“Кешiрiңiз, мен қазақша кiшкене бiлем” дейдi Ұлыбританияның елшiсi Пол Браммелл
“Кешiрiңiз, мен қазақша кiшкене бiлем” дейдi Ұлыбританияның елшiсi Пол Браммелл
Таяуда ғана Ақордада Елбасының қолынан сенiм грамотасын алған Британияның Қазақстандағы бесiншi елшiсi Пол Браммеллдiң ресми құжаттарды мемлекеттiк тiлде тапсырғаны әлi де ұмытыла қойған жоқ. Қазақстанның мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлiн аса қастерлеп, құрметтейтiн британиялық елшi жуырда Алматыда журналистер қауымымен жүздескен едi.
Баспасөз мәслихатын қазақша бастаған Пол Браммелл: «Кешiрiңiздер, мен қазақша кiшкене бiлем» – деп, журналистерден өз сөзiн ағылшынша жеткiзуге рұқсат сұрады. Соңғы кездерi қазақ тiлi отандық шенеунiктерден гөрi, шетелдiк елшi-саясаткерлердiң аузынан жиi шығатын болыпты. Әйтеуiр, осындай жақсы үрдiс байқалады.
Өткен жылы Қазақстанға ат басын тiреген Тай ханшайымы Маха Чакридiң спикер Орал Мұхамеджановқа қойған: «Сiздер неге орысша сөйлейсiздер?» – деген сауалы әлi күнге дейiн Астанадағы шенеунiктердiң құлағын ызыңдатып отырған шығар. Себебi бұл сауалға мардымды жауап та, ұғынықты себеп те табылмады. Маха Чакридiң мемлекеттiк тiл төңiрегiнде өзектi сауал қойып, ресми Астананы шулатқаны аз едi, өткен жылдың күз айында елiмiзге iссапарымен келген АҚШ-тың мемлекеттiк хатшысы Кондолиза Райс қазақ студенттерiне үлкен уәде берiп кеттi. Елiмiздегi белдi оқу орындарының студенттерiмен кездесуiнде Кондолиза Райс: «Қазақстанға келесi сапарымда қазақша үйренiп, сiздермен қазақша сөйлесуге уәде берем», – деп ағынан жарылды. Соған қарағанда, мемлекеттiк тiлде Қазақстанның билiгi мен сыртқы iстерiнен гөрi өзге елдердiң саясаткерлерi мен елшiлерi бұрын сөйлеп кететiн түрi бар. Негiзi, Кондолиза Райс – уәдесiн жерге тастамайтын саясаткер. Тiл бiлмейтiн қазақ министрлерi мен елшiлерi Райстың келесi сапарына дейiн мемлекеттiк тiлдi меңгерiп алмаса, сын тезiне қайта iлiгуi мүмкiн. Сондықтан құрметтi министрлер мен депутаттар, департамент басшылары мен әкiмдер қазақша сөйлеңiздер! Сiздерден бұрын Британия елшiсiнiң майын тамызып қазақша сөйлегенiне, сiздерден бұрын Кондолиза Райстың қазақша үйренiп жатқанына Қазақстан билiгi қалайша намыстанбайды?!
Кәмшат ТАСБОЛАТОВА