Жаңалықтар

ИРАН КӨСЕМДЕРIНIҢ АЙТҚАНДАРЫНАН

ашық дереккөзі

ИРАН КӨСЕМДЕРIНIҢ АЙТҚАНДАРЫНАН

Иран-Ислам төңкерiсiнiң көсемi Имам Хомейни 1979 жылы 1-шi ақпан күнi тоғыз сағат отыз минутта он бес жыл қуғын-сүргiннен соң туған астанасы Теһранға қайтып оралды. Содан бастап, Имам Хомейни Иран халқының қолдауымен он күн iшiнде билiк басындағы Үкiметтi тұғырынан тайдырған едi. 12-i ақпаннан бастап Ислам төңкерiсiнiң қайраткерлерi мемлекет басқарудың тетiгiн өз қолдарына алды. Сондықтан да сол екi ара күндердi, яғни Имамның елге қайта оралуы мен толық жеңiске қол жеткiзу күндерiн «Дәһейе фэжр» – «ондық арай» деп атап, жыл сайын Иран халқы қуанышпен тойлайды. Иран-Ислам төңкерiсi жайында сол күндерi «Перiштелер келiп сайтандарды жеңген күндер» деп қазақ тiлiнен де азды-көптi материалдар жарияланған болатын. Бiрақ, Иран-Ислам төңкерiсiн жан-жақты зерттеу үшiн Пеһлеви үкiметiнiң экономикалық құлдырау себептерiн, диктаторлық үкiметтiң билiктегi тарихи негiзi, күйреуiнiң қоғамдық-саяси салдары, саяси дайындықтары, халық пен Ислам төңкерiсiнiң байланысы, халықаралық қысымдардың ықпалын тереңiрек бiлу, түсiну керек. Ирандағы Ислам төңкерiсiнен кейiн мемлекет тарапынан берiлген уәделерге сай iске асып жатқан мемлекеттiк жобалар, Иран-Ислам төңкерiсiнiң әлемдегi басқа қозғалыстарға әсерi т.с. сияқты мәселелер төңiрегiнде жүргiзiлетiн көптеген ғылыми-зерттеулердi қажет етедi. Әрине,мақалада мұның жалпылама көрiнiсiн бейнелеу мүмкiн емес, оны мойындауымыз керек. Бiрақ бұл бастама баспасөз беттерi мен оқырман көңiлiнен шығып жатса, шамамыз келгенше тереңдете түсерiмiз хақ. Өйткенi бұл үлкен достық, бауырластық негiзге құрылған қарым-қатынастағы көршiлес халықтардың жан-дүниесiн түсiнуге, жер бетiндегi бейбiтшiлiк орнату жолында бар күшiн салып атсалысуға, дүниеде болып жатқан тарихи оқиғаларға дұрыс баға беруде үлкен маңызы бар. Сондықтан да бiздiң биылғы «Мәдениеттi қолдау» жылы Иран-Ислам революциясының көсемi Имам Хомейнидiң мәдениетке байланысты жазған кейбiр ойларын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдiк.

Имам Хомейнидiң мәдениет хақындағы көзқарастары:

Халықтың бағы мен сорының бастау көзi – мәдениет. Егер мәдениет сорақы болса, жас та сол мәдениеттiң ықпалында тәрбиеленедi. Болашақта бұзақылыққа итермелейдi. Отаршыл мәдениет қашан да құлдық пен бодандыққа мойынсұнған жастарды тәрбиелейдi. Басқаның үстемдiгiмен, оның нұсқауымен бiздiң қоғамға жат мәдениет ұсынған отаршылдық және масыл мәдениет үстем тап өкiлдерiнiң нұсқаған жолынан да сорақы болып табылады. Бiрақ бұл үстем таптың қаруы бiраздан соң шытынап, сынады. Қазiрдiң өзiнде-ақ күйреген. Бiрақ қазiр өзiмiздiң iргетасымыз – жастардан айырылып қалу қаупi тұр. Олар масыл болып, батысқа жалтақтап, елiктеушi болады. Боданшылар бiрiншi сынып оқушысының миын қажетiнше шармап тастайды. Ал мәдениет дұрыс жолға түссе, жастарымыз да дұрыс тәрбие алмақ. Сонымен шындыққа негiзделген мәдениет илаһи мәдениет болары сөзсiз (илаһи-аллаға тән – автор). Ел мүддесiн ойлаған мәдениет «мұсылмандардың мүддесiн» қорғайды. Қазiргi басшылар бұл шеңбер деңгейiнен тыс қалған. Өйткенi бiздiң қазiргi мәдениетiмiз – бодандық мәдениет. Бiздегi мәдениеттiң тiзгiнi игi жақсылардың қолында емес. Олар басқаруға тiптi лайық та емес.

* * *

Бiздiң шынайы мәдениетiмiз қатерлi болу салдарынан боданшылар оны өз шырмауында мықтап ұстап, еркiн мәдениеттiң орнына отаршылдық мәдениет жасайды. Әзiрше елiмiздегi даналар ойластырған тәуелсiз мәдениет әлi жасала қойған жоқ.

* * *

Бiр ұлт мәндi мәдениетке мұқтаж. Ұлт әрдайым өз мәдениетiмен ғана саяси өмiр сүре алады. Бiздегi мәдениет – ерiксiз мәдениет. Сондықтан ол өз халқына ешбiр қатысы жоқ. Сол себептен оның тiзгiнi шетелдiктердiң қолында болып, солардың мүддесiн қорғайтын бағдарламаларын түзедi…

Университет ұстазы да өз жұмысын қалауы бойынша атқару мүмкiндiгi жоқ болатын. Университет те студент қажеттiлiгiн өтей алмайтын. Сондықтан да барлық билiк құралы патшаны мадақтайтын аппарат болды. Бiр сөзбен айтқанда, барлық аппарат құралы зұлым билiк басындағылардың қолшоқпары болды. Халық мәдениетке қол созса, бiр жақты, түкке тұрмайтын идеологияны уағыздайтын, адамзатқа дұрыс жол көрсете алмайтын мәдениет алдынан шыға келетiн…

Олар (боданшылар) барлық нәрсенi өз пайдасына шешудi көздейдi. Мұнай, қазба-байлықтарымыз соларға тиесiлi болса деп дәмеленетiн. Мәдениетiмiз де соларға құрбан болса екен деп тiледi.

* * *

Бiзде ерiктi мәдениет те, ерiктi әскер мен үкiмет те жоқ. Тiптi дұрыс экономика да жоқ. Тура бағыт ұстанған саясат та жоқ. Бiздiң мәдениет басқаның нұсқауымен, патшаның күштеуiмен болып жатқан мәдениет. 50 жыл бойы баспасөзiмiз де соның негiзгi насихат құралы болды. Патша толық билiк жүргiздi.

Бiр елдiң мәдениетi ұлы өркениеттiң биiк шеңберiнде болса керек. Қандай болмасын мәдениет өркенiмен көркеюi тиiс. Шет мемлекеттерде бiлiм алып жүрген жастарымыз жақсы жiгiттер, дәл кеше, алдыңғы күнi, өткен түнi, бiрнешеуi менiң қасыма, осы бөлмеге келген болатын. Олардың айтуынша, боданшылар бiздiң тек дарынымызды ғана пайдаланады. Сол үшiн елге қайтып, туған бауырларымызбен иiн тiресе жұмыс iстесек деп армандайды.

Бiздiң мәдениеттi кешеуiл қалған мәдениет деп санайды. Ал кешеуiл-ақ қалсын. Сонда неге ерiктi түрде өз мәдениетiмiздi құруға кедергi болады. Бiздiң мәдениетiмiз ерiксiз. Олар бұны мойындамайды, айтпайды да. Олар патша өкiметiнiң өзгерiссiз қалуына мүдделi болғандығынан үндемейдi… Әрине, бiз осы тұрғыдан қарасақ, бiздiң мәдениет кешеуiл қалған мәдениет болып саналғаны дұрысырақ та шығар.

Өйткенi жастарға тәрбие беруге мүмкiндiк жоқ. Ғылымға еркiн, ешкiмге кiрiптар болмай бару мүмкiн емес. Тек қана олардың жазып қойған нұсқауымен жүруiмiз қажет… Тәуелсiз мәдениетiмiз жойылған кезде, экономика да жойылады. Сонда бiзге не қалмақ?

Соңында бiздiң рухымызға, дiнiмiзге, дiлiмiзге жат жаңа мәдениет қажеттiлiгi туындайды. Басқа әрекеттi мәдениет қажет. Сөйтiп балаларымызды ту бастан-ақ адами, ислами, тәуелсiз мәдениетке жетiлдiрiлу керек. Өзiмiздiң төл мәдениетiмiз болуы керек. Өз тағдырым өз қолымда деп мойындайтын мәдениет қажет. Баланың құлағына Еуропа мен Американың мәдениетiн сыбырлап құя берсек, әрине, барлық дүниемiз соларға тәуелдi болады. Мiнез-құлқымыз да тәуелдi болады. Соңында бiз еркiндiк деген ұғымды батыстық ұғымда қабылдайтын боламыз.

40-50 жыл бойы ирандық ойдың орнын еуропалық ойлау иелендi. Ирандық сананың орнына батыстық сана тамырын жайды. Одан жуық арада айығу мүмкiн емес. Бұл көп уақытты талап етедi. Бiздiң мәдениет батыстың диктатымен дамыды. Көше есiмдерi де батыстық болды. Рувельт, т.с.с. көше есiмдерi. Ал бүкiл Еуропаны шарлап шықсаңыз, Мұхаммед Реза (патшаның) есiмiн таба алмайсыз. Көшелерiмiз батыстық,амандық-саулық сұрасу да батыстық, салт-дәстүрiмiз батыстық. Өзара ара-қатынасымыз батыстық. Осылайша бiздiң рухымыз түгелдей тәуелдi болды. Осы рух тәуелдiлiгi көлденең көк аттының жетегiнде кетiп, ирандық рух, әдептiлiк рухы, сый-құрмет рухы, тыныштық рухының намысы негiзгi құрал болып, батысшылдықты қабылдай алмайды. Халық мәдениетiн төмендетуде әбiгерiн алған топтарға ымырасыз түрде күрес жүргiзу ләзiм. Осы ислам рухы ғана Иранның ұлы халқын тарих арнасында үстемшiлдiктiң қорқынышты құйынынан сақтай бiлерi хақ…

«Соңғы кезде осы халықтың отаршыл күштерге қарсы күресi – осы елдiң өркениет өрiсi мен iзеттi және еркiндiктi ешбiр жағдайда уысынан шығарғысы келмейтiндiгiнiң белгiсi емес пе?

Осы рухты бiз Иран халқының Ұлы төңкерiсi кезiнде көрдiк. Олар диктатор әскерлерiне гүл сыйлап, өзiнiң бейбiтшiл рухын көрсеттi және шыдамдылығымен өз тағдырына өзi қожа болды.

Отанымыздың тұтастығы мен тәуелсiздiгi сегiз жыл соғыста (Иран-Ирак соғысы) қорғадық. Отанымыз уыздай жастарымыздың ұлы рухына, қайсарлығына, төзiмдiлiгiне қарыздар. Олар басына түскен қиындыққа қарамастан, әр тамшы қанымен мемлекетiнiң әрбiр қадам топырағын қорғады. Бұл ирандық рухта көрiнiс тауып, адами рухтың мәңгiлiк айғағының көрiнiсi iспеттi болды. Халық пен мемлекет осылай тарих беттерiнде әрдайым еңсесi жоғары, өрiсi биiк болып, мәңгi жасай бермек.

Отан дегенiмiз не? Отан туралы айтсақ, басқа бiр мемлекеттi көз алдымызда елестетемiз. Бiрақ бiр мемлекеттiң басқа бiр мемлекеттен кем-артықтығы халықтың тарих арнасында сiңiрген еңбегiне байланысты болса керек. Сондықтан да Отан деген ұғым – ол бiздiң жан-дүниемiз, болашақтан күткен үмiтiмiз. Шын мәнiнде, адам қоғамнан тыс өмiр сүре алмайтыны белгiлi болса, адамзат өз өскен ортасы, Отанынан ешқашан жырақтай алмайды. Ал егер басқа мемлекеттiң мәдениетiн қабылдап, өзiнiң барлық жан-дүниесiн, рухын, тiлiн, дiлiн, жоққа шығарып, соңында өзге тұрмақ өзiне жат болады. Ал өз үйiрiне жат адам ешқашан адам санатына қосыла алмайды. Үйiрiнен үрiккен адамды Отаншыл деу мүлдем келiспес. Отанды сүю керек».

Өткен ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы: «Әр ұлтқа төрт нәрсе керек. Олар: тiл, дiл, дiн және жазу. Осылары болса ғана әр халық – өзiнше халық. Егер бұлардан айрылса, ол ел халық болудан қалады» – дейдi. Өйткенi Отан адамзат болмысының бiр бөлшегi. Солай дей тұра басқа халықты ешбiр кемсiтуге болмайды. Бәлкiм басқалардан үйренуiмiз мүмкiн, үйрену де керек. Жақсыдан үйрен де жирен демекшi, бiрақ бiз өзiмiздiң әзiз, қадiрлi, еркiн де, тәуелсiз, еңселi ел болуды бүкiл болмысымызбен қалауымыз керек. Дәл осы мәселенiң орайына қарай сан алуан мәдениет арасында ешкiмге қажетi жоқ кикiлжiң тартыс емес, келiсiм болуы керек. Мәдениеттер тоғысында болатын келiсiмдерде «моһажерлер» (белгiлi бiр себептермен өз Отанынан көшiп кеткендер) үлкен мiндет атқарады.

Негiзiнде, көшi-қон мәселесi тарихта мәдениеттер арасындағы байланыс, даму, жаңа өрiске жету жолында ерекше рөл атқарғаны белгiлi. Көшi-қон адамзаттың өте құнды феномен, сондықтан бұл мәселеге көзжұмып қарамау керек. Көшпеннiң тарихи дамуда атқарар қызметi үлкен, тек төмендегiдей шарттар сақталса, олар:

1. Өз тегiне, болмысына сену – бұл өз тегiн жақсы бiлу дегендi бiлдiредi. Сондықтан дiн, салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарды, тарихты бiлуi шарт. Ал Отанымен байланыс үзу – оны бет-бейнесiз адам етiп көрсетiп, оны әр түрлi жағдайлар алдында қорғансыз етедi.

2. Өзгелердi танып бiлу. Бiреудi бiлмей, онымен ресми түрде таныспай, ортақ мәмiлеге келу мүмкiн емес.

Бiз батыс мәдениетiн қолдануда ешбiр жақсы табыстарға қол жеткiзгенiмiз жоқ деуден аулақпыз. Ол артықшылық болар. Тек бiзге оның түсiнiгiмiзге кереғар отаршылдық, тәуелдi аймақ ретiндегi ұғыммен қарауы ұнамайды. Ал оның жақсылы-жаманды жақтарын бiлгiңiз келсе, мен сiздерге марқұм болып кеткен зерттеушi ғалым, доктор Әбдолһади Њаэридiң «Батыс мәдениетiнiң екi бейнесi» атты кiтабын оқыңыз деп кеңес берер едiм.

Бүгiн Батыс мәдениетi үстемдiк жүргiзiп отырғанын мойындау керек. Сондықтан бiз де, көшпен бауырлар да өз ата тегiн жақсы бiлуi керек. Екiншiден, өзгенiң мәдениетiн жақсы тани бiлу. Сонда ғана екi жақты «мәдениеттер арасындағы әңгiмелесу» мәселесi өз арнасына түсе бастайды. Байқасақ, осы жүз елу жылдан берi батыстың бодандық саясатына қатысты, өкiнiшке орай, ұлттар арасында белгiлi бiр топ батыс мәдениетiне жиiркенiшпен қарайды. Ал екiншi бiр топ оған жан-тәнiмен берiлген. Тiптi соған ғашық. Аса жек көру немесе сүю адам үшiн мәдениеттi шынайы тұрғыдан тануда үлкен кедергi келтiредi. Бiз, әрине, бiреудiң үстемдiгiн мойындамаймыз. Бiрақ олардың мәдениетiн жан-жақты, дұрыс баға беруден қашқақтаймыз немесе оның жақсы жетiстiктерiнен үрiкпеймiз. Бәлкiм оны iске де асыруға жан-тәнiмiзбен тырысамыз. Сонда да, бiз олардың сән-салтанатына масайрап, естен танып, өзiмiздi ұмытпайық. Немесе оларды жексұрын көрiп, жеткен табыстарына көзжұмып қарамайық.

Сондықтан да осы мәселелерге сай Иран Ислам Республикасының президентi Хатэми мырза 1998 жылы БҰҰ-ында жасаған баяндамасында ислами көзқарастарды айта келiп, 2001 жылды «Мәдениеттердiң өзара әңгiмелесу жылы» болып жариялануын ұсынды. Бұл ұсыныс кейiнiрек жалпы жиналыста қабылданды. Қалай болғанның өзiнде Иран мемлекетi әзiрше Американың ұстанып отырған «iс жүзiнде қастандық», ал «сөзде бейбiтшiлiк» саясатына сенiм бiлдiрмей келе жатыр.