КАЗИНО — ҚОҒАМ ТРАГЕДИЯСЫ
КАЗИНО — ҚОҒАМ ТРАГЕДИЯСЫ
Aдамды аздыратын құмар ойындардың тарихына үңілетін болсақ, оның ерте заманда басталғанына куә боламыз. Бейнетсіз оңай олжаға кенелгісі келгендер адамның осал тұстарын іздеу арқылы түрлі құмар ойындарын ойлап тапқан. Ендеше, бұл індет – жерден шыққан жаңа жік емес, қоғамдағы нәпсіқұмарлықты қоздыру арқылы бағзы заманнан бері әбжыландай сумаңдап талай жанға тажалдай көрініп, өлмей келе жатқан пәлекет.
Бұл әуел баста пұтқа табынушы қауымдар арасында басталған. Олар бір-бірлерінің тағдырларын жауырын сүйектер мен қамыстар арқылы көріпкелдік жасап, бұның ақыры кейде тартысқа, тіпті соғысқа айналып отырған. Біз бұларды Египетте сақталған мумияланған адамдардың табыттарындағы суреттерден байқаймыз. Сондай-ақ, Тибеттегі ескіден сақталған храмдардың шатырларындағы жазу мен суреттер де осының айғағы. Гректің Зевс және Афродита жайлы көне мифтерінде де сүйек тастау арқылы қаһарманының тағдырын анықтағандығы айтылады. Және де Гомердің “Илиадасында” жеңімпаздың алдын ала лотереялық билеттер ойнағандығы жазылады. Осылайша бірте-бірте халыққа құмар ойындары сіңісті бола бастады. Ең үлкен үйлер мен базар маңдарында ойын сарайлары құрылады. Сол кезгі халықтың әуестігі сонша, тіпті кейде өздеріне тиесілі құлдарды да бәске тігіп ойнаған.
Ал алғашқы казино ойынын («үйшік» – итальян тілінде) біздің эрамыздан бұрын 557 жылы Рим империясының Люций атты патшасы егін құдайы – Констың құрметіне ашады. Олар сүйек тастап ойнайды. Рим азаматтары ақшаларын ғана тігіп қоймай, үйлері мен мал-мүлкін, тіпті өз әйелдері мен бала шағасын да тігіп жіберген. Қазіргі түрге ұқсас казинолар алғаш рет 1765 жылы Парижде ашылады. Рулетка ойыны да осы жерде алғаш ойналады. Кейбір деректерде осы ойынды тапқан француз ойшылы – Паскаль. Оның тапқырлық пен білімге негіздеп тапқан бұл жаңалығын достары құмар ойынға айналдырады. Кейбір аңыз бойынша, париждік Франсуа Блан осы рулетканың сыры үшін өз жанын шайтанға сатқандығы айтылады. Бірақ бұл көп ұзамай француздардың төңкерілісінен кейін жабылады. Наполеон қайта ашса да 1739 жылы қайта жабылады. Бұл тұста аталмыш ойын түрлері жер бетіне тарап кетеді («Интерфакс–ЗАПАД», 14.01.06).
Біздің елде казино–құмар ойындары тәуелсіздікке қол жеткізіп, есімізді жинай бастаған соң ашыла бастады. Оның әсері Түркиядағы казинолар түгелдей жабылғанда сезілді. Ондағы жабылған казино ойынын басқарушылары осында келіп, елге жаңаша өнерлерін көрсетіп, “көпшілікті” тәнті етті. Сөйтіп, кешегі Кеңес үкіметі рұқсат бермеген ойынға егеменді ел болғанда рұқсат етілді. Алайда, қандай да бір ел төрелері еліне пайдалы істерге ғана рұқсат бермей ме? Мұның мәнісі неде? Кейбіреулер осының астарын казино ойындары көп ақша табатындығын, сол арқылы мемлекетке көп салық төленетіндігін айтады. Астары осы болса, онда бұл дұрыс шешім бе? Мемлекетке көп пайда келу жолында қоғамның бүгіні мен ертеңін есепке алмағаны ма? Ақша төлейді екен деп, алпауыт елдердің зиянды қалдықтарын да біздің елге көмуге рұқсат беруіміз қажет пе? Өзіндік құндылықтарын ақшамен ғана өлшеген қоғам – қай жетіскен қоғам? Барлық нәрсенің дүниемен өлшенбейтіндігі анық. Өсіп-өніп, гүлденемін деген ел қоғам пайдасымен қатар, сол елдің әрбір жеке тұлғасының да жағдайын ойлауы тиіс. Мысалы, осы құмар ойындарының ел үшін пайдасы мен зияны қандай, соны саралап көрейікші? Бұлардан түскен салық төлемі мол дейік. (Ол казинолар салық төлеп-төлемейтіндігі өз алдына бөлек мәселе). Ал оның зияны қандай? Iлуде бір болмаса құмаршылар жаппай содан зиян егеді. Бар тапқанын бала-шағасынан жырып, соған апарып қияды. Былайша айтқанда, нашақорлықтан асып түспесе кем түспейді.
Құмар ойынның айықпас дертіне шалдыққан бір таксист өзінің аянышты жағдайын былай деп баяндауда: “Күн сайын таңның атысынан кештің батысына дейін қаланы шарлап, жолаушы тасимын. Қолға ақша тигенін қайтейін, кешкісін еріксіз өзіме берген сертімді тағы да бұзып, аш отырған бала-шағама беретін нәпақаны автомат ойындарына салып, ұтылып, үйге бос қайтамын. Әрине, мен өзімнің не істегенімді жақсы білемін. Бірақ өзімді тоқтата алмаймын”. Өкінішті-ақ!
Сондай-ақ, жылдар бойы жинаған дүниесі мен салған үйін бір ойында казино-тажалға жұтқызып, жүрек талмасына ұшырағандар, әйелімен ажырасып, қаңғыбас болып өмірден адасқандар қаншама?! Байығандар – сол казиноны құрған иелері ғана. Қаншама отбасының нәпақасын жеп, ошағын ойрандап, шаңырақтарын шайқалтуда. Бір сөзбен айтқанда, “Мәдениетті тажалдар”. Және сол казино залдарында ішімдіктің түр-түрі тізіліп, тегін беріледі. Ал ішкен адам әлбетте барын шашады. Әсіресе, ол қазақ болса! Садақаны әрең беретін кейбір қалталы қазақ бір түнгі ойында өз құмарлығы үшін мың доллар яки, одан көп шашады. Ендеше, пайдасы мен зиянын салыстыра беріңіз. Иә, кейбір қырағылар “бұл бізге шаш-етектен пайда әкелер табыс көзі” дейді. Кеңес үкіметі кезінде арақтан ең көп пайда түскенмен, кейіннен бұл індет асқынғанда ажырасулар, тастанды балалар, қарттар үйі, түрме, қылмыс жасау т.б, індеттермен қоғам бұзылғанда сол пайданың едәуір бөлігі айықтыру, емдеу, сауықтыру, ішімдікке салынудан арылту орындарын ашуға жұмсалғаны белгілі. Әкелер зардабы одан да көп нашақорлықты сонда пайдасына бола, бір күні оны да ресми тіркеп алуымыз керек пе? Ақшасы тасыған байларды Үкімет неге басқадай игілікті шараларға жұмылдырмасқа?!
Біз, қазақ елі, жүздеген ұлттарға құшағымызды ашып, төрімізден орын берген кеңпейіл, мұсылман, момын елміз. Бар кінәні жаһандануға артып қойып, қайда кетіп барамыз? Еуропаға еліктейміз деп жүріп, олар ертең жарға құласа, біз де барып құламақпыз ба? lндеттің түр-түрі бар. Мысалы, жемқорлық– өз алдына індет. Маскүнемдік одан да жоғары. Нашақорлық–жазылмас дерттің бірі. Бірақ бұлардың бәрінен де үлкен індет бар. Ол – құмар ойындар. Казино, автомат ойындары – қоғамның өзегіне түскен қара құрт. Тез тарайтын, жұққыш вирус. Бүгін алдын алмаса, ертең кеш қалады.
Адамзатты махаббатымен жаратқан күллі ғаламның Ұлы Жаратушысы қасиетті кітабында бұл жайлы не дейді бір сәт қарап көрейікші: “Ей, мұсылмандар! Арақ, құмар ойындар, пұттар және бал ашатын оқтар лас нәрсе және бұл шайттанның іс-әрекеттері. Одан сақтаныңдар! Сонда ғана құтыласыңдар. Задында, шайтан арақ пен құмар ойындары арқылы араларыңа дұшпандық, кек пен өшпенділік салып, Құдай Тағаланы еске алуға және намаз оқуға тосқауыл болуды қалайды. Ал енді ( осының бәрін біле тұра) тыйылмайсыңдар ма?” дейді ( Майда, 90–91).
1. Аятқа зер салып қарасаңыздар, құмар ойындарды арақпен тең санаған. Ендеше маскүнемдік қандай болса, лудомания науқасына шалдыққандар да нақ сондай.
2. Бұл ойынды пұтқа табынушылықпен қатар қойған. Әу баста айтылғандай, құмар ойындар тура жолдан адасқан қоғамдарда пайда болған.
3. Әрі осыларға аятта “лас нәрсе” деп үкім берілген. Лас нәрсе қашанада жұқпалы келеді. Ендеше, аятта құмар ойынның “жұқпалы вирус” екендігін меңзеп тұр.
4. Әрі “шайтанның іс-әрекеттерінен” деп айтылуда. Шайтан – кәдімгі әзәзіл ғой. Әлбетте, ол ел ішіне ылаң салушы.
5. “Одан сақтаныңдар”. Жұқпалы дерттен қай есі адам сақтанбайды?
Келесі аятта да құмар ойындардың ақыры қоғамға үлкен пәлекет әкелетіндігін ескертіп, “Ал енді (осының бәрін біле тұра) тыйылмайсыңдар ма?” дейді. Яғни казино мен автомат ойындары талай жанды аздырып, шаңырағын шайқалтып жатқанын біле тұра неге тыйым салмайсыңдар дейді аятта.
Құран мен хадисте “Бір қоғам өздерін өзгертпейінше, Аллаһ Тағала оларды өзгертпейді” дейді. Сондықтан қоғамның жақсы мен жаман болуы халыққа тікелей қатысты нәрсе. Ұлы Жаратушы пенденің пейіліне қарай береді. Қоғам жамандықты қаласа жаман, жақсылықты қаласа жақсылық беріледі. Мысалы, “Цунами апаты” болған елдерге көз салсақ, басы жамандықты біртіндеп шақырумен басталған. Тайландта мұсылмандар бола тұра, олар жаманшылыққа ешқандай тосқауыл болмады. Теңізге нәпсіқұмарлығы үшін келген туристерге бар мүмкіндікті жасады. Әуелі зинақорлық, құмарлық ойындар болса, ақыры жатырдағы нәрестені жеуге дейін барды. Барлық жамандық атаулы туристер үшін мәдениет көркі саналады. Осылайша сол жерде тұрып, шайтандық іс-әрекеттері арқылы ең үлкен пәлекетті аңсап шақырды. Ақыры теңіз буырқанып жалмап бір-ақ жұтты. Кеше ғана жағалауға жайғасқан “мәдениет” бүгін тып-типыл болды. Осыған ұқсас оқиғалар басқа елдерде де болды. Дүниеде ешқандай кездейсоқтық жоқ. Кездейсоқтық мүмкін болғанда баяғыда Жер шары жұлдыздармен соқтығысар еді. Сондықтан жер сілкінісі де өздігінен болмайды. Стамбұлдағы зілзала да кездейсоқтық емес. Ендеше, қоғамның бақытты күй кешуі өздеріне тікелей қатысты. Ұлы Жаратушы кітабында: “Сен олардың арасында тұрғанда, оларға азап бермейді. Әрі олар (мұсылмандар) жарылқау тілеп тұрғанда да Аллаһ Тағала оларға азап, пәлекет төндірмейді” дейді (Әнфал, 33). Олай болса, бір қоғамда Ұлы Жаратушыға қолын жайып, халқы мен өзі үшін кешірім тілеп, басын сәждеге қойған адамдар болса, құмар ойындар ойнау арқылы пәлекет тілеп тұрған елге сол ізгі жандардың дұғасы, үшін азап төндіріп, жерін шайқамайды.
Алматы қаласы осыған ұқсайды. Жалпы республика бойынша 141 казино болса, соның 37-сі бір ғана Алматы қаласында орналасқан. Автомат ойындарын санай қалсаңыз, есебіңізден жаңыласыз. Мешіттердің санына келсек, отызға жетпейді. Бірақ, Құдайға шүкір, сәждеге жығылып, құбылаға бетін бұрған жандар көбейіп келеді. Бір жағынан лудомандар да жеткілікті. Күндердің бір күні казинолар бұдан бетер көбейіп Алматы “Лас-Вегасқа” айналып, Хаққа қолын жайғандар шарасыз қалса, екінші “Цунами апатын” күте беруіңізге де болады. Үкімет басшысы Даниал Ахметовтің елдегі казиноларды жеке бір лашыққа топтастыру бастамасы да бұл лудомания қасіретінен толықтай айығуға қауқарсыздық танытары сөзсіз. Нашақорлықтан асып түспесе, кем соқпайтын бұл лудомания індетін түбегейлі жою ғана қажет. Оның бір шарасы – казиноларды түгелдей жабу болса, екінші шарасы – лудомания кеселіне шалдыққандарды емдеу шараларын заң жүзінде қарастыру қажет. Жаратушы Жаппар Ие мұсылман елдің күпірлік қылғанын қаламайды. Тез тәубесіне келтіруі әбден мүмкін. Лас-Вегасқа келсек, ол жазасын ақыретте тартады. Ендеше, қазақ елінің болашағы жарқын, ұрпағы қасірет көрмесін деп тілеген елдің әрбір саналы азаматы кешікпей тұрып ойлануға тиіс. Аллаһ Тағала Қазақстанға несібесін молынан төгіп берді. Егемендік, тәуелсіздік, жер асты, жер үсті байлықтары, бәрі де – Хақ Тағаланың берген несібесі. Қазақстан бүгінгі таңда жер бетінің алдыңғы қатарлы алпауыт елдерімен терезесі тең әріптестікке қадам басуда. Құдай Тағала “Берген несібеме шүкірлік қылсаңдар, одан да көп беремін” дейді. Ендеше, басшысының өзі басын сәждеге қойып, халқына бата берген бұл ел осы беріктігін сақтаса, әлі талай қиялдай алмаған берекеттерге қолы жетеді. Өзіне адалдығы мен тұрақтылығын танытқан қоғамды Хақ Тағала кенде қылмайды. Алайда аталмыш аяттың жалғасында “Ал, несібемді шашып, күпірлік қылсаңдар, азабым ауыр” деп ескертеді. Ендеше, Құдайдың берген байлығын жүз мыңдап казиноға шашу күпірлік емей немене? Егер оның азабы мен пәлекеті төне қалса, тек жаманшылық жасағандарды ғана алып кетпейді. Сол қоғамның жақсысы да, жаманы да бірге кетеді. Сондықтан “Әнфәл” сүресінде “Осындай пәлекеттен (келмей тұрып) сақтандырар” дейді. Олай болса, күн батып, тас қараймай тұрып қарманайық, ағайын!
Мұхитдин Исаұлы