ӨНДІРІСТЕГІ ӨЗЕКТI МӘСЕЛЕ — ҚАЗАҚ ТIЛI
ӨНДІРІСТЕГІ ӨЗЕКТI МӘСЕЛЕ — ҚАЗАҚ ТIЛI
Бүгінде жоғары оқу орындарында (ЖОО), әсіресе, техникалық оқу орындарында мемлекеттік тілді оқыту сапасының деңгейін көтеруге, кәсіби тілді меңгеруге байланысты жұмыстар жасау күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналды.
Біз осыған орай қара шаңырақ, еліміздегі техникалық ЖОО-ның көшбасшысы саналатын Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетіне арнайы ат басын бұрған едік. Қазақстанда инженерлер даярлайтын техникалық университеттің бұл бағытта атқарып отырған жұмыстары біршама. ҚазҰТУ осы бағытта Қазақстан бойынша кредиттік жүйеге көшуді алдымен қолдаған ЖОО-ның бірі. Мұның нәтижесінде 2004-2005 оқу жылынан бастап барлық мамандықтар бойынша оқу барысы кредиттік жүйеге көшірілді. Сонымен қатар мемлекеттік тілді дамытуға, оқытуға, оны техникалық мамандықтар саласына енгізуге үлкен шаралар жасалып та кетті. Атап айтқанда, 1990 жылдан бастап барлық мамандықтар саласы бойынша қазақ бөлімдері ашылып, мемлекеттік тілде оқулықтар, оқу құралдары, әдістемелік нұсқаулар университет баспасынан жарық көре бастаған. Республикадағы техникалық ЖОО-ның ішінде алғашқылардың бірі болып, қазақ тілі кафедрасы ашылды. 1989 жылы құрылған “Қазақ тілі” қоғамы өз жұмысын нақты атқаруының нәтижесінде жастар ана тілінде ашық сөйлеуге қол жеткізді. Ондағы мақсат — студенттерді мемлекеттік тілде оқытуға біртіндеп болса да қол жеткізу, қазақ бөлімдерін көптеп ашу, соның нәтижесінде мемлекеттік тілдің техникадағы, өндірістегі және ғылымдағы қолданылу аясын кеңейту. Бүгінде бұл қоғам қоғамдық негіз бен әкімшілік ресурстарды ұштастыра отырып мемлекеттік тілдің пәрменділігін арттыру мақсатымен “Мемлекеттік тіл бірлестігі” деген жаңа атауға ие болды. Бұл жөнінде аталмыш университеттің оқу-тәрбие ісі жөніндегі проректоры, профессор Ұ.Сыдықовпен тілдескенімізде, бірлестіктің атқарып жатқан жұмысы жайлы былай деді:
— Бұл қоғамға “Мемлекеттік тіл бірлестігі” деп жаңадан айдар тағып, ат бердік. Бірлестікке оқу-әдістеме ісі жөніндегі проректор Ш.Байысбеков екеумізді тең төраға ретінде сайлады. Ал орынбасарымыз болып профессор Ғ.Нысанбай қоғамдық негізде жұмыс жасайды. Ол кісі көбінесе халықтың пікірін, жағдайын қадағалап отырады. Бұл жөнінде “Ана тілі” газетінде профессор Ш.Әбдіраманның “Бұл жаңа бастама” атты мақаласы жарық көрген болатын.
Жыл өткен сайын бірінші кезекте мемлекеттік тілде әр мамандық бойынша инженер кадрларды даярлау өрісі кеңею сатысында екен. Статистикалық көрсеткіш бойынша, бүгінде қазақ тобында оқитын инженер мамандардың саны 50-ден 75 пайызға өскен. 2000-2001 оқу жылдары тек күндізгі бөлімдерде оқитын қазақ топтарының саны 224 болса, 2005-2006 оқу жылында оның қатары 404-ке жетіп отыр. Ал, орыс тілінде оқитын топтар осыдан 4-5 жылғы деңгейде. Ағымдағы 2005-2006 оқу жылына грант арқылы университет табалдырығын аттаған 2550 студенттің 1753-і қазақ бөлімдерінің үлесіне тиді. Ал орыс бөліміне тапсырғандар саны 797 болса да, бұл қазақ тілі пәнінің оқытылуына айтарлықтай нұқсан келтіріп отырған жоқ. — Жалпы, ҚазҰТУ-дың ұжымы ректорымыз Досым Қасымұлы Сүлеевтің басшылығымен университетімізде мемлекеттік тілдің қолдану аясының кеңеюіне барлық күш-жігерін жұмылдырып отыр,— деген Ұлықпан Есілханұлы, бірінші, екінші курстың 100 пайыз оқулықпен толық қамтамасыз етілгенін тілге тиек етті. — Оны жазған авторлар да өзіміз. Ал үшінші курс 80, 90 пайызбен қамтылса, енді төртінші, бесінші курстың мамандығына байланысты, өкінішке қарай, бұл мәселеде кемшін соғып жатқан жері де бар. Негізінен оқулықты үш түрлі жолмен дайындап жатырмыз. Біріншіден, негізгі оқулықтарды көбінесе өзіміздің кәсіби білікті оқытушылар дайындайды. Екіншіден, Ресейдің ғалымдары жазған, баяғыдан танымал болып қалыптасқан оқулықтарды аудару арқылы. Үшінші жолы — электронды технологияны пайдалана отырып, электронды оқулықтар жасақтау. Университеттің барлық мамандықтарымен бірге типтік оқу жоспарының міндетті пәндер циклі құрамындағы жеті пәннің негізгісі — қазақ тілі бойынша “Оқу-әдістемелік кешені”, оқу бағдарламасы бойынша(силлабус) жасалынып, студенттер дер кезінде оқу-әдістемелік құралдармен толық қамтамасыз етілді дегенді айтады.
Бүгінде ЖОО-да мемлекеттік тілдің қолдану аясын арттыруда қолдан келген шараның бәрі жасалып келеді. Бірақ әлі бәріміздің тісіміз батпай жатқан, қолға алынбай жатқан мәселе бар екен. Ол — бүгінгі таңдағы Қазақстандағы өндіріс саласындағы мемлекеттік тілдің жай-күйі. Сонау Кеңес Одағы билігін жүргізіп тұрғанда өндіріс саласының бәрі орыс тілінде сайрап тұрғаны бәрімізге аян. Одан кейін Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары өндірістің тоз-тозы шығып, құлдырап, тоқтап қалғаны да есімізде. Сол кезде халық абдырап, жұмыссыз қалды. Тек 1990 жылдардың соңында ғана өндірістің тамырына қан аз-маз жүгіре бастады. Бірақ үлкен кәсіпорындар мен өндіріс кешендерін шетелдіктердің қолына беріп қойып, аузымызды ашып қалдық. Дегенмен, мемлекет тарапынан орта және шағын бизнесті дамытуға айтарлықтай жол ашылды.
Әңгіме арасында “Бірақ та күні бүгінге дейін өндірістегі, өнеркәсіптегі тіл — мемлекеттік емес”, деген Ұлықпан Есілханұлы өндірістегі тіл мәселесі жайында өз ойын былай сабақтады:
— Тіпті, мұнда мемлекеттік тілді енгізуге ешқандай қадам жасалып жатқан жоқ десек те болады. Бүкіл өндірісті басқару, жұмыс атқару, іс-қағазы, бәрі-бәрі түгел орыс тілінде жүргізіледі. Ал енді өндірісті еліміздің қуаты, өзегі десек, міне, сол өзекке әлі тісіміз де, қолымыз да батқан жоқ. Мемлекеттік тілді дамытамыз деген әңгіме мен даурығулар үнемі осы өндірісті сырт айналып кетеді. Көбіне білім, мәдениет, іс-қағаз, т.б саладан аса алмай жатырмыз. Міне, ең басты өзекті мәселе осы. Алайда, мұны шешуді Үкімет мемлекеттік деңгейде қадағалап, өз мойнына алмаса, әзірге сең қозғала қоймасы анық. Осы мәселені көтеру мына біз секілді техникалық ЖОО-да жұмыс істейтін мамандардың парызы. Құдайға шүкір, біз қазақ бөлімінде 75 мамандықпен кадрлар даярлап жатырмыз, олардың бәрі мемлекеттік тілде білім алады. Ал егер бізді бітірген дайын маман ертең өндіріске жұмысқа қабылданса да, басқа тілдерді білмегені үшін басынан небір ауыртпалықты өткізеді. Өйткені, мұнда тек орыс тілінде ғана сөйлеу керек деген өз қағидалары бар. Осындай кертартпа мінездің салдарынан жас маман абдырап қалатыны рас. Сондықтан өндірістің қатып қалған сеңін бұзып, оның мемлекеттік тілге бетбұрысын жасамасақ, бұл қиыншылықтан құтылудың ауылы жақын емес. Ал, жоғарыдағыдай жағдай болмас үшін біз қазақ тобын бітірген студенттердің әр техникалық терминнің орысша да, шет тілінде де баламасын білуіне жағдай жасаймыз.
Мемлекеттік тілді ең бірінші өндіріске енгізу қажет
Шыныбай Байысбеков, ҚазҰТУ-дың оқу-әдістеме жұмысы жөніндегі проректоры, профессор:
— Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін қазақ тілінің қолдану аясы орыс тіліне қарағанда төмен еді. Ал қазіргі жағдайда мүлдем керісінше. Құдайға шүкір, қазақ тілі — мемлекеттік тілдің көсегесі көгеріп, биік тұғырға көтерілді. Олай деуге басты себеп, бізде қазақтілді топтардың саны жылдан жылға өсіп отыр. Алғашқы жылдары өз тіліміздегі оқулықтарға сұраныс аз және олар тапшы болса, бүгінде оқу барысында қолданып жүрген оқулықтың дені қазақ тіліндегі оқулықтар. Басқа техникалық оқу орындарымен салыстырғанда, біздегі қазақ тобының оқулықтарымен қамтамасыз етілуі өте жоғары деңгейде. Себебі, оқытушылар құрамының 90 пайызы өз ұлтымыздың тіл жанашырлары болып табылады.
Бүгінде қазақ балаларының білімге деген ынта-жігері де өте жоғары. Оған ұстаздың әрдайым білім сапасын қатаң қадағалауы мен сараптан өткізуі де ықпал ететіні анық. Алға қойған ең басты өзекті нәрсе, тек біліммен ғана мақсаттарға жету, жеңу. Біз ешқашан “анау” шетелдік инженерлердің, кәсіпкерлердің алдында бас имеуіміз керек. Керісінше, олар біздің алдымызда өздерін төмен санауы тиіс емес пе?! Сондықтан осы бағытта қазір 100-ден астам компаниялармен тығыз байланыс орнатып келеміз. Бұл компаниялардың мамандарға деген сұранысы өте жоғары болғандықтан, бітірушілер емін-еркін іске араласып кетіп жүр. Қазіргі студент, ертеңгі болашақ маман өз тілін ғана біліп қоймай, басқа да елдің тілдерін игеруге құлшынысын білдіруде. “Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте”, деп Қадыр ағамыз айтқандай, бұдан студент-жастардың ұтпаса ұтылмайтыны хақ.
Өзімнің мамандығым — металлург. Талай жыл өндірісте жұмыс істеп келген азаматпын. Сонда орыс тілінің үстемдігі анық байқалып тұратын және біз оған амалсыз көндік. Біз ол кезде өндіріс қандай сұранысты талап етсе, сол бағытта жұмыс істедік. Бәріміз “Қазақ тілі — мемлекеттік тіл” деп ауыз толтырып айтқанымызбен, нақты іс жүзінде көңіл аудармай жүрген мәселелер баршылық. Бұл жерде тағы бір үлкен мәселенің басы қылтиып тұр. Ол ең өзекті мәселе — бұрыннан теперіш көріп келген тіліміздің өндіріс саласында аяққа тапталып, қор болуы. Мысалға, талапты, қабілетті дайын маман орыс немесе шетел тілін білмегені үшін ғана қиыншылыққа кезігетіні рас.
— Бүгінде еліміздегі кейбір өндіріс орындарын басқа ұлт өкілдері басқарып отыр ғой. Бәлкім, мұның да салқыны тиетін шығар…
— Одан да қорқудың қажеті жоқ. Басқа ұлттың өкілі отырса, отыра берсін. Бастысы, Қазақстан жерінде жұмыс істеп, нанын жеп отыр ғой. Оның жанында арнайы қазақтілді көмекшілері жұмыс істейді. Олардың басты міндеті бәрін түсіндіріп, жеткізу. Бұл Ұлы Абайдың, Мұхтардың тілі болған — ана тіліміз үшін күреспесек, бәрі кеш болады. Біз осыны көтермесек, не үшін отырмыз мына жерде. Бұл мәселені ұлттық тұрғыдан қарауымыз қажет сияқты.
— Өздеріңіз басқаратын білім ордасында қазақ топтарының саны көбейіп жатқандығын білеміз. Мемлекеттік тілде жаңа қандай пәндер енгізілді?
— Әрине, бұл заңдылық. Былтырғы жылы 355 қазақ, 340 орыс тобы болса, осы 2005-2006 оқу жылдары бойынша 404 қазақ, 297 орыс тобы білім алып келеді. Қазір мемлекеттік стандартқа сай 1-курстың орыс бөлімдерінің 1-2 тоқсанында “Қазақ тілі” міндетті пән ретінде 6 кредит, яғни, 270 сағат мөлшерінде оқытылады. Сонымен қатар аталмыш пәннен тысқары университет әкімшілігінің тікелей нұсқауымен 2-3 курстың қазақ және орыс бөлімдері студенттеріне мемлекеттік тілде “Мемлекеттік тілде іс-қағаздарын жүргізуді үйрету” курсының және “Iскерлік қазақ тілін” оқытудың сағаты да өсті. Сондай-ақ, бакалавриаттың оқу жоспарында таңдауы бойынша пәндер тізімі бар. Қазақ тілі кафедрасы тарапынан студенттердің таңдауы бойынша пәндер циклына бұрын жыл сайын 2-курс студенттеріне оқытылып келген “Халық педагогикасы” пәні және “Риторика” (1- курс, қазақ-орыс бөлімінде), “Iскерлік қазақ тілі”(2 курс, қазақ-орыс бөліміне), “Қазақ тілінің практикалық грамматикасы”(3 курста), техникалық бағыттағы мәтіндер мен құжаттарды аударуды үйрету мақсатында “Кәсіби техника тілі”, “Техникалық мәтіндерді аудару” курстары ұсынылып, биылғы оқу жылында 1-2 курстың қазақ-орыс бөлімдері студенттеріне осы аталған пәннің барлығы жүргізіліп отыр. Бұған таңқалудың қажеті жоқ. Себебі, біз сонау 1989 жылы тіліміздің болашағын ойлағанда, болашақ жастар қазақша сөйлесе екен деп армандадық.
Жалпы, университеттегі мемлекеттік тілдің жай-күйіне, мемлекеттік тілдегі жаңа пәндер мәселесіне ректорымыз Досым Қасымұлы Сүлеев тұрақты мән береді. Тіпті, алдымен мемлекеттік тілде әзірленбеген іс-қағаздарын қабылдамайды да.
— Техникалық терминдердің аударылу барысына тоқталсаңыз. Оларды аударатын арнайы комитет бар ма?
— Кейбіреулер техникалық терминдердің әртүрлі баламаларын тауып жатады. Мысалы, бір кезде “класты” “сынып” деп аударып еді, оған да, міне, бой үйреніп қалды. Дегенмен, бәрін жаппай аударуды жақсы ұсыныс деп құптамаймын. Мысалы, тілімізге сіңісіп кеткен кейбір халықаралық терминдерді сол күйінде қалдыру керек. Осы термин мәселесіне байланысты біздің университет оқытушыларының бірталайы Терминологиялық комитетте жұмыс істеп жатыр. Барлық салада ұстаздарымыз қолынан келгенше, білімін салып-ақ келеді. Не десек те, бүгінгі кейбір техникалық атаулардың қазақшасы бұлдыр, түсініксіз. Жалпы, өндірістегі тілді көтеру үшін геология, тау-кен, металлургия және барлық өндіріс саласына аса мән берілуі керек.
— Жасыратыны жоқ, әлі де ақпараттық кеңістігіміз орыс тілді азаматтардың қолында ғой…
— Өте дұрыс айтасыз. Ең өкініштісі, ақпарат кеңістігі әлі қазақшаланған жоқ. Бұл Үкімет тұрғысынан көтерілетін, қаралатын мәселе. Бастысы, тілді өндіріске енгізіп, бәрін қазақша сөйлету. Екіншісі, ақпараттандыру жағынан қазақ тілді бірінші орынға қою қажет. Мәселен, кейбір сөздерді тікелей аудару арқылы қолданып жүрміз. Өндіріс пен құрылыс саласында “козел” деген тіркес жиі ұшырысады. Оны тікелей тәржімаласақ, “ешкі” болып шығады. Әрине, дәл осылай атамайтынымыз анық, десек те, жаңадан барған қазақтілді жас маман осылай жауап берсе не болады? Өндіріс қайда, ешкі қайда, металлургия саласы қайда жатыр?! Сондықтан да қалай болса солай аудара салмай, мағынасына жуық, сәйкес келетін сөздерді қарастыру керек қой. Кез келген инженер де дүниетанымының кең болуына ұмтылуы шарт. Кейде студенттермен жұмыс істегенде немесе шаршағанда дереу ұлы Абай атамыздың қарасөздеріне арқа сүйеймін. Өзімді өзім тексеремін. Жас ұлғайған сайын әр сөзіне түрлі көзқараспен үңіле қараймын. Себебі, ұлы Абайдың философиясы дүниежүзінде жоғары тұрған биік философия. Неге бізге төртінші сыныптан бастап, Абайдың қарасөздерін енгізбеске?! Әрине, оқушы оның бәрін түсінбейтіні белгілі. Тек жасына, таным-түсінігіне қарай сыныптан-сыныпқа өтуіне байланысты оқу жүйесіне енгізсе, біздің ұлттық философиямыз қайта оралатыны хақ. Қазақи философия дүниежүзінде ешқандай философиядан кем емес, ұтылған жоқ. Бір Абайдың философиялық ой-тұжырымдарына зер салып көріңізші! Абай әлі толық зерттелген жоқ. Тек ол ғұлама туралы ғана жазылды. Ал оны ары қарай дамыту — келешек жастардың қолында. Мінеки, осындай мәселелерді елеп-ескермесек, біз нағыз ұлтжанды маман даярлай алмаймыз.
— Демек, сіздіңше, мемлекеттік тілді әуелі өндіріске енгізуден бастау керек сияқты…
— Әрине, дәл солай. Құдайға шүкір, қазақ тілі ЖОО-да өз деңгейіне келіп қалды. Бүгінде барлық ЖОО-да бір ғана мәселе болса, ол — студенттерді мемлекеттік тілдегі оқулықтармен қамтамасыз ету. Осы уақытқа дейін барлық күш-жігерді оқулық мәселесіне салып келдік. Ендігі жанды ауыртатын басты мәселе жаңағы айтып өткеніміздей, өндірістегі мемлекеттік тілдің хал-ахуалын көтеру. Өзім өндірісте 3 жыл жұмыс істегенде, естігенім таңертеңнен кешке дейін орыс тілі болды. Ондағы жұмыс істейтін қазақтың қарапайым жұмысшылары өз ана тілінде сөйлеуге қорқатын-ды, жасқаншақ еді. Бір күні қала басшылығы шақырып жатыр деген соң, бардым. Сөйтсем, бәрі бірлесіп газет шығарып жатыр екен. Қарасам, қазақ тіліне бұрынғы шығып жүрген газетке қосымша бір бет қана арнамақшы екен. Сосын әкімге “Сіз неге біздің мемлекеттік тілді жәй ғана қосымшаға айналдырып отырсыз? Дереу шешім шығармасаңыз, әлі бұл мәселені Парламенттің алдына қоятын боламыз” дегенде ғана, имандарына келді ғой. Сонда қасымдағы қазақ жігіттері қол шапалақтап мені көтеріп әкетті. “Жігіттер, қанеки, өздеріңнің намыстарың бар ма?! Біздің туған тіл — Ана тіліміз неге басқа тілдің көлеңкесінде тұруы тиіс” деген едім. Содан әлгі әкім-қаралар маған “халық жауы” ретінде қарайтын болды. Сөйтіп жүріп, газеттің қазақ тілінде жеке санын шығаруға мүмкіндік алған кездер болды. Міне, мәселенің басы қайда жатыр.
— Қала әкімі И.Тасмағамбетовтің 2005 жылдың 6 сәуірінде “Алматы қаласының жергілікті атқарушы органдарында іс жүргізуді мемлекеттік тілге көшіру туралы” қаулыға қол қойғанын білесіз. Бұл бастама жөнінде не айтасыз?
— Бұл жәй сөз емес. Ғылымда барлығы дұрыс шешілгеннің өзінде, оның 10 пайызы қате жіберіледі. Бұл деген кеш бастадым ба немесе ерте ме деген мәселенің жемісі сияқты. Қала әкімінің бұл игі бастамасын баршамыз құптап, қолдаймыз және мұны үлкен жеңімпаздық түрдегі алғашқы қадам деуге болады. Егер бәріміз “кеш” деген ұғымға алаңдасақ, бәлкім, бұдан да кешігіп қалар едік. Мысалы, біздегі 75 мамандықтың қазақшаға өтуін бір кездері тек екеуінен ғана бастағанда, кейін жұрт бәрінің қазақшаға толық өткенін білмей де қалды. Міне, тура осы тәсілмен қаланы қазақшаландыруға әбден болады. Тілдерді дамыту басқармасының бастығы К.Матыжановтың “Алматы ақшамы” газетінде қалалық әкімшіліктің мемлекеттік тілге көшуінің кезеңі мен сатысын жақсы айтып берген. Ең бірінші сол жерде істейтін адамдардың тілге деген көзқарасын қалыптастыруға баса назар аударылыпты. Алдымен сондағы барлық департаменттің біртіндеп, әуелі үшеуі көшеді екен. Сондықтан Алматы қаласы жұртшылығы мемлекеттік тілге бір жылда көше салады деген әңгіме жоқ. Бәрі мәдениетті түрде уақытпен шешілетін дүние ғой. Дегенмен, осылай батыл қадаммен бастамаса, тағы болмайды, ертеңге ысырыла береді. Осы тұста Алматы қаласының әкімі Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовтің мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты жасап жатқан батыл қадамына қала жұртшылығының ризалығын жеткізгім келіп отыр. Тағы да айтарым, ана тіліне келгенде еш жалтақтыққа жол беруге болмайды.
— Білім нәрімен сусындатып, ғылымға жол сілтейтін де ұстаз қауымы. Жалпы, мемлекеттік тілде білім беретін оқытушылардың кәсіби біліктілігі жайында сөз қозғасақ…
— Жалпы, біз оқытушыны жұмысқа алғанда мамандығы сәйкес келе ме деген мәселені бірінші орынға қоямыз. Мысалға, мен — металлургпін. Ал мен барып информатикадан сабақ бере алмаймын ғой. Міне, сол сияқты бұл жағына өте қатаң тәртіппен қараймыз. Себебі, техникалық саладағы 72 жылдық ғұмыры бар ЖОО болғандықтан, бұрыннан келе жатқан әдет-ғұрыпты дұрыс сақтап, қаймағын бұзбай, келер ұрпаққа осылай таза жеткізуіміз қажет. Демек, әр саланың мамандығы бойынша кәсіби біліктілігі жоғары ұстаздарды ғана тартамыз. Тағы бір нәрсе — үздік оқыған студенттерді оқытушы ретінде алып қалып, жатақханадан арнайы орын бөліп, ары қарай ғылымның жолына түсуіне мүмкіндік береміз. Мұның арқасында магистратура, аспирантураны бітіріп, кандидаттық диссертациялар да қорғай алады.
— Бүгінгі күні дипломдық жұмыстар, диссертациялар мемлекеттік тілде қорғалып жатыр ма?
— Қазір студенттер қазақ тілінде дипломдық жұмыстар мен диссертациялар да қорғап жүр. Негізі жастарға қай тілде қорғаймын десе де еркіндік беріп отырмыз. Былтыр бес қазақ баласы дипломдық жұмысын ағылшын, француз тілінде қорғады. Риза болғанымыз соншалық, біз ол студенттерді университетке ұстаздыққа алып қалдық. Енді олардың білімінің күштілігі — қазақша, орысша, ағылшынша үш тілде таза сайрап тұр. Міне, бұдан артық бізге қандай маман керек. Ертең жас мамандар өндірісте осылай көп тілде сайрап тұрса, барлық жетістікке қол жеткізетіні белгілі. Қазақша ғылыми стильді меңгерту мақсатында диплом жұмысын мемлекеттік тілде қорғаймын деп ниет білдірген орыс бөлімінің 1-4 курс студенттеріне қосымша көп деңгейлі “Мемлекеттік тілді тереңдетіп оқыту” курсын ұйымдастырып, жүргізу жоспарланып отыр. Осы курстар арқылы студенттер 1-курста мемлекеттік тіл бойынша игерген білім, білігін одан әрі дамытып, тереңдетуге мүмкіндік алады. Мұның негізінде университеттің оқытушылары мен қызметкерлеріне мемлекеттік тілді жеделдетіп оқытуға арналған 6 деңгейлік “Қазақ тілі” курсы жұмыс істейді. Біздің міндетіміз — студенттерді ана тілін біліп қоймай, өзге тілдерді де меңгерген, жан-жақты жарасымды жетілген білікті азамат етіп тәрбиелеп шығару.
Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы