрбиелейтiн патриоттық жырлары дейсiз бе, таңға шейiн бiр сәтке толастаған жоқ. Әсiресе, Бақыттың Мұқағалидың өлеңдерiн тоқтаусыз жатқа оқығаны көңiлiмiзге жылылық ұялатты. Сол бiр ақпандағы қарлы түн Мақатаевтың шығармашылық кешiне айналды дерсiң…. «Қияли боп кеткен шығарсыңдар» десе де, Қайраттың да поэзия көңiлiне қонғаны анық. Оның:

– Ендi қар жауған сайын, осында келiп тұрайықшы,–деген сөзiн: –Күнде қар жауса күнде келе бермексiң бе?–деп Кәмила қалжыңға айналдырып жiбергенiмен, бәрiнiң көңiлiнде осындай ой кеткенi рас едi. «Иә, тек қар жауып тұрған шақта, қайта жиналар ма едi», –деген ой менiң де санамда қалып қойды. «Мұқағали-мүсiндi құшақтап орыс қыз неге жылады екен«» деген көңiлiмде түйткiл тағы бар.

…Шынында да орыс қыз неге жылады екен, а?!..

Гүлзина Бектасова