ШЕТЕЛДIК ҚАНДАСТАРДЫ ҚОЛДАУ ЖЕТКIЛIКСIЗ
ШЕТЕЛДIК ҚАНДАСТАРДЫ ҚОЛДАУ ЖЕТКIЛIКСIЗ
Жақында ғана Қазақстан Үкiметi шетелдегi қандастарды қолдау шараларын бекiткен едi. Оның нәтижесiнде шетелдегi қазақ диаспора арасында мәдени, ғылыми, экономикалық байланыстар одан әрi нығая түспек. Ал осыған орай атқарылатын iс-шараларды жүзеге асыру, қадағалау үшiн Үкiмет жанынан арнайы комиссия құру ұсынылып отыр. Қауымдастықтың негiзгi мақсаты — сырттағы қазақ диаспорасының хал-ахуалын реттеу мен олардың жағдайына қатысты мәселелермен айналысу. Алайда, бұл ұйым бүгiнде бiрнеше құрылымның атқаратын шаруасын мойнына алып отыр. Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының бiрiншi орынбасары Т.Мамашевтiң айтуынша, қауымдастық әлi күнге дейiн сырттағы қандастар мен оралмандар мәселесiн шешудi қатар атқарып жүр. Айталық, Отанына көшiп келген қандас-бауырлар жоғары билiк тарапынан ешқандай көмек болмаған кезде, бiзге келiп жәрдем сұрап жатады. Сондықтан сырттан келген қандастарымыздың атамекендегi тұрмысының түзелiп кетуiне жағдай жасайтын арнайы комиссия құрылып, оның құрамына әрбiр министрлiктен кем дегенде, екiншi басшысы деңгейiнде мүше болуы керек. Ал ұйымдастыру мен атқарушылық жұмыстарына бiз өз тарапымыздан қол ұшын беруге дайынбыз.
ҚР Президентiнiң 2005 жылдың 21-қарашасындағы “Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы” туралы Жарлығы мен Үкiметтiң осы бағдарламаны жүзеге асыру жөнiндегi iс-шаралары бекiтiлдi. Соған байланысты Қауымдастық түрлi министрлер мен ведомствамен бiрлесiп атқаратын 2 жылдық жоспарын жасады. Сондай-ақ, былтырғы өткен Құрылтайда сөз болған жырақтағы қандастардың мәселелерi мен қазақ мәдени орталығының жұмысынан хабардар еттi. Биыл Қазақстан елшiлiктерi жанынан қазақтың мәдени орталықтарын ашу, әлеуметтiк зерттеулер жүргiзу, халықаралық мүшәйра өткiзу, шетелдегi бауырларды газет-журнал, әдебиетпен қамтамасыз ету секiлдi шаралары алға қойылыпты. Ал, атқарылған игi жұмыстары хақында тиiстi мекемелер мен министрлiктер жыл соңына таман қорытынды жасайтын көрiнедi. Мұнымен қоса, көршi жатқан мемлекеттердi қазақ тiлiндегi оқулықпен қамтамасыз ету жайы да сөз болды. Осыған орай, Қауымдастық төрағасы: “Бiлiм министрлiгi мен бiздiң Өзбекстан бiлiм министрлiгi арасында келiсiм-шарт болмағандықтан, 1997—1998 жылдардан бастап, Өзбекстан елiне оқулықтар жiберу тоқтатылған. Сондықтан, қазiр Бiлiм және ғылым министрлiгi тiкелей келiсiм-шартқа отырып, осы мәселенi шешу керек” дегендi тiлге тиек еттi. Ал Ресейдегi кейбiр қазақтар өз аймағындағы мектептердi “қазақ тiлi мен әдебиетi” және “Қазақстан тарихы” оқулықтарымен қамтамасыз етуге әрекет жасап отыр. Қауымдастық баласын өз Отанында оқытсам деген қандастарға өздерi белгiлi бiр деңгейде қаржысын төлеп, жатын орынмен қамтамасыз етiп және тәжiрибелi мұғалiмдер тауып беруге көмектесудi уәде еткен. Бiрақ, бiр өкiнiштiсi, Үкiмет өз қаражатымен шаралар, бас қосу жасаймыз дегенде қуана қоштайды да, ал осындай нақты ұсыныстар айтсақ, үнемi аяқсыз қалып жатады.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ