Жаңалықтар

ОЛИГАРХИЯ... КОНГЛОМЕРАТТАР... ҚАРЖЫ-ӨНЕРКӘСIП ТОПТАРЫ... МЕГАХОЛДИНГТЕР...

ашық дереккөзі

ОЛИГАРХИЯ... КОНГЛОМЕРАТТАР... ҚАРЖЫ-ӨНЕРКӘСIП ТОПТАРЫ... МЕГАХОЛДИНГТЕР...

Елдің Жалпы Iшкі өнімінің 80 пайызын қадағалайтын мегахолдингтердің «кәсібінен тыс» функцияларын орта және шағын бизнеске алып беру жөнінде бастама көтеріп, Үкіметке тиісті тапсырма берген еді ел Президенті осыдан тұп-тура бір жыл бұрын. Ал Үкімет болса, сылбыр. Тіпті, олигархияның қарамағында қалған салаларды орта және шағын бизнеске босату үшін тиісті мемлекеттік орган да құрылмаған. Президент «Көптеген компаниялар ол функцияларын тек құрамдас компанияларға бере салған. Сөйтіп, бәрі де сол қалпында қалды. Толықтай ревизия жасау керек» деп отыр… Олигархияның ішек қырындысын толықтай тексеруге не ке¬-дергі?Әлде, мегахолдингтердің құрығы шын мәнінде ұзын ба? Олигархия деген сөз біздің елдің тұрғындары үшін бөтендеу. Ал көршіміз Ресей халқы бұл ұғыммен етене таныс. Олигархия деген сөздің не мағына білдіретінін жақсы білеміз. Алайда, осы дерттің біздің елдің «ағзасына» деген әсерін өлшеу мақсатында ең алдымен сөздің нақты аудармасын іздедік. Сөйтіп «олигархия ат төбеліндей ақсүйектердің иә, капиталистердің қаржы магнаттарының саяси және экономикалық үстемдігі» немесе «ақсүйектер иә, капиталистердің қаржы магнаттары билеген мемлекет» деген аударманың үстінен түстік. Анықтаманың КСРО дәуірінде жарыққа шыққан сөздіктен алынғандығын байқаған шығарсыздар. Сонымен, олигархия дегеніміз сол бір…. топтардың елге толықтай билік жүргізуі болса, олигархияның біздің саясат пен экономикадағы бойлау мөлшері қаншалықты? Жаңа көршіміз Ресейді бекерге мысал еткеніміз жоқ. Бұл шын мәнінде белгілі бір топтарды экономикасы мен саясатына мысқалдап емес, батпандатып енгізіп алған ел еді. Кез келген Ресей тұрғынынан олигарх жайлы сұрасаңыз, олардың Гусинский мен Березовскийден бастап, қамаудағы Ходорковскийді ауызға алатынына күмән келтірмейміз. Бірақ, Ресейдегі олигархияның пайда болуын кезінде елдің жоғарғы билігінің әлсіреуінен іздеуге тура келер. Сондықтан, бұл тұрғыдан қарастырғанда, олигархтарды жеңген Путин қарапайым ресейліктер үшін «құтқарушы Исадан» немесе Кащейді жеңген орыс батырынан бір мысқал да кем емес. Мейлі, Ресейді қоя тұрып, өзімізге оралайық. Біздің елде вертикальді билік еш уақытта да өз ықпалын кемітіп көрмеген. Олай болса, біздегі олигархтарға не жорық? Олардың пайда болуын немен байланыстыруға болады? Көрші елдегі олигархтарды жаныштау оқиғасынан кейін өзіміздің олигархтарды іздеген бір сәттер де болған. Сонда, Қазақстанда олигархия деген сөз тілге тиек болғанда ең алдымен Машкевичтің еске түсетінін аңдағанбыз… Ол басшысы болып табылатын өнеркәсіптік қауымдастықтың құрамында тау-кен саласын қамтитын объектілердің шоғырланғандығы еске түскен. Бірақ, осы кісі басқаратын қауымдастықтың ел қазынасына төлейтін салық мөлшерінің қанша соманы құрайтынын біле алмай келеміз. Оның сомасы жайлы ақпаратпен бөлісуді сұрағанымызда Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Келімбетов: «ЕӨҚ-ның (Еуразиялық өнеркәсіптік Қауымдастықтың) бюджетке төлейтін салығы аса қомақты қаржы. Олардың өндірген өнімі елдің ЖIӨ-нің (жалпы ішкі өнім) біраз бөлігін құрайды» деумен шектеліп, салық сомасы жайлы ақпаратты табуды баспасөз қызметіне тапсырған. Бірақ, кейіннен, Келімбетовтың баспасөз қызметі ол мәліметтерді Қаржы министрлігінің Салық департаментінен ала-алмағандығын жеткізді. Сөйтсек, Қаржы министрлігі «Салық туралы» Заңның «салық құпиясы» деген 518-бабына сілтеме жасап, ақпарат бермей қойған. Бұл жайт бізді айран-асыр еткен. Кейіннен атышулы әрекеттерімен белгілі депутат Ерасыл Әбілқасымов бізге берген сұхбатында «Еуразиялық өнеркәсіп қауымдастығына қатысты депутаттық сауал жолдағам. Бірақ, жауап болмады. Оған жауап болмайды да. Бір шағын жауап-сымақтар келеді. Жалпы, біздің мемлекеттегі тірлік мынадай: Отандық компаниялар туралы сауал жолдасаң, жауап келеді, үлкен олигархтар, президенттің маңайында отырған адамдар туралы сұрастырсаң, маңайына жолатпайды. Ал шетелдік компаниялар жайлы сұрастырсаң, коммерциялық құпия деп, тіпті, бермейді. Машкевичтің өзі де шетелдік қой. Оның жанындағы Алимжанов, Шодиев те шетелдіктер. Сондықтан жауап ала алғам жоқ» деген еді. Сонда қарапайым журналист түгілі, бірнеше мың сайлаушылардың атынан сайланып, Парламентте отырған заң шығарушы биліктің өкілі мен бюджетті түзетін министрліктің яки атқарушы биліктің өзіне ақпарат бергізбейтін бұл қауымдастықтың не құдыреті бар? — деген сауал көкейге келген. Сонда ғана жоғарыдағы олигархтар жайлы анықтамадағы «ақсүйектер, иә капиталистердің қаржы магнаттары билеген мемлекет» деген сөз еске түсті. Біз бұған дейін ондай топтардың құдіретінің мықты екенін ия байқамағанбыз иә, олар өте елеусіз түрде жұмыс жүргізген. Олигархтар «вертикальді билігі әлсіреген елдерге ғана тән болады» деп өзіміз ойлап шығарған теорияның шындыққа аса жанаса бермейтінін мойындадық. Еуразиялық Қауымдастықтың ел экономикасында аса белсенді рөл ойнайтыны бұрыннан айтылатын. Бірақ, оған таңданудың еш реті жоқ еді. Себебі, біз секілді дамушы ел түгілі, дамыған мемлекеттердің өзінде компаниялардың экономикадағы үлес салмағы аса ауқымды болады. Мысалы, АҚШ-тағы кейбір компаниялардың жарғылық капиталы қайбір дамушы елдердің жыл сайынғы түзетін бюджетінен еселеп артып жатады. Алайда, айырмашылығы сол: ол компаниялардың таза бәсеке жағдайында жұмыс істейтіндігінде, атқарушы биліктің тарапынан айрықша қолдауға ие болмайтындығында. Тіпті, дамыған елдерде лоббидің өзін заңдастырып, ашықтыққа ие еткенін көргеннен соң не дерсің. Ондай лобби заң шығарушы органдарда байқалады. АҚШ-та парламентарийлердің іс-әрекетін бақылап отырған лоббистерді көргенімізде таң-тамаша қалғанымыз бар еді. Бұл біздің «лоббистер жасырын, құпия болуы керек» деген ұғымға байланып қалғандығымыздан хабар берсе керек. Үлкен-үлкен олигархиялық топтардың экономикада вакуум қалдырмағандығын түйсінген президент былтыр олигархтарға шектеу қою қажеттігін айтқан. «Қараңыздаршы, оншақты мегахолдинг Қазақстанның Жалпы Iшкі Өнімінің 80 пайызын қадағалып отыр. Әдеби-экономикалық тілде оларды мегахолдингтер деп атайды. Ал бұқара оларды олигархтар дейді. Мегахолдингтердің шын мәнінде айналысатын кәсібіне қатысты емес(непрофильные) функцияларын орта және шағын бизнеске алып беру жөнінде Үкіметке шара қолдануды тапсырдым» деген Президент. Бұл арада мұндай мәлімдеме жасауға итермелеген екі түрлі жағдайды байқағанбыз. Біріншіден, орта және шағын бизнестің аяққа тұруына шын мәнінде жағдай жасау. Себебі, дамыған елдердің барлығында орта және шағын бизнестің елдің Жалпы Iшкі Өнімінің 50-60 пайызын, кейде 70 пайызын қамтамасыз ететіндігін Президент үнемі айтып жүретін. Ал кәсіпкерлердің еркін дем алуына, қанатын кеңге жаюына алып корпорациялардың мүмкіндік бермейтіні шындық. Екіншіден, Президенттің «бизнестің саяси амбициясымен келіспейтінін» айтқаны ол кісінің мәлімдемесінен өзгеше астар іздеушілердің санын арттырған. Президент мемлекетте кімнің кім екенін (who іs who?) аңдатты деп топшылағандардың да қарасы көбейген. Кейбір банктердің партияларға іш тартатынын, ал мұны соларға жасалынған белгі дегендер де бар еді. Кейіннен Қазақстандағы ірі банктердің барлығының дерлік топ-менеджерлері бірігіп «саясатқа араласпайтынын, бизнес пен саясаттың екі айырық жол екенін Президентке дәлелдеп баққанының» куәсі болғанбыз. Алайда, банктерден өзге де бизнес объектілері бар ғой. Біздегі билік пен бизнестің (қаржы саласын қоспағанда) арасындағы қарым-қатынастың аса тығыз екені белгілі. Айтпағымыз, қандай да бір ірі бизнес жасау үшін жоғарыда «көкенің» қажет екені біздің қоғам үшін аксиома. Президент мәлімдемесінен кейін тек банктер ғана қимылдады. Ал шын мәніндегі мегахолдингтер тарапынан үн шықпады. Тіпті, бұл мәселелермен айналысатын яғни, мегахолдингтердің айналысатын кәсібіне қатысты емес функцияларын орта және шағын бизнеске алып беруі тиіс Үкімет мойнындағы міндетті толық атқарған жоқ. Мұны көріп «сонда бұл тек банктерді ескерту үшін болған тірлік пе» деген ой да келген көкейге. Бірақ, бұл олай емес секілді. Өйткені, Үкіметтің бұл мәселедегі шалалығы тек біздің ғана емес, Президенттің де көңілінен шықпапты. «Ұлттық компаниялардың кәсібіне қатысты емес функцияларын таратып беру процесі сәтті өткен жоқ. Көптеген компаниялар ол функцияларын тек құрамдас компанияларға бере салған. Сөйтіп, бәрі де сол қалпында қалды. Толықтай ревизия жасау керек. Бизнес сонда ғана Үкіметке рахмет айтады» деді жақында Президент (23-қаңтарда Ақ Ордада Үкімет мүшелерін жиған жиында). Сонымен, бізде мегахолдингтер деп қай ұйымдарды айтуға болады? Санап көрелік. Тізімнің басында әрине, Еуразиялық өнеркәсіптік қауымдастықтың құрамындағы «Қазақстан Алюминиі», «Қазхром», «Қазцинк», «Қазақмыс», «Теңізшевройл», «Миттал Стил»(Испат-Kармет) компанияларын айтуға болар еді. Кейбір сарапшылар бұл тізімге «Қазақстан Темір Жолы», «Қазақтелеком» мен «ҚазМұнайГазды» және «Хабар» агенттігін қосқан. Енді қай компанияның мегахолдинг деген ұғымға жақын және алыс екендігін қарастырайық: «ҚазМұнайГаз» компаниясының вице-президенті Махамбет Батырбаев республикалық газетке (Новое Поколение. 7 қаңтар, 2004 жыл) берген сұхбатында «Тек 2004 жылы компанияның бюджетке 82, 9 млрд.теңге төлегенін, бұл соманың елдің ЖIӨ-нің 10 пайызын құрайтындығын айтқан. (Әрине, «ҚазМұнайГаз» бен Еуразиялық өнеркәсіптік Қауымдастықтың арасы жер мен көктей. Машкевичтің қол астындағы компаниялардың бюджетке төлейтін сомасын білмей зар болып жүргенімізде, «ҚазМұнайГаз» өз есебі жайлы ақпараттарын қоғаммен толық түрде бөлісіп отырады. – Г.М). «ҚазМұнайГаз» бюджетті құрайтын компания. Кезінде өз ісімізге қатысты емес компаниялар құрылған. Бірақ, қазір ол «құрамдас» компаниялардан арылдық. Бізге олиграхиялық жайттарды жапсырудың қажеті жоқ шығар. Өйткені, біз таза мемлекеттің компаниясымыз» деген. Ал «Хабар» агенттігінің қожайыны депутат Дариға Назарбаеваның осы мегахолдингтер жайлы мәселеге қатты бас ауыртып, Даниал Ахметовтың атына сұрау жолдағаны оның «Хабар» агенттігін мегахолдингтер қатарынан көргісі келмейтіндігін аңдатса керек. Дегенмен, Президенттің осы мегахолдингтер жайлы айтқан мәлімдемесінде БТА мен Валют Транзит банктеріне тоқталып, ондағы өзге де банк саласына «қатыссыз» қызмет түрлеріне күзет қызметін қосқанын ескерсек, «Хабарда» басқасын білмеймін де күзет қызметінің агенттік құрамында екенін айту керек. Ал күзет қызметінің телеарнаның негізгі айналысатын шаруасына қатыссыз екені белгілі. Ал өзге мегахолдинг деген атқа сай компаниялардың ешқайсысының үні шықпады. Үкімет Президент мәселе көтергеннен кейінгі бір жыл бойында осы бастамаға қатысты бірер рет ғана мәжіліс өткізген. Сонымен, мегахолдингтерді Ахметов үкіметі былайша түстеп берді.(Онда да депутат Назарбаеваның депутаттық сұрау салғанынан кейін екі айдан соң берген жауабында. өзге депутат сауал жолдаса, ол сұраудың түпсіз құрдымға кететіндігіне күмән келтірмейміз. – Г.М). «Мемлекеттік кәсіпорындар ішінде 1186 ұйымның функцияларын бәсекелік ортаға тапсыру қажеттігі шешілген». «12 ұлттық компанияның 5-нің өз саласынан өзге функциясымен айналысатыны тіркелмеген. Ал қалған 7-нің өз кәсібінен тыс функцияларды атқаратындығы анықталып, оларға құрамдас компаниялардан арылу жөнінде кеңес берілген». Iрі мегахолдингтер «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС, «Миттал Стал Теміртау» АҚ, «Қазақстан Алюминиі» АҚ, «Қазцинк» АҚ, «Қазфосфат» Жауапкершілігі шектеулі серіктестеріне де ақыл-кеңестер берілген. Болды! Бары осы-ақ! Айтпақшы, Президент осы мәселені айтқан кезде, яғни мемлекеттік ұйымдар мен мегахолдингтердің кәсібіне қатысы жоқ функцияларын орта және шағын кәсіпке алып беру жөнінде бастамамен қатар тағы бір бастама көтерген. Ол мемлекетке стратегиялық маңызы зор компаниялардың акцияларын басқару үшін мемлекеттік холдинг компаниясын құру жайы еді. Екі бастама да бір уақытта көтерілгенімен, Ахметов үкіметі бірінші бастамадан гөрі екінші бастамаға көбірек көңіл қойған секілді. Бұлай деуімізге сол мемлекеттік холдинг компаниясының құрылуы үшін кеңесші болып «МакКинзи» компаниясының бекітілгенін, тіпті, осы компанияның серіктесі Филипп Харленің президенттің қабылдауында да болып үлгергені дәлел. Мемлекеттік активтерді басқаратын бұл холдинг осы жылдың алғашқы тоқсанында құрылып бітуі тиіс. Ал мегахолдингтер мәселесі болса, әлі тұрған орнынан жылжыған жоқ, Мегахолдингтердің профильді емес, шаруашылық субъектілерін бәсекелік ортаға беру жайымен айналысатын мемлекеттік органды Үкімет әлі құрмаған да. Айтпақшы, қазіргі министріміз Ертісбаев мырза «мегахолдингтердің монополизмін шектеудің механизмі ол осы идея авторының саяси ерігі мен шешіміне қатысты» деген еді. Автор ол ерік пен шешімді Үкімет алдына жайып салғандай болып көрінген. Ал оны тез арада үйіріп алып кетуі тиіс Үкімет басшысының қимылы сылбыр. Бұл мәселені жылжытпай тұрған қай құдірет екен?

Гүлнәр Мұқанова