РЕСЕЙДЕ ТАМЫР ЖАЙҒАН “ҰРПАҚ”
РЕСЕЙДЕ ТАМЫР ЖАЙҒАН “ҰРПАҚ”
Өткен жылдың ақпан айында Петропавл қаласында «Ұрпақ» қазақ мәдени-ағарту орталығы ашылғанда ұлт мәдениеті жанашырларының құлшынысына сүйсінгендер де, осы істің жемісті боларына күмәнданғандар да аз болмаған. Iрге көтергеніне жыл да тола қоймаған бұл қоғамдық бірлестік бүгін Солтүстік Қазақстан өңірінде ғана емес, көршілес Ресей аймақтарындағы қандастарымызды да ұлт мүддесі, ата дәстүрі аясында ұйытып отырған берекелі шаңыраққа айналып үлгерді. Бұл орталыққа жергілікті өлкетанушылар, тарихшылар, мәдениеттанушылармен қатар Ресейдің Қорған, Омбы, Түмен облыстарындағы қазақ қауымдастықтарының жетекшілері, іссапармен Қызылжар өңіріне ат басын тіреген азаматтар жиі келеді.
– Алғашқы кезеңде ұлт мәдениеті, тарихы, жастар арасындағы ұлттық тәрбие сияқты сан қырлы ауқымды істердің жауапкершілік жүгін көтере алатынымызға өзіміз де аса сене алмаған сәттеріміз болған еді, ал бүгін «Ұрпақ» өз тамырын іргелес Омбыдан бастап, сонау Самара, Алтайға дейінгі Ресей өлкелеріне дейін кең жайып отыр, – дейді орталық жетекшісі Сағындық Досмақұлы Салмұрзин. – Өлкетанушылардың дерегіне қарағанда Ямал-Ненец, Ханты-Манси автономиялық өлкелерінде де қазақтар бар екен. Тарихшылар мұны сонау Ермак шапқыншылығы кезеңімен байланыстырып отыр. Осы деректерді нақтылау және сол өңір халықтарымен этномәдени байланыстар орнату мақсатымен таяуда Омбы–Тобыл бағытында ғылыми экспедиция ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл іске Алматы, Астанадағы ғылыми орталықтардың этнолог мамандары, жергілікті тарихшылар қатысады деп үміттенеміз.
Сағындық Досмақұлының Сібір өңірлері мен Солтүстік Қазақстан арасындағы тарихи тамырластық жайындағы тұжырымдары негізсіз емес. Осыдан бірер жыл бұрын Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Виктор Зайберт Шал ақын ауданындағы археологиялық қазба жұмыстарының деректеріне сүйене отырып, Орал-Ертіс далалық аймақтары мен Батыс Сібірдің Солтүстік Қазақстанмен шектесетін өңірлерінде көне энеолит дәуірінде жылқыны алғаш рет шаруашылық және әскери мақсатта қолдану, дүниежүзі тарихына елеулі ықпал еткенін дәлелдеген еді. Алайда, өз елімізде шет елдерде жарық көріп ғалымдар қауымын дұр сілкіндірген осы еңбекке үн қосқан зерттеушілер табылмады. «Ұрпақтың» Батыс Сібір аймақтарына жоспарлап отырған сапары осы тұрғыдан алғанда аса құптарлық талпыныс.
«Ұрпақтың» алға қойып отырған игі мақсаттарының бірі – ресейлік қазақ бауырларымыздың ұлттық болмысын қалыптастырып, ата салтын жаңғыртуға деген құлшынысына барынша қолдау көрсету. Осы қоғамдық бірлестік шетелдік қазақтармен байланысты дамытуда төрешіл менмендік пен икемсіздік жайлаған ресми билік мекемелеріне қарағанда анағұрлым жемісті істер атқаруда. Жақында «Ұрпақ» орталығында болғанымда Түмен облысындағы «Этнос» ұлттық мәдени ұйымының жетекшісі, қазақ тілінің мұғалімі Гүлбайра Қалиева қарындасымызбен кездескен едім. Оқулықтар, қазақ әдебиеті мен өнері жөніндегі қүнды дүниелерді іздеп, шалғай жерден қақаған қыста арнайы келген қарындасымыздың талап-жігеріне еріксіз сүйсіндім.
– Түмен облысында қазақ жастарының ұлттық мәдениетке деген құлшынысы жыл өткен сайын артып отыр, – дейді Гүлбайра Абайқызы, – Бір қуанарлығы, бұл істе аға буын азаматтармен салыстырғанда жастар аса белсенді. Олардың «Бірлік» атты өз мәдени орталығы бар. Алайда отыз мыңдай қазақ мекендеген Түмен облысында бір де бір қазақ мектебі, газеті немесе радио, теледидар хабары жоқ. Осыдан үш жыл бұрын өз күшімізбен «Бірлік» атты газет шығарып тұрған едік, қаражат қиыншылығынан осы шағын ғана басылымнан да айырылып қалдық. Солтүстік Қазақстан облыстық білім департаментіне, мәдениет бөліміне алғашқы кездері зор үміт артып едік, олардың жылы қабағын көре алмаған соң ондай орындарға мұңымызды шағудан қалдық. Әзірге бізге шын ықыласпен көмек қолын созып отырған осы «Ұрпақ», жекелеген Қызылжар өңірінің азаматтары.
Әділін айту керек, облыс әкімі Тайыр Мансұровтың демеушілігімен өткен жазда Ресей облыстарындағы қазақ отбасыларынан жиырма бес бала жер жаннаты Бурабайдағы «Арман» балалар лагерінде дем алып қайтқан еді. Алайда Гүлбайра Абайқызы осы қуанарлық істің басында жүргендердің селқостығына ренжиді:
– Балаларды «Арман» лагеріне әкелгендегі негізгі мақсат ана тілін үйренсін деген ниет еді. Бізді таң қалдырғаны, лагерде кіммен сөйлессең де орысша сөйлейді. Тура орыс тілін білетінін әлемдік жетістік санайтындай. Балаларға күніне екі рет қана қазақ тілі сабағы беріледі. Көңілім құлазып қайттым.
Қарындасымыз баяндаған жағдайды ұлттық тіліміздің қазіргі халіндегі көп көзбояушылықтың бірі ғана деп қарау керек шығар. Осы дерт тіл саласын ғана емес, жалпы ұлт мәдениеті, халық дәстүрін жас ұрпаққа насихаттау ісіне де тереңдеп кірді. Жергілікті газеттерде қасиетті Наурыз мерекесін арақпен қарсы алу дәстүрі халқымызда болмағанын жергілікті орыс газеттерінде екі-үш рет жазып едім. Оны елеп жатқан жоғарыдағы мықтылар жоқ. Наурыз мерекесіне арнайы құрылған қай киіз үйге барсаңыз да ішке төрелерді ғана кіргізіп, қалың жұртты есік алдына иіріп қоятын төлеңгіттерді көресіз. Мерекеге келгендердің ауызы атың өшкір арақтан құрғамайды. Ащы да болса бүгінгі Наурыз шындығы осы. Керіліп барып, езіліп қайтасың. Осы себептен де Гүлбайра Абайқызы түмендік қазақ балаларын Қызылжарға әкеліп, нағыз Наурыз халық дәстүріне сай қалай өтетінін көрсетсем екен деген ойын айтқанда, біз не айтарымызды білмей сасып қалдық. Ақыры бұл мақсатта балаларды мас тобыр жайлаған көшеге шығармай, қазақ мектептерінің бірінде арнайы Наурыз тойын ұйымдастырған дұрыс деген шешімге келдік. Қасиетті мерекемізді шетелдік бауырларымызға көрсетуге ұялатын халге жеткен соң не шара!
Осындай кедергілерге қарамай, «Ұрпақ» ресейлік қазақтармен байланысын нығайтып келеді. Сағындық Досмақұлының өткен жылғы желтоқсан айында Самара қаласында өткен ресейлік ұлттық мәдени орталықтарының өкілдері құрылтайына қатысуы да жемісті болды. Осы құрылтайда ұлттық орталықтардың үйлестіру кеңесін құру жайы сөз болған еді. Сол желтоқсан айының басында Самара қазақтарының «Ақжол» атты ұлттық-мәдени автономиясы құрылып, оның жетекшісі ретінде беделді азамат, ұлт жанашыры Тоқтарбай Қадырғалиұлы Дүйсенбаев сайланған еді. Қазір «Ұрпақ» пен «Ақжол» арасындағы байланыс жалғасын тауып отыр. «Ұрпақтың» игі ісіне қызылжарлық кәсіпкер Сағынтай Атымтайұлы, ұстаз, халық қолөнерінің шебері Тілек Тұқпа, қалалық қазақ классикалық гимназиясының директоры Жанкелді Тәжин, мұғалімдер білімін жетілдіру институтының директоры Сабыр Әбілкәрімов сияқты азаматтар көмек беруде. Сағындық Досмақұлы алдағы уақытта «Ұрпақтың» жанынан жастар ұйымын, аймақтық халықтар Ассамблеясы қанатының астындағы түркі тілдес халықтар бірлестігін мақсат етіп отыр. «Ұрпақтың» ізгілікке бастайтын ауқымды істері көңілге ұлт болашағына деген сенім отын ұялатады.
Марат ЕРМҰҚАНОВ