ӘКIМНIҢ «БIР IСI ЖҮЗ IСКЕ ҰЛАСЫП ЖАТСА» «Iске сәт!» деймiз де
ӘКIМНIҢ «БIР IСI ЖҮЗ IСКЕ ҰЛАСЫП ЖАТСА» «Iске сәт!» деймiз де
Жыл басындағы дәстүрге орай, әкiмдер тағы да есеп беруге көштi. Бұл үрдiстiң дәстүрге айналғаны былтырдан берi қарай ғана. Онда да Президент Нұрсұлтан Назарбаев барлық деңгейдегi әкiмдер белгiлi бiр уақыт аралығында халық алдына шығып, есеп берiп тұрсын деп тапсырма берген болатын.
Президент сайлауынан кейiн жасақталған жаңа Үкiмет құрамы бiр-екi әкiмдi орнынан ауыстырды, десе де олардың денi өз орынтақтарын сақтап қалды.
Алматы қаласының басшылығына келгенiне бiр жыл екi айдан асқан Иманғали Тасмағамбетов үшiн бұл бiр жылдың ғана емес, бiрiншi жылдың есебi.
Тасмағамбетовтың бiр жарым сағаттық есебi Алматының өткен жылғы тiршiлiгi, шараушылығы жайлы мол мағлұмат берумен ғана емес, алдағы жылдардағы даму жоспары мен бағытын елестетiп өттi.
Ал Алматының асқақ мақсаттары көп-ақ, олардың iшiнде нақты жүзеге асатыны 2006 жылы аймақтық қаржы орталығына айналу болса, 2014 жылы Қысқы олимпиаданың астанасы болу – әлi ойдағы iс.
Тасмағамбетов мырза 2005 жылдың қорытындысына ырза екендiгiн бiлдiрдi. Қала бойынша өнеркәсiп өнiмi 19 пайызға, инвестиция тарту 4 пайызға өскен. Салық пен төлем жинау 3,5 есе артқан. «Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес 2005 жылы мәдениет пен өнерге 1,2 млрд. теңге қаржы жұмсалған. Алматылықтардың орташа жалақысы 2005 жылы 22 пайызға өсiп, 47 мың теңгенi құраған.
Жол – қаланың күретамыры
Алматы өскен сайын көшедегi жол қатынасы қиындап, көлiк нөпiрi артып келедi. Тұрғындардың жол қатынасын жеңiлдету үшiн 2005 жылы қала iшiндегi 170 шақырымдай жол жөндеуден өткiзiлген. «Байбесiк», «Таугүл-3», «Шаңырақ-1», «Қайрат» ықшамаудандарында жаңадан тас жол төселген. Шаляпин көшесiн Момышұлы көшесiнен Әуезов көшесiне дейiн ұзарту қолға алынған.
Көлiк нөпiрiн азайту мақсатында былтыр Сайын мен Райымбек көшелерi қиылысындағы автокөпiр салынған болатын. Бұл жөнiнде кезiнде газетiмiзде арнайы репортаж да бергенбiз. Бұл қала өмiрiндегi айшықты оқиғалардың бiрi болды десек, артық айтқандық емес. Қала әкiмiнiң айтуынша, қазiр Рысқұлов пен Сейфуллин, Рысқұлов пен Жансүгiров көшелерiнiң қиылысында автокөпiр құрылысы басталған. Жалпы, 2006 жылы осындай жетi бiрдей автокөпiр пайдалануға берiлмек. Бес паркинг салынып, көп қабатты үйлерде 23 паркинг пайдалануға берiлген, ал биылғы жылы осындай 150 нысан құрылысы басталмақ.
«Жер – Алматының басты байлығы»
Әкiм осылай дейдi. Алматының орналасқан жер рельефiнiң ерекшелiгi оның ауқымының шексiз өсе беруiне кедергi. Сондықтан да оның өсу қарқынын үнемi қадағалап отыру керек. «Алматыда қазiр бос жатқан жер жоқ» дедi Иманғали Тасмағамбетов. Соның салдарынан, бұл қаладағы жерлердiң бағасы ендi өсе бермек. Былтырғы жылдың наурыз айынан берi Алматыдағы жер тек аукцион арқылы ғана сатуға түсетiн болған. Осы уақыт iшiнде өткiзiлген бес аукционда 100-ден астам жер учаскелерi сатылды. Қала бюджетiне жер сатудан 700 млн. теңгеден астам қаржы түскен.
Қалада құжаттары заңдастырылмаған, 10 мыңдай жер учаскесi бар екен. Олардың денi қалаға жаңадан қосылған аймақтарда орналасқан. Осы орайда азаматтардың арыз-шағымдарын тексеру үшiн арнайы комиссия құрылды, былтырғы жылы бұл комиссияға заңды және жеке тұлғалардан 6 мыңдай өтiнiш келiп түскен көрiнедi. Иманғали Тасмағамбетов «жер учаскесiн заңсыз басып алудың жолын кесудi өз бақылауыма аламын» деп уәде бердi.
Қала құрылысы жайлы сөз болғанда көптеген тұрғындарды ескi үйлердi бұзып, орнына жаңа ғимарат салу мәселесi қатты толғандырады. Бұл ретте қаланың қажеттiлiгi үшiн әкiмшiлiктiң меншiгiне алынатын жерлердiң жөнi бiр бөлек. Мысалы, Райымбек – Сейфуллин және Райымбек–Жансүгiров көше қиылыстарында автокөпiр салу үшiн 66 жер учаскесiндегi құрылыс бұзылуы керек. Автокөпiр құрылысына жұмсалатын қаржы есебiнен әр тұрғынға 60 мыңдай доллар тиесiлi. Бiрақ жердiң нарықтық бағасын анықтау әлi бiр iзге түспегендiктен, тұрғындардың айтылған бағаға келiсу-келiспеуi екiталай. Бiрақ әкiм өз сөзiнде үй-жайы бұзылуға жататын тұрғындардың талап-тiлегi ескерусiз қалмайтынын айтты.
Алматы – үлкен құрылыс алаңы
Бiраз жылдардан берi Алматы үлкен құрылыс дүмпуiн бастан кешуде. Алдағы жылдары бұл құрылыстың қарқыны арта түспесе, бәсеңдейтiн түрi жоқ. Бұған Президенттiң үш жылдық Мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасының қабылдануы да себеп. Бұл бағдарлама бойынша қалада 2008 жылға дейiн 2 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiлуi керек. Оның 616 мың шаршы метрi былтырғы жылы салынып, 172 мың шаршы метр үй ипотека арқылы пайдалануға берiлген. Ал әлеуметтiк жағдайы төмен тұрғындарға арнап 2005 жылы 22 мың шаршы метр үй (немесе көп қабатты 5 үй) салынған.
Мемлекеттiк тапсырыс бойынша салынып жатқан тұрғын үйлерден бөлек, жеке құрылыс компаниялары да Алматы келбетiнiң өзгеруiне үлес қосып жатыр. Бiрақ осындай жеке фирмалардың iс-әрекетi қаланың байырғы тұрғындарының өмiр сүруiне кедергi келтiрiп, ыңғайсыздық тудырып жатады. Осындай себептердi ескерiп, қала әкiмшiлiгi Қалада құрылыс салу саясатын қабылдаған. Алдағы уақытта қала iшiнде құрылыс салатын кез келген компания Қала құрылысы бойынша құрылған кеңеспен келiсе отырып жұмыс iстеуi керек. Мысалы, Әл-Фараби көшесiнiң оңтүстiк жағындағы аймақта 6 қабаттан жоғары ғимарат салуға тыйым салынады. Сондай-ақ қаланың тарихи орталығында 9 қабаттан жоғары ғимарат салуға да рұқсат жоқ.
Қалаға жақында қосылған «Шаңырақ», «Думан», «Әйгерiм» т.б. аймақтардың сызбасы да Бас жоспарға енгiзiлмек.
Алматы сияқты iрi қаладағы тағы бiр мәселе – тұрғын үй бағасының тым асқақтап кеткендiгi. Иманғали Тасмағамбетов бұл мәселеге арнайы тоқталып, тұрғын үй бағасын құрылыс заттарының кейбiрiн өзiмiзде шығару арқылы арзандатуға болатындығына тоқталды. Осы мақсатты көздейтiн «Құрылыс материалы», «Сайк Қазақстан», «Ферросталь» сияқты кәсiпорындардың жобаларын әкiмшiлiк қолдап отыр.
Энергетикаға бөлiнетiн қаржы екi есеге өстi
2005 жылдан бастап Алматыда энергетикалық кешендi жаңарту бағдарламасы қабылданған. Қала желiлерiнiң 80 пайызы әбден ескiрген. Ал қаладағы құрылыс қарқыны қуат көздерiнiң де көбеюiн қажет етедi. Энергетикалық кешендi жаңартуға былтыр 4 млрд. теңге бөлiнген. «Ақ қайың» және «Алмалы» энергетикалық подстанцияларының құрылысы басталды. Ал мемлекет меншiгiне өткен «АПК» бұл салаға қосымша 4 млрд. теңге бөлген. Иманғали Тасмағамбетов салыстыру үшiн 2004 жылы бұл мақсаттарға бар-жоғы 3 млрд. теңге бөлiнгенiн атап өттi. Ал биылғы жылы энергетикалық салаға 17 млрд. теңге бөлiнбек.
Бренд жасаудан тартынбайық
Алматы өндiрiс ошағы болмаса да, республиканың сыртқы тауар айналымының алтыдан бiр бөлiгi осы қалада жасалады екен. Алдағы уақытта қаланың импортынан экспорт көлемiн арттыру да әкiм жоспарындағы жұмыстардың бiрi. Мысалы, тамақ өнеркәсiбiнде Алматының тәжiрибесi жетерлiк. Қала бойынша өндiрiлетiн өнiмнiң 35 пайызына жуығы тамақ өнеркәсiбiне жатады екен. Иманғали Тасмағамбетов «Рахат» кондитер фабрикасы секiлдi өнiм өндiрушiлердiң тауарларын Алматының жеке брендiне айналдыруды ұсынды.
Сондай-ақ медицина-фармацевтика саласында да өнiм өндiрудi қолға алу керек. Бұл орайда, «Нобель Алматы фармацевтика фабрикасы» компаниясының, атом физикасы институтының жобалары назар аударуға тұрарлық.
Базарлар мен КСК-лардың күнi бiткен
Әкiм есебiндегi жаңалық – КСК-лардың бәрiн әкiмшiлiктер құзырына өткiзу шешiмi. «КСК-лармен жасалған эксперимент аяқталды» дедi әкiм. Бұл – КСК басшыларының заңсыздықтарынан әбден жалыққан тұрғындардың көңiлiне жаққан болуы керек, әкiм есебiн тыңдап отырған жұрт осы сөздi естiгенде ду қол шапалақтады.
Сондай-ақ Иманғали Тасмағамбетов қала базарларын да қазiргi заманға сай сауда орталықтарына айналдыру қажеттiгiн тiлге тиек еттi. Бұл үшiн базар иелерi әкiмшiлiкке арнайы жоба өткiзуi керек. «Мұндай болмайды екен, бiз ендi ешкiмнiң көңiлiне қарамаймыз» дедi әкiм. «Бiр жыл шыдадық, жетедi» дедi тағы да. Сонымен, жақын болашақта ығы-жығы базарлардың бәрi үстi жабылған, таза, қазiргi заманға сай сауда орталықтарына айналуы керек.
2005 жылы атқарылған жұмыстар көп. Осы жылдың iшiнде Алматы қаласын көркейту мақсатында 626 аула территориялары тазартылып, 78 мектеп аулалары жөнделген. 9 саябақ пен 67 сквер қалпына келтiрiлген. Оның iшiнде 28 батыр панфиловшiлер саябағы толығымен қайта жөндеуден өткiзiлiп, пайдалануға берiлдi. Қаланың тазалығы да әкiмнiң айрықша назарында. Иманғали Тасмағамбетов қаланың тазалығын сақтау үшiн 2005 жылы 82 қоқыс жинайтын техника, 3 мың қоқыс жинайтын контейнерi сатып алынған.
Биылдан бастап Алматы аймақтық қаржы орталығына айналмақ. Осы талап үдесiне орай, Алматыда инфрақұрылымды жақсарту, ашық қаржы жүйесiн қалыптастыру, экология мәселесiне көңiл бөлу сияқты мәселелердi қолға алу керек.
Алматыны алда күтiп тұрған өзгерiс көп. Солардың бiрi – 2006 жылдан бастап iс қағаздарын мемлекеттiк тiлге көшiру iсi. Әкiмшiлiктiң ақпарат, мәдениет департаменттерi сәуiр айына дейiн мемлекеттiк тiлге көшiп болса, қалғандары да бұл игiлiктi бастаманы осы жылдың соңына дейiн жүзеге асыруға уәде берiп отыр. «Жүз iстiң» бiрi – мемлекеттiк тiлдi, мәдениеттi қолдау болса, құба-құп!
Гүлбиғаш Омарова