КӨГІЛДІР ОТЫН ЖӘНЕ КҮМӘНДІ КЕЛІСІМДЕР

КӨГІЛДІР ОТЫН ЖӘНЕ КҮМӘНДІ КЕЛІСІМДЕР

КӨГІЛДІР ОТЫН ЖӘНЕ КҮМӘНДІ КЕЛІСІМДЕР
ашық дереккөзі

Ұзақ мерзімді келісімдерді қайта қарау жөн

2006 – Ит жылы табалдырықтан аттасымен-ақ ТМД аумағында бұрындары ұзақ мерзімге жасалған келісімдердің көбісі қайтадан ревизиялауға ұшырап, елдер арасындағы осыған дейін қол жеткізілген мәмілелердің жүзеге асырылуы итырғылжыңға түсе бастағаны байқалуда. Өкінішке қарай, көптеген мемлекеттер арасындағы осыған дейін мызғымастай көрінген оңтайлы экономикалық байланыстардың да арқауы шіріген шылбырдай оп-оңай үзілуде. Бұл келеңсіз жағдайға басты себепші Ресей болып отыр! Яки олар “Әркімнің өз жейдесі өзіне жақын” дейтін тұжырымды ту етіп, тізгіні біртіндеп уысынан сусып, ықпалынан шығып бара жатқан бірсыпыра Тәуелсіз мемлекеттерге “Жыланды үш кессе де, кесірткелік әлі бар” дегенді баса ұқтырып қоймақшы. Аталмыш жайттарға басқа тұрғыдан қарасақ, Ресей ешбір елге сенімді әріптес, тұрақты досжар мемлекет болып қала алмайтынын кезекті рет аңғартты. Әлемдік қауымдастық осыған дейін ядролық қаруға ие державаның өкіметі біртіндеп авторитарлық жолға бет бұрғанына алаңдаушылық білдіріп қана келсе, осы жылдан бастап Ресейде халықаралық уағдаластықтар мен келісімдердің аяққа таптала бастағанына еріксіз куә болуға мәжбүр. Және соңғы уақыттағы оқиғалардың өрістеу бағыты бұл қауіп пен мазасыздықтың орынды екендігін де дәлелдей түсетін сияқты. Бір ғажабы, орыс билеушілері мен монархтарының кез-келген келіссөздерді құрғақ гәп, шексіз мылжыңдасу, бос кермалдасуға айналдыруға құмар екендіктерін сонау ХVII–ХVIII ғасырлардағы елшілер мен жиһанкездер, әсіресе, француз ақсүйегі де Кюстин баса айтып кеткен. “Бүкірді көр ғана түзейді”, осындай жаман әдет ХХI ғасырда да бой көрсетіп, Ресей өзгелерге бергендерін алтыннан әрмен бұлдауға бет бұрып отыр. Осыған байланысты бұдан бұрын да халықаралық аренада жарымжан құрылым ретінде бағаланып келген ТМД-ның жаназасы шығарылған сияқты. Желдің қалай соғатынын қалт жібермей бақылап отырған Түркіменстан өткен жылы өзінің ТМД құрамынан шығатынын мәлімдеуі де осының айғағы. Мүмкін ТМД-ның агониясы әлі де біраз жылдарға созылуы ықтимал, бірақ, бәрібір сең қозғалғаны даусыз. Ресей өзінің ең басты соққысын Украинаға бағыттап, осы елді ережесіз “белдесуге” мәжбүрлеуде. Ресей “Газпромы” күз айларында Украинадан мың текше метр газ үшін 160 доллар төлеуді талап етсе, желтоқсан айында 2006 жылдың 1 қаңтарынан бастап 230 доллар төлеуді талап еткен-ді. Ресми Киев бұған дейін Еуропаға шығарылатын газ тасымалы үшін әрбір жүз километрге 1 доллар 10 цент алып, есесіне, әрбір мың текше метр көгілдір отын үшін небары 50 доллар төлеп келгені мәлім. Өткен жылы Түркіменстанның батыс бағытқа жөнелтілетін газын 50 доллардан сатып алуға ұзақ жылдарға келісім шарт жасасқан Кремль билеушілері көп ұзамай-ақ өздері осыған дейін посткеңестік мемлекеттер арасындағы мәңгілік достық, стратегиялық әріптестік, бұрынғы КСРО аумағындағы елдердің тарихи тағдырластығы жөніндегі жиі қайталайтын сөздері мен пікірлерінің баршасы құрғақ демагогия ғана екендігін тағы да дәлелдеді. Орталық Азиядағы стратегиялық әріптесі болып табылатын Қазақстан газын да небары осындай бағамен сатып алуға қол жеткізген Ресей екі жеп биге шығудың барлық қитұрқыларын жасап әуре. Ол ол ма, Орталық Азия газ тасымалының барша қуаттарын уысына жинақтап алған Ресей осы аймақтан Еуропаға шығарылатын көгілдір отынның үстінен кертіп жеп, қалқып ішпекші. Шығыс Еуропа елдері, тіпті, Грузия мен Украина Орталық Азиядан тікелей газ сатып алған күнде де, олар осынау өмірлік маңызды энергетикалық шикізатты Ресейді айналып жеткізе алмас еді. Географиялық жағдайын саяси қысымның құралына айналдырған Ресей өткен жылдың күзінен бастап Балтық жағалауы елдеріне, Польша мен Грузия, тіпті, одақтасы болып табылатын Арменияға да 110 доллардан сата бастады. Алып елдің осынау өрескел қадамдарына Батыс елдері әдейі мүмкіндік беріп те отырған сыңайлы. Әу баста өздері барша мүмкін болған жолдарды пайдаланып әрең енген Үлкен сегіздіктің төрағалығы міндетін биылғы қаңтардан бастап Ресей атқарып отыр, яғни, халықаралық аса беделді, бай елдердің алдында бір жыл бойы Ресейдің айтқаны болып тұрмақшы. Осынау өрескел, бүкпесі көп қитұрқы саясаттан ең әуелі Украина мен Қазақстанның жоғалтары көп болары айқын. Ресми Киев көгілдір отынды өндіріс орындары үшін 230 доллардан сатып алса, ал қатардағы тұтынушылар үшін 95 доллардан еріксіз сатып алуға көшті. Ал Бүкіл дүние жүзілік банктің жорамалынша, сырттан сатып алынар энерготасымалдаушы шикізаттар Украинаның ішкі жалпы өнімдерінің 16 пайызын құрайды, яғни газдың қымбат бағасы 2006 жылы бұл елдегі lЖӨ–нің 8 пайызға, ал 2007 жылы 6 пайызға құлдырауына әкеліп соқпақшы. Ең бастысы, осы елдің өнеркәсібі, әсіресе, химия және металлургия салалары біржола күйреуге ұшырамақ. Оның үстіне, Украина премьер-министрі Юрий Ехануров Ресей тарапынан газ блокадасы жалғаса берген жағдайда елдің өз ішінде өндірілетін көгілдір отынның басым бөлігі қатардағы тұтынушылардың қажеттерін ғана өтеуге жұмсалатыны жөнінде мәлімдегені де әлі ұмытыла қойған жоқ. Тіпті, таяуда президент В.Ющенко отандастарын көгілдір отынды үнемдеуге шақырып, өзінің балалық шағында адамдар үйлердің іргелерін сабанмен және картофель пәлектерімен көметінін еске алды. Әрине, екі жыл бұрын Украинадағы президент сайлауы тұсында Виктор Януковичтің бағдарламасын түзіп, оның билікке келуіне бар мүмкіндігін сарп еткен Кремльдің ТМД аумағындағы саяси ойыншысы Глеб Павловский мырза мұны еліміздегі “Рахат” телеарнасынан мейлінше әжуалап бақса да, тіпті, өз ішіміздегі әлі күнге Мәскеу билеушілері түшкірсе “жәрекімалла” дейтін бірқатар орыстілді БАҚ-тардың өкілдері мазақтамаға айналдырғанмен, бұнда күлетіндей түк жоқ. Энерготасымалдаушы шикізаттарды үнемдеудің барша амалын қарастыру кез-келген өркениетті, қуатты елдердегі де қалыпты жағдай, экономикалық басты талап. Әділ сайлауда оңбай сүрінген В.Януковичті мейлінше қолдап, “қызғылтсары” революция күндерінде масқараға ұшыраған Мәскеу өздерінің барша қитұрқы, қоқан-лоққыларына қарамастан, шын Тәуелсіздік жолын таңдаған украин халқынан кек алудың амалын іздеп, арандатып бағуда екендігіне назар аударған ләзім. Тіпті, ресейлік кәсіпкерлер мен олигархтар өз кезінде азын-аулақ ақшаға жекешелендіріп алып, күреп пайда тапқан, ал мемлекет, ұлт мүддесі үшін алған беттен қайтпайтын В.Ющенко мен жақтастары билікке келген соң нақты бағасына қайта сатылған “Кривожсталь” сияқты Еуропада теңдесі жоқ кәсіпорындар мен аса ірі стратегиялық маңызы бар өндіріс нысандарының уыстан сырғып шығып кетуі әлі күнге Кремль билеушілерінің ішіне түскен қызыл шоқ болуда деу жарасады. Күйігі жаман да. Жаңылыспасақ, 2005 жылы мұнай мен газ сатудан орасан зор – 130 млрд. доллардан астам пайда тапқан Ресей Федерациясы Қазақстан, Өзбекстан мен Түркіменстан сияқты әлсіз елдерден арзан бағамен сатып алған көгілдір отынды екінші бір кедей елдерге үстеме бағамен сатып пайда таппақшы. Ең сорақысы сол, өзін ылғи өзгелерге қамқор ел осы жақсылықтарынан үнемі қып-қызыл зиян шегуші бейшара етіп көрсетуге құмбыл бұл держава билеушілері әлі де ежелгі әдетінен танар емес. Осы орайда француз әдебиеті классиктерінің бірі Анатоль Франстың “Остров пингвинов” атты шығармасындағы: “Поэтому надо считаться только с общественной пользой и все подчинить ее требованиям. И вот, отец мой, общественная польза требует, она предписывает не брать много с тех, кто многим владеет, ибо тогда богатые станут менее богаты, а бедные–еще бедней. Ведь бедные питаются добром богатых, поэтому богатство священно”,–деген ащы әжуа, мысқылы ойға оралады. Осы шығармадағы аңғал да көнбіс пингвиндердің кейпін Қазақстан киіп отырған сыңайлы. Өйткені, Қазақстан Ресейге 7 млрд. текше метр көгілдір отын экспорттап, небары 800 млн. текше метр газ сатып алуда және осыдан орасан зор шығынға батып отыр. Ең өкініштісі сол, Қазақстан газы саяси ойындар, экономикалық қысымдар құралына айналуда және мұны біздің “мәңгілік достас, бауырмал еліміз”–Ресей екіжүзділікпен жүзеге асыруда.

Әдетте Ресей Украинаға қысым жасарда Қырым, Қара және Азау теңіздері мәселесін жарыққа алып шығып, жиі сөз ете бастайды және мұндағы жағдайларға жаны ауырғансиды. Кейінгі күндері Қара теңіздегі Ялтаның түбіндегі кішкентай маяктың мәселесі де жиі көтерілуі сондықтан. Ең сорақысы сол, Ресей саяси, экономикалық қысым, арандату жолдарымен Украинада кезекті революция дайындап жатқан сыңайлы. Өйткені, химия, металлургия, басқа да ірі өндіріс орындары бұл елдің оңтүстік аймағы мен шығыста орналасқаны мәлім және осы өлкелердегі тұрғындардың басым бөлігі орыстілділер екендігі және олардың көпшілігі өз кезінде В.Януковичті, яки Кремль саясатын қолдағаны мәлім. Осы аймақтағы өндіріс орындары жұмыстарын тоқтатса әлгілер жаппай ереуілдерге шығатыны да күмәнсіз және мұндай шиеленістердің аяғы қантөгіске ұласып кетпейтіндігіне еш кепіл жоқ. Оның үстіне Украина Радасында да орысшылдық саясатты қолдайтындар көпшілік дауысқа ие, осындайлардың ықпалымен осы айдың бастапқы кезінде Юрий Ехануров үкіметі беймезгіл уақта – Рада сайлауына үш ай қалғанда ғана заңсыз отставкаға жіберілуінің де құпия астары мол. Сылтау да соншалықты үйреншікті: Ехануров газ мәселесінде Ресеймен оңтайлы мәмілеге келе алған жоқ, мемлекет мүддесін қорғауда табандылық таныта алмады-мыс. “Былай тартса–өгіз өледі, былай тартса–арба сынады” дейтін шөре-шөре күйге түскен Ехануров көгілдір отынды қымбатқа саудалап, кергіп отырған Ресей газын күшпен тартып алмақшы ма? Ол ол ма, өткен аптада Ресей Украинадан әкелінетін ет өнімдерін сатуға тиым салды. Тағы да баяғы аңыз: Украинадағы ет өнімдерін өндіруде санитарлық ережелер қатаң сақталмайды-мыс. Міне, оылайша орыс билеушілері Тәуелсіздік сүйгіш украин халқын тұқырту үшін бұл елдегі ауыл шаруашылығын да біржолата шыңырауға құлатпақшы. Өмір салты, дәстүрі, тілі жақын бауырлас халыққа осыншалық қиянат жасауы, Кремль билігі бұдан былай ешкімді де аямасқа бекінгенін байқатады. Тіпті, күні кеше Грузияға газ жеткізетін құбырдың қақаған қыс ортасында жарылуы да көңілдерде талай күмән қалдырғаны аян. Есесіне, Кремль айтқандарын істеп, айдағанына көнетін А.Лукашенко еліне шарапатын аямауда. Белоруссия 2006 жылы 21 млрд. текше метр көгілдір отынның әр мың текше метрін 46 доллардан ғана сатып алмақ. Есесіне, Украина президенті Виктор Ющенко желтоқсан айында Кырымда АҚШ Барлау орталығының (ЦРУ) директоры Портер Гросспен кездесіп, ізінше ресми Киев Ресеймен қарым-қатынасында мейлінше табандылық таныта бастағаны мәлім. Тәуелсіздік үшін табандылық таныту әр мемлекетке қажетті-ақ! Ресейдің де көршілес елдерге саяси, экономикалық зорлық-зомбылығын тоқтатар түрі байқалмайды. Осы орайда, “Континент” журналында Сұлтан Әкімбековтің: “И она стремится занять все свободные ниши в том пространстве, которое раньше считалось принадлежащим ей. А здесь не до церемоний: Москва недвусленно требует определиться всех, с кем ей приходится соседствовать и иметь дело. От былой расслабленности нет и след: или “ты с нами или против нас”, (“Континент” журналы, №25, 2005ж) деп жазуы әбден орынды. Бүгінгі Ресейдің бағыты алдын ала жобаланған қатал саясат бағыты болуда.

Осының бәрін ескере отырып, Қазақстан да бұдан бұрын жасалған ұзақ мерзімді келісімдерді тағы да сын көзімен тексеріп, білікті сарапшылар елегінен өткізіп, қайта қарауға тиіс. Бұған дейін “Трактебель” компаниясымен, одан соң “Петро Қазақстан” компанияларымен жасасқан ұзақ мерзімді келісімдер нәтижесінде елімізге айтарлықтай экономикалық шығын әкелінгені аян. Байқоңырды ұзақ мерзімге жалға беру, іле-шала “Қазақстан темір жолы” компаниясындағы былықтар ел беделіне нұқсан келтірді. Тіпті, Ресейдің “Энергия” ғылыми зерттеу бірлестігі өткен жылдың аяғына дейін “Қазсат” байланыс спутниктерін ұшыруға уәде беріп, өкінішке қарай, оны орындамай отыруы да біздің елімізге экономикалық елеулі шығындар әкелуде. Ресейден осы күндері газдың әрбір мың текше метрі үшін 80-85 доллар талап етіп отырған Түркіменстан Қазақстанға да үлгі болуға тиіс.

Жаңабек ШАҒАТАЙ