ҚАЗАҚТIЛДI БАҚ-тан АЙРЫЛЫП ҚАЛМАЙЫҚ

ҚАЗАҚТIЛДI БАҚ-тан АЙРЫЛЫП ҚАЛМАЙЫҚ

ҚАЗАҚТIЛДI БАҚ-тан АЙРЫЛЫП ҚАЛМАЙЫҚ
ашық дереккөзі

Одан айрылсақ, ортақ тілден де, мәдениеттен де айрыламыз

Бүгінгі таңда Қазақстандағы медиа-кеңістікке елдегі халықтың көпшілігін құрайтын қазақ жұртшылығы шешуші түрде әсер етіп отыр деу қиын. Біз заңдық тұрғыдан тәуелсіз мемлекет болып есептелсек те, ақпараттық тұрғыдан тап сондай егеменді ел ретінде қалыптасқан жоқпыз.

Өйткені біздегі билік пен бизнес тарапынан бірінші кезекте назар аударылатын БАҚ – ол орыстілді БАҚ. Демократиялық мемлекеттік құрылым қағидасы бойынша, елде ұйымдасқан негіздегі үш сектор болуы тиіс: біріншісі – билік, екіншісі – бизнес, үшіншісі – қоғамдық немесе үкіметтік емес ұйымдар не құрылымдар. Біз де демократиялық қоғам және мемлекет құру жолына түстік деп жатырмыз. Бізде де осы үш сектордың үшеуі де бар. Оның шешуші маңызы бар алғашқы екеуі – билік пен бизнес қазақ тіліндегі ақпаратпен іс жүзінде жұмыс істемейді. Билік өзіне қажетті бүкіл мәлімет пен құжаттарды алдымен орыс тілдік негізде алады және дайындайды. Қазақ тіліндегісі – тек аударма ғана. Ал бизнес болса, сол қазақша аудармаға да назар аударып жарытпайды. Онда да аудармалар жасалғанмен, оны аз да болса керек көріп жатқан бизнес-қауымдастық жоқ.

Ал үшінші секторға – қоғамдық немесе үкіметтік емес ұйымдар мен құрылымдарға келетін болсақ, алдымен мынаны айтуға тиістіміз. Бұл сектор өз бетімен жалпы күн көре алмайды. Ол өз қызметін жүргізу үшін билік пен бизнестің қаржылық көмегін сұрауға мәжбүр. Біздегі үшінші сектор соңғы он-он бес жылда шетелдік (негізінен батыстық) қайырымдылық қорларының көмегі арқасында жаңаша негізде қалыптасты. Осы қорлардың Қазақстанда жұмыс істейтін бөлімшелері орыстілді кадрлық негізде қалыптасты.

Оның үстіне не жасыратыны бар сол батыстық қайырымдылық жасаушылардың еліміздегі қазақтілді ақапараттық кеңістікті дамытуға ешқандай да мүддесі болмады. Олардың мұндағы халыққа сенім жүйесі мынадай негізде қалыптасты: алдымен (яғни, ең көп сенім артылатындар) – орыстілді қазақ еместер, сосын – орыстілді қазақтар, ең соңғы кезекте – қазақтілді қазақтар. Бізде кейбір ұлтжанды қазақ қоғам қайраткерлері «Ресейдің дегенімен жүре бермей, оның саяси бәсекелестері болып табылатын Америкамен және Еуропамен тікелей тығыз қарым-қатынас орнату туралы» идеяны насихаттайды. Бұл, қалай қарағанда да, аңғалдық болып табылады. Өйткені сол батыстық күштер Украина мен Грузияда украин және грузин ұлттық идеяларын, осы елдерді Ресейден теріс айналдыру мақсатында барынша қызу қолдағанмен, Қазақстанда тап сондай идеяға қатысты олар ешқашан да жылы лебіз танытып көрген жоқ. Кез келген жағдайда олар үшін Қазақстанның өзінде орыс ұлттық идеясы мен мәдениеті қазақ ұлттық идеясы мен мәдениетінен әлдеқайда жақын көрінері хақ. Бұны еліміздің өткен он бес жыл бойғы тарихы мен тәжірибесі толығымен дәлелдеп берді. Батыс үшін Ресей өзіндік мүддесі бар бәсекелес болғанымен, Қазақстанға келгенде ол – стратегиялық одақтас. Өйткені бұнда тамырын тереңге жіберген батыстық қоғам мен ресейлік жұртшылық үшін көп жағынан ортақ еуропалық қоғамдық-мемлекеттік дәстүрді әкелген орыстар мен орыстанып кеткен басқа да сол сияқты халықтар деп есептеледі. Сондықтан американдықтар мен еуропалықтар көзқарасы тұрғысынан алып қарағанда, Қазақстанда қазақтармен жұмыс істеудің ең дұрыс және тиімді жолы – орыстілділерге арқа сүйеу. Оның ішінде ең алдымен – осындағы орыстар, украиндар және т.б. сол сияқтыларға сүйену… Сондықтан әзірше негізінен батыстық көмекке үміт артатын үшінші сектордан қазақтілді ақпарат тарату ісіне қатысты көмек күту – тіпті ретсіз нәрсе.

Сонымен, біздің қоғамдағы ұйымдасқан негізді қалайтын үш сектордың үшеуі де қазақтілді ақпараттық кеңістікке тікелей араласуға пейілсіз. Бұндай жағдайда қазақстандық ақпараттық кеңістіктің Ресей ақпараттық кеңістігінің құрамдас бөлігіне айналып кеткеніне таңданудың қажеті жоқ болар. Бірақ осы жерде бір нәрсені атап айтқан жөн.

Осы күнге дейін көрші ұлы мемлекет БАҚ құрылымдарының Қазақстанда өз ықпалын жүргізуі идеологиялық тұрғыдан орталықтандырылмаған жолмен жүзеге асырылып келген. Енді жағдай өзгеріп жатыр. Өйткені экономикалық және стратегиялық маңызы соңғы жылдары күрт өсіп шыға келген Қазақстанда өз ықпалын жүргізу жолындағы талас қазір шиеленісе бастады. Басқасын былай қойғанда, Қытайдың өзі бұнда көбірек бой көрсете бастады. Бұл мемлекеттің әлемдегі салмағы өскен сайын оның Қазақстанға жүргізетін ықпалы арта бермек.

Және де қытайлықтар АҚШ пен Еуропа өкілдері сияқты, біздің елдің ақпараттық кеңістігіне әсер ету мақсатында Ресей мен ондағы және біздегі орыстілді жұртшылықтың аралық делдалдығына жүгінбейді. Қытайдың өзінің 1,5 миллионға жуық қазағы бар. Сондықтан ол елдің Қазақстанның байырғы халқымен оның ана тілінде жұмыс жүргізетін мүмкіндігі бар. Қазақстандағы Ресей ықпалының бүгінгі идеологтары қазақ жұртшылығы қоғамдық пікірі Мәскеу бақылауынан сытылып шығып, АҚШ-тың және Батыс Еуропаның жетегіне еріп кетеді-ау деп қауіптенбейді.

Өйткені бұлар қазаққа Батыспен түсінісу үшін орыс тілі мен мәдениеті қаншалықты қажет болса, Батысқа да қазақпен тіл табысу үшін осы тіл мен мәдениеттің соншалықты қажет екеніне сенімді.

Бірақ қазір әлемдегі жағдай өзгеріп жатыр. Оңтүстікте ислам әлемі, Шығыста жаңа индустриалды мемлекеттерге айналған Азия мемлекеттері, оның ішінде, алдымен, Қытай күш алып келеді. Бұл екі аймақтың екеуі де Батыстың бәсекелесі ретінде қалыптасып жатыр. Қазақстан және жалпы Орталық Азия олардың өзара және батыстық әлеммен қайшылыққа енетін алаңдарының біріне айналды. Ресей тактикалық тұрғыдан Батыспен бәсекелес болғанымен, страгетиялық тұрғыдан олардың біздің аймақтағы мүдделерінің көп ортақ тұстары бар.

Сондықтан бүгінгі таңда Қазақстанда орыстілді ақпараттық кеңістіктің бұрынғыдан бетер қанат жаюына, ресейлік және жергілікті БАҚ құрылымдарының осындағы ықпалының одан әрі арта түсуіне жалғыз Мәскеу ғана емес, Вашингтон да мейлінше мүдделі. Сондықтан бұл бағытта американдықтар, британдықтар және т.б. сол сияқтылар ресейліктермен бұл бағытта бәсекелесе қоймас. Осының тамаша бір мысалы – ұлыбританиялық Би-Би-Си корпорациясының жақында Қазақстанда қазақ тілінде хабар таратуын тоқтатып, есесіне біздің елге тек орысша хабар тарату жүйесін сақтап қалуы. Осы жәйттің өзінен көп нәрсені аңғаруға болады.

Енді сыртқы күштер қазақтілді ақпараттық кеңістік тынысының тарыла беруіне қуанбаса, қапалана қоймас. Оларға керегі – мәдени мүдде емес, саяси мақсаттар. Және жай мақсаттар емес – геосаяси мақсаттар. Сондықтан кейінгі жылдары Ресейдегі БАҚ құрылымдарын қайта бөліске салып, ондағы ақпараттық кеңістікті өз ыңғайына қарай қайта бөліп-пішіп шыққан күштер қазір Қазақстанда да осыған ұқсас өзгерістер жасауға мүдделі сияқты. Батыстағы медиа-бизнес біздің еліміздегі медиа-кеңістік үшін ресейлік әріптесімен тікелей бәсекелестікке түспейтінін танытты.

Ол Қазақстанда Ресейде істегеніндей қылып, ерте ме, кеш пе, өзінің жергілікті бөлімшелерін аша бастайды. Мәселен, қазір Мәскеуде американдық «Ньюсуиктен» бастап «Бизнес Уикке» дейінгі АҚШ-тың талай газет-журналы орыс тілінде шығады. Бұндай құбылыс Қазақстанға да келуге тиіс. Және ол қазақтілдік емес, сол орыстілдік негізде болады. Бұл – бір. Екіншіден, оның басы-қасында ресейлік және қазақстандық орыстілді журналистер жүретін болады. Солар осыны басқарады және жүргізеді. Ал оқитын – негізінен қазақтар болады. Ондай жоба қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатыр. Талай журналист осы мақсат негізінде, қосымша қайта дайындықтан өтіп жатыр. Әрине, ашықтан-ашық ештеңе айтылмайды және мойындалмайды. Бірақ асып бара жатқан құпия да жоқ. Жаңа мақсаттағы алғашқы қадамдардың, алғашқы шаралардың бірі – сол Би-Би-Си шарасы. Алыс Британияда орналасқан корпорацияның тек өз құрылымы ауқымында жасаған аз ғана өзгерісінің нәтижесінде Қазақстандағы БАҚ кеңістігінде қазақтілді журналистиканың позициясы әлсіреді, ал орыстілді журналистиканың позициясы бұрынғыдан бетер күшейді. Олардың дәлелдерін тыңдап қарасақ, кінәлі баяғы өзіміз екен. Дәлірек айтқанда – біздегі басшылар мен тиісті шешімдер қабылдаушы органдар.

Бірақ себеп қандай және қанша болса да, нәтиже – біреу-ақ. Ол қазақтілді БАҚ жағдайының нашарлағанның үстіне нашарлай түсуі. Өкінішке қарай, мұны ескеріп жатқан айтарлықтай ешкім жоқ.

Өз тіліміздегі ортақ БАҚ-тан айырылсақ – ортақ тілден де, мәдениеттен де айрыламыз. Одан соң ортақ тілі мен мәдениеті бар біртұтас халық болудан да қаламыз. Өкінішке қарай, біздің осындай жағдайға түскенімізді қалайтын, осыдан өз мүддесін өрбітетін күштер бүгінгі таңда жетерлік. Біздің өз тіліміз бен мәдениетімізге деген немқұрайлылығымыз неғұрлым артса, ондайлар соғұрлым өз мақсаттарына жетпек. Осыны естен шығармаған жөн.

Аққали КӨПТІЛЕУОВ