Жаңалықтар

“ХИЗБУТ­ТАХРИР” – КЕРIТАРТПА ҰЙЫМ

ашық дереккөзі

“ХИЗБУТ­ТАХРИР” – КЕРIТАРТПА ҰЙЫМ

Соңғы жылдары Аллаһ Тағаланың рахымымен Исламның қарқынды дамуы және мұсылмандар санының арта түсуi байқалуда. Әлбетте, бұл жәйт бiздi қуантады. Бұл үшiн Жаратқан иемiзге шүкiрлiк етемiз.

Әйтсе де Аллаһ Тағаланың рахымын қабылдамай Қасиеттi Құран мен хадистерге қайшы iс-әрекеттерi арқылы ислам iлiмi мен оның асыл құндылықтарына зиянын тигiзiп жүрген Ислам атын жамылған дiни ағымдардың белсендiлiгi қынжылтады. Сондай ағымның бiрi “Хизбут-Тахрир” партиясы. Арабша “Хизб”-ұйым, партия, ал “Тахрир” – азаттық мағынасын бiлдiредi. “Хизбут-Тахрир” партиясының негiзiн Таки ад-Дин Набахани 1952 жылы Палестинада қалаған. Өз мүшелерiнiң санын көбейту мақсатымен ол партия атауына исламды да қосып, алдарына 13 жылда халифат құру мiндетiн қойды. Бiрақ көрсетiлген мерзiмде партия мүшелерiнiң саны өспедi, бiрде-бiр араб мемлекетiнде халифат құрылған жоқ. Тiптi араб елдерiнiң өзi “Хизбут-Тахрир әл Ислами” партиясының идеясын құптамайды. Хизбутшылар ислам атынан таратқан әдебиеттердi де (кiтапшалар, парақшалар) мұсылман әлемiнiң ғұламалары мен дiндарлары мойындамайды, терiске шығарады. Шынында да олардың “Әл-Мавсуату әл”муяссара фи-л-адиян…” кiтабындағы:

– Қабiр азабын терiске шығаруы;

– Жалаңаш бейнелердi, суреттердi (порнография) көруге рұқсат етуi;

– Солтүстiк полюстегi адамдардың намаз оқымауына, ораза ұстамауына болады деуi;

– Мұсылман еместер (кәпiр) мен әйелдердi аталмыш партияға мүшелiкке қабылдайтыны;

– Мұсылман емес кiсiнiң мұсылман елiн басқара алады деуi және т.с.с. шариғатқа қайшы келедi.

“Хизбут-Тахрир әл-Ислами” партиясы бiздiң мемлекетiмiз мұсылмандары арасында да жiк салуда. Өкiнiшке қарай кейбiр жастарымыз мәселенiң мән-жайына бармай терiс уағызға көзсiз көбелектей iлесiп, олардың қатарына қосылып қалғанын аңғармай жүр. Қазақстан халқының көпшiлiгi мұсылмандар (70 пайыз) екенiне қарамастан олар жұртымызды “кәпiрлер елi” деп атайды. Жоғарыда аталған деректерге сүйенiп “Хизбут-Тахрирдi” Исламды бет перде еткен, халифатты аңсаушы, саяси партия деуге толық негiз бар.

Әз пайғамбарымыз (с.ғ.с.) халифат туралы: “Мен дүниеден өткеннен кейiн халифат 30 жылға созылады, содан соң әмiрлiк пен патшалық басталады”, – деген. (Имам Тирмизи мен Имам Ахмад ибн Ханбал риуаят еткен). Хадис шәрiпте: “Халифат құру Исламның басты мақсаты емес”, – деп атап көрсетiлген. Осындай хадистердiң бiрiн Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Қасиеттi Меккеде исламды насихаттап жүргенде мүшiрiктер Әбу Тәлiпке келiп: “Ей, Әбу Тәлiп, бауырың Мұхаммедке айт, бiздiң Құдайларымызды қорламасын, егер байлық пен билiк қаласа, бiз оған ондай мүмкiншiлiктi беремiз”, – дейдi. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Маған байлық та, билiк те керек емес. Тiптi, менiң оң қолыма күндi, ал сол қолыма айды берсе – дағы мен өзiмнiң жалғыз Аллаһқа деген уағыз-насихатымнан бас тартпаймын”, – деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ислам мемлекетi мен билiктi немесе халифат құру туралы емес, тек бiр Аллаға иман келтiрiп, шариғат заңдарын сақтау қажеттiгiн айтты. Мұнан көрiнiп тұрғанындай “Хизбут-Тахрир” партиясының мақсаты Исламға кереғар, бұл ұйым қандай жолмен болса да саяси билiкке жетудi көздейдi. Баршаға белгiлi Ислам дiнi бiр Аллаға сенуге және ынтымақ пен бiрлiкке шақырады. Құран Кәрiмде: “Алла тартқан желiден (дiннен) бекем ұстап айырылмаңдар” (“Әли Имран” сүресi, 103 аят), – деген.

Мұсылман бауырлар!

Бiз сiздердi “Хизбут-Тахрир” партиясының үгiтiне құлақ аспауға, соңынан ермеуге шақырамыз:

1. “Хизбут-Тахрир” партиясының қызметi Ислам қағидалары мен ұстанымдарына сәйкеспейдi. Ол мұсылмандар арасына жiк салу үшiн арнайы құрылған партия.

2. “Хизбут-Тахрир” партиясының үгiт-насихаттық (кiтапшалар, парақшалар) исламдық iлiмге қайшы, кертартпа болуы себептi пайдаланылмасын.

3. Барлық мешiттiң имамдары елiмiз тұрғындары арасында “Хизбут-Тахрир” партиясы насихатының мұсылмандар үшiн жат екендiгi туралы түсiнiк жұмыстарын үнемi үзбей жүргiзсiн;

4. Әрбiр имам мешiт жамағатымен бiрлесе отырып мұсылмандар арасында “Хизбут-Тахрир” партиясы үгiтiнiң таралуына жол бермесiн;

Алла Тағала баршамызды өзiнiң хақ жолына салғай! Түрлi бәле-жала, қауiп-қатер, кесапаттан, ақырзаман пiтнәсынан сақтағай. Халқымыздың ынтымағы мен бiрлiгi артып, елiмiз күннен-күнге гүлдене бергей! Әмин!

Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасы