«АТ АУЫСТЫРЫП» МІНГЕНДЕР МЕН «ЖЫЛЫ ОРНЫН» СУЫТПАҒАНДАР
«АТ АУЫСТЫРЫП» МІНГЕНДЕР МЕН «ЖЫЛЫ ОРНЫН» СУЫТПАҒАНДАР
Жыл басында қазақстандық Үкімет қайта жасақталды. Жаңадан тағайындалған шенеуніктер саусақпен санарлықтай ғана. Негізі бірі «аттарын» ауыстырып мінсе, енді бірі «жылы орнын» суытқан жоқ. Ал жаңа Министрлер кабинеті мен Үкімет басшысы туралы айтылып жүрген пікірлер сан-алуан.
Дос КӨШIМ, саясаттанушы:
– «Аузы күйген» билік бұрынғы кадрларды бірінің орнын бірімен ауыстырды. Бұл Президент Назарбаевтың сенетін адамдарының аздығын дәлелдейтін сияқты. Сондықтан айтарлықтай жаңа әрі тың өзгеріс болған жоқ, болмайды да. Бізде бағыт-бағдарды анықтайтын – Президент. Осы себептен, Үкіметке кім келсе де, Президенттің мүддесіне сәйкес қызмет етеді. Мемлекеттік қызметке жаңа келген шенеунік бірдеңені өзгертеді, реформа жасайды дегенге өз басым сенбеймін. Күні кеше ғана Парламенттің бұған дейін Үкіметі бірнеше рет сынға ұшыраған Даниал Ахметовтің кандидатурасын 100 пайыз қолдап, дауыс беруінің өзі Қазақстандағы демократияны көрсете қоймайды. Әрине, өзге Үкіметтермен салыстырғанда, ең тыныш жұмыс істеген – Даниал Ахметовтің Үкіметі. Өйткені, ол кезде мұнайдың құны бағалы еді. Саяси бағыттағы мәселелер шиеленіскенмен, әлеуметтік-экономикалық салада жұмыс біршама тыныш болды. Меніңше, Д.Ахметовтің саясатқа онша көп араласпауы оның қызметіне оң ықпал етті. Жаңа тағайындауларға байланысты менің үміт күтетінім: Нығматуллиннің Қарағанды облысына әкімдікке тағайындалуы. Ал Ертісбаевтың ақпарат министрі болғанына, шынын айту керек, сәл күмәнмен қараймын. Өйткені, қазақ тілі мәселесіне қатысты проблема мен дау ушығып тұрған министрлік басшылығына қазақи бағытты үстанбайтын адам барды. Өкінішті орын ауыстыру осы ақпарат министрлігінде болды ғой деп ойлаймын. Әрине, Ермұхамет Ертісбаевтың жеке басына қатысты айтатын ешқандай дауым, сын-ескертпем жоқ. Таныспыз, жақсы жігіт. Бірақ қазақи бағытта емес. Қазіргі қаржы министрі Н.Коржова да бұрын министр кезінде ешнәрсені қатырмаған, маман ретінде өзін танытпаған. Оның қаржы министрлігіне келуі Үкіметте орыстардың (Школьник, Коржова) бар екендігін көрсету үшін керек болған шығар.
Амалбек ТШАН,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Ертісбаев саясаттанушы ретінде өз қызметін мүлтіксіз атқарды. Бірақ министр ретінде қалай жүмыс істейтінін уақыт көрсетеді. Жалпы біздегі тағайындау мәселесіне келгенде, ештеңеге таңқалуға болмайды.
Айгүл ОМАРОВА,
тәуелсіз журналист:
– Нұрсүлтан Назарбаев «күлше» тарату кезінде ақыры әділдік танытты. Өйткені, оның 2005 жылдың 4 желтоқсанындағы Президенттік сайлаудағы жеңісінің басым бөлігі жеңістен кейін сый-сияпат жасағандардың емес, Ермұхамет Ертісбаевтың үлесінде. Соңғы 1 жарым, 2 жыл ішінде Ертісбаев Президенттің барлық қарсыластарымен күресе жүріп, Назарбаевтың имиджін қалыптастырды. Күресте ол көпшілік алдында сөз сөйлеу мен «Хабар», «Қазақстан» телеарналарынан сұхбат беруге дейінгі түрлі әдіс-тәсілді қолданды. Сол кезде Президенттің кеңесшісі келтірген дәйекті дәлелдердің көпшілігі оның қарсыластарының болжамдарына қарағанда әлдеқайда сенімді шыққанын айту керек. Демек, идеологиялық күресте Ертісбаев жалғыз өзі жеңіске жетті деуге әбден болады. Себебі, Президентке жақын жүретіндердің ешқайсысы кеңесшіге қолдау көрсеткен жоқ. Керісінше, кейбір ресми тұлғалар өз сөздері мен әрекеттерімен Назарбаевтың беделіне нұқсан келтірді. Ертісбаевтың Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігіне басшылыққа тағайындалуы қазіргі Министрлер кабинетінің мемлекет басшысының имидждік саясатын жүргізу тұрғысынан алғанда да – табиғи заңдылық.
Досым СӘТПАЕВ,
саясаттанушы:
– Президенттік сайлаудан кейін әркім сіңірген еңбегіне сай және Президенттің пікіріне сәйкес бағаланды. Ертісбаев – қазіргі саяси жүйенің аса маңызды идеологы және Президентті қарсыластарынан қызғыштай қоритын қорғаушысы. Ол кейінгі жылдары, әсіресе, былтырғы Президенттік сайлауда идеологиялық тұрғыда аянбай тер төкті. Басқа шенеуніктерге қарағанда, әрдайым оппозиция, көптеген қоғамдық-саяси күштер өкілдерімен тығыз байланыста болды. Әрі Қазақстандағы танымал тұлғалардың бірі. Меніңше, министр мәртебесін ол билік пен қоғам, әсіресе, билік пен оппозиция арасындағы көпір қызметінде пайдаланатын болады.
Бұл тағайындау кадр мәселесінде қалыптасқан жағдайды (шенеуніктердің саяси белсенділігіне қарай қызмет бөлісу, билік басындағы режимге адал қызмет ету) айқындайды. Мәдениет, ақпарат және спорт министрі ретінде Ертісбаев өзін идеологтық қана емес, басқару (менеджерлік) қабілетін көрсетуге мүмкіндігі бар. Министрлік – тек идеологиялық қызметтен құралмайды. Оның үстіне, Ертісбаев басшылыққа алған министрлік кең көлемде реформалауды қажет етеді.
* * *
Мәселе министрде емес, мәселе Үкіметтің ұстанған бағытында
Бекболат Тілеухан,
Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Жалпы, Үкімет басындағы адамдар, министрлер қазақ мәселесіне қырын қарайтын сияқты. Бұның себебі неліктен?
– Қаламыңызға арқау болған Бірғаным Сарықызы қазақ мәселесіне қырын қарайды деп кесіп айтқым келмейді. Бірақ, ол кісінің өресі, ерік күші, біліктілігі төмен. Енді алдағы уақытта жетілмесе, әзірше жоқ. Қазақстан біріншіден унитарлық мемлекет, оның болашағын, негізгі бағытын айқындайтын, осы мемлекетті мемлекет ететін қазақ халқы. Оның ұлттық сипатын айқындайтын факторлар қолға алынбайтын болса, ол кейінге ысырылып қалатын болса, ол мемлекеттің көсегесін көгертпейді. Осы бір тарихи заңдылықты әркім білуі керек. Билік осыны ескермей отыр. Барлық мәселе осында. Дегенмен, үмітміз бар. Үкімет іске енді кірісіп жатыр ғой. Қожанасыр баланы жұмсамас бұрын ұрып алатыны сияқты, іске кіріспес бұрын сілікпесін шығармаған дұрыс.
– Бірақ, бұған дейін жұмыс істеп тұрған Үкімет қайта тағайындалды ғой. Күні кешеге дейін дұрыс жұмыс істемеген Үкімет енді бірдеңе тындырады деп ойлайсыз ба?
– Бұл енді Үкіметтің ұстанып отырған бағыты дедім ғой. Бірақ, оның саясатын өзгерту үшін тағы бір керек дүние бар. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» дейді. Міне, ұлттың мәселесін ұлт болып талап етуі керек. Бұл мәселе азғантай топтың талабымен алға баспайды. Демек, талап екіжақты болуы қажет. Жоғарыдан да, төменнен де. Яғни, бұқараның өзі қазіргі саясатқа риза. Үкіметтің өзі қазақтың тілін қазақ керексініп отыр ма деген сөз шығаруы да мүмкін. Бірақ, бір айқын мәселе – Қазақстан қазақтың мемлекеті. Егер мұнда қазақтың тілі екінші орынға ысырылатын болса, онда ел болып жарымаймыз.
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ,Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ