Жаңалықтар

«Қазақстан» сатылды

ашық дереккөзі

«Қазақстан» сатылды

«ҚазАқпараттың» хабарлауынша, кеше Астанада өткізілген аукционда Алматы қаласындағы «Қазақстан» қонақ үйі сатылды. Алматыдағы мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілген «Қазақстанның» ғимараты мен оның жер телімі бастапқыда 7 миллиард 97 млн. 700 мың теңгеге бағаланып, аукционда 7 миллиард 197 млн. 700 мың теңгеге сатылған көрінеді.

Былтыр 22 желтоқсан күні алғаш рет ұйымдастырылған аукционға тек бір ғана мекеме («Стройгрупп Лимитед») қатысып, кепілдік жарна ретінде 354 млн. 885 мың теңге көлемінде қаржы төлеуге өтініш білдірген болатын. Алайда, бұл ұсыныс ҚР Азаматтық кодексі мен сауданы өткізу ережесіне қайшы келгендіктен, «Стройгрупп Лимитедтің» өтініші қанағаттандырылмай тасталды.

Кеше ағылшындық тәсілмен екінші рет өткізілген аукционның комиссия құрамына «ҚазТрансГаз» АҚ Бас директоры Серік Сұлтанғалиев пен ҚР Парламентінің депутаттары енген. Ал бақылаушылар қатарында отандық қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болыпты. Бұған дейін Қазақстандағы тарихи әрі әсем ғимараттардың бірі — «Алматы» қонақүйі аукцион арқылы сатылған еді. Ресми деректерге сүйенсек, «Қазақстан» мен «Алматыны» сатудан түскен қаржы Алматы қаласының энергетикалық саласын дамытуға жұмсалмақ.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ