«АЛМА-АТАДА» СССР ЕЛЕСІ КЕЗІП ЖҮР
«АЛМА-АТАДА» СССР ЕЛЕСІ КЕЗІП ЖҮР
Көпұлттылық, көпдінділік. «Қазақстандық ұлт». «Еуразиялық идея». Тәуелсіздік жылдарынан бері халықтың құлағына құйылып, бойына сіңіріліп келе жатқан мемлекеттік идеялардың тізімі осындай. Елімізде мемлекеттік деңгейде қазақтан – «қазақстандық ұлт», Қазақстаннан – еуразиялық мемлекет құрудың амал-әрекеттері жанданып тұрғанға ұқсайды. Саяси тұрғыдан дәріптеліп, билік тарапынан қолдау табуда. Оның үстіне еліміз бұрынғы кеңестік идеологиядан әлі де арыла алмай келеді. Соның салдарынан ұлттық мәселелер күні бүгінге дейін шешімін табар емес.
«Қайран, СССР…»
Солтүстіктегі алып көршіміз әлі де империялық пиғылынан айыға алмай келеді. Содан болар, Балтық жағалауы елдерімен қоса ТМД аумағындағы мемлекеттердің барлығы дерлік қазіргі Ресейден бойын аулақ ұстауға тырысады. Қанша бауырлас дегенмен, украиндар мен беларустар да өз елдерінде барша славяндық мүддеден гөрі жеке ұлттық мүдделерді ту етуді әдетке айналдырған. Себебі славяндық мүдде түптеп келгенде орыс мәселесі болып шыға келеді. Әйтеуір, ТМД аумағында «СССР» сөзін ауызға алу абайсызда шөгір басумен пара-пар: әрбір тәуелсіз мемлекетте жүзеге асып жатқан ұлттық қайта өрлеу процестері жергілікті халықтың «СССР» сөзіне тітіркене қарауына әкеп соққан. Бірақ посткеңестік елдер аумағында кеңестік заманға сағынышпен қарап, өткенді қимайтын, бүгінін кешегі саясатпен сабақтастырып келе жатқан бір ел бар. Ол – «көпұлтты, көпдінді» Қазақстан. Егер өзге елдерде көпұлттылықты дәріптеу негізгі ұлт алдында сорақы саясат болып қабылданса, бізде керісінше, ұлттық мәселені көтеру өзге 130 ұлт алдында ыңғайсыздау сияқты. Бұл жалған идеяның дәріптеліп жатқанына аттай 85 жыл! Бұл идея Кеңес Одағы тұсында 70 жыл бойы дәріптеліп келгені аз еді, еліміз тәуелсіз болған бойда кеңестік қалдық саясаттан айығудың орнына, оны жаңа леппен жалғастыра түсті.
Бүгінде Қазақстанның ақпараттық кеңістігі СССР-ді еріксіз еске салатын ретро-фестивальдар мен бағдарламаларға толы. Жыл сайын Алматыдағы «Алатау» санаториясы бірнеше күнге байырғы «кеңестік заманға» қайта кенеледі: клумбалар, ескі шамдар, пионерлер кейпіндегі жастар, тіпті, аттары Қазақстан түгілі Ресейдің өзінде ұмыт болған кеңестік әншілер ретро-фестивальдің қонағы болады. Кезінде «Мой адрес не дом, и не улица, мой адрес Советский Союз» деген сияқты әндермен кеңестік идеологияны дәріптеген әншілер жыл сайын қаламызға ат басын тіреп, байырғы әндерін тағы да шырқап кетеді. VIP қонақтарға арналған орындарда жайғасқан әулетті азаматтар – саясаткерлер мен депутаттар, бизнесмендер мен теле-жұлдыздар мәз-мейрам болып, ескі әндерді ретро-әншілермен бірге қосылып айтып, кеңестік заманға қайта кенелгендей болады. Мемлекеттік тілден жұрдай, кеңестік дәстүрлерге бекем фестиваль республикалық деңгейде тарайтын бірнеше телеарнадан көрсетіледі. ТМД-ның бірде-бір елінде, тіпті Ресейдің өзінде «Алма-Ата – моя первая любовь» фестивалі сияқты кеңестік үлгідегі жобаны кезіктіре алмайсыз. СССР-дің басты мұрагері – Ресей болған соң, мұндай фестиваль орыс елінде пайда болса, бұл заңдылық болып қабылданар еді. Несі бар, «Ленинград – моя первая любовь» дегендей фестиваль болса?! Посткеңестік елдер мұны орыс аюының ностальгияға бөленіп, өткенді еріксіз еске алғаны деп қабылдар еді. Бұл орайда кеңестік әндердің жоқтаушысына айналған қазекеме не жоқ дейсіз?! Мұндай жоба Латвияда, Грузияда немесе Өзбекстанда дүниеге келсе, оның ғұмыры ұзаққа созылмайды. Бұндай фестиваль тумай жатып жоқ болуы мүмкін. Ал, Қазақстанда 1998 жылы тұсауын кескен «Алма-Ата – моя первая любовь» фестивалінің «Азия дауысынан» да өміршең болар түрі бар. Себебі оған мол қаржы бөлініп жатқаны былай тұрмақ, бұл фестиваль – қазақстандық элитаның көңіл көтеретін ойын-сауық «отауына» айналды. Осыдан екі жыл бұрын ресейлік газеттер қосымшаларының мемлекеттік тілдегі атауларды бұрмалағаны үшін елімізде «Алма-Ата» атауына қатысты дау-дамай ушығып жатқанда, аталған фестивальдің сахнасынан Дариға Назарбаева: «В честь 150-летия Алматы мы хотим с этой сцены попросить сделать городу замечательный подарок: вернуть ему прежнее название – Алма-Ата» – деп, ұсыныс тастағаны ел есінде. Алматыға «Алма-Ата» атауын қайтару туралы ұсынысты өне-бойында кеңестік дәстүр менмұндалап тұрған ретро-фестивальда ұсынбағанда, қайда ұсынарсыз?! Абырой болғанда, қала атауын бұрмалаған ресейлік газеттің қосымшасы қазір қала атауларын түпнұсқада жазып келеді.
Елімізде Кеңестер Одағын қайтару саясаты әлгі фестивальді өткізумен шектелмейді. Жастарға арналған «HIT TV» арнасында «HIT-СССР» айдары бар. Онда қазіргі ресейлік әншілермен қатар, қазақ әншілерінің бейнеклиптері көрсетіледі. Бұл «СССР» сөзін жастар санасына сіңіртіп, насихаттаудың бір әдісі іспетті. Соңғы кездері Кеңестер Одағын әсіресе жастар арасында дәріптеу ісі қатты байқалады. Елімізде Көңілді тапқырлар клубының (КВН) қазақша және орысша лигалары бар. Егерде КВН-ның қазақша лигасында көбіне ұлттық-тарихи мәселелер сөз болса, орысша лиганың тақырыптары «хиты 80-х» деген сияқты атаулармен ерекшеленеді. Ойын тақырыбының өзі «хиты 80-х» болып аталған соң, студент жастар кеңестік әндерді қайта жаттап, кеңестік үлгідегі әзіл-қалжыңдар ойлап табуға мәжбүр болмай ма? Бұл аздай «Superstar kz» жобасында да «Хиты Советского кино» деген сияқты айдарлар бар. Онда «Мосфильм», «Ленфильм» түсірген музыкалық фильмдердегі ескі әндер шырқалады. Әйтеуір, халықтың санасында төрт әріп – СССР-дің мәңгілікке сақталуы үшін бар жағдай жасалып жатқанға ұқсайды. Бұл орайда жас ұрпаққа түрлі шоу бағдарламалар арқылы интернационалистік, кеңестік тәрбиенің беріліп жатқаны – «СССР»-дің Қазақстанда бүгін-ертең ғайып болатын жайт еместігін аңғартқандай. Әйтеуір, «Алма-Ата – моя первая любовь» фестивалі мен «HIT СССР» жобасының басы-қасында жүрген азаматтар кеңестік заманды қимайтын сияқты. Айналып келіп, халықтың есіне «СССР-дің» жақсы кезеңдерін салып, ескі әндерді түлетуде бір кілтипан жатқандай. Кеңестер Одағы – тек қана жайма-шуақ жастықтың белгісі емес, Кеңестер Одағы – ол репрессия, қырғи-қабақ соғыс, Семей полигоны, эрозияға ұшыраған тың жерлер, тілі мен дінінен айрылған бірнеше ұрпақ, космополиттік саясат, 1986 жыл, бұрмаланған тарих, тағысын тағылары… Осыны ескерсек, елімізде «Алма-ата – моя первая любовь» емес, «Полигон – трагедия моего народа» сынды еске алу рәсімдері болып тұру заңдылық іспетті. Бірақ бізде бәрі керісінше.
Жоғарыдағыдай байқауларға қарап, өзіміздің ақпараттық кеңістігімізде ресейлік мүдде-мақсаттарға сай саясатты жүргізу кімге тиімді деп ойлайсың? Осы тектес хабарлар мен байқаулар арқылы баяғы идеология күні бүгінге дейін Қазақстанда дәріптеліп келеді. Және осы саясаттың басы-қасында қаны қазақ азаматтардың жүргені өкінішті-ақ.
ТМД аумағында ортақ ақпараттық кеңістік орнай ма?
Өзге де ақпарат көздеріне қарағанда, бүгінгі таңда Қазақстанның ақпараттық кеңістігі ресейліктердің қолында. Рейтингі жоғары телеарналар мен орысша басылымдардың түбін қаза берсеңіз, олардың басшылығынан Ресей азаматтарын табу қиын емес. Содан болар, Қазақстанның ақпарат айдынында көршілес елдің ықпалы жоғары. Солай бола тұра РФ-ның бастамасымен ТМД аумағында ортақ ақпараттық кеңістік құру мәселесі оқта-текте көтеріліп қояды. Негізінен бұрынғы посткеңестік елдер шеңберінде ортақ ақпараттық кеңістік құру концепциясы 1996 жылы қабылданған еді. Бірақ көптеген тәуелсіз мемлекеттер Ресеймен бірігіп, ортақ ақпараттық жүйе құруға асығар емес. Себебі ТМД елдері институтының директоры Константин Затулиннің айтуынша, «ортақ ақпараттық кеңістікті құру, бұл ең алдымен, орыс тілін мойындау немесе мойындамау мәселесімен ұштасады».
Неге Ресей ортақ ақпараттық кеңістік құруға мүдделі? Өйткені бұл жоба жүзеге асса, Ресей ТМД аумағында әрі орыс тілін дәріптейді, әрі өзінің державалық саясатын жүргізуге тырысып бағады. Кеңестік шекпеннен шыққан күллі тәуелсіз елдер Ресей телерадиоарналарының ретрансляциялық уақытын қысқартып тастағаннан кейін, алып держава ақпарат кеңістігінде өз саясатын жүргізудің түрлі айла-амалдарын ойластырып жатқаны анық. Қазір «Мир» атты посткеңестік елдер аумағында тарайтын телекомпания жұмыс істейді. Қазақстан жағдайына келсек, республикадағы отандық телеарналар «НТВ», «ОРТ», «РТР» сияқты телеарналардың кейбір хабарларын көрсетеді. Бірақ «НТВ» сияқты ірі телеарнаның «Рахат» телеарнасындағы ретрансляциялық уақытқа көңілі толмайтыны анық. Олар хабарды ауқымдырақ таратқысы келеді. Бұл орайда аумақта ортақ ақпараттық кеңістік құрылса, ресейлік телеарналар өз мүмкіндіктерін мүлт жібермейтіні анық: материалдық-техникалық жағынан да, журналистердің кәсіби шеберлігі жағынан да алдына жан салмайтын орыс БАҚ Ресейдің гегемониялық саясатының насихатшысы болады.
Ұлттық мәселелерді ту еткен ТМД мемлекеттері Ресейдің құрығына ілінгісі жоқ. Ақпараттың күшті қару екенін білетін әрбір тәуелсіз мемлекет, ең алдымен, ұлттық ақпарат құралдарының дамуына септесіп, кейбірі Ресей теле-радиоарналарының ретрансляциясын 100 пайызға (!) дейін қысқартқан. Мәселен, Украинада ресейлік телеарналар тек қана спутниктік және кабельдік жүйелер арқылы ғана көрсетіледі. Ал, бұл елде спутниктік қабылдағыштар мен кабельдік жүйелерді екінің бірінің қалтасы көтермейді. Сондықтан халықтың басым бөлігі ұлттық БАҚ-тарды тамашалайды. Ал, кейбір Балтық жағалауы елдері одан да ары кетіп, кабельдік желілер арқылы таралып жатқан Ресей телеарналарының ретрансляциясын қысқартқан. 2006 жылдың 1 қаңтарынан бастап Эстонияда Ресейдің 25 телеарнасының көрсетілімі тоқтатылды. Олардың қатарында «Ұлы Русь» идеясының басты уағызшылары – «Первый канал», «РТР», «НТВ» сияқты ірі телеарналар да бар. Ал, Қазақстанда ресейлік теларналардың ретрансляциясы 20 пайызға дейін қысқартылса да, елімізде орыс басылымдары мен хабар-бағдарламалары әлі де баршылық. Жоғарыда айтқанымыздай, кейбір отандық және аралас БАҚ-тың басшылығында көбіне Ресей азаматтары отыр. Ал, олар өз кезегінде орыс тілінің сойылын соғып, ұлттық мәселелердің дамуына кері әсерін тигізіп отыр. Бір мысал. Қала атауларына қатысты дау-дамай ушыққанда, ұлттық БАҚ пен орыстілді ақпарат құралдары арасында үлкен ақпараттық майдан өршіді. Бір қызығы, қазақтілді басылымдардың жағасына Ресей газеттерінің қосымшалары мен қазақстандық орыстілді БАҚ-тар да жармасты. Ал, бұған бірден-бір себеп – Қазақстандағы ақпарат айдынының әлі де Ресей ықпалында қалуы.
Неліктен ТМД аумағындағы көптеген елдер Ресей БАҚ-тарын ретрансляциялауға қарсы? Себебі орыс ақпарат құралдарында империалистік идеология, кеңестік заманды қайта қалыптастыру әрекеттері бар. Тәуелсіз мемлекеттерге егемендігі қымбат. Сондықтан әрбір мемлекет ұлттық БАҚ-тарын дамытуға атсалысуда. Түптеп келгенде, бұл елдер ұлттық ақпараттық идеологияның «жемісін» ертең көреді – кеңестік қасиеттерден арылған таза ұлттық ұрпақ қалыптасқанда… Ал, қазақ жастары СССР-ді ешқашан да ұмытпайды: Алма-Атаны алғашқы махаббатқа балап, «HIT-СССР» деп ән тыңдаған соң, СССР қалай ұмытылсын?! «СССР қайтып оралмайды» десек те, санамызда кеңестік заманның сағыныш күйінде қалар түрі бар.
«СССР» тарих оқулығында қалуы керек. Балтық жағалауы елдері мен ТМД аумағындағы мемлекеттерде Кеңес Одағын тек қана тарих кітабынан кезіктіруге болады. Ал, біздің елімізді «СССР» елесі кезіп жүр. Бізге тарих оқулығының керегі жоқ сияқты. Тарихтан сабақ алмаппыз.
Кәмшат ТАСБОЛАТОВА