ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ОДАҒЫ: АЛҒЫШАРТТАРЫ МЕН БОЛАШАҒЫ
ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ОДАҒЫ: АЛҒЫШАРТТАРЫ МЕН БОЛАШАҒЫ
Өткен жылғы ақпан айындағы Елбасының халыққа жолдаған дәстүрлі Жолдауына да бір жылдай уақыт болып қалды. Елбасы Жолдауындағы маңызды бір мәселе – Орта Азия мемлекеттері одағын құру идеясы болған. Әрине, бұл идея жан-жақты талқыланды. Сарапшылар оны құрудың алғышарттарының бізде бар екенін де тілге тиек етті. Бірақ, сең қозғалар емес. Әлі күнге дейін көршілер тарапынан Назарбаев идеясын қолдап оған тілектестік танытқан бірде-біреуі байқалмайды.
Жақында Алматыда «Отан» саяси партиясының ұйымдастыруымен «Біздің тамырымыз бір» атты халықаралық симпозиум болып өтті. Бұған Қырғызстан, Тәжікстан және Әзірбайжан мен Түркия елдерінен өкілдер қатысты. Ал, Өзбекстан мен Түркімения өкілдері шақыру алса да, келмей қалды. Халықаралық деп үкілеген бұл симпозиумда талқыланған басты мәселелер Орталық Азия елдері одағын құрудың алғышарттарын жасақтау болған еді. Бірақ, аталған форум алдына қойған мақсатын орындай алды ма? КЕҢЕСТIК ИЛЛЮЗИЯ НЕМЕСЕ ИМПЕРИЯЛЫҚ ҮРЕЙОрталық Азия мемлекеттері – Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан және Тәжікстанның өзара одақ құруының алғы шарттары бізде толық бар. Ол ең әуелі – басқасының бәрін ысырып қойғанда, түркілік менталитет. Тәжікстаннан өзгесінің бәрі түркітілді халықтар. Демек, ту бастағы мәдениеті тәңірлік ұғымдар аясында қалыптасқан. Ал, мәдениет – халықтарды біріктіруші ең басты фактор. Ортақ мәдениет ортақ құндылықтарға жетелейді.
Бұдан кейін бұл мемлекеттердің басын қосатын тағы бірі ірі фактор – дәстүрлі Ислам дінін ұстануы. Ал, үшінші алғышарт – бұл мемлекеттердің қай-қайсысы да Кеңес империясының құрамында болды. Жалпыға ортақ кеңестік идеологиямен тәрбиеленді. Бұның бәрі Орталық Азия мемлекеттерінің бір одаққа бас қосуына негіз бола аларлық алғышарттар екені рас. Бірақ, дәл осы Кеңес империясының қол астында болғаны, Орталық Азия мемлекеттерінің бір одаққа бірігуінің басты кедергісі сияқты. Өйткені, бірнеше ғасырлық бодандық қамыты бұл елдерді империялық үрей құшағында қалдырғаны рас. Оның үстіне Кеңестер Одағы Батыс елдерінің Еуропалық одағы сияқты тіліне, діліне, мәдениеті мен менталитетіне кесірін тигізбей тек экономикалық, саяси тұрғыдан интеграциялық процеске бармай, тікелей империялық саясат жүргізгені салдарынан қай-қайсының да алдында «осы мыңжылдықта ұлттық бет-бейнемізді сақтай аламыз ба?» деген мәселенің тұрғаны айқын. КСРО-ның аяқ асты құлауы олардың бұл мәселесін өзінен-өзі шешіп бергендей. Сөйтіп, бұғалықтан енді босаған халықтар алдына тағы бір жаңа одақ идеясын қою тым үрейлі сияқты сезілері айқын. Оның үстіне КСРО құлағаннан кейін жасақталған ТМД құрылымы да берері аз, өлі құрылымға айналды. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы деген айдар тағылғанымен бұл мемлекеттерге Ресейдің саяси әрі экономикалық қысымы әлі де үстемдік етеді. Бірін газымен, екіншісін басқа да энергетикалық ресурстарымен қорқытып отырған Ресей посткеңестік кеңістіктегі ықпалы арқылы бұл елдердегі орыс тілі мен орыс мәдениетінің сақталуын тым-тым қадағалап кетті. Өзбекстан бір кездері ТМД-дан бойын аулақ салып ГУУАМ-ға қосылып еді, Америкадан жаны түршіккенде Ресейдің қолтығының астына қайта барып тығылды. Сөйтіп, ол 25-қаңтарда ЕурАзЭҚ құрылымына қайта мүше болды. Ал, Түркімения ешқандай одаққа мүше болмайтындығын мәлімдеп, былтырғы ТМД мемлекеттерінің Қазанда өткен саммитінде оның құрамынан шығатындығын жария етті. Демек, аталған екі мемлекет те Орталық Азия мемлекеттері одағына енуге тым құлықты емес. Сол себептен де олар бұл жолғы Қазақстандағы ең ірі саяси партия өткізген форумға келмей қалды. Яғни, басты алғышарттары қалыптасқан бұл мемлекеттер алдында тұрған ең үлкен кедергі – кеңестік иллюзия немесе империялық үрей. Бұл мемлекеттердің қай-қайсысы да қандай да бір одақты тең дәрежедегі мемлекеттер одағы емес, үлкеннің кішіге көрсетер қысымы ретінде қабылдайды. ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЛА-ҚҰЛАЛЫҚ ЖӘНЕ ЛИДЕРЛIК ПИҒЫЛӨзбекстан ТМД мемлекеттері ұжымдық қауіпсіздік келісім-шартынан бас тартқаннан кейін «Орталық Азия мемлекеттерінің өзара іс-қимылы» атты құрылым дүниеге келген болатын. Бұл құрылымның алға қойған мақсаттары аталған елдер арасында жылда дау-жанжал шығарып жататын су, энергетика және экология мәселелерін бір жолға қою болған еді. Өкінішке қарай, бұл мақсаттардың бірде-біреуі әлі күнге дейін жүзеге асқан жоқ. Ендеше Орта Азия мемлекеттерінің бұған дейінгі одақ құру талпыныстары нәтижесіз аяқталып отыр. Оның үстіне Өзбекстанның ЕурАзЭҚ-қа мүше болуы бұл мемлекеттердің аталған құрылымының іске аспайтындығынан хабар берсе керек.
Бұл жердегі басты фактор тағы да экономикалық ала-құлалықтан туындап отыр. Егер, бес мемлекеттің экономикалық даму деңгейі бір қалыпта, тұрғындарының әл-ауқаты бірдей болған жағдайда кедей мемлекеттердің одағы ретінде бұл құрылым сақталып қалуы да ғажап емес еді. Алайда, Қазақстанның экономикасының қарыштап дамуы, өз көршілерінен анағұрлым ілгері кетуі – мұндай одақтың өмір сүруіне кесірін тигізді. Бес мемлекеттің ішінде халқының саны жағынан ең ірісі Өзбекстан болса, территориялық ауқымы мен экономикалық мүмкіндіктері жағынан Қазақстан бәрінен оқ бойы озық тұр. Ал, Тәжікстан мен Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттері кедейлік қамытын бұзып шыға алмады. Түркімения табиғи ресурстарды пайдалану арқылы коммунальдық шығындар мен мұнай өнімдерін өз халқына арзан сатып нарықтық дағдарыстан шығып келеді. Бұның барлығы Орта Азия мемлекеттерінің интеграциялық қандай да бір одақ құруына кедергі. Тағы бір кедергі – лидерлік пиғыл. Сарапшылар Орта Азия мемлекеттері одағы құрыла қалған жағдайда Өзбекстан лидерлік жасауы мүмкін дегенді айтады. Алайда, өзінің ішкі проблемаларын шеше алмай отырған Өзбекстан 5 мемлекеттің одағына төрағалық ете алмайтын болды. Ендеше ендігі төрағалық, әрине, экономикалық жағдайы әлдеқайда ілгері кеткен Қазақстанның қолына тиюі керек. Оның үстіне идеяны бірінші бастаған да Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қой. Алайда, Түркімения мен Өзбекстан Қазақстанды лидер ретінде мойындамайтындықтарын білдіріп отыр. Демек, Орта Азия мемлекеттері одағының құрылуына тағы бір кедергі лидерлік пиғыл. Яғни, Орта Азия мемлекеттері одағы жайлы бүгін әңгіме айту әлі ерте сияқты. Алғышарттар бар, бірақ, кедергілер де аз емес. Жоғарыда аталған форумға келген қонақтардың бәрі өз пікірлерін ортаға салғанымен, Орта Азия мемлекеттері одағы бүгін-ертең құрыла қоюы екіталай екендігін танытты. Бұған жоғарыда айтылған кедергілер кесірін тигізетіндігі айқын аңғарылды. Демек, бұл жиында алға қойған мақсат орындалмай қалған сынды.Есенгүл Кәпқызы