РЕСЕЙ ТЫҒЫРЫҚҚА ТIРЕЛЕТIН ЖОЛҒА ТҮСТI
РЕСЕЙ ТЫҒЫРЫҚҚА ТIРЕЛЕТIН ЖОЛҒА ТҮСТI
Ресей Қазақстанның стратегиялық әрiптесi. Бұл екi ел саяси-әскери және экономикалық одаққа кiредi. Тiптi, соңғы кезде түрлi форматтағы ықпалдастықты жандандыра түстi. “Жақсымен жолдас болсаң жетесiң мұратқа, жаманмен жолдас болсаң қаласың ұятқа”. Осы бiр халық даналығы көршi Ресейдiң бет түзеген бағытын жiтi бағдарлауды қажет етедi. Сондықтан Ресей президентiнiң экономикалық мәселелер жөнiндегi бұрынғы кеңесшiсi Андрей Илларионовтың “Коммерсант” апталығында жарияланған мақаласын қазақшаға аударып ұсынуды жөн көрдiк.
Бүгiнгi Ресей – осыдан алты жыл бұрынғы ел емес. Ол кезде аяғынан тiк тұрмаған, аласапыранды басынан кешкен, кедейленген едi. Бiрақ Ресей еркiн болатын. Бүгiн Ресей өзгердi. Анағұрлым байыды. Бiрақ, еркiн емес. Байлықтың қайдан келгенi туралы пiкiр таластыруға болады. Дегенмен, байыды және бұл – факт. Еркiндiктен қалайша, қашан және нелiктен айырылғанын егжей-тегжей талдауға болады. Бұл бетбұрыстың жүзеге асуына не себеп – құпия жоспар ма, әлде оқиғалар желiсi ме, идеялық мұра немесе сыртқы конъюнктура ма, бұрынғы әдет, яки жаңа мүмкiндiктер ме, мұны да талқылауға болар едi. Бiрақ күмән туғызбайтын, дауласуға жатпайтын бiр нәрсе анық – бiз тарихи таңдау алдында тұрған жоқпыз. Мұндай кезең артымызда қалды. Таңдау жасалды. Бүгiн бiз басқа елде өмiр сүрiп отырмыз.
Ең бастысы, бiз еркiндiктен айрылдық. Өзгерiске ұшыраған ең басты нәрсе – мiнез-құлық, жүрiс-тұрыс ережесi: экономикадағы, саясаттағы, қоғамдық өмiрдегi, идеологиядағы, сыртқы iстердегi. Мемлекеттiң жаңа моделi пайда болды, нығайып, қалыптасты. Мемлекет корпоративистiк сипат алды. Бұл дегенiмiз не?
Корпорацияның ережелерi: артықшылықтар мен кемсiтушiлiк
Заңнаманың өзгерiске ұшырауы, саяси қызметтiң iс жүзiнде шектелуi “Ресей мемлекетi” акционерлiк қоғамы деп атауға болатын объектiдегi азаматтардың акцияларын шын мәнiнде девальвацияға ұшыратты да, оны жабық акционерлiк қоғамға айналдырып жiбердi. Ресей мемлекетiне меншiк құқығы оның номиналды меншiк иесi – Ресей азаматтары бақылау жасай алмайтын корпорацияның қолына өттi. Корпорацияның басты қағида-ережесi – бәрiне бiрдей ереженiң жоқтығы. Корпоративизмнiң негiзгi қағидасы – бөлiп-жарып қарау, теңсiздiк, кемсiтушiлiк. Корпорация мүшесiнiң мәртебесiн анықтайтын шешушi фактор – тәжiрибе де, бiлiктiлiк те емес, Отан алдындағы немесе мемлекетке сiңiрген еңбек те емес, бұл – корпорацияның лояльдi көзқарасы. Корпорация мүшесiн ынталандырудың басты жолы – оны мемлекеттiк компанияға кiргiзу, ал оған ағылып келетiн қаржы мөлшерi – оның корпорация иерархиясында алатын орнына байланысты. Мемлекеттiк компаниялардың өздерi корпоративистiк мемлекеттiң соққы беретiн құралдарына айналған. Мемлекеттiк корпоративизмнiң басты қағидасы – “пайданы жекешелендiру, шығынды национализациялауды” iс жүзiнде меңгерiп алып, олар жеке секторға жаппай шабуылға шықты. “Юганскнефтегаз”, “Сибнефть”, “Силовые машины”, “Камов”, ОМЗ, “АвтоВАЗ”, “Ист-Лайн” фирмалары корпорация экспансиясының құрбандарына айналды.
Әзiрше жеке адамдардың қолында қалып отырған компаниялар да барған сайын өз қызметтерiнде әлгi мемлекеттiк компанияларға ұқсап барады. Корпорацияның жеке компаниялармен жұмыс жасауының формуласы жария болды. Бұл “бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi” ғана емес, бұл дегенiңiз “мемлекеттiк-жекеменшiк әрiптестiк”. Бұдан былай– қандай да бiр “қажеттi” жобаға жарна төлеуден бастап, компанияның өзiн “дұрыс” сатып алушыларға сатуға дейiн бәрi корпорацияның қалауына сай орындалатын болды. Бұдан бас тарта алмайсыз: ЮКОС-тың тағдыры бәрiмiздiң көз алдымызда. Жаңа экономикалық үлгiнiң тағы бiр аса маңызды қағидасы iрiктеп алу (селективность). Бiр компанияға тым жоғары (ал кейде шамадан тыс) салық салынса, екiншi бiреулерiне ерекше жеңiлдiк берiледi. Кейде акцияларды шетелдiктерге сатуға тыйым салынса, ендi бiрiнде бұған мейлiнше зор мемлекеттiк қолдау көрсетiледi (сонымен бiрге отандық заңнамада белгiленген шектеуден тыс қаржы құйылады). Бiр жағдайларда “ұлттық қауiпсiздiк” басшылыққа алынып, шетел азаматтары ресейлiк компанияларда жұмыс iстей алмайды делiнсе, басқа жағдайларда оларды салтанатты түрде шақырып алады. Бiр сатып алушыға баға белгiлi бiр деңгейде белгiленсе, басқаларға – одан бес есе жоғары. Бизнес жүргiзудiң тең емес жағдайы, экономикалық және саяси кемсiту абсолюттi қағида ретiнде белгiленiп отыр. Экономиканың мұндай үлгiсiн әр түрлi атауға болады. Бiрақ та оны еркiн деп айта алмайсыз.
Корпорацияның идеологиясы: “Өзiмiзшiлдiк”
Ресей жерiнен экономикалық еркiндiк қана емес, саяси еркiндiк те кеттi. Елде қайтадан саяси тұтқындар пайда болды. Дүниежүзiнiң 150 елiнде азаматтық және саяси бостандықтарды өлшеумен шұғылданатын “Фридом хауз” халықаралық ұйымы 2005 жылы түбегейлi сапалық өзгерiс болғанын байқады: Ресей iшiнара еркiн елдер қатарынан ысырылып, саяси еркiн емес елдер тобына ауысты — Руанда, Судан, Ауғанстан тобына. Егер 1990-шы жылдары Ресей Украина мен Балқан түбегi елдерiне қарағанда еркiндеу болса, қазiр керiсiнше. Корпоративизм қоғамдық салада да негiзгi орын алып отыр. Саяси өмiрдiң қалыпты, табиғи формаларының тоқтатылуы азаматтардың өздерiне тиесiлi саяси мүдделерiн тануына, тұжырым жасауына және қорғауына бағдар ұстанған қоғамдық құрылымдарды жояды. Оның орнына қоғамдық кеңiстiктi кәсiптiк, дiни, аймақтық белгiлерi бойынша құрылымдайтын басқа жоба ұсынып отыр. Осының айқын мысалы деп Бенито Муссолинидiң корпоративистiк мемлекетiнiң үлгiсi бойынша кесiп-пiшiлген Қоғамдық палатаның құрылғанын айтуға болды.
Корпоративизм идеологиясын бiр қарағанда тану қиын сияқты. Ол не коммунистiк, не либералдық, не социалистiк, не ұлтшылдық, не империялық болып анық көрiнбейдi. Бiрақ ол бар. Бұл “өзiмiзшiлдiк”, немесе “бiздiңшiлдiк”. Бұл –“өзiмiздiң” адамдарға жеңiлдiк, несие, субсидиялар, өкiлеттiк беру. Бұл “өзiмiздiкiлердiң” пайдасына мемлекеттiк деңгейде лобби жасау, бұл ресурстардың барлығын, мемлекеттi, елдi корпорацияның қазiргi және келешектегi мүшелерiне беру деген сөз. “Өзiмiзшiлдiк” – бұл “бөтендерге” қатысты агрессия идеологиясы. Бұған олардың қателесуi, олардың “бөтен” болуы себеп. Мәдениет шеберлерi “өзiмiзшiлдiк-бiздiңшiлдiктiң” басталғанын саясаттанушылардан бұрын сездi де, оны заманымыздың культтiк кинолары – “Брат-2”-ден бастап “Бригада”-да бейнеледi. “Бiздiңшiлдiк” – бұл өркениеттен кету деген сөз. Бұл – ваварлыққа қайтып оралу. Бұл – шабуыл отрядтары. Бұл— Ресейдiң “рамзандануы” (Рамзан Кадыров-Шешенстанның премьер-министрi — Ред).
“Өзiмiзшiлдiк” Ресей аумағымен шектелмейдi. Ол ұлттық немесе этникалық қағида бойынша бөлiнбейдi. Бөтен елдiң бұрынғы канцлерi корпорацияның “өз” адамы болып шығады да, “Еуропадағы өз адамымызға” айналады. Ал мемлекет бюджетiне сандаған миллиард доллар әкелген ұлттық компанияны құрған ресейлiк бизнесмен “бөтен” болып шығады да, Сiбiрге жер аударылады. Ресей мемлекетiнiң бүткiл күш-қуаты Казақстан мұнайын Мяжейкяй комбинатына өткiзбеу, Молдованы электр энергиясынан кесiп тастау, Украинаға қарсы “газ соғысын” ашу сияқты корпорацияның “өз” мүшелерiнiң мүддесiн қорғауға жұмылдырылған. Ресей жаңа империализмi нақтыланған корпоративистiк кейiпке енiп келе жатыр.
Корпорацияның шынайы және жалған мақсаттары
Жаңа үлгiнiң мәнiсi – ресурстарды мемлекеттiк деңгейде “өзiмiздiкiлерге” қайта үлестiрiп беру. Азаматтары өздерiн сыйлайтын өркениеттi елде ғана барлығы бiрдей заңға бағынатын ереженi қажет етедi. Елiмiздiң дамыған әлемнен тарихи тұрғыда кенжелеп қалуын жеңу үшiн, оны модернизациялау үшiн бизнес жүргiзудiң шарттары бiрдей болуы қажет. Ресейдiң ұзақ мерзiмдi дамуы үшiн көршiлермен жауапты сыйласып қарым-қатынас жасауы керек. Ал егер ел корпорацияның қолында болса, мұның ешқайсысы керек емес. Корпорацияның мақсаттары – басқа.
Егер модернизация мәселесi күн тәртiбiнен алынып тасталған болса, тiптi жеңiл-желпi реформалар тоқтатылса, егер халықаралық аренадағы мiнез-құлқымыз дүние жүзiнiң наразылығын туғызса, онда корпорацияның қорғап жатқаны – Ресейдiң мүддесi емес. Насихат жұмыстарының қызу жүргiзiлiп жатқанына қарамастан, үлестiру және тұтыну жөнiндегi ұлттық деп аталатын жобалар да емес. 2006 жылы ұлттық жобаларға жұмсалады деп жоспарланған шығынды (шамамен 5 млрд доллар) 2005 жылы мемлекеттiк компаниялар жаңа активтерге жұмсаған шығынмен (23 млрд доллар) салыстырсақ, корпорацияның басты соққы беретiн бағыты не екенiн, ал көңiлдi аударатын маневр не екенiн анық көруге болады. Елдi модернизациялау мен ұлттық жобаларды қоса алсақ та, корпорация мүшелерiнiң мүддесi одан анағұрлым маңызды екенiн көремiз.
Мұның несi жаман?
Рас, мемлекеттiк корпорациялардың шабуылдаушы, жаулаушы экономикалық күшке айналуының несi жаман? Жекеменшiк компаниялардың үкiмет тапсырмасын орындап жатқанында тұрған не бар? Билiк органдары нарық заңына сай еместiк секторды зорайтып, мемлекеттiк реттеудi күшейтiп, “стратегиялық” оймен шектеу қоюында не тұр? Мемлекеттiк капиталдың қалыптасып, экономиканың нарық заңынан алыстауының несi бар? Заңның үстемдiгi және заң алдындағы теңдiктiң болмай, ал теңсiздiк пен кемсiтушiлiктiң салтанат құруының несi бар? Билiктiң өз “корпорациясын” мақтаныш тұтуға ұялмауының несi бар? Мұндай модель Ресейде ғана бар ма? Және ол мүлдем өмiр сүре алмайтын модель ме? Әрине, дүние жүзiнде ондай елдер бар. Бұл – Ливия мен Венесуэла, Ангола мен Чад, Иран мен Сауд Арабиясы, Сирия мен Ирак. Ендi оларға Ресей қосылды. Ол ендi “өзiмiздiкiлердiң” арасында. Және осындай экономикалық-саяси модель ұзақ сақталуы мүмкiн. ОПЕК-тiң кейбiр елдерiнде ол отыз жылға жалғасып келедi, Венесуэлада – жарты ғасыр. Атап өтетiнi, мұндай модель энергия бағасы қымбат болған жағдайда ғана сақтала бермейдi. Мысалы, энергетикалық ресурстарға бай емес Куба мен Солтүстiк Корея сияқты елдерде бұдан асып түсетiн қоғамдық үлгi өмiр сүрiп жатыр! Кеңестiк саяси-экономикалы қоғамдық модель де әлi толығымен ұмытыла қойған жоқ.
Сондықтан дүниежүзiнiң тарихы тұрғысынан қарағанда Ресейдiң қазiргi қоғамдық модельдi таңдап алғанында дәнеңе жоқ. Жер мен адам өте төзiмдi. Және қазiргi модельдiң ғұмыры созылып кетуi мүмкiн. Мұның бәрi осылай.
Тек мына фактiнi айтпасқа болмайды: ХХI ғасырдың басында тұрып дүниенiң үшiншi деңгейлi елдерiндегi қоғамдық үлгiнi саналы түрде таңдап алдық. Мұның ұзаққа бармайтынын бiз жақсы бiлемiз: Мұнай бағасының шарықтауына қанша пайда түссе де; Корпорация өз үйiндегi және шетелдердегi құбырларды қалай бақылап отырса да; Телеарналар жарқын өмiрдi бейнелейтiн суреттердi көрсетiп жатса да.
Ресей экономикалық-саяси дамуының қазiргi үлгiсi – бұл тарихи тығырық. Осындай жолға түскен бiрде-бiр ел айтарлықтай байыған да, күшейген де, дамыған да жоқ. Осы жолға түскен Ресей де ондай болмас. Ел алға баспайды, қайта күн санап кейiндей бередi. Ал бұл кезектi бiр эксперименттiң бағасын әдеттегiдей, Ресей азаматтары төлейдi.
Келешектiң күн тәртiбi
Әрине, өзгерiс жасауға мүмкiндiк бар. Бiрақ билiктiң көзiн жеткiзу арқылы жүзеге аспас. Корпорацияны иландыру мүмкiн емес. Барлық аргументтердi жақсы бiлемiз. Және оның таңдауы –саналы түрде жасалған таңдау. Салдарының қандай болатынын бiлуге құштар таңдау. Басқаға басымдық берген таңдау.
Демократия жағдайында өзгерiс жасау тек билiктiң ауысуына байланысты. Бiрақ билiктiң ауысуынан қандай да болмасын режим құтыла алмайды. Демократиядан айырмашылығы тек мынада: бұл өзгерiс тұрақты түрде және қоғамға мейлiнше аз зардап келтiрiп жасалады. “Демократия дегенiмiз адам түңiлерлiк нәрсе, – дейтiн Уинстон Черчилль, — бiрақ қалғаны одан да жаман”.
Демократияның жоқтығы билiктi мәңгiлiк етпейдi. Бәрiбiр билiк ауысады. Бiрақ шектеулi еркiндiк жағдайында ол “жұмсақ” (“барқыт”, “түрлi-түстi”) революциялар кейпiне кiредi. Мысалы, 1989 жылы Чехословакияда немесе 2004 жылы Украинада болған революциялар. Мұндай өзгерiстiң қоғамдық зардабы тұрақты демократиялық процедурадағыдан гөрi әлдеқайда зор. Корпорацияның Ресейде “түрлi-түстi” революцияның алдын алу жөнiндегi қарсы шаралары оның жақын арада болуын неғайбыл етiп отыр. Бiрақ бұл да билiктiң ауысуын тоқтата алмайды. Ертелi-кеш ол бәрiбiр болады. Бiрақ ол кезде революция барқыт болмай қалуы мүмкiн. Билiк ауысуының басқа варианттары iске асқан жағдайда елiмiзге келетiн зардап демократиялық процедураның да, “түрлi-түстi” революцияның да зардабынан асып түседi. Билiктiң қашан және қалайша ауысатынын қазiр айту қиын. Дегенмен бұл қашан және қалай болса да, бiз не iстейтiнiмiздi нақты бiлуiмiз керек. Және кейбiр нәрсенi қазiрдiң өзiнде жасай берсек болады.
Корпоративистiк мемлекеттi, экономиканың венесуэлалануын жөн көрмейтiн адамдарды қазiргi жағдай жүрегiн айнытады. Бiрақ қолдан келер шарасы жоқ. Иә, демократия жоқ елде саяси күрестiң соңы уран кенiштерiнде аяқталады. Iс жасалуы үшiн, әуелi Сөз айтылу керек. Бiрақ, бұқаралық ақпарат құралдары корпорацияның бақылауында.
Он бес жыл бойы посткеңестiк билiк күн тәртiбiнде тұрған мына мәселенi жүзеге асырды: мемлекеттi оның азаматынан бөлiп алды, басқару iсiнен шеттетiп тастады. Өз тарапымыздан бөлiнудiң осы үрдiсiн әрi қарай жалғастыруға болады. Азаматтардың корпоративистiк мемлекеттiң iстерiне қатыспау науқанын жандандыру керек. Мұны – азаматтық, саяси, экономикалық бостандықтарды қалпына келтiрудi мемлекет тарапынан емес, қоғам тарапынан бастауға әбден болады. Ол бостандықтар — 1905, 1917, 1991 жылдары Ресей азаматтарына берiлген, бiрақ кейiн одан айрылып қалған бостандықтар.
Егер осыны iстей алсақ – жаңа Ресей болуы мүмкiн. Еркiн, ашық, толерантты. Қарқынды дамитын, аяғынан тiк тұрған. Көршiлерi шын көңiлден сыйлайтын ел. Келешегi бар ел. Басқа ел.
Андрей ИЛЛАРИОНОВ,РФ президентiнiң экономика жөнiндегi бұрынғы кеңесшiсi