ҚАЗАҚ ПЕН ОРТААЗИЯЛЫҚТАРДЫҢ ҰЛТТЫҒЫН КIМНЕН ҚОРҒАУ КЕРЕК?

ҚАЗАҚ ПЕН ОРТААЗИЯЛЫҚТАРДЫҢ ҰЛТТЫҒЫН КIМНЕН ҚОРҒАУ КЕРЕК?

ҚАЗАҚ ПЕН ОРТААЗИЯЛЫҚТАРДЫҢ ҰЛТТЫҒЫН КIМНЕН ҚОРҒАУ КЕРЕК?
ашық дереккөзі

Жоғарыда айтылған Жабал Шойынбеттiң мақаласы оқырмандар iшiнде үлкен пiкiр-талас туғызды. Ұлт тағдыры мен ислам дiнiнiң болашағына немқұрайлы қарамайтын азаматтар редакциямызға хабарласып, өз пiкiрлерiн бiлдiрiп жатты. Оқырманды сан-сауалдар толғандырады: «Миссионерлер есiк қағуды қойып, ғылыммен айналыса бастаған ба?», «Қазақ халқының тарихына Несторияндық мәсiхшiлдiктiң қандай қатысы бар?», «Қазақ пен ортаазиялықтың ұлттығын кiмнен қорғау керек?», тағысын тағылары. Чарльз Уеллердiң кiтабының тақырыбымен үндес соңғы сауал аса өзектi болған соң, бiз осы мәселе төңiрегiнде ҚР-сы Парламент депутаттары мен дiнтанушылары арасында сауалнама жүргiздiк.

Жабал ШОЙЫНБЕТ,

филолог-ғалым, белгiлi абайтанушы:

– Алматыда алғаш рет қырғызстандық Анар Танышалиеваның «Вера в Туркестане» деген кiтабын 1993 жылы Абай көшесiнiң бойында орналасқан Iнжiлдiк-мәсiхшiлiк миссионерлiк орталығы – «Благодать» аталатын үйдiң алдында кiтап сатып отырған орыс кемпiрiнен 30 теңгеге сатып алғанбыз. Кейiн кiтап дүкенiнен осы кiтаптың «Түркiстандағы сенiм» (2004 ж.) деген атпен қазақша аудармасы сатуға түскенiн бiлдiк.

Кiтап Бiшкек қаласындағы «Орталық Азияны тарихи-мәдени жағынан зерттеу» орталығында дайындалса, жақында Орталықта «Қазақ халқының ұлттық мәдениетi» деген екiншi кiтапты шығарыпты. Авторлары – Чарльз «Шоқан» Уеллер, Дина Бабасова, Ғалымжан Сайлауов. Бiздiң пайымдауымызша, кiтаптың басты мақсаты «Несториандық мәсiхшiлiк» деген тақырыпшаны түсiндiруiнде тұрған сияқты: «Бертiн келе қазақ руларының, түркi тектес халықтардың кейбiреуi Несториандық мәсiхшiлер болды. Олар Орталық Азия мен Қазақстанға Несторий таратқан Iзгi хабарды қабылдаған, Иса мәсiхтiң жолымен жүргендер едi, – дей келе: «Қазiр қазақтарға берiлгеннен кейiн сенiмге еркiн жол ашылды. Кеңес үкiметi кезiнде дiнге қара күйе жағылып, жаратушы Құдайдан алыс болған азаматтар ендi сенiм жолына түсе бастады. Қазақстанда ислам дiнiн ұстанушылармен Иса Мәсiхке сенетiн қазақтар саны да көбейiп келедi».

Чарльз Уеллердiң Чарльз «Шоқан» Уеллер болғысы келгенi Шоқанның «мұсылманшылық қазекеңнiң сөзiнде болғанмен», iсiнде бола бермейтiнiн айтқаны үшiн деп ұқтық. А.Табышалиеваның «Түркiстандағы сенiм» кiтабы мен егiздiң сыңарындай Ч.Уеллердiң «Қазақ халқының ұлттық мәдениетi» кiтабын қайта-қайта салыстырып оқығанда, «Орталық Азияны тарихи-мәдени жағынан зерттеу» Орталығының «ғылыми» мақсат-мүддесi аңғарылғандай болды. Кiтаптың алғы сөзiнде мынандай қауiптi пiкiр айтылады: «Халықтардың дiни сенiмiнiң түйiскен жерiнiң тағдырын Түркiстанның атқаруына тура келдi. Тап осы жерде ежелгi ғана емес, сонымен қатар осы заманғы дiндердiң – шамандық, тәңiршiлiк заратуштралық, буддашылық, мәсiхшiлiк, манихейшiлiк, исламның және жергiлiктi нанымдардың негiзi болатын ой-пiкiрлердiң бiрiгуiне таң қалатын ештеңе жоқ… Орталық Азия мен Қазақстан нақты ислам жерi деген кең таралған көзқарас қате болып табылады. Түркiстандық ислам – ежелгi дiндердiң әдет-ғұрыптарымен толықтырылған тұтас синкретикалық құбылыс…» Қауiптi пiкiр. Осы сөздерi-ақ бiз iздеп жүрген мәсiхшi-миссионердiң бет-пердесiн аша түскендей.

Мұхтар ШАХАНОВ,

Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаты:

– Мен кезiнде «Дiни диверсияларға тосқауыл қажет» атты депутаттық мәлiмдемемде Қазақстандағы дiни ұйымдар мен секталардың бәрiн дерлiк Америка қаржыландыратынын, жалпы, АҚШ жыл сайын әлем бойынша бұл қызметке 11 миллиард доллар бөлетiнiн айтып едiм. Мәселен, Иегова куәгерлерiнiң «Сторожевая башня» атты журналы әр жыл сайын әлемнiң 134 тiлiнде 250-270 миллион данамен тарайды екен. Тек 1995 жылы Алматы Таурат лигасы әзiрлеген «Киелi кiтаптан жауаптар» қазақ тiлiнде 100 мың данамен басылған. «Новая жизнь – Жаңа өмiр» бiрлестiгi Қазақстан мен Орта Азияда 1000 шiркеу, «Сун Бок Ым» бiрлестiгi Қазақстанның өзiнде әрқайсысы 700 адамға лайықталған 100 шiркеу салмақ.

1996 жылы Iргелi ауылында жаңа Мәдениет үйi салынған да, 1997 жылы оны Евангелистiк христиан миссиясының өкiлi, Оңтүстiк Корея азаматы И Сун Бок сатып алыпты. Мәдениет үйiмен қоса жанындағы бала-бақшаны да өзiне қаратқан. 15 мыңға таяу тұрғыны бар ауылдың не Мәдениет үйi жоқ, не бала-бақшасы жоқ. Ал, әлгiлер оны өздерi шоқынатын орын жасап алған. Шоқыну рәсiмiне қатысатын әрбiр адамға 50 доллар мен тегiн тамақ бередi екен. Тiптi, көшеде ойнап жүрген жас бүлдiршiндерге, оқушыларға да әртүрлi ойыншық үлестiрiп, жаңа дiнге кiргiзуге әрқилы амал-айлалар қолданады екен. Мен Iргелi елдi мекенiне арнайы барып көрсем, әлгi орталықта кiлең қазақтың жiгiттерi мен қыздары түгел шоқынып жатыр. «Әсiресе балабақшаның қолды болғаны жанымызға қатты батады. Жиналыс өткiзетiн жер де жоқ. Амалсыздан мектеп ауласын пайдаланамыз» – дейдi ауыл әкiмi.

Қазiр шетелдiк миссионерлер Қазақстанда қаптап жүр. Ал, оларды қалай өз орнына қоямыз, ол жағы әлi де шешiлген жоқ. Заң жұмсақтау. Бiрде Қырғызстаннан маған тәңiршiлiк дiнiнiң өкiлдерi келдi. Өздерi осы дiндi насихаттап жүргендер. Олардан: «Осындай жиынды өткiзуге кiм ақша бердi?» – деп, едiм: «Америка қаржыландырды» – дедi. Сондықтан бiздiң елiмiзде жүрiп, өз дiндерiн насихаттап, сол арқылы бiздi дiнсiздендiруге күш салып жатқан адамдардың бәрiн орнына қою керек. Бiрақ оған қазiрше заң қуаты жетпейдi. Сондықтан Дiндер туралы заңды қайта қарау керек.

Бүгiнде жалпы Қазақстанда есiгi қағылмаған үй жоқ. Үйме-үй жүрiп, дiндерiн насихаттайды. Тiптi, менiң үйiме де екi-үш рет келiп, есiк қақты. Бұдан қалса Қырғызстанда елшi болып қызмет етiп жүргенiмде, бiрнеше адам келiп, Шыңғыс Айтматов екеуiмiздi үгiттедi. Өйткен себебi, егер олар бiр атақты адамды өз дiндерiне қаратса, бiрталай сыйақы алады екен. Жалпы, миссионерлердiң шаруасын қайта қарап, оларды мұнша деңгейде тайраңдатып қоюға жол бермеуiмiз керек. Оларды тайраңдатып қою – ұлт болашағына балта шапқанмен пара-пар. Қазiр ұлт шатасып бiттi. Жарты миллион халықтың басқа дiнге кетiп қалуы – үлкен трагедия. Кейiн болашақта бұл үлкен қақтығыстарға алып соғады. Осыны ойлаған абзал.

Амалбек ТШАН,

Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаты:

– Жалпы, мен миссионерлер деген сөзге бiржақты қарағым келмейдi: келген миссионерлердiң бәрi қазаққа жау, қазақты құртады дегендей… Бiздi мұсылман еткен де миссионерлер емес пе?! Солай ғой. Сондықтан миссионердiң де миссионерi бар. Егер оның iшiнде жаман пиғылмен келсе, оны асықпай қарап көру керек. Қайта көбiсi бiздiң әлi де ашылмаған нәрселерiмiздi ашып, ұлттық қағидамыздағы өзiмiз жетпеген нәрселердi дәлелдеп, дұрыс бағытпенен заңға қайшы емес дәлелдер болса, бiз керiсiнше қабыл алуымыз керек. Егер ол бiздiң қоғамға қайшылық жасайтын болса, қоғамдық, мемлекеттiк көзқарасқа қайшы болса, әсiресе ұлттық көзқарасқа қайшы болса, онда оған басқаша қарауға болады. Бұған қатысты бiржақты ой айта алмаймын.

Бiздiң дiни бiрлестiк маған қалай қараса, солай қарасын, бiрақ бiздiң Дiни басқарма жұмыс iстемейдi. Дiни басқарманың әлсiздiгiнен миссионерлер күшейiп жатыр. Бұдан басқа ешқандай жауапты iздеудiң керегi жоқ. Адам баласы ненi iздейдi? Көңiлiне демеу iздейдi. Мысалы, қазiр аш-жалаңаш, қарны аш «көңiл ауруы» бар халық көп. Ал, егер миссионерлер шетелден келiп, олардың көңiлiнен шығып жатса, сен қай адамды тоқтата аласың?! Бiз – зайырлы, демократиялы елмiз. Адамның қандай да бiр дiн қабылдауға құқы бар. Егер бiз – мұсылман елiмiз десек, дiни басқарма жұмыс iстесiн. Дiни басқарма өзiнiң және исламның басымдылығын көрсете бiлсiн. Ал, ондай түк жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Халықты мешiтке жинап алып, намаз оқудан басқа ешқандай идеология жоқ. Сөйтiп отырып, бiз басқаларды жамандаймыз.

Сондықтан Дiни басқарма идеологиялық жұмыс iстеп, дiндi көтеру үшiн айналасына сауатты, бiлiмдi азаматтарды жинаса, олар күшейе бередi. Мәселен, Сматулланың зiкiршiлерiн алайық. Мен Астанада соларды әдейi көрейiн деп жиындарына бардым. Жап-жас 23 жасар жiгiт өздерiн уағыздағанда, жұрттың бәрi аузын ашып, соған қарап отыр. Ал, бiз не айтамыз? Бiз мешiтте не көрсетiп жатырмыз? Дiни тазалық – дiни бiрлестiктiң дұрыс жұмыс iстеуiнде. Бiзде дiни тазалық жоқ. Осыны жөндемейiнше, шетелдiк миссионерлер күшейген үстiне күшейе бередi.

Мұртаза БҰЛҰТАЙ, дiнтанушы:

– Қазақстандағы, әсiресе, Батыс елдерiнен келген миссионер топтарының соңғы 15 жылда жасап жатқан жұмыстары айтарлықтай дәрежеге жетiп отыр. Миссионерлер көбiнесе Америкадан келiп отыр. Бүгiн Қазақстанда христиандықтың 40-қа жуық шiркеулерiнiң, конфессиялары мен секталарының миссионерлерi 24 сағат 365 күн жұмыс iстейдi. Қалай күн көрем деп ойламайды. Миссионерлiк ұйымдар олардың барлық қажеттiлiктерiн қамтамасыз еткен. Бұлардың артында үлкен қаржы топтары, саяси күштер, экономикалық топтар және Американың арнайы ұйымдарының бөлiмшелерi тұр. Бұның ең негiзгi мақсаты – дамып келе жатқан және стратегиялық маңыздылығы бар мемлекеттерде жасалып жатқан арнайы жобалар бойынша ортаны дайындау. Оның ертеңгi нәтижесi iшкi бүлiк болып шыға ма, революция болып шыға ма, соғыс бола ма, ұлттарды жою бола ма, мемлекеттердi бөлшектеу бола ма, оны бiз бiлмеймiз. Бiрақ миссионерлiк әрекеттi жалаң, тек қана дiн насихаттау деп қарауға болмайды. Бұл саяси-экономикалық, әскери-стратегиялық жоспарлардың бiр пұшпағы. Қазақстанға келiп жұмыс iстеп жатқан миссионерлерге де осы тұрғыдан баға беруiмiз шарт. Бiздегi билiк осы мәселеге шұғыл көңiл бөлуi керек. Бұларды тек кiнәсiз, қарапайым, гуманитарлық мақсатта келген белсендiлер тобы деп айтуға болмайды.

Дiнiн таратқысы келсе, сол Американың өзiнде өз дiнiн менсiнбей жатқан, өз дiнiн ұстанбайтын миллиондаған адамдар бар. Шiркеулер Еуропа елдерiнде қаңырап бос тұр. Оларды қалалық әкiмшiлiктер тендермен, аукционмен сатады. Сондықтан олар өз елдерiнде дiн таратпай, бiздiң елiмiзге келуiнiң ар жағындағы мақсатын бiз түсiнуiмiз керек. Тағы бiр өкiнiштiсi, жақында «Түркiстан» газетiнде оқыдым, Америкадан келген Чарльз Уеллер есiмдi протестант дiнiнiң өкiлi және осы салада маманданған азаматтың бiздiң елде бiршама жетiстiктерге ие болып, әуелде бiздiң руханиятымыз жөнiнде кiтап жазып, бiздiң ұлттылығымыз, мемлекеттiлiгiмiз, елдiгiмiз жөнiнде өзiнiң пiкiрлерi негiзiнде кiтаптар жазып, оларды таратуы және оған бiздiң зиялы қауым өкiлдерiнiң бiрсыпырасының ашық қолдау көрсетуi. Бұл аянышты жағдай. Америка шоқындыру саясатын ертеден жүргiзiп келе жатыр. Бұл елдегi билiк негiзiнен йаһудилер (еврейлер) мен ақ нәсiлдi англо-саксон протестанттардың қолында. Америка 1950-1953 жылғы Корея соғысынан кейiн экономикалық көмек, абаттандыру, әлеуметтiк қолдау, т.т. жобалары арқылы Оңтүстiк Кореяны шоқындырды. Бүгiн 5,000 жылдық жазба тарихы бар корей халқының үштен бiр бөлiгi ресми түрде христиандықты қабылдаған. Қытай Халық Республикасында миссионерлiк iс-әрекеттер өте қарқынды жүрiп жатыр. Американың ендiгi мақсаты – Қытайды шоқындыру. Моңғолияда да миссионерлер моңғолша сайрап, моңғолдардың ата-бабаларын мадақтап, көршi халықты шоқындыруда. Бетке жымия күлiп, өз мүдделерiне сай әрекет жасауда. Сөйтiп, айналамыз түгел миссионерлер тарапынан қоршалған.

– Аға, сiздi Чарльз Уеллер мұсылман миссионерi деп атап отыр. Бұған қалай қарайсыз?

– Батыс елдерiнде Исламға, исламның құндылықтарына, Қасиеттi кiтабына қарсы шабуылдар, яғни, шын мәнiнде ешбiр мәдениетке, өркениетке, дамыған қоғамға сәйкес келмейтiн ұят әрекеттер (Дания, Франция, т.б. елдерде шыққан Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар жайлы карикатуралар, Гуантанамо түрмесiндегi мұсылман тұтқындарға көрсетiлген зорлық-зомбылықтар, т.б.) жасалып жатқан кезде, Қазақстандағы бiздiң зиялы қауым өкiлдерiнiң миссионерлерге саналы немесе санасыз түрде көмектесуi, олардың кiтаптарына пiкiр жазуы, кейбiр қазақ басылымдардың миссионерлердi сала-құлаш мақалалар, сұхбаттар беру арқылы насихаттауы, жарнамалануы түсiнуге болмайтын нәрсе. Мен ол бауырларымызды да көздерiн ашып, халқымыздың рухани мәдениетiне ие болуына шақырамын.

Ал, жоғарыдағы сауалыңызға келсек, мен, бiрiншiден, қазақпын. Менiң ата-бабам осы жерде дүниеге келген, олар ислам жолында өмiр сүрген адамдар. Әкем Жүнiс Рақиұлы 50 жылдан астам мешiтте қызмет етiп жатқан адам. Түркияда Алтай атындағы қазақтардың мешiтiнiң құрылысын салған, 30 жылдан астам уақыт Анкарадағы мешiттiң ақсақалдар алқасының мүшесi, азаншы да болды. Өзiм дiни тәлiм-тәрбие алған адаммын. Дiнтану саласында ғылыми еңбектер жазып, өзiмнiң елiмде, өзiмнiң отанымда, өзiмнiң халқымның iшiнде оларға өздерiнiң дiнiн насихаттап жатқан адаммын. Мысалы, мен бүгiн Израильге барсам, көшеге шығып, қалың еврейдiң iшiнде оларға ағылшын тiлiнде немесе еврей тiлiнде ислам дiнiн уағыздайтын болсам, ешбiр еврейдiң профессоры немесе зиялы қауым өкiлдерi, Кнессеттiң депутаттары аяғынан тiк тұрып, маған қолдау көрсетпес едi. Керек болса, олар тас лақтырып өлтiруге дейiн баруы ықтимал. Тас лақтыру арқылы адамдарды қарғау, лағынеттеу, өлтiру, жазалау еврей халқының ежелден жалғасып келе жатқан жазалау жоралғысының бiр түрi. Немесе мен бүгiн Америкаға барсам, онда Чарльз Уеллердiң тiлi – ағылшын тiлiнде исламды насихаттайтын болсам, Чарльз Уеллер сияқты христиан дiнiнiң жанашырлары, олардың ғалымдары менiң үгiт-насихатымды қолдап, менiң кiтаптарыма пiкiр жазып, олардың газеттерi сала-құлаш материалдар берiп, маған қолдау көрсетпес едi. Бұл айдан анық нәрсе. Жағдай осылай болғанда, Қазақстанда бүгiн 40 шақты христиан шiркеулерiнiң миссионерлерi тоқтаусыз жұмыс iстеп, жүз мыңдаған бiздiң азаматтарымыз бiлiп, не бiлмей, не алданып, не саналы түрде осы христиан секталарына кiрiп жатқан кезде депутаттардың және зиялы қауым өкiлдерiнiң ешқандай шара қолданбай жатқанына қарап мен таң қалып отырмын. Шара қолданбау былай тұрсын, қайта оларға жанашырлық танытып, оларға көмектесiп жатқаны ол Аллаһ Тағаланың құзырында, ақиретте бұл азаматтарға ең ауыр сұрақ болып келмек. Аллаһ Тағаланың дiнiне, Құранға, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Хазiретi Мұхаммедке қарсы үгiт таратып жатқан ағымдарға болысу ислами тұрғыдан қарағанда, ол дiни сатқындық болып табылады. Ұлт тұрғысынан алғанда да, мен мұны ұлттық сатқындық деп атар едiм. Ұлтты қалыптастыратын құндылықтардың ең маңыздысы – дiн. Бiр тiлде сөйлейтiн, бiрақ екi дiнге бөлiнген ұлттар бiрiмен-бiрi соғысып жатыр. Әртүрлi тiлде сөйлейтiн, бiрақ бiр дiндi ұстанатын халықтар бiрiн-бiрi бауыр деп санайды. Американың Қазақстанға миссионерлердi дайындап жiберудегi негiзгi мақсаты да – халқымыздың ұлттығын әлсiрету, түрлi дiнге бөлу арқылы билiктi ұстау және бiзге бүгiнгi күнi белгiсiз жоспарлардың алғышарттарын дайындау. Барлық қазақ азаматтары намаз оқысын, оқымасын, ораза ұстасын, ұстамасын, қажылыққа барсын, бармасын, барлығы да – мұсылман болып қалуы керек. Бiздiң ұлтымыздың ұйытқысы болған дiн – Ислам дiнi.

Оңғар қажы ӨМIРБЕК,

ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы

– Қазақстанда ислами дiни уағыз өте кемшiн деп айыптау оңай. Әлбетте, миссионерлiк ұйымдардың уағызы зор болып жатса, бұған бiрден бiр себеп – шетелдiк дiн уағызшыларының артында алып ұйымдар мен елдердiң тұрғандығында. Миссионерлiк ұйымдардың қызметiне жыл сайын 13 миллиард долларға жуық қаржы бөлiнедi. Ал, бiзге 13 миллиард доллар түгiлi, 13 миллион теңге бөлiнбейдi. Түрлi бағыттағы дiни ағымдардың экспансиясына тосқауыл қою үшiн дiни уағызды жан-жақты өрiстету қажет.

Дiн насихат арқылы тарайды. Мұнда бұқаралық ақпарат құралдарының, оның iшiнде жетекшi телеарналардың атқарар рөлi зор екенiне ешкiмнiң де таласы болмаса керек. Обалы нешiк, облыстық телеарналар жұма күндерi дiн уағызына тиiсiнше уақыт бөлуде. Ол арқылы аудан, қала, облыс имамдары жүйелi түрде уағыз айтып жүр. «Хабар», «Қазақстан» телеарналары жұма күндерi ең кемi 15-20 минуттық уақыт бөлсе деген ұсынысымыз тек тiлек күйiнде қалып отыр. Дiн насихатында кiтаптар шығарудың да маңызы зор. Көше-көшеде, тiптi, үйiңiздiң есiгiн қағып, секта өкiлдерi өз кiтаптарын тықпалайды. Осыларды көрiп, бiрқатар отандастарымыз олармен бiздi салыстырғысы келедi: «Неге дiни кiтаптар тегiн таратылмайды?», «Бағасы неге қымбат?», «Таралымы неге аз?» деген сауалдарды жиi естимiз. Дiни кiтаптардың там-тұмдап шығып жатқаны, таралымының аздығы, олардың көбiне-көп сатылатыны рас. Бұлар көбiне-көп дiн жанашырларының азын-аулақ қаржысына шығады. Бұған да мемлекеттiк қамқорлық қажет. Бұл мемлекеттiк мiндет емес пе? Оны тек халықтың қайыр-садақасына арқа сүйеген Дiни басқарма мен оның мешiттерiне ғана жүктеп, арта салу ешқандай да аяға сыймайтыны кiм-кiмге де түсiнiктi шығар.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА