ЫНТЫМАҚ КЕРЕК, ЫНТЫМАҚ!
ЫНТЫМАҚ КЕРЕК, ЫНТЫМАҚ!
Газетіміздің өткен жылғы 1 желтоқсандағы санында Нұрғанат Керімбаевтің «Ақиқатын айту – ардың ісі немесе Ислам Жеменейге ашық хат» атты материалы жарияланған еді. Онда ұлы тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» атты шығармасының қазақ тіліне аударылуына негізінен ұланғайыр еңбек сіңірген Мұхтар Қазыбек еді. Ислам Жеменейдің парсы тілінен аудармасы көркем аударма дәрежесіне жетпейді, соған қарамастан ол әр жерде әртүрлі әңгіме айтып жүр дегендей сөздер қозғалған болатын. Бұл мақала жарық көрісімен редакциямызға алдымен Ислам Жеменейдің өзі, сосын Тараз, Шымкент, Түркістан қалаларынан бірнеше адам хат жазып, Н.Керімбаевтің ой-пікірлерімен келісе алмайтындарын білдірген. Ең соңында М.Қазыбектен Н.Керімбаев сөзіне дәлел ретінде бірнеше аударма қолжазбаның түпнұсқа және көшірме нұсқасы бізге жеткен сәтте… М.Х.Дулатиге қатысы бар игілікті істің баяғыдан басы-қасында жүрген ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі мырзадан төмендегі материал да қолымызға тиген-ді. Біздіңше, әділ де дұрыс сөз осы болмақ. Бұдан кейін бұл тақырыпта сөз қозғауды артық деп білеміз.
«Түркістан» газетінде (№48, 1 желтоқсан 2005 ж.) «Ақиқатын айту – ардың ісі немесе Ислам Жеменейге ашық хат» атты абайтанушы Нұрғанат Керімбаевтің мақаласын оқып шықтым. Ол бүкіл түркі халқының абыройын асқақтатқан ұлы тұлға Мұхаммед Хайдар Дулатидің (1499-1551) классикалық шығармасы «Тарих-и-Рашидидің» ана тілімізге аударылу жайы мен осы бір асыл дүниені төңірегінде сөз қозғапты. Осы істен хабардар болғандықтан да бір-екі ауыз сөз айтқанды жөн көрдім.
«Тарих-и-Рашидидің» ана тіліміздегі тұңғыш басылымында оны «парсы тіліндегі қолжазба нұсқасынан тәржімалаған Ислам Жеменей», «қазақ және орыс тіліндегі нұсқаларын салыстырып, әдеби өңдеп, толықтыра аударған, әрі ғылыми редакциясын жасаған Мұхтар Қазыбек» екендігі көрсетілген.
Иә, Мұхтар аударманың ана тілімізде еркін көсіліп, жақсы оқылуына ерекше еңбек етті. Оны ол аса бір перзенттік махаббатпен орындады. Ал еңбекті қазақшалаған Ислам Жеменей де отандық әдебиеттану ғылымында өзіндік орны бар, елім, жерім, туған тілім деп жүрген арлы азаматтың бірі. Қазіргі таңда елімізде парсы тілі мен әдебиетін Исламдай терең де жақсы білетін білікті мамандар өте аз. Исламның әлі бергенінен берері көп. Ол келешегінен үлкен үміт күттіретін зерделі ғалым. Олай болса бұл екі азаматты бір-біріне қарсы қоймай, бірлесе ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырар едім.
Кімдердің еңбегі ерекше сіңді деп таласуға да тым ерте. Мұхаммед Хайдар Дулати шығармашылығы әлі де еліне жетпей жатыр. «Тарих-и-Рашидидің» орыс, қазақ тіліндегі нұсқаларын көп данамен қайта басу, Мұхаммед Хайдар Дулати, Халықаралық энциклопедиясын жинап шығару секілді алда қыруар шаруалар тұр. Өткен жылы Үндістанның Алигарх университетінің профессоры Мансура Хайдар ханым Мұхаммед Хайдар Дулати туралы парсы тілінде орта ғасырларда жазған авторлардың жазбаларын ағылшын тіліне аударып, парсы тіліндегі нұсқасымен жариялады. Бұл өте құнды еңбек. Оны да ана тілімізге аударып бастыру өте қажет. Олай болса үлкен істі бастамай жатып, кім қанша еңбек сіңірдіні тізбектеуді қойып, ынтымақ, ауызбіршілікпен бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жұмыс істеу керек.
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі